Ел есіндегі елеулі жыл…

Тағы бір жыл тарих қойнауына енгелі тұр. Қазақ халқы үшін қой түлігінің алар орны ерекше болса, қой жылы да ежелден  елге жайлы, молшылық пен жақсылықтың жылы саналған. Расында, биылғы жыл  Қазақ елі үшін елеулі оқиғаларға толы олжалы жыл болды. 

Ең әуелі Тәуелсіздік алғалы Қазақ хандығының мерейтойы алғаш рет аталып өткенін айта кету керек. Бәзбіреулер қазақ халқының мемлекеттілігін сан-саққа жүгіртіп, оның тарихына күмән­мен қарап отырған кезде бұл бастаманың саяси маңызы да зор болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқыны» атты кітабында «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды» деген болатын. Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек – Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді. Сондықтан 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласында «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойына орай дү­бірлі той болды. Тойға еліміздің іші-сыр­тынан 5 мыңнан астам арнайы қо­нақтар, Қазақ елінің бүкіл зиялы қауым өкілдері қатысты. Елбасы Қазақ хан­дығының 550 жылдығына арналған монументті ашты. Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бүкіл ел көлемінде ат бәйге, айтыс, ұлттық ойындар, шығармашылық байқау сынды үлкенді-кішілі шаралар өткізіліп, ме­рейтой жан-жақты тойланды. Бұл мерейтой елдігімізді нығайту жолындағы, жастарды елін, жерін құрметтеп, тарихын жадында сақтауға, отансүйгіштікке тәр­биелеудегі маңызды қадам болғаны анық.
Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толды. Қаншама боздақтардың өмірін қиған, талай шаңырақты ортасына түсірген сұрапыл соғыс жылдары халық жадынан ұмытылған емес. Бұл жеңісті, ата-бабаларымыздың өшпес ерлігін, ел алдында, Отан алдындағы борышын бүгінгі ұрпақ та, келер ұрпақ та ешқашан ұмытпауы тиіс.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстан­ның Егемендігі туралы Декларация қабыл­данып, еліміз егемен ел болып жария­лан­ғаны белгілі. Осы атаулы күнге биыл 25 жыл толды.
Биылғы жылдың тағы бір ерек­шелігі – тәуелсіздік тірегі, ардақты Ата Заңымыздың 20 жылдығы атап өтілді. Бүгінгідей алмағайып заманда Қа­­зақ­станның Ата Заңы уақыттың сы­нынан сүрінбей өтті, өзінің заман та­лабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Зерттеушілердің пікірінше, Қа­зақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дә­ріп­тейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың зор әлеуетін білдірсе керек.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тама­сы­мен биылғы жыл «Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жылы» деп жария­ланғаны баршаға аян. Тұрақтылық пен бейбіт­шіліктің нышанына айналған Қазақ­стан халқы Ассамблеясына биыл 20 жыл толды. Қой жылымен тұспа-тұс келіп отырған бұл айтулы оқиға кең көлемде мерекеленді.
Қой жы­лында халқымыздың армандап жүр­ген мақсаттарына қол жеткізді. Бүкіл әлемде орын алған дағдарыс жағдайына қарамастан, еліміз тұрақтылық пен бейбітшілікте өмір сүріп келе жатыр. Осының өзі үлкен қуаныш. Әрине, қой жылы әз Наурызға дейін жалғасатынын ескерсек, бұл жылдан күтер жақсылық­тарымыз мол болмақ.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.