«Жыл құсы»

«Ана тілі» газеті «Жыл құсы» әдебиет бетін әзірлеп, жастар шығармашылығын насихаттап келеді. Газетіміздің 20 жылдық мерейтойына орай біз әдебиетке «Жыл құсындай» жаңа леп әкелетін талантты жастарды еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер арасынан іздеуді жөн көрдік. Әр аймақтағы оқырмандармен жүздесуімізде сондағы әдеби үйірмелермен танысып, шығармашылық өкілдерімен әңгімелестік. Айта кетерлігі, Ақтөбе облысы – тіл мен ділдің нағыз жанашыры екендіктерін танытып, ұлт газетінің ұпайын арттырып отырған қалың оқырманның ортасы. Сондықтанда, «Жыл құсының» кезекті санын «Үркер» студенттер шығармашылық журналын шығарып отырған Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университеті студенттерінің поэзиясына арнап отырмыз. Білім қуған жастардың басын қосып, «Студент дәптерін» редакциямызға жолдаған белгілі ақын – Сағындық Ниянқұлов.

ДӘМЕШ ДАЙРАБАЕВА

АСЫЛ АНАМА

«Құлыным» деген не жетер дарқан көңілге,
Бойжеттім, міне, жолдама алдым өмірге,
Жүректен шыққан жалынды жырым бұл менің,
Ақ сүтін берген аяулы анам жөнінде.

Біздерге пана мәуелі бағың саялы,
Еркелеп өстім алақаныңда аялы.
Шалғайда жүріп, сағынып, жиі аңсаймын,
Келмеске кеткен сәби күнімді баяғы.

Қуандың әркез өрлесем жеңіс шыңына,
Тайсалмай төзіп, сан қилы өмір сынына.
Тамаша неткен кеңпейіл жансың тарылмас,
Мінезің ұқсас дархан табиғат сырына.

Бал қылығыма баладай күліп, тамсанған,
Ұйқысын бөліп, әлдилеп мені ән салған.
Ауылға барсам сағыныш толып көкейге,
Әкеммен бірге елжіреп қана қарсы алған.

Өзіңнің арқаң асыр сап, ойнақ салғаным,
Үмітіңді ақтап, азамат болу – ¬¬арманым.
«Төзімді бол» деп тағдырдың берген сыйына,
Ұғындырдың сен өмірдің мынау жалғанын.

Мақсатым биік, талаптың міндім тұлпарын,
Өзің бар жерде бақыттың әнін шырқармын.
Сыйлаймын әлі өмірдің барлық жақұтын,
Қияға өрлеп, үмітіңді ақтар сұңқармын.

Ақылың айтқан орнады биік санама,
Өмір-теңізде ұмтылам жеңіс ¬– жағаға.
Қамқоршым болған күш-қайрат беріп әрқашан
Пейілің аппақ қастерлеп өтем жан ана!

ОРАЗБЕК КЕНБАЕВ

СЕНЕН БАСҚА

Орындалмай жүректің аңсағаны,
Сезіледі сағыныш таң самалы.
Шынайы сүйген жандар бірін-бірі,
«Бақыттымын» деп шіркін жар салады.
«Бақыттымын» дей алман мен әзірге,
Көңілде тек қуаныш бар шамалы.
Нақтылап айта алмаймын алда мені,
Қиын жолдар күтіп тұр қаншама әлі?
Сол шақтарда жаныма жалау болып,
Сенен басқа кім мені қарсы алады?

Біреулер биігімнен құлатады,
Қайғырма, қайран жүрек, шыда тағы.
Жүрекке жара салар сөздер айтып,
Тіпті біреу жазықсыз жылатады.
Сонда да болашақтан күдер үзбей,
Әйтеуір бақыт таңы бір атады.
Біреулер мені қатты жек көргенмен,
Біреулер білем мені ұнатады.
Ал, бірақ, қара аспандай қайғырғанда,
Сенен басқа кім мені жұбатады?

Шаршатты ғашықтықтың күші мені, Бұл да бір тағдырымның ісі ме еді?
Сыр тұнған жүректегі сезімімді,
Сенен басқа айтшы кім түсінеді?

Пенде тағдыр ісіне бағынады,
Өмір өз арнасымен ағылады.
Бірі сүйіп, біреуі қарамаса,
Адамзат мына өмірден жалығады.
Ал егер бірін-бірі сүйіп тұрса,
Шынайы махаббат боп табылады,
Егер сен жүрегіңмен біле білсең,
Махаббатсыз өмір жоқ мағыналы.
Қайтадан менің қайран жүрегімде,
Махаббат оты маздап жағылады.
Бірақ, бірақ алысқа кеткен кезде,
Сенен басқа кім мені сағынады?

ЖІБЕГІМ, СЕНІ ІЗДЕЙМІН

Жыл өтті, ай өтті, қаншама күн өтті,
Жалғыздық деген жанымды менің жүдетті.
Қайғырған сәтте жұбатар бір сәт жүректі,
Іздесем қайдан табамын сұлу Жібекті?

Ай өтті, күн өтті, қаншама қайғылы,
Ақынның бүгін жер болды асқақ айбыны.
Армандап жүрмін үмітпен қарап таңдарға,
Жібегім менің жолығар екен қай күні?

Жалғыздық деген қараңғы қапас түн екен,
Жүректі жалғыз Жібекті аңсап жүдетем.
Жалғанда мына мен жүрмін күтіп, зарығып,
Жібегім қазір қай жерде, кіммен жүр екен?

Жалықпай әркез қиял мен тәтті арманнан,
Іздеймін сені бес күндік мына жалғаннан.
Жібегім менің Төлегенім деп келсеңші,
Күтемін сені бозарған әрбір таңдардан.

Іздейді сені ақынның нәзік жүрегі,
Сондағы мынау жүректің жалғыз тілегі ¬–
Шашбауын тағып, ұстанған қазақ дәстүрін,
Арманым боп жүр қазақтың сұлу Жібегі.

ЖҰЛДЫЗ ҚОЖАБЕКОВА

БОЗБАЛА ДӘПТЕРІНЕН

Түсінбей жүрмін: сезімге нендей масаң ем,
Махаббат…
Білем өзгертті мені осы әлем.
Келемін үнсіз кінәлі жандай алдыңа,
Білмеймін, саған қиянат қандай жасап ем?

Түсінбей жүрмін: мінезің жұмбақ сыр маған,
Келесің таң боп, ұйқымды менің ұрлаған.
Енесің кейде қою түн болып қойныма,
Өзгеге түгіл, өзіне мойын бұрмаған.

Түсінбей жүрмін: ұяңсың, неге қымсынғыш?
Ар менен Сезім…
Арасында оның тұр сызғыш.
Жұмбақтығыңмен қымбатсың, мүмкін сен маған
Әйтеуір, саған тартады мені тылсым күш.

Түсінбей жүрмін: артсам да саған қолқа мың,
Қаламын ба деп, құшақтап бір күн сор тағын.
Күмәнға толы өмірім,
Мен де – пендемін,
Періштем сені, сүюге сосын қорқамын…

НЕ КЕРЕК?

Толғандырады мені сан ойлар мазалап,
Адамзат үшін жасалсын деймін жарқын іс.
Өмірден мынау жібермеу үшін жаза, ағат,
Талпыныс керек, талпыныс!

Бақытын жұрттың бере гөр, Алла, жалынам,
Пендені қоймай, құрмет пен сыйға тапшы ғып.
Боламын десе, көңілі – көктем, жаны – ән,
Жақсылық керек, жақсылық!

Жыламас жаның қайғы мен мұңға егіліп,
Жүрмесе жүрек сезім мен отқа қаталап.
Сүю үшін де біреуді құлай беріліп,
Махаббат керек, махаббат!

Мансап пен атақ, құрмет пе, әлде жақсы ат па?
Тіршілік түйткіл күн кешу мұнда күлкілі іс.
Жетемін десең, алдыңа қойған мақсатқа,
Ұмтылыс керек, ұмтылыс!

Беймәлім бір кеш ада ғып ойдан жібердің,
Құрдымға сіңіп кетпейді неге, арамдық.
Бақыты үшін күресу үшін біреудің,
Адалдық керек, адалдық!

Жаңсақ бақ туып, жайылмақ емес өңірге,
Адам болса егер, беретін адал, батиқа ат.
Өтірік сөзді жеңу үшін де өмірде,
Ақиқат керек, ақиқат!

Ойларың таза болады әркез ағытқан,
Егер де жүрсең әр таңды әнмен атырып.
Шынайы жырлар туу үшін де шабыттан,
Тақырып керек, тақырып!

БАЯН ХАСАНОВА
СӨНГЕН ОТ

Ақша бұлт көңіл алқынды,
Ақтарып сырын талайғы.
Сабырлы сол бір қалпымды,
Бұзып алмасам жарайды.

Ай дидарыңнан құралған,
Елесің жанды тілгілеп.
Көрсеңші мынау жыларман,
Сағынды сені мұң-жүрек.

Есігін жауып бөлмеңнің,
Мұңайттың мені деме сен.
Амалсыздықтан көнгенмін,
Азапқа құмар емес ем.

Сезімді жаншып бастым да
Үндемей ғана тындым мен.
Жылы күлкіңнің астында
Жылан жатқанын кім білген?

Мейірім суға малынған
Махаббатың сол-ақ па?
Мұң сыйлап кеттің, салынған
Қаталдық атты қорапқа.

Мен қалдым дел-сал күй кешіп,
Сенім мен сырдан ада боп.
Мұңым мен жырым үйлесіп,
Мәңгіге өшті балаң от.

ОН СЕГІЗ ЖАС

Он сегіз мың ғаламды табындырған, он сегіз,
Үлкендерге жас күнін сағындырған, он сегіз,
Бәрін-бәрін сезімге бағындырған, он сегіз,
Сенің үнің құралған арын жырдан, он сегіз.

Жапырақ мінез, жел көңіл, алып ұшпа, он сегіз,
Дүниені ізгі деп, танығыш та, он сегіз.
Біреуге жаз, біреуге сағыныш та, он сегіз,
Жанарлардан үздіксіз жалын ұшқан, он сегіз.

Жауынменен, дауылмен қуаттанған, он сегіз,
Бастау алған мөп-мөлдір бұлақтардан, он сегіз.
Адамзаттың ары боп тұрақталған, он сегіз,
Көкейлерде мәңгілік сұрақ қалған, он сегіз.

Биік-биік арманды қанат қылған, он сегіз,
Асау мінезді өмірге жараттырған, он сегіз.
Жұмылмаған жанармен таң аттырған, он сегіз,
Асарына сенетін әлі-ақ қырдан, он сегіз.

Дауыс қосып жаңғыртқан үздік үнге, он сегіз,
Сезімдері ұқсаған күзгі күнге, он сегіз.
Қылықтары қап қойған түз гүлінде, он сегіз,
Сағынамыз өзіңді біз бүгінде, он сегіз!

Ерке мінез, наз қылық, сұлу мүсін көрсе қыз,
Талай ерлік жасаған жігіт біткен, сенсеңіз.
Маусымың мен мінезің қуанасың келсе егіз,
Тіршіліктің көктемі – он сегіз!

АЙСӘУЛЕ ТІЛЕУБАЕВА

БІЗ ҚАЗАҚПЫЗ

Біз – қазақпыз, кең даланы жайлаған,
Төбе қонып, төрт түлігін айдаған.
Алты Алаштың даласына үн қатсаң,
«Қазақпыз» деп жаңғырады айналаң.

Біз – қазақпыз жалын от боп жанатын,
Отан десе барлық күшін салатын.
Біз – қазақпыз самғап ұшып биікке,
Қырандарша талмай қанат қағатын.

ӘЙГЕРІМ АМАНҚОСҚЫЗЫ

Тағдыр дегенің…

Кім сезген екен көңілдің мұндай өкпесін,
Қиялдың мәңгі аңсаған күнге жетпесін.
Өмір дегенің қанжар екен ғой, жарығым,
Абайлап ұста тек жүзі кесіп кетпесін.

Қинайды рас, көңілдің ащы өксігі,
Жаныңа батар көңілсіз күннің көптігі.
Тағдыр дегенің заңдылық екен, жарығым,
Білінер бірақ арнайы баптың жоқтығы.

Деп ойласаң да, бәрінен биік дарамын,
Басқаларды да сол биікте деп санағын.
Адам деген ол оңай сөнбейтін отпен тең,
Осыны түсін, ұмытпа және қарағым.

ДАНАГҮЛ БАЙМҰҚАШЕВА

ЖҮРЕК СЫРЫ

Илан маған мұны жалған демессің,
Жүрегіммен кеше тағы кеңестім.
Күллі жаннан саған ғана сұқтансам,
Жұрттан асқан сұлулығың емес-тін.

Гүлін теріп, жастық атты белестің,
Мен өзіңмен қол ұстасып, тел өстім.
Күллі жаннан сені таңдап ұнатсам,
Жұрттан асқан ақылыңнан емес-тін.

Жүрегімнен жастық оты неге өшсін,
Талғамсыз деп айта алмайды мені ешкім.
Көп ішінен сені ғана таңдасам,
Мінезіңнің байлығынан емес-тін.

Өзге жанның елітпейді арбауы,
Сүйген жанның мүмкін емес алдауы.
Кемшілігің байқалмайды, ал шындық –
Бәрі-бәрі жүрегімнің таңдауы!

Жоғалтып ала жаздаппын

Қиялға батып, ашқанда құшақ алдап түн,
Артыппын бәрін жаныма небір салмақтың.
Келіспеймін деп,
Тегістеймін деп дүниені,
Өзімді-өзім жоғалтып ала жаздаппын.

Ғашық боп саған көңілдің шерін боздаттым,
Мұңымды шағып, жыладым кейде аздап тым.
Күйем деп жүріп,
Сүйем деп жүріп өзіңді,
Өзімді-өзім жоғалтып ала жаздаппын.

Сағындым сені сағындым қатты, ардақтым,
Көремін қашан жүзіңді енді айбаттым.
Сағынып сені,
Көз жасым төгіп күн сайын,
Өзімді-өзім жоғалтып ала жаздаппын.

АРАЙ МҮСІРОВА

КӨКТЕМ

Арайланды көктемнің аппақ таңы,
Шашырап сәулелері атқақтады.
Белден асып барады күн жолының,
Жарқыраған шапағы аттап тағы.

Көктемнің күні көкте күлімдеген,
Құлпырамын көктемде гүлімменен.
Табиғаттың ғажайып сұлулығын,
Көрген адам ешқашан түңілмеген.

Құлпырады көктемнің қызғалдағы,
Қызғалдақсыз көктемнің ызғар бағы.
Бұл қызғалдақ көктемнің бар ажары,
Қызғалдақтай нәп-нәзік қыздар жаны.

Көктемнің ғажайып қой таң нұры да,
Ағыл-тегіл алғашқы жаңбыры да.
Табиғаты керемет бұл көктемнің,
Сұлулығын тілеймін тағдырыма.

* * *
Көктем еді,
Көгілдір көктем еді,
Күн сәулесі арайын төккен еді.
Нұрын шашып еріксіз екеумізге
Жанымызға жылулық сепкен еді.

Көктем еді,
Көгілдір көктем еді .
Жаныма нәзік сезім еккен еді.
Құлпырып гүл, ағаштар бүр жарғанмен
Біздегі пәк махаббат көктемеді.

Кездестік біз,
Ол кезде көктем еді.
(Көктемде көптеген жай өткен еді).
Жанымды жаралаған нәзік сезім
Көктеммен кеп, көктеммен кеткен еді.

ДИНАРА ҚУАНЫШОВА

Асылым

Бағамды менің білмедің неге, жарығым?
Өзіңді ойлап ойда жоқ шақта арыдым,
Күмәнді етпей кіршіксіз таза жүректі,
Айтпадың неге алдыма келіп анығын.

Өзің едің ғой алтыным нағыз асылым,
Өзіңді аңсап өте берсінші ғасырым.
Теңіздей терең мейіріміңді сезіп ем,
Сол мейіріміңнен айырмашы, ғашығым.

ГҮЛСЕЗІМ АҚСИСЕНОВА

МҰҚАҒАЛИҒА

Замандардан сарыны жеткен ақындық үннің жалғасы,
Кемелді жырмен кемелі толған шабыттың шалқар арнасы.
Бітімі бөлек, ойлары ерек, сипаты сындар дүлдүлім,
Артыңнан сенің іздеуші болған ұрпаққа көз сап қарашы.

Ана тіліңе заманның тісі батқанда,
Үрей мен күдік жаныңды жеген ала тұманды ақ таңда.
Балапан басқа, тұрымтай тұсқа бағытсыз кеткен мұнар күн,
Халқыңның ұлттық болмыс-бітімі құрдымға кетіп жатқанда.
Қалың қазақ іздеді сені, әз ақын!

Ертеңін елдің өлшеткен шақта өзге елге.
Дәстүрің,салтың, дінің мен ділің тартылған шақта безбенге.
Туған тіліңнің тарылып аймақ өрісі,
Жойылу қаупі жақындағанын сезгенде.
Қалың қазақ іздеді сені, әз ақын!

Ашылған кезде бодандық деген бет перде,
Алаш ұранды азаттық үні жеткенде,
Жырыңды жауһар жаттайды махаббатпенен,
Жаңа заманның жасампаз жасы от кеуде.
Сен бізбен біргесің, әз ақын!

МАРЖАН ИМАНБЕКОВА
АРУЛАР

Көңілге медет, көктемгі нұрдай көрікпен,
Қыз сезім талай жабырқау жанды еліткен.
Сұлулық сыры күміс күлкімен таралып,
Өмірдің мұңды қатал суығын еріткен.

Аққулар олар, ақ сәулелердей таңдағы,
Біреудің қызы аялап жүрген қолдағы.
Ару дегенің сұлулық нұры ғана емес,
Аяулы ана, жігіттің жалғыз жан жары.

САҒЫНЫШ БЕКЕНОВА

ЖАҢБЫРДАН СОҢ…

Төкті Алла нұрын бүгін селдетіп,
Жаңарып бір қала берді жер беті.
Көкке асылып кемпірқосақ көрікті,
Кең даланың сұлуланды келбеті…

Күлімдедім қарап көкке нұрлана,
Сөзбен сурет сала кетті жыр – қалам.
Көшіп бұлттар құбылады табиғат,
Күн сығалап бұлт артынан ұрлана…

Шыға келді шуақ шашып арайлы,
Шұғыласы шартарапқа тарайды.
Осы бір сәт жадыратты жанымды,
Өзге күйге түсті сезім сарайым.

МӘНШҮК ӘКІМОВА

ЖАЗА ТҮС, ҚАЛАМ

Сұрайды әркім: «жабырқау неге көңілің?»,
Қызыққа толы ед бүгінге дейін өмірім.
Сол сәттерімді әлдебір мұнар басты да,
Тұман боп кетті жан-жағым, алдым, өңірім.

Ішінде жүрмін, көрінбес бәрі бұлдырай
Еңсем де бір сәт көтерілмейді құрғыр-ай.
Шырмалған ауыр ойлардан мені арылтып
Жар бола көрші, Жарылқаушы Алла, бір құдай!

Жаза бастым ба, таба алмай жүрек пернесін,
Аша алмадым ба, шындықтың шымқай пердесін.
Қасарысады, қаһарға мініп, бұл тағдыр,
Осылайша өмір қинайды екен пендесін.

Жазылмай жарам, жаныма әбден батқасын
Тұншықтырумен қашанғы іште сақтарсың?!
Жаза түс, қалам, жетерлік оған парақ бар,
Жаза түс тағы, жүрегім сырын ақтарсын!

СӘНІМГҮЛ МЕҢДІБАЙ
СЫР

Қуанып өтем, көп көрмесе екен тіршілік,
Жаяу-ақ жетем өзіңдік жолға күншілік.
Махаббат деген қызық-ақ екен, о, тәубә!
Жіберді мені мұңшы емес, енді жыршы қып.

Өйткені жаным өзіңсің маған арман ән,
Жүрекке жетсін сағынған кезде салған ән.
Аспаным сенсің әлемді тұрған аймалап,
Қыраның менмін көгіңді құшып самғаған.

Бетті әзірлеген САҒЫНДЫҚ НИЯНҚҰЛОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.