Татаусыз төгілген тіл

Бәрімізге белгілі шығарма — «Шұғаның белгісі» жазылғанына, да бір ғасыр, аттай 100 жыл болыпты.
«Шұғаның белгісінде» айтылмаған не қалды дерміз.
Әрине, осыдан тура 100 жыл бұрын 16 жасар жас жігіттің қаламынан туған, бір демде оқылып, әсері айықтырмайтын шығарма туралы кезінде академик-жазушы Ғ.Мүсірепов пен академик З.Қабдолов көп айтты. Бейімбет Майлин деп, Шұғаны көп айттық.Қабдолов бұны ғажайып деді: «Майлиннің прозадағы шеберлігі тура алғашқы адымынан (Шұғаның белгісінен) басталады. Мұндай да ғажап болады екен… шеберлік тұрғысынан пайымдағанда күні бүгінге дейін қазақ повесінің үлгісі болып отыр. Ғажайып емей немене?» деді. Иә, ғажабы да осы, бұл әңгіме бүгін жазылды десе де сенеміз, кешегі 60-жылдары жазылды десе де сенеміз. Себебі шығарманың тілін жатырқамадық, қазақ әдеби тілінің өзін, көркемсөз стилінің үлгісін таныдық.

Тағы бір ғажабы – әңгімені 16 жасар жас­өспірім жігіттің (Бейімбеттің) 50-ден асқан ер адамның атынан сендіріп баяндайтыны. Бұның себебі не дейміз ғой, біздер, тілшілер. З.Қабдолов «Осының бәрі Майлин шығармасының қылапсыз қиыстырылған композициясынан туған ағыл-тегіл әсер» дейді. Және «Әттең бітіп қалғанын!.. Бір сағат оқыдық па, жоқ па? Қалай тез бітті? Амал жоқ, кітап бетін жабамыз. Бірақ қым-қиғаш әсерлер айығар емес. Көңілде құйын ұйытқып жүр. Арман ба, өкініш пе, әйеуір бір мұң, бір сыр…Бірақ осы кірбіңнің өзі бір түрлі жайлы, рақат. Тіпті осы халден арылғымыз келмейді. Татаусыз төгілген тіл қандай әсем! Көлдей шалқыған сыр, жалындай шарпыған сезім қандай ғажап!» дейді тағы да. Иә, татаусыз төгілген тіл! Ғажабы да, сиқыры да осында сияқты.
Профессор Нұргелді Уәли көркем мәтіндегі тіл­дік шеберлік оқудағы автоматизмді бұзудың нор­масында дейді. Оқырман санасына сал­мақ салмау, автоматизмді ара-тұра бұзып, оқыр­манның әсерленуіне, не ойлану, пайымдауына мүмкіндік беру дейді. Сөйтсек, бұл Б.Майлин қаламына тән екен. Майлин шы­­ғармаларының сиқыры осында екен. Ғ.Мүсі­репов айтқандай: «Онда… бірден бетке ұратын арзан әсерге құмарлық жоқ. Оқиға таңдауда да, сөз өнерінде де ол әсіре қызыл атаулыға жат. Кісіні тайғанақ мұзға тағасыз түскен аттай сырғытып әкететін сөзде дыбыс қуалау, (аллитерация) үстеме теңеу, эпитеттер, арзанқол афоризмдер Бейімбет тілінде кездеспейді. Ол өз ойын ұғындыру үшін, яки кейіпкерінің бейнесін, қимыл әрекетін беру үшін орағытып теңеу іздеп, тап баса алмай жанай сипап жүрмейді, қарапайым ұтқыр сөзбен қолға ұстатқандай образдар жасайды…Майлиннің бізге үлкен өнеге болатын көркемдік қасиеті — қарапайымдылығы». І.Омаров та: «Көтеріңкі, елірме оралымдар мұнда кездеспейді» деген. Ендеше, көркем тіл болмаса, не бар мұнда? Сөйтсек, мұнда XX ғасыр басындағы қазақтың ауызша әңгіме айту дәстүрі бар екен, қаймағы бұзылмаған қазақтың ауызша әдеби сөйлеу тілі бар екен. Бүгінгі шаршысөз стилінің де, көркемсөз, іскери, ғылыми сөз сияқты барлық функционалды стилдердің жүгін бір өзі арқалаған ауызша әдеби сөз бар екен. Сол тілдің айна-қатесіз, бұлжымай қағазға басылуы бар екен. Жазба тілге айналған ауызша тіл бар екен, мұнда. Сол қазақы ауызша тілімізді сағынған Біздер бар екен.
Академик Р.Сыздық «Ауызша дамыған әдеби тіл» атты 2014 жылғы монографиясында қазақта ауызша әңгіме айту жанры болғанын алғаш айтты. Ауызша әдеби тілдің классикалық үлгісі деуге болады деп дәл осы «Шұғаның белгісін» көрсетті.
Сонда ауызша сөйлеу нормасында не бар еді? Ауызша сөзді сүйсініп тыңдай алу үшін не болу керек еді? Ол үшін ұлттық-тарихи сана мен бұқаралық-әлеуметтік сана болу керек еді. Ал бұқаралық сана – ұлттық құндылықтардан, қазақы сөз саптаудан тұрады. Қазақы сөз саптауда не бар еді? Осы күнгі лексикалық, грамматикалық тұлғаларды үнемдей отырып, тұрақты сөз орамдарымен сөйлеу бар еді. Тұрақты сөз орамдары, профессор Н.Уәлидің анықтауынша, «даяр» күйде қолданылады, сөз тіркесі тіпті сөйлем түрінде айтылады, бірақ дара сөздің орнына жүреді (Фразеология және тілдік норма, А., 1998. 2б.).
Қазақы сөз саптауда тілдің ұшында дайын тұрған қаракерді бір-екі бауырлап алу, бозбаланың басы құралу, әйдәй қызды-қызды болу, бітіре алмастық борышы болу, ғажапқа қалу, ат арқасына мінген, сөз қашыру, сөзді біткенге есептеу, тәңірге жазып қалу, уақыт оздыру, түсінбегенге салыну, салған жерден бола қоймау, құдай бергенді аямау, атаққа шығу, жұртта да дін жоқ қой, басын іске байлау, басымен алысқан ат, қатандық қылу, желе шоқыту («Шұғаның белгісінен») сияқты тіркестерді біз бүгінде ішкі образынан айырып, лексикалық тіркес етіп, синтаксистік жағынан мүшелеп сөйлейміз, не жазамыз: қаракерді қамшылау, жастар боп жиналу, у-шу болу, өмір бойы қарыздар болу, әңгіме айту, таң қалу деген сияқты.
Ал Бейімбет алдыңғы сөз орамдарын қиналмай-ақ әңгімесіне көшірген. Яғни жазушы бұқаралық-әлеуметтік сана кедергісіз қабылдайтын, «тіл ұшындағы» тұрақты сөздерді пайдаланған. Сондықтан «шығарманың тілі жатық, шебер» деп бағаладық. Рабиға апай Сыздық айтқандай, «басы артық қайталау, басы құралмаған сөйлем табылмайтын» Бейімбет тілі, біздіңше, қазақы сөз саптаудағы қысқалық пен нұсқалықтың өзі. Бейімбет «Жолдасым 30-40-тардың шамасындағы жер ортасы адам» дейді, біз бүгін жер ортасы жасқа келген адам деп сөзді көбейтер едік, «Шұғаға ынтықтым» деп суреткер әңгімені кейіптейді, ал біз «Шұғаны көруге құштар болдым» немесе «Шұғаның әңгімесін естуге зар болдым» деп, кейпінен айырар едік. 20 ғасырдың басына шейін қазақ мезгіл үстеуді заттық тұлғада бере берген-ау деп қалдық. Әңгіменің өн бойында «Қыс қыстаулары басқа болғанмен, жаз көбіне бірігіп», «Жаз көбіне сонда», «жаз қызметке тұрып, қыс оқуға кірді» деген сөздер ғана бар. Осы үнемделген жұрнақтарсыз-ақ түсінікті сөздерді біз қалай бүгінде ұзартып алдық (қыста, қыз мезгілінде, жаз кезінде, жазда, жаз уақытында, қыс түсе деп)?
Және мұнда әңгіменің ішінде әңгіме бар. «Сөйлемпаз» Қасымның өз әңгімесіне деген махаббаты бар. Қазақтың дәстүрлі өмір тіршілігін, қазақы мінезді, даланы сағынған, Шұғаға өзі де ғашық, Шұғаны сүйетін Әбдірахманға да ғашық, ғашықтарға сүйсінген, бүткіл қазақ менталитетіне ғашық адамның баяндауы бар. Баяншының жақсы көргеніне сені де табындырып қоятын тәсіл бар. Бұл табындыру эстетикалық санаға әсер ететін табиғат суреті (ұшпалы сұр бұлттар … жылжып ұшады, күннің көзі ашыққа шығады…, жанды қарға жоқ, шұқырынды томар, шорқынды су), я кейіпкер эмоциясы(бір түрлі паң еді-ау, шіркін… жердің берекесі қандай, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді, ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың исі де жоқ, шалқайып отырып жарты бағасына алу, заман құрбы, есінен қалмау, атаққа шығу) арқылы жүреді.
Сөйлеу тілі адамдар арасындағы жақсы-жаман қарым-қатынасты білдіреді. Сөйлеу тілі тілдік тұлғаның қоршаған ортамен атмосферасын жасайды. Өйткені ауызекі сөйлеу тілі коммуниканттардың шынайы, табиғи тұлғасын танытады. Сондықтан біз Бейімбет әңгімелерін шынайылығы үшін іздейміз, шынайылықтан туған әдемі әсерге тағы бір бөленгіміз келеді. Өйткені шынайы тұлғаңды бере отырып, сөз алмасу бүгінгі қала өркениеті заманында, әсіресе көп таптыра бермейтін, іздейтін, қажетсінетін коммуникацияға айналды.
Әңгімеден осыны байқауға болады. Сондықтан бүгінгі жазам дегенге осы норманы үлгі етеміз. Үлгі етеміз демекші, жуырда Сүлеймен Демирел университетінің Қазақ филологиясы кафедрасында Стилистика пәнінен «Көркемдіктің көкесін көрсеткен шығармаға – 100 жыл!» атты кездесу-сабақ өтті. «Көркемдіктің көкесін көрсетті» дегенді кезінде З.Қабдолов айтқан. Бұл сөзді тақырып етіп алуымыз шығарманың көркемдігі композициясымен бірге тілі мен стилінде де екеніне студенттердің назарын аудару болатын. Әңгімедегі сөз дұрыстығы, сөз дәлдігі, сөз қысқалығы деген нормаларды студенттердің шығармашылық жұмыстарына үлгі етіп алдыру болатын. Қазақ ауызша әңгіме айту дәстүріне, ауызша әдеби сөзді жазба сөзге айналдырып, қарапайымдылықтан көркемдік, одан ұлылық жасай білген Бейімбетке жасалған жарнама болатын. Сабақта студенттер ҚазҰУ профессоры, алғашқы қазақ прозасын зерттеуші-ғалым Зинол Бисенғалимен кездесті. Бейімбет тұлғасы, «Шұғаның белгісінің» жазылуы, 20 ғасыр басындағы қазақ прозасы туралы профессордың қызықты дәрісін тыңдады. Оралхан Бөкей сияқты әңгімені жатқа айтатын студенттер де табылды. Сабақ соңында жігіттеріміздің «Бүгінгі Шұғаларға арнаулары» оқылды.
Ғ.Мүсірепов «Шұғаның белгісі» повесінің құрсағынан шығып, етегіне оранып өскендейміз» деген екен. Ендеше, ауызша тілдегі сөз саптауды жазба сөздің негізі етуге тырысайық. Ауызша әңгіме айту дәстүрін қайтару жолдарын қалыптастырайықшы. Тілдегі ғана жинақылық емес, көркем мәтін композициясында да жинақылықты ойланайық. Б.Майлин шығармаларына оралып отырсақ. Өйткені бұл қазақы жазу дәстүріне деген құрмет!

Құралай КҮДЕРИНОВА,
Сүлеймен Демирел университетінің доценті, филология ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.