Заманымыздың заңғар тұлғасы

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының да өмірден өткеніне қырық күнге таяп қалыпты.
Ол заманының заңғар тұлғасы болатын. Туған еліне азаматтық қабілет-қарымымен де, қуатты қаламымен де аянбай қызмет етті. Соңында өшпейтін өнегелі, айшықты із қалды. Қазақ халқы бар кезде Әбіш есімі де жасай береді. Бұған қаламгер қауымының төмендегі ой-толғаныстары дәлел.

Ұлылықтың үш сәті

Күні кеше бақиға озған (ең алдымен) жазушы Әбіш Кекілбаевтың қазасын Алаш жұрты аза тұтып, о дүниелігін берсін деп жұбатуда өздерін. Артында қалған өлмес туындылары мен халқына сіңірген еңбегін дәтке қуат етіп. Марқұмды жерлеген күні бір белгілі қайраткер «бүгінгідей жағдайға Мұхтар Әуезовті соңғы сапарға шығарып салғаннан кейін екінші рет куә боп тұрмыз» деп құдайлығын айтты. Бұл ақиқаттың атасы, шындықтың көкесіндей ақ жарылу еді. Бұл Әбіш Мұхтар Әуезовке жетеқабыл ізбасар деген лебіз-куәлік еді. Осындай сәттерде қайран Герольд Бельгердің «Парасат» журналында жиырма бір жылдан бері жарияланып келе жатқан күнделіктерінде Әбішті екі сөзінің бірінде «классик» деп қадап айтатыны еске түспей тұрсын ба? Әбіш және Мұхтар Мағауин – екеуін. Прозадан. Поэзиядан – Иранғайып, Темірхан. Төртеуін (үсті-үстіне) бөле-жара атап, классик деуден шаршамайтын еді-ау, жарықтық. Осыны ретті жерде менің аманатым ретінде айт дейтін.
Екі-үш жыл бұрын «Ақиқат» пен «Ақшамда» Тұтқабай Иманбеков жайлы жария­ланған естелікте «Лениншіл жас» газеті­нің бөлім меңгерушісі Камал Смайылов қарауындағы екі әдеби қызметкер – Қалихан Ысқақов пен осы жолдар авторына бөлімге күн сайын үйіп-төгіліп келетін тілші хаттарын теңдей бөліп беретін де, студент Әбіш Кекілбаевтан ке­летін хаттарды бізге билетпей, өзі қарап, басшыларға өзі ұсынатыны айтыла кет­кен-ді. Ол кездерде Әбішті Кәмекең де, біз де көрмегенбіз. Енді ойласақ, сол шақ­тарда Кәмекеңнің назары жасөспірім Әбіш­тің жазбаларына тектен-тек түспеген екен-ау дейсің.
1964 жылы мен ерте көктемде Алма­тыға қоныс аударған соң, Сарыағаш­тағы Төлеген Айбергенов жиі-жиі келіп тұрды. Бір келгенде панфиловшылар паркінде Әбіш кездесті де, Төлегенді бұрыннан білетін адамша поэзия хақында біраз көсіле сөйледі. Сөйлеу мәнерінен таяуда биттің қабығындай бір жинағы шығып, әлі көпшілікке жөнді таныла қоймаған Төлегенді белгілі ақындардан кем санамайтыны, бағалайтыны аңғарылып, сезіліп тұрды. Онымен қоштасып, былай шыққан соң «Әбіш сені біледі екен ғой» дегеніме, Төлеген «өлеңдерім арқылы шығар, әйтпесе, бұған дейін көрген емеспін» деді. Бәлкім, бұл да «талантты талант танидының» жоралғысы шығар. Ал Әбіштің Төлеген қайтыс болған соңғы айтқандары мен жазғандары бізсіз де белгілі.
Осы аз-кем жайларды өзімізше Әбіш ұлылығының бір сәтіне балап отырмыз.
…Гурьевтен көшіп келген соң әуелі «Қазақстан» баспасы, онан соң «Мәдениет және тұрмыс» журналында бір жылдан сәл астам қызмет еткен талантты ақын Меңдекеш ­Сатыбалдиев 1973 жылы жазда күтпеген жерден қайғылы қазаға ұшырады. 1965 жылы Гурьевке жол түскенде сол кездерде аты-жөні сырттай таныс, облыстық газетте істейтін Меңдекешке әдейі барып танысқан ем. Ақ жарыла қарсылаған аққұбаша, ашаң, бұйра шашты өзім қатарлы жігіт алақанымен аузын басып, тық-тық жөтеліп отырды. Біраз жылдан соң Алматыда жолығып, осында біржола көшіп келдім деді. Енді, міне…
Жасымыз қатарлас болғандықтан, Меңдекеш екеуміздің сіз-бізіміз артып, сөзіміз жарасып келе жатқанын айналадағылар аңғарып, көкейлеріне түйіп жүреді екен. Бірі – Фариза Оң­ғар­сынова. Меңдекешпен ақтық жүздес­ке­німіз есте. Июль айының соңы. Шықыл­да­ған шілде. Апта соңы – жұма күні жұмыс­тан кейін іргедегі көк базардан қымыз іштік те, дүйсенбіге дейін бір-бі­рі­­мізге амандық тілеп, үйді-үйімізге та­ра­дық. Онда мен 10-микрорайонда тұрамын.
Дүйсенбі күні сағат 10-ға таман жұмысқа келсем, екінші қабаттағы лифт алдында жолыққан Фариза: «Естідіңіз бе, Меңдекеш досыңыз қиын жағдайға ұшырады ғой. Мединститутқа қарама-қарсы ауруханада жатыр. Жағдайы жақсы емес» деді әрең сөйлеп. Өңі боп-боз.
Жоғары көтерілсем, кабинетте бірге отыратын Өтекең менен бұрын келіп қалған екен. Фаризадан естігенімді айттым. Дереу Меңдекештің үйіне телефон соқтық. Рузияның айтуынша, Меңдекеш сенбі күні кешкісін жазатайым жарақаттанып, ауруханаға түсіпті. Операция жасапты. Сәтсіздеу болған сияқты. Палатаға ешкімді кіргізбейді дейді. Тіпті Рузияға да рұқсат етпейді екен. Соны білісімен оған «қазір кел, Мин­здравқа барамыз» дедім де, сонда коллегия мүшесі, басқарма бастығы боп істейтін (сарыағаштық) Көпжан Арын­баевқа телефон соқтым. Рузиямен бірге министрлікке жиырма минут шамасында жетіп барғанымызша, Көпжан ауруханамен хабарласып, төмендегі менің көлігіммен жетіп алыңдар. Ондағыларға айтылды, қолдан келгеннің бәрін жасайды деді. Барсақ, Этлина деген бас дәрігер сыртта күтіп тұр екен. Өзі бастап екінші қабатқа көтерілдік. Мүмкіндікті пайдаланып, Рузиямен бірге палатаға мен де кірдім. Үсті-басы ақ дәкемен ораулы, есі кіресілі-шығасылы Меңдекеш көзі жұмулы күйде әлдебір ұзақ өлеңді дауыс­тап айтып жатыр екен. Жайлап атын атап, сөйлесейін деп ем, селт етпеді. Онан соң Рузияны қалдырып, шығып кетуден бөлек амал қалмады. Арадан екі тәуліктей өт­кенде Меңдекеш қайтыс болды. Естіген бойда…
Кезекті демалысқа шыққан бастығы­мыз Мұса Дінішев «Алматы» санаторийін­де еді, оны Өтекең екеуміз барып алып келдік те, Меңдекештің үйіне кіріп көңіл айттық. Жұрт жиналып қапты. Жерлеу рәсімі сөз болды. Оған қатысты шаруа маған жүктеліп, үш бөлмеге жайылатын қаралы дастарқан жабдығын Фариза мен Әбіш мойындарына алды (бұл тіпті де оңай емес-ті). Диеталық асханаға барғанда үнемі көріп жүретін, Байланыс министрлігінде жауапты қызмет істейтін Боқай деген гурьевтік жігіт болушы еді (содан кейін көрген жоқ ем, таяуда хабарын білдім, зейнеткер екен), мәйітті шығаратын күні сол екеуміз – сол шақтағы дәстүр бойынша – духовой оркестр әкеліп, қажет жұмыстар толықтай атқарылды. Жұртшылық Меңдекешпен Жазушылар одағында қоштасты. Талай азамат сөйледі.
Қабір басында да лебіз білдіргендер көп болды. Әсіресе, ағыл-тегіл көз жасына ерік берген Әбіштің: «Аға тауып едім, қайтейін, маңдайға сыймады» деп егілгені… Әншейінде салқындау Мұсе­кең­нің өксігін баса алмай, шетке шығып, үн-түнсіз тұрғаны… Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиевтің буырқана сөйлегені… Маң­ғыстаудан жеткен Сайымжан Еркебаев… ай, еңсені езген ауыр шақтар еді-ау, амал не!?
…Осынау санада ұзақ жылдар сартап боп жатқан жабырқау сәттер күні кешегі Әбіш­тің қазасы үстіндегі газеттерден оқып, телеарналардан тыңдаған азалы лебіздерге орай жаңғырып, ойға оралып отыр. Өз басым Меңдекеш Сатыбалдиевті қара жер қойнына тапсырған күндердегі өз­гелер шеккен қайғы-қасірет бір басқа да, Әбіштің жан азабы бір басқа болға­ны­на куәлердің бірімін десем, сөкет бола қоймас.
Қазақ өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды демей ме? Меңдекештің екі ұлы ержетіп, отау құрғанын білуші едік. Меңдекештің аяулы жары Рузияға оңай соқпағанын да білетінбіз. Алғашқы жылдарда Өтекең екеуміз үйлеріне барып тұрдық. Ұлдарының аяққа тұруына Өтекең мен Әбіштің шама-шарықтарынша сеп жасағандарынан да аздап хабарымыз болатын. Қымбатшылық құрсап, апшы қуырылмай тұрғанда Меңдекеш жұмыстанған журналды («Мәдениет және тұрмыс» – «Парасат») ұзақ жыл Рузияға жаздырып беріп тұрдық. Кейін суалды. Хабарласу сиреді. Ит тірлік солай. Өзге түгіл, өз-өзіңді ұмытқан ширығыс. Бұл мен Әбіш көзі тірісінде куә болған ұлылығының екіншісі. Үшіншісі…
Атышулы Асқар Сүлейменов екі жылдай «Парасат» журналында істеп, сонда жүргенде ауырып қайтыс болды (1992). Май айында. Жерлеуге қатысқан жазушы Әбіш, қайраткер Әбіш, азамат Әбіштің сонда тағы да ерекше қырынан көрінгенін ауызға алмасқа әдді жоқ. Айтпағымыз – Әбіштің қабір басында дүйім жұртты аузына қаратып, қобалжи күйініп, қатты толқып сөйлеген сөзі. Аза сөзі. Адал сөзі. Солардағы – Асқардың кейпі… Бітім-бейнесі….. Жан дүниесі… Ұлыларға теңегені… Бергені. Бермегені… Арман. Өкініш. Мұң. Нала. Өркеуде. Нартұлға. Оптимист боп өткені. Оптимист!..
Әбіштің сөзіне қабір басында-ақ құда түсушілер аз болмады. «Бізге! Бізге!». Кейбірі өздерінше жарияласа жариялаған шығар. Бірақ сол жолы екі бет мәтін «Парасатқа» бұйырған-ды. Асқар Сүлейменов қызмет істеген соңғы бекет – редакцияға. Смағұл Елубаев басқаратын коллектив (жылқы сойып) тайлы-тұяғына дейін қызмет етті. Кейін Әбіш ол жайлы да айтты. Ұлы тұлға Асқарды айрықша бағалады. Міне, енді оның соңынан өзі де аттанды. Араға көп жылдар салып. Тәуба! Пейіш төрінде сыр сандықтарын ақтарып тауыса алмай жүрген болар. Герольд Бельгермен табысқан шығар…
Осынау бір кем ой-толғамдар еріксіз қолға қалам алғызды. Айтарға сыйымды, тыңдайтын құлақ табылар деп. Көкейді сан қозғап… көңілді сан қобалжытып дегендей… дегендей…
Рухың шат болсын, Әбіш! Герольд Бельгер баршадан бұрын классик деп жар салған Әбіш!.. Өзіңді қашанда құрмет тұтқан, тұтатын… ардақ санайтын оқырмандарыңның бірі деп білгейсің. Біз үшін сол да мерей, мәртебе.

Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы

Қазақтың бағына туған…

Бір сәтке ойланып көрелікші. Тарих атты таңғажайып ғаламда да, әдебиет, философия әлемінде де талай-талай теңдесі жоқ ғұламалар өтті ғой. Тәңірім берейін десе үйіп-төгіп бере салады, ал алайын десе де өз құқы қолында. Бірақ әңгіме сол ыстық ықылас, құдіреттің күші-пәрменімен берілген тағдыр сыйын қапы жібермей ұстай білу, бұл бұйырған жазмышты даңғайыр даналыққа, ұлағатты ұлылыққа, көреген көсемдікке, шалдырмас шешендікке, кемеңгер кемелдікке ұластыра білу екінің бірінің пешенесіне жазыла бермесе керек. Жалпы, ұлы тұлғалар жаратылысында қалай дүниеге келеді, қалай Құдай береді деген сауалдың күрмеуін шешу оңай болмасы белгілі.
Біздің Әбекеңнің – аса қадірменді Әбіш ағаның ұлт феномені, яғни грек тілінен аударғанда ерекше, сирек құбылыс екендігі жөнінде басқаны айтпағанда, әріптес, үзеңгілестері – атышулы жазушылар мен ғалымдар, саясаткерлер талай мәрте мінберлі биіктерден айтып та, көсілте жазып та келеді. Ол тым ерте мойындалды, жас­тай жарып шықты. Сол өзі дүниеге келген ата-баба мекені – Онды ауылының Қаратау қолаттарын, тау-шатқалдарын жарып өскен дарақ секілді. Әбекеңді мадақтағанда, оны суреткер, абыз, ғұлама, данышпан десең де, ешкім қарсы уәж айта алмас тегінде. Ол бірінші кезекте классик жазушы екені даусыз. Оның сонау «Бір шөкім бұлт», «Бір уыс топырақ», «Дала балладалары», «Құс қанаты», «Шыңырау», одан кейінгі Мемлекеттік сыйлықты иеленген «Үркер», «Елең-алаң» шығармалары қарымды қаламгердің суреткерлік шеберлігін де, философиялық ойшылдығын да таныта түседі. Ең бастысы, ол қай туындысында да ұлттық рух, тәуелсіздік, қазақы діл мен дәстүр жаңашылдығы ұстанымын басты нысана ететін, қара басын ойлау деңгейінен мүлде аулақ пассионар тұлға.
Әрине, біз Ә.Кекілбаевтың роман, по­весть, әңгіме, т.б. дүниелерін әдеби тал­дауды көздеп отырған жоқпыз. Бұл ендігі жерде қажет болса мемлекеттік деңгейде қолға алынуға тиіс әбіштану немесе кекілбаевтану ғылымының еншісінде болса керек. Әлемдік әдебиеттің 100 томдығына шығармалары енген, нешебір шәуімбастардың елі немістердің «бізде мықтылар көп, бірақ, өкінішке қарай Кекілбаев жоқ» деп өкініш танытуының өзі Кекілбаевтың талант пен ойлау көкжиегінің ғарыштық ауқымға шарықтағанын айғақтамай ма?! Шынында да, шырқау шыңдарға өрлеу үшін бір пайыз талант пен 99 пайыз еңбек керек демекші, бұл екеуінің қай-қайсысын да әуелден бұл кісіге молынан енші еткен. Сом пішілген тұлабой-тұлғасына ақыл-парасатты аямай құйып, Құдайына тәубелі, елдік мұрат-мүдде дегенде ештеңеден тайынбайтын тәуекелді, жаны жомарт жан еткен. Балаң шағында далада ұйықтап жатқан елең-алаң сәтте құлағына «Құдай! Құдай! Құдай!» деп үш мәрте сыбырлап кетіпті. Бұл сыбыр арғы ішкі әлемі, жан-дүниесіне жетіпті. Сыбырлаушы кім, тосыннан үн қатушы қандай құдіретті күш? Оны сол Көк Тәңірі, ұлы Жаратушының ғана патша көңілі білетін болар. «Құмырсқаның да тасқа басқаны Тәңірге аян» дейді ғой. Құлағына сол құдіреті күшті Құдайдың пәрменімен сыбырлаған бәлкім періштелер, машайық­тар ма екен? Әйтеуір, бұл бір қарағанда шешілмейтін жұмбақ секілді. Адам баласы табиғат-ананың перзенті екендігін ескерсек, осынау ұлы табиғатта нешебір таңғажайып оқиғалар, адам сенбес ғаламаттар баршылық.
«Адам болатын бала жас болмайды» дегендей, әкесі соғыстан оралмаған ол ерте есейді. Маңғыстаудың тау-тасын кезген экспедицияның құрамында болды. Туған жері, туған еліне деген шексіз махаббаты ерте бастан оянды. Осы орайда баласын баянды болашаққа бастаған Анасын да мадақ еткен ләзім. Ол туралы: «Осындай ананы, Әбішті Әбіш еткен Ананы ұлы демей гөр, әулие демей гөр! Оның берекелі дастарқанынан қазақ зиялылары тегіс дерлік дәм татты. Соғыс жылдарында жетімдік көрген жадау иін ұрпақтың жұқалтаңдау, көңілдері жарым-жартылау балаларының барлығына да ана болды. Оның шұғыла-шарапатынан, жанарынан төгілген мейірім-нұрынан небір атақты да даңқты азаматтар нәр алды. Ол талайға қанат бітіріп, бойларына қуат құйды, сарқылмас шабыт үстеді» деген жолдар жазыппын.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіздік уысқа ілінгеннен кейін көп ұзамай өз жанынан Әбіш Кекілбаевты іздеді. Ақылды патшалардың даналарды іздеуі елді бақуатты өмірге, баянды болашаққа, зор абырой-бедел биігіне жеткізеді. Әлемдік классикаға қомақты үлес қосқан зерделі суреткер, талғампаз қаламгер енді қайраткерлік, саясаткерлік әлеміне еркін сіңісті. Тәуелсіздіктей қасиетті дүние үшін тәуекелге бірден бет бұрған Әбіш Кекілбайұлы сонау Аристотель, әл-Фараби, Анахарсис, Әбу Әли Ибн Сина, Сократ, Платон, Сенека, Софокл, Геродот, Демокрит, Диоген, Эсхил, Әуезов, Айтматов сынды сұңғыла ойшылдардай философиялық пайымдары мен тұжырымдары, толғаныстары нешебір фразеологиялық қанатты тіркестерімен халқының мерейін тасытып, елдіктің кірпішін қаласуға жанкештілікпен атсалысты. Біз бұл туралы да біраз жазған едік. Сондай публицистикалық дүниелерімнің бірінде: «Елбасымыз Н.Назарбаев пен Төбе биіміз Әбіш Кекілбаевтың көсемдік-көрегендік қасиеттері Қазақ елін сағымды белестерден шұғылалы көкжиектерге бас­тап бара жатқанына тәнтілік құлатамыз. Шарпысқанда шалдырмайтын, шамалыға алдырмайтын текті барысқа тел секілдіміз. Көкке қарап ұлып, көздегеніне жеткенше көңілі көншімейтін Көкбөрі тәрізді Ер секілдіміз.Тәңіріден тілегені келіп, Алла Тағала, ата-баба аян беріп,ортасынан озық туған, қатарларынан асып туған, он жас­та болса да ойшыл һәм кемеңгер, Құдай қаласа көсегесі көгерер Ел секілдіміз! Ендігі жерде айнала-маңына марғаулау көз тастап, маңғаз қозғалатын керенау нарлықтан гөрі, жусай жүріп көз шырымын алдырып, көсіле шауып айызын қандыратын жылқы мінезді сергектік керек-ау қазаққа!» деп түйіндеген екенбіз. Мұндағы негізгі айтпағымыз, кемеңгерлер басқарған ел кемел болмақ деген ұғымның аясына саяды. Шынында да, алғашқы он жылда, одан кейінгі, міне, жиырма бес жылдай мерзім ішінде еліміз көш бастап келеді емес пе?!
Ақиқатында Әбіш Кекілбайұлы – бүтін қазақтың, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Еліміздің бұған дейінгі де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі де ата тарихының сан қырынан бейнеленуінде, егемендігіміздің мызғымас кірпіші қалануында ұлтымыздың ұлағатты ұлы – дана Әбіштің кемеңгерлік іздері сайрап жатыр. Елі, жері, тіпті күллі Адамзат үшін де тындырған ісі тым мол, қомақты болса да, табиғатында бірегей, даңғаза мен дақпыртқа, дандайсуға жаны қас, қай істе де ар мен адалдықты, сабыр мен салмақтылықты таразы биігіне қоятын, ерен еңбегін елге жария етіп, жарапазан қылуды көңілі қаламайтын, қаншама қыруар да іргелі елдік шаруалардың жүзеге асуына ұйытқы, көшбасшы болып жатса да, кеуде керіп масаттануға, мақтануға, мардамсуға мүлде жұлдызы қарсы Әбекең асқаралы алпыс жылдық мерейтойын туған топырағы – өлең бесігінде ел-жұртымен көрісе, аман-түгел алыса отырып қана атап өтуді місе тұтыпты. Әйтпесе, қазірде ұлттық феномен ретінде мойындалған біртуар Тұлғаның бұдан гөрі кеңірек ауқымда құлаш сермеуге де мүмкіндігі жоқ емес еді ғой деген ой келеді».
Осы жазғандарыма бүгін де еш алып-қосарым жоқ.
Бірде кабинетіне тосыннан кіріп қалғанмын. Күңірене, сарнай толғата жазып отыр екен. Шамасы, баяғы батыр бабаларды ұйқысынан оятып отырған тәрізді. Ол өзі де қазақтың маңдайына жазылған, бағына туған нағыз баһадүр тұлға. Әбіш Кекілбаев – адамзат пен ғаламзаттың дара құбылысы, нағыз феномен ҚАЗАҚ!

Ғалым ӘРІП,
ақын

Кемеңгерлер керуенінің  соңғы нары…

Иә, халыққа қадірлі үлкен бір өмір үзілді. Әбіш ағамыз мәңгі оянбайтын ұйқыға кетті. Әсіресе, қазақ баласына жұлдызы ыстық еді оның…
Асан қайғы желмаясының қомына сыймаған қайран Маңғыстау-ай! Осы мамырстан өлкеде әр дәуірде талай маңғаздар дүниеге келіп-кетіпті. Солардың ішінде маңдайынан күн сүйген кемеңгерлердің бірі – Әбіш Кекілбайұлы болар-ау! Өйткені ол туғанына ел қуанған, өлгеніне жер қуанған қазақ сахарасының санаулы сәруарларының бірі еді.
Кімнің кім екенін халық біледі ғой, бүкіл Тұран даласы арысын бір адамдай жоқтады, уһіледі, жас төкті, қамықты.
Жаназа намазына тұрған жанның қарасында хисап болған жоқ. Бәз біреулер «Талай аузымен құс тістеген саңлақтар кетіп жатыр ғой, Кекілбайұлының олардан несі артық?» деуі де мүмкін-ау!
Бір ғажабы, ол бала кезінің өзінде бала болып ойнамақ түгілі, Маңғыстау қазынасын зерттеуге келген академик И.И.Бок, ғалым-геологтар А.Каримов, Д.Хайрутдинов, Ю.Мячиндерге жолбасшы болып, туған жерін аралатып, орыс тілін үйреніп, әлгілермен достасып, айлап-апталап солардың қасында жүретін. Кейіннен олар тоғыз жасар балаға Алматыдан, Воркутадан, Ташкенттен, Ленинградтан хат жазып тұрыпты.
Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде Әбекең қайтыс болған досы Максимнің шешесі Жәми Елеуованы орынсыз балағаттап, билеті болса да мінгізбей кеткен АН-2 ұшағының ұшқышының өрескел қылығын әшкерелеп, Мәскеудің «Комсомольская правда» газетіне тұңғыш рет орысша мақала жазады. Осы мақала жарияланысымен газет редакциясынан да, Батыс Қазақстан әуе тобының басшылығынан да хат келеді. Бұзақылық көрсеткен ұшқыш бір жылға дейін ұшудан аластатылып әрі зәбір көрген анадан кешірім сұрапты. Әлгі ресми орындар 6-сынып оқушысы Әбіш Кекілбаевқа рақмет айтыпты.
Міне, бұл талапты ұланның біз білетін елеусіздеу бір қыры ғана.
Мектеп бітіргеннен кейінгі өмірі көпші­лікке мәлім болар. Адам түгіл қара шыбынға қастық қылмайтын, «қарағымнан» басқа сөзі жоқ, туған елі үшін пәруана болған Әбекең келе-келе бүкіл адамзат баласына болашақта төнер қауіпті санамалай миымызға құйып, ғарыштық кеңістікке самғады.
Біздің тұстастарымыз М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан тәрізді ғұлама­ларды көрмегенімен, Әбекеңмен дидарласып қалды, ал оны көрмеген келер ұрпақтың тағы бір кемеңгер туғанша кемел ойшылға деген сағынышы басылмасы анық.
Еске алсам елжірейді жүрек-бауыр,
Дүниеге сирек келер сендей тәуір, – деп ақын айтқандай, орны үңірейіп қалған оғыланды жоқтап, опынуымыздың бір мәнісі осы еді.
Қазақта небір өнер тарландары, даусыз дарындар, классик қаламгерлер баршылық. Бірақ бәрінде бірдей кемеңгерлік, көл-көсір энциклопедиялық даналық, ең бас­тысы – әулиедей мейірбан мінез жетісе бермейді.
Міне, қанизесі кең Құдай Тағала бөлмей-жармай, әлгі айтқан тәңірлік қасиет­терді Әбекең бойына түгел дарытып, ол – табиғатта аса сирек кездесетін алып брил­лиант Кохинордай тұтасып, құйылып түскен ұлт мақтанышына, ой алыбына айналды.
Бағзының, бүгін мен болашақтың уәзипасын жеміріле ойлап, шақшадай басы шарадай болған аруақты баһадүр дәрежесіне көтерілді.
Қарап отырсақ, көркем шығарма­ларынан бөлек, жаратылыстану, тіл, әдебиет, тарих, өркениет, мемлекет ісі, саясат, демография, экономика, әлеумет және руханият жазираларында Әбекең үңгімеген бірде-бір қалтарыс қалмапты-ау!
Өз өнерпаздарымыздың көсем туындыларын, жер жиһан жампоздарының жауһар дүниелерін кейінгілер енді Әбекеңдей бақайшағына дейін бекзаттықпен талдап, бүге-шігесіне дейін жіліктеп, баға бере алар ма екен?!
Кеш болса да айта кетейік, ол өзінің Тәңір сыйлаған ғаламат қабілетін толық аша алмай, кемесі сайлы болса да әлемдік мұхитқа шыға алмай ішқұса болғанын қайтіп жасырамыз? Амал не, Кекілбайұлы ен мұхиттағы киттердей күңіренумен кетті…
Жарықтық, ашынып, қамырыққан кезінде: «Халқым-ай, саған не дейін, қайрай-қайрай азуымнан да түк қалмады-ау!» деп көпшілікке мұң шаққанын естіп едік.
Оның шорт сынып, морт кетуі де тегіннен-тегін емес…
Оның жүрегіндегі дерт ешбір отаға көнбейтін дерт еді. Қаймана елін ойлап бір түнде бірнеше шошып оянатын дегдарға, сөз өнерін шегінен асырған шандозға біз не рақат көрсеттік?!
Хакім Абайдың 150 жылдық мерей­тойын­да сөз алған Зейнолла Қабдолов: «Қазақ әдебиеті деген арғымақтың Мұхтар Әуезов алтын жалы болса, Әбіш Кекілбаев күміс кекілі ғой!» деген еді. Тайтұяқ алтынға бергісіз осы баға енді ешқашан құнын жоймақ емес.
Небір алқалы жиындарда немесе әуежайларда жапырлай амандасқандардың бәрін «айналайын» деп бауырына тартатын, қолы жетпегендерді көз қиығымен аялай сипап тұратын, содан соң ақырын ғана басын изеп қоштасып, балпаң-балпаң басып бара жататын, қазақтың маңдайына біткен Қызырғалайсаламы енді мәңгі жоқ…

Жұмабай Құлиев,
ақын

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. төлеп

    Бұхар Жыраудай тұлғадай бола алмады

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.