«Қабілет – ана сүтімен даритын қасиет»

Сөз өнерін серік етіп, қазақ журналистикасына өзіндік ерекше үні мен үлесін қосқан қаламы қарымды қаламгер, жерлесіміз Жұмаш Арғынбаев 75 жасқа толды. Ол елу жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. «Терең тамырлар», «Сағы­ныш жылдарға саяхат» атты жинақтардың авторы.

Белгілі журналист Жұмаш Арғынбаев 1939 жылы Қастек ауылында дүниеге келген. 1954 жылы ауылдың орта мектебін, 1957-1963 жылдары Алматыдағы №12 қазақ орта мектебін бітірген.
Әкесі Арғынбай мен анасы Ұмытшақ­тың өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген саналы ұл жеткіншек кезінен ар, намыс, кісілік, парасат сынды ізгі қасиеттерді бойына сіңірді. Жасынан қолына қалам алып, өлең шумақтарын ақ параққа түсірді. Жетісу өңірінің дарқан даласы мен сұлу табиғатын балауса жырларына арқау еткен бала Жұмаштың алғашқы туын­дылары аудандық, кейіннен облыс­тық газетке жарияланған.
«Шығармаларым газет бетіне шыққан сайын шабыттана түсетінмін.Бала қиялым үлкен армандарға ұласты. Жазатын адам бала кезінен белгілі. Жалпы, шығармашылық ана сүтімен даритын қасиет» дейді Жұмаш аға.
1957-1963 жылдары геологиялық барлау партиясында жұмысшы, одан кейін Амангелді атындағы совхозда механизатор, басқа да түрлі жұмыстар атқара жүріп, комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет істейді. 1963 жылы «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетіне тілші болып орналасып жемісті еңбек етті. Ол ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметіне дейін көтерілді.
1968 жылы Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, оны 1972 жылы бітіреді. Содан кейін Жұмашты облыстық партия комитеті «Жетісу» газетіне қызметке жібереді. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы атанған «Жетісу» газетінде 32 жыл бойы табан аудармай жұмыс істеді. Оның ішінде 10 жыл бөлім меңгерушісі, 14 жыл жауапты хатшы, 8 жыл бас редактордың орынбасары болды.
Жұмаш Арғынбаев – облыстық басылым­ға келген сәттен бастап тәжіри­белі қаламгерлермен және олардың қатарына кейіннен келіп қосылған талабы зор жас журналистермен бірге еңбек етіп, осынау мәртебелі мамандықты жан-жақты меңгерді, оның биігіне қол созуды мақсат етті. Қаламы қарымды, ойы жүйрік небір қаламгерлердің арасында жүріп журналистиканың қыр-сырын меңгерді. Тынымсыз еңбек, ұйқысыз түндердің нәтижесінде аз күнде-ақ, жаңа ортаға қалыптасып кетті.
Ауыл баласының қала тұрмысына тез төселгені өз алдына, өзі жақсы адамға аталған ортадан лайықты орын табылды.
Ол облыстың қоғамдық-саяси өмірінің, экономикасы мен әлеуметтік салаларының көкейкесті проблемаларын көтерген талай-талай мақалалар мен очерктердің, публицис­ти­калық материалдардың авторы. Сан жылдар бойы баспасөзге сіңген еңбегі еленіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, КСРО Журналис­тер одағының, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамоталарымен ма­рапатталған. Сондай-ақ КСРО Бүкіл­одақ­тық Халық шаруашылығы же­тіс­тік­тері көрмесінің күміс медалін иеленген.
Жұмаш аға өзінің өміріне мәңгілік шырағдан етіп, көптеген шәкірттер тәр­бие­­леді. Қарт қаламгердің ақ батасын алған­дар қатарында Жұмакүл ­Солтиева, Күмісжан Байжанова, ­Жолдасхан Құрамысов, Жұмабай Шаштайұлы, Болат Шубаев сынды бүгінде қазақ журналистикасына танымал тұлғалар бар. Жұмаш Арғынбайұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін біраз жылдар бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарды. Сөйтіп, өзінің ұзақ жылдарғы білімі мен мол тәжірибесін студент жастарға үйретіп, өнегелі ғұмыр кешті. Осы кезде шіркін, қазақтың барша қариясы дәл Жұмаш ағадай болса ғой деген ой түйесіз. Соңғы жылдары жастар арасында ұлттық рух бәсеңдеп барады.
Қазақтың тарихы түгілі, өзінің ата­тегін білмейтіндер жетерлік. Ал Жұмаш аға болса өз алдынан жүздеген шәкірт түлеткен нағыз парасатты қария. Өмірлік серігі Сайлаукүл апаймен екеуі үш қызды мәпе­леп өсіріп, оларға саналы тәрбие, сапалы білім берді. Қазір алты немеренің ыстық ықыласына бөленіп отырған қадір­лі ата. Өзінің сыпайы, сабырлы, сали­қалы мінезімен, байып­ты сөз саптау мәне­рімен, ағалық ақыл-парасатымен қазақ журналистикасында қолтаңбасын қал­дырған Жұмаш ағаны мерей биігінен көрінген мәртебелі сәтімен құттық­таймыз. Деніне саулық, отбасына бақыт тілейміз.

Меруерт ОРЫНБАЙҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.