Мейірімге шөлдеген жүрек

Таңның атысымен қазақ радиосын қосу ұзақ жылдан бергі үйреншікті дағдым. Осы әдетіме орай бүгін тағы радио сымын тоққа қостым. Жұрт ұйқыдан оянғанша тек әуезді әуен қойылатын толқында санаға салмақты ой салар ән орындалуда. «Бозторғай». Талай қазақтың көзіне жас алдырған жетімнің анасын жоқтау жыры жаныңды аяздай қарып, көңілге кірбің ұялатады. Сол сәтте  жанардан мөлдір тамшы сырғып түсті…  

…Шешем болса, келмей ме,
Баласын бір көрмей ме,
Мейірлене құшақтап,
Өрік-мейіз бермей ме, – деп келетін жетім зарының шырқалғанына отыз жылға жуық уақыт өтсе де олардың қатары кеміген жоқ. Ал әннің жазылуындағы түп мақсаты бұл емес еді ғой! Өкінішке орай, ән – ән күйінде ғана қала берді. Тас жүректер жіби ме деген үміт оты біртіндеп сөніп, бұл жағдай одан бетер ушыға түсті. Осындайда ұлттық сөз өнері зергерлерінің бірі атанған Оралхан Бөкейдің Таған кейіпкері секілді «НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..» деген сауалға жауап іздейсің. Бұрын-соңды қазақ даласында Жетімдер үйі болмаған. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дейтін халық үшін Қарттар үйі деген ұғым тіптен жат еді. Жесірдің өзін қаңғыртпай «әмеңгерлік» салтына сүйенгені де кешегі шындық. Ал қазір ана жылуын аңсаған көптеген сәби дүниеге келе сала ешбір мейірім мен құшақ жылуын сезінбестен сәбилер үйіне оп-оңай аттанып кете баруда. Бұдан соң бала тағдырының жетімханада жалғасатыны айтпаса да түсінікті. Сонда бауыр еті баласын аямаған, үлкенін құрметтей алмаған елдің болашағынан не үміт күтеміз? Азғындықтың белгілері басым заманда мейірімге шөлдеп жүрген жандардың қатары күн санап арта түсуде. Көптеген бала ата-ананың ыстық құшағын аңсаса, қазыналы қарттарымыз баласы мен немересін бір көруге зар. Біріне бала қамқорлығы жетіспейді, енді бірі ананың аялы алақанына зәру…
Жаңағы әннің әсері бізді облыс орталығындағы «Айналайын» балалар үйіндегі жағдаймен танысуға жетеледі. Жетімдер үйіне ат басын бұрмас бұрын облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қанат Қалиқанұлымен тілдестік. Жасыратыны жоқ, ол жақтағы жағдай да мәз емес болып шықты. Оны естіп еңсеміз тағы түсті. Директордың айтуынша, босана сала баладан бас тартып, тастандылардың қатарын еселеп жатқандардың 60-70 пайызы студент қыздар. Туған баласын перзентханада-ақ тастап жатқандар саны өткен жылмен салыстырғанда 10-12 оқиғаға артқан. Дәрігерлердің ашынатыны сол, баланы керек етпейтіні бар, жүктіліктің алдын алудың түрлі әдістерін неге ертерек ескермейді?! «Жастар сақтық шараларына ерекше көңіл бөлсе, Алла кешірмейтін, өмір бойы ары мазалайтын іске бармас» дегенді алға тартқан Қанат Қалиқанұлы өз тәжірибесінде түрлі жайтқа куә болған.
– Айтуға оңай түспейтін жағдайларды көрдік. Сирек болса да мектеп жасындағы қыздардың да босану дерегі кездесуде. Көбінде ізін жасыру үшін өзге өңір жас­тары бізге, біздікі басқа облысқа барып босанып, балаларын перзентханаға тас­тап кетіп жатыр. Дегенмен, уақыт өте оларды ар-намыс мазаламайды емес, мазалайды! Соны ескеру керек. Құдай жазасыз қалдырмайды. Осыдан 17 жыл бұрын осы перзентханаға баласын тастап кеткен келіншек жуықта қызын іздеп бізге келді. Бүгінгі таңда ол әйелдің күйеуі, екі қызы бар, материалдық жағдайы да жақсы, қызметі де өскен. Бірақ әлі күнге дейін оны ары мазалап келеді. Жолдасы да түсіністікпен қарап, 17 жасқа толған тастанды қызын іздеуге келісім берген. Бірақ оны кімнің асырап алғандығы туралы дерек заң бойынша жасырын ұсталатындықтан, ешкім баланы тауып бере қоймайды. «Ана жүрегім сезеді. Қызым осы облыста. Барлық керегім болса да сол қызымды ойлағандықтан жа­ным тыныш табар емес. Өз-өзімді кешіре алмаймын» – дейді ол. Кезіндегі қа­телігі үшін өкініштен өртеніп жүрген бұл келін­шек енді өзінен өзгені жазғыра алмасы анық. Сондықтан әр істің сұрауы бо­ларын естен шығармайық, – дейді тастанды сәбилер тағдырына алаңдаған дәрігер.
Не қызды, не одан туған өз баласын іздемей жауапкершіліктен тайып тұратын намыссыз жігіттер де бейжай жүре бермеуі керек. Солардың ойланбай істеген ісінен неге жазықсыз бала, тұтас бір мемлекет зардап шегуі керек. Жетімдер санының көбеюі мемлекетімізге мақтаныш емес, ол – үлкен кемшілік. Облыс дәрігерлері өз қызметтерінде бір жігіттің мектеп жасындағы қызды екіқабат күйінде тас­тап кеткен жағдайымен де ұшырасқан. «Мектеп жасында» деген сөзге ерекше зер салсақ, жыныстық қатынас тұрмақ, жігіт қыздың қолын ұстамайтын кезең еді ғой бұл. Қазір қалай? Оқушы қыз-жігіттердің оқу үлгерімін арттыруға ұмтылғанның орнына ашықтан-ашық арсыздыққа барып, сайран салып жүргендері көп. Оқиғаға қайта оралайық. Олигофрения (ақыл-есінде кемістік болу) ауруымен ауыратын қыздың сырқатын пайдаланған жігіт онымен жыныстық қатынасқа түскен. Жігіт дейміз-ау, ондайларды жігіт деп атауға да ауыз бармас. «Жігітсымақ» ол ісін тындырған бойы өз жөнімен тайып тұрған. Бәрінен де бұл жағдай науқас қыздың анасына ауыр соққы болып тиеді. Егде жастағы ана оқушы қызынан дүниеге келген нәрестені қараусыз қалдыруға еріксіз бел буады. Өзі аурушаң қарт анаға сәбиді қызымен қосып бағудың оңайға түспейтінін, материалдық жағдайының да мәз еместігін қинала жеткізген ол баладан бас тарту туралы арыз жазып, оны перзентханаға қалдырады. Мамандардың айтуынша, қыз ауру болғанымен одан туған нәрестенің дені сау, еш жерінде кемістік жоқ. Бірақ әкесінің салғырттығынан бала жарық дүние есігін ашқан күннен бастап жетімдіктің дәмін татып, ана құшағын, әке мейірімін аңсап қала берді. Самайын ақ шалған ана қызын қолтықтай ұзын дәлізбен сыртқа беттеп, шарасыздықтан артына сан бұрылып, тоқтаусыз аққан көз жасын сүрте сәбимен қош айтысты.
Тағдыр тәлкегі кімді де болса аяй қоймасы рас. Дегенмен, жауапкерші­ліктің жоқтығынан өмірді өзіміз қиындатып алатын кездердің жиі болатыны тағы шындық. Әрбіріміз жалған дүниенің қызығына алданып, нәпсіні тыя алмай, пендешілікке салынып жүре берсек қоғам не болмақ?! Алла алдындағы жүзіміз ше, ол қандай болатынын ойладық па? Балаларымыз жетім қалса, қыз-келіншектеріміз бедеуліктен арыла алмаса, жеңілтек қыздардың жүрісі үшін өзгелер де жаман атқа қалса – нағыз қасірет осы. Күдік бар жерде таза сезім қайдан болмақ! Мұның елдігімізді ақсатып, тұтас ұлтымызға қара дақ түсіретінін ой елегінен өткізіп жатқанымыз шамалы.
«Айналайын» балалар үйінің қақпа­сына ене бергенде 7-8 жасар баланы көзіміз шалды. Доп ойнап жүрген топтан оқшау қалып, тас үстінде отырған оның мөлдір қара көзінен терең мұң бірден аңғарылды. Сөзге тарту мақсатында әдейі «Балақай, «Айналайын» балалар үйі осы ма?» деп сұрадық. Кірпігін бір қақпастан, қараған нүктесінен көз алмай ол «Иә» деп жауап қатты. Осы сәтте «…Тас жетім боп қалғаным
Туа біткен арға мін.
Бір иіскесем анамды,
Болмас еді арманым», – деген өлең жолдары ойға орала берді, орала берді. Бұл балақай анасын аңсап, шынымен бір иіскеуді, көңілдегі мұңын шағуды аңсап отырған болар. Не десек те өзгенің жылуы ана мейірімін алмастыра алмас деген ой жанға батып, бала көңілі үшін қайта-қайта қарайлаған біз де алаң. Алайда қолдан келер шара жоқ. Мұндайда демеу сөз де аузыңа түсе қоймайды екен.
120 орындық бұл үйде қазір 4 жас пен 18 жас аралығындағы 125 тәрбиеленуші бар. Оның 30-ы жетім, 95-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. «Айналайын» балалар үйінің директоры Жадыра Сейсембаеваның айтуынша, биылғы жылдың өзінде мұндағы 15 бала қамқоршы мен қорғаншыға, ал 9 бала патронаттық тәрбиеге берілген. Оларға мемлекет тарапынан белгілі мөлшерде ақы да төленеді. Бұдан бөлек, 5 бала туған отбасына қайтарылған.
«Бір шанырақ астында тату тұрамыз» деген балалар заманауи және халық би үйірмесінен бөлек домбыра мен бейнелеу өнері, «Алтын қол», «Алтын қасық» сынды үйірмелерге де қатысады. Олардың үйдегі тәрбиесі мен оқу үлгерімі жолында 53 педагог маман барын салып қызмет етуде. Мұндағы бауырмашылдық сондай, ең кішкентай сәбилер үйінен келген «Бөбек» тобындағы бүлдіршіндерге үлкен топтағы балалар да қарайласады.
«Айналайын» үйінің табалдырығын өткен жылы бірге аттаған апалы-сіңлі Снежана мен Александра Беланосова алғашқы күндері көз жасын тыя алмай, бірін-бірі жұбатумен күнелткен. Қазақ тілінде сайрап тұрған олар анасы мен туған-туысының көбі қазақ болғандықтан мемлекеттік тілде оқыған.
– Бірінші күні бұл жер жаман деп қатты қорықтық. Сіңліме қосылып екі күн жыладым. Бірақ мұндағылармен жақын танысқан соң ол райымнан қайттым. Қазір өзімді еркін ұстаймын. Оқу үлгеріміміз де жақсара түсті. Сіңлім «Анамды сағындым! Саша көке, қашан үйге қайтамыз, анамыз қашан келеді?!» деп қатты жылағанда: «Болды! Біздің үй енді осы. Бұл жер мейірімге толы. Мұнда біз тәрбие алып, ертең дұрыс жол таба аламыз» деп үйреттім. Кей сәттері мен де «Анамды сағындым» деп жыласам, сіңлім: «Сіз өзіңіз маған не айтқан едіңіз?» деп қайта тәубеме келтіреді. Кейде өзімді әлі бала сезінемін, – дейді (бір күліп алып) 8-сынып оқитын Александра. Сіңлісіне қамқорлық танытып жүрген оның арманы көп. Мамандығын да таңдап қойған. Келешекте өзін ұстаз не артис ретінде елестетеді. Қазірдің өзінде түрлі рөлдерді сомдап, актерлік қырымен танылып жүр.
Қос қыздың аналарының аяусыздық­пен жасаған бұл ісін біз сөге алмас­пыз. Бірақ материалдық жағдайдың төмендігін алға тартып, ес біліп қалған екі бірдей баласын Жетімдер үйіне өткізіп кете баруы ешбір ақылға сыймайды. Алла сынақ ретінде жіберген әрбір қиындыққа бірге төтеп бермей, аяқ-қолымыз сау бола тұра жақындарымыздан бас тартып жатсақ, хайуаннан қай жеріміз артық болмақ?! Біздің бұл пікірімізбен толық келісетін «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры, биология ғылымының докторы, репродуктор-эмбриолог Салтанат Байқошқарова алдына келетін келіншектердің ісіне күйінеді.
– Қатты айтсам халқым кешірсін! Бірақ мен баласын тастап кететін қыз-келін­шектерді мүлдем түсіне алмаймын. Тіпті мал да, аң екеш аң да баласын аяқтандырмайынша қараусыз қалдыр­майды. Сонда олардың санасының малдан да төмен болғаны ма?! Барып тұрған азғындық қой бұл! Баланы туып, тастап кететіндердің жалған намысына қарап ашынасың. Өз баласына жаны ашымаған әйел кімге опа береді?! «Бір перзентке зар болып отырмын» деп менің алдыма келетіндердің 70-80 пайызы кезінде түрлі себептермен түсік жасатқандар. Түсік жасату дегеннің өзі баланы тастап кетумен тең. Айырмашылығы, тек сәбиді көзбен көрмей, темірмен өлтіртуінде. «Жатырдағы баланың жүрегі соғып жатыр-ау» деп те ойламайды ғой олар. Қанша бала іштен алынып, қан-жын болып қоқысқа лақтырылуда. Немесе «Жетімдер үйінде жетімсіреп жүреді-ау» деген ой оларға үрей туғызбайды ма? – деп ойын ашық жеткізген Салтанат Байқошқарова да жазықсыз шарананың өміріне қиянат келтіргенше, бала көтеріп қалмаудың жолын алдын алса дейді.
Түрлі жағдайға куә болып жатқан­дықтан алдағы күндерге алаңдаушылық көп. Қандай қиын жағдай болмасын, шешесі тірі кезде, мына бейбітшілік заманда бірде-бір сәби ана жылуынан айырылмаса дейміз. Ақ пен қара қатар жүретін өмірде көз жасын көл етіп анасын сағынған жетімдер қатарының азаймай тұрғаны жанды қынжылтады.
Александраның әңгімесінен соң «Бөбек» тобының бүлдіршіндерімен танысып қайтпаққа бел будық. Бәрінен ауыр тигені де сол. Кіріп барғаннан жетімдіктің кермек дәмін ерте татқан балақайлар жарыса тақпақ оқи жөнелді. Тәп-тәтті қаракөз қазақ қызы. Таңдайы тақылдап тұр. Оның арғы жағындағы қазақтың «батыры» да қалыс қалмауға тырысады. Кішкентай ғана қорғансыз қолымен қарындашты икемге келтіріп отырған тағы бірі алтын балық салға­нымен мақтанды. Балдай тәтті тілдерімен бірінен-бірі асып түсуге ұмтылады. Олар­дың бөлмесінен теріс бұрылып шығып кетудің өзі бізге оңай соққан жоқ…
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет пен қайырым­ды да жомарт жандар тарапынан қолдау көрсетілуде. Алдағы күнде пайдасына жарар деген оймен жеке есепшот ашылып, оған қаражат салынуда. Балалар үйіндегі күтім де жақсы. Бірақ қанша жасырғанымен «балалы үйдің ұрлығы жатпас» дейміз. Ата-анасын сағынады, бір көруді арман етіп, өзгеге қызыға да қызғана қарайды. Оңашада «Мүмкін емес болмауы, мені туған ананың» деп көз жасын көл ететіндер де жоқ емес шығар сәрі.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.