Мен білетін Табыл аға

Табыл аға ашық, елгезек, қарапайым мінезімен үлкен-кішіні бірдей тартатын адам. Қазақ сахарасындағы тарихи аумалы-төкпелі, қиын-қыстау кезде туғандықтан шығар, балалық шағын құсалы кезең, соғыс ауыртпалығының сұрапыл ызғары қарыған соң ба, жарқын тіршіліктің шырқын бұза берген зұлматты жылдарға туа тұтыла бергеннен сірә, қаламгер өсе келе, өмірсүйгіштік ақ пейілді бойына мықтап сіңірген.Табыл ағаның кең пейілдігі мен жасықтықты қабылдамайтын рух еркіндігі қашанда көрініп тұрады. Еңсе көтертпес небір тарихи өткеліктер біздің халықтың басына түскен соң оған шыдас беретін мықты балалар туды. Оның түп астарында кең даланың биік рухы жатыр.

Табыл ағамен бір жылы туған менің әкем екі жасында ата-анадан тұл жетім қалған, балғын басқа милықтай түскен жазмыш ауыртпалығынан ержеткен соң да арыла алмаған. Бұл буынның талайы саяси қуғын-сүргін құрбандарының балалары. Бұлардың әкелері халық жауы деп ұсталып, барсакелмес жұтқан, бұғанасы қатпай жетімдікке үкім етілген. Бұл аш-жалаңаш уақытта сотталмай-ақ репрессия құрбандарына айналған көкірегі шерлі, көз жасы кеппеген шерменде ұрпақ.
Сондықтан көзінен жылылық таймайтын, әрқашан көңілі жарық жүретін, небір ауырпалықты сезіп, біліп өссе де, кісілік ұстанымынан әсте айнымаған Табыл аға маған бұлғақты дәуірді айналып өтуіне еш амалы жоқ ұрпақтың ең бір бақытты, табанды өкілі тәрізді көрінетіні рас.
Табыл Құлыястың «Қан жоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» атты үш кітабы қазақ халқының бергі тарихындағы ақтаңдақтарды ашатын деректі проза.
Табыл Бекқазыұлы бабалар ­амана­тын арқалап жүрген жазушы. Ол тарих үшін керек дүниені түгендеп бағады. Жазушының айтуынша, көптеген құжаттар ашылмай жатыр. «XVIII ға­сырдағы аштық, Түркістанға шұбырған халық. Кенесары сұлтанның архиві Омбыда тұр. Мұрағаттарды елге жеткізу журналистердің міндеті. Ұлтымыздың қаншасы өлді, қаншасы қуғынға ұшырады. Сталин астық сұраудың орнына техникаларын жеткізді. Украинада 11%, Қазақстанда 56% адам аштан қырылды. Тегімізді жоюды саясат бас­тады. Құпия құжаттар қара сандықта тығулы жатыр. Қуғын-сүргінге өзіміздің белсенділер де кінәлі. Архивтерде ешқашан куәні көрсетпейді».
Алаштың ақиық ақыны Серік Тұрғынбеков былай дейді: «Тәкеңнің тақырыбына көркемдіктің қажеті жоқ. Шын мәнінде тарихи деректер. Деректі үш кітап, жазушы жанкештілікпен жұмыс жасап жатқанына мемлекет қуануы керек. Тәкең ел аралап, жер көріп, инемен құдық қазғандай халқына қызмет етіп жатыр. Қазақтың қасірет, қайғысын Тәкең үнемі айтып жүрді. Бұл үш кітап тәуелсіздіктің арқасы. Тәкең Орынбор, Уфа, Қазан, Омбы, Барнауыл, Ор, Кемерово, т.б. қалаларда талай мәрте болды. Маған ол архивті үйретті, өзі архивте тапжылмай отырады. Тек архивпен ғана сөйлейді бұл кісі, деректер арқылы бұлтартпайды».
Табыл аға жыраулар поэзиясының ірі өкілі, еңсегей бойлы ер Есімнің үзеңгілес серігі, ел қорғауда ниеті бір, бейбіт шақта ханмен бірде тату, бірде бату болудан тайсалмайтын ірі мемлекет қайраткері Жиембет жыраудың жетінші ұрпағы. Ұлы бабасына тартып ұрпағының өшпес рух іздейтіні содан. Табыл ағаның: «Менің ұлтым Даладағы даналықтың жиынтығы еді» дегені жадымда тұр.
«Жұлдыз» журналының 2013 жылғы №1 санында жарық көрген «Арзу» атты көркем әңгіме сюжетін Табыл ағадан естіп, жазғаным бар. Ежелгі қазақтың әңгімешіл болмысы Табыл ағадан айнытпай табылады. Кейде бұл кісіден бұрын ел ішінде үзбей айтылған, қазір ұмытыла бастаған небір сұлу сөздерді естіп қуанатыным рас. Ақын-жазушылар кез келген халықтың руханият қоймасының асыл қорушылары болып келеді. Тілдік асыл қазына қоры халық жадында осынау шырақшылар арқылы қорғалып, кейінгі ұрпақтар үшін аманат ретінде сақталады.
2012 жылдың 18 шілдесі күні Табыл ағадан естіген сәтте-ақ бір отбасының қиғаш тағдырын көркем прозаға айналдырып жіберу идеясы туса керек. Сол жылдың күзінде бұл әңгіме Түркияның Махмұд Қашқари халықаралық конкурсының Қазақстан бойынша II жүлдесін алды. Махмұд Қашқари байқауы елімізде үш мәрте өткізілді, үш әңгімемен қатыстым. Алғашқы сюжетті (2009) белгілі ақын Ғалым ­Жайлыбай берді, ортаңғысы Табыл ағаның еншісінде, «Шашты» атты әңгіменің (2014) тууына игі әсерін тигізген көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың азаматтық қайраткерлігі екені рас. Қасымхан ақын «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық деректі проза жазбағанда, Мұстафа Шоқайдың ұлы бабасы Шашты туралы ірі әңгімем атымен болмас еді!
«Жиембет» атты көркем фильм және «Сүлеймен Есқараев» атты деректі фильмнің сценарийін жазуым да Табыл ағаның игі бастамасы болды.
Алаштан туған асылтекті Мағ­жан ақынның жалғыз әңгімесі – «Шол­панның күнәсі». Бұл әңгімені экрандаған белгілі режиссер Болат Шәріптің сценарий авторына таңдауы маған түскен еді. 2005 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген бұл фильмді көрген соң Табыл ағаның көкейіне Жиембет жырау туралы көркем фильм түсірілсе деген жарық ой түседі. Табыл Құлыястың «Жиембет» атты повесінде жырау бейнесін сомдауында романтизм, пафос тән. Лирикалық суреттеу мен толғаныстары кезек алмасады.
Табыл аға маған бұл идеясын айтып, қоңырау шалды. Ақырындап XVII ғасырда өмір сүрген Жиембет Біртоғашұлы туралы деректер жинауға көштім. Есім хан мен оның тарихи уақытын қоса қамтыдым. Бұл бір археологиялық қазбаға ұқсайтын қиын әрі таңғажайып ізденуге ұласты. Бес жыл бойына ауық-ауық деректер қосылды. Сонда анық түйсінгенім, шығармашылықта адамды бір қайырлы іске бағыттай білудің өзі үлкен мектеп болып шығады екен. Қаржыға тірелетін іс болған соң «Жиембет» көркем фильм емес, деректі фильм болып «Қазақстан» телеарнасында 2014 жылы түсірілгенмен, көңілден шықпады. От тілді Жиембет жырау туралы тұлғалық көркем фильм бір туары анық.
Қызылорда облысының бас прокуроры Сапарбек Айтуұлы Нұрпейісов ұйытқы болып жарық көрген «Сүлеймен Есқараев» атты деректі фильмнің сценарийін жазуым тың салада ізденуге жол ашты. Қазақтың тұңғыш бас прокуроры болған Сүлеймен Есқараев өз атам Кемелбай Насырханов сияқты халық жауы атанып, құрдымға кеткенде оқыған, қайраткер азаматтардың бірі болған.
Қазіргі көп қазақтың сыр-сипатын суреттеуге сатира жанры лайық. Табыл аға Кеңес кезеңінен-ақ қоғамдағы талай кеселді фельетон қылып, мысқылдың уыты арқылы ашқан. Бұл ретте ол думанды өмірді бастан өткергенге ұқсайды. Жағымсыз кейіпкерлер елге әшкере болса, әділ сөз айтқан авторды қатты жазғыратыны болады. Демек, сатира жазу да өткірдің жүзіне, сүзеген бұқаның мүйізіне тұра ұмтылумен тең, кез келген жазушы бара бермейтін күрделі жанр.
Мен білетін Табыл аға ел-жұртына адал, көңілі баладай таза, туған халқым лайым көркейсе екен деумен жүреді. Қара бастың қамы бәрінен биік деп дүние тануға көшкен қоғамды оңға тартатын жандар әрқашан керек.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.