Жасай бер, «Ана тілім»!

Жәнібек ӘБДІРАХМАНОВ,
еңбек ардагері, зейнеткер

Мен – ұлт газеті «Ана тілінің» тұңғыш саны 1990 жыл­ғы наурыз айында шыққаннан бері тұрақты алдырып оқитын оқырмандарының бірімін. Айтайын дегенім, «Ана тілі» газеті санамызға сәуле кіргізіп, ұлттық болмысымызды тірілткен басылым.
Сол тұста мен негізгі жұмысымды істей жүріп, жаңадан шаңырақ көтерген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе облысындағы Хромтау аудандық ұйымында жауапты хатшы болып қызмет атқардым.
Отбасылық жағдайыма байланысты Ақтөбе қаласына көшіп келген соң, «Медициналық жедел жәрдем беке­тінде» аудармашы қызметіне қабылдандым. Іс-қағаздары орыс тілінде жүргізіледі. Мұндай көріністерге бей-жай қарауға азаматтық парызымыз жібермейді. Ниетімізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Роман Рахиұлы, мекеменің бас дәрігерінің орынбасары Өтеген Қырамбаев, «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының төрайымы Бағдагүл Кәрімова ұлт мүддесіне шынайы жанашырлық танытты. Дәрігерлер мен орта буын мамандар арнайы ұйымдастырылған тіл үйрету курсынан айтарлықтай тағылым алды. «Ана тілі» газетінде жарияланған материалдарды көпшілік болып, сараптау да нәтижесіз болған жоқ. «Сөзтаным», «Шаңырақ» беттері, тарихи-танымдық бағыттағы зерттеулер оқырман түйсігін кеңейтті. Рас, қазіргі уақыттың шапшаң жылдамдығына еріксіз бас иеміз. Жеткіншек ұрпақ ықыласы айфон, смартфон, планшет және басқа электронды құралдарға ауды. Сөйтсе де, тәрбие мәселесі көбіне-көп отбасы тірлігіне байланысты екенін ұмытпау ләзім. Ата-ананы, жасы үлкендерді сыйлау, ата-бабадан жеткен тағылымды салт-дәстүрлерді санаға сіңіру, мерзімдік баспасөзді кеңінен насихаттау және басқа шаралардың берері мол.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.