«…Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»

Табалдырықтан аттаған биылғы жыл да айтулы оқиғаларға толы. Солардың бірі – қазақтың ардақты перзенті, қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, көсемсөзші, ғалым, аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 150 жыл толуы.
Кеудемізді кернеген үлкен қуаныш –Алаш ардақтысының мерейтойы тек өз елімізде ғана емес, ЮНЕСКО аясында атап өтілетіндігі. Халықаралық ұйым кезекті 38-сессиясында осындай шешім қабылдады. Олай болса үстіміздегі жылды бір жағынан Әлихан жылы десек те қателеспеспіз. Міне, сондықтан да ұлтымыздың дара тұлғасына қатысты көңілге түйгенімізді оқырманмен бөлісуді парыз санаймыз. Өйткені Ә.Бөкейхан жайлы қанша айтсақ та, қанша жазсақ та артық етпейді. Себебі қайраткер өмірі – нағыз мемлекетшілдіктің, ұлтқа қызмет етудің айқын үлгісі. Бұл ретте ұлы күрескердің мына сөздерінен-ақ көп жайтты аңғарар едік: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын».

Alihan Bokeihan

Өмірбаян өрнектері

Жоғарыдағы жігерге, қайрат-намысқа толы сөзді айтқан Әлиханның өзі ханның тұқымы еді. Әйгілі Бөкей ханның төртінші ұрпағы болып келеді.
Қазақтың іргелі аймақтарының бірі Қарағанды облысында Ақтоғай аталатын аудан бар. Ұлтымыздың қай өңірі де қасиетті ғой. Дегенмен де, Ақтоғайдың орны алабөтен. Елге талай кемеңгерлер мен дарындыларды тарту еткен киелі топырақ. Өзгелерді тізбей-ақ Алаштың ардагер ұлдары Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековті атасақ та жеткілікті болар.
Алғашқысы С. Петербор универси­те­тінің заң факультетін алтын медальмен бітірді. «Алаш» партиясын және Алашорда үкіметін құруға белсене қатысты. Әлімхан да «Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы жетекшілерінің бірі болды. Оның қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуда еңбегі зор. Ақтоғайдан түлеп ұшқан ақсұңқардың бірі біз тілге тиек етіп отырған Әлихан Бөкейхан.
Әлихан да бала болған. Алайда бала­ның да баласы болады ғой. Ол өзге құра­лыптастарына қарағанда ерекшеле­ніп тұрған. Кішкентайынан әділдікті, адалдықты ұнататындығы, өтірікке, жал­ған­дыққа төзе алмайтындығы байқал­ған. Бұған Әлиханның туған інісі Смахан­ның естелігіндегі мына сөздер дәлел: «Алты жасқа дейін тілі шықпаған. Бала болып ойнағанда қос тігіп ойнайды екен. Балуан, аусар, теріс бұтақ қисық, көнбейтін. Бақсы, балгер, құмалақшыны өтірік айтасың деп «орны қане тырп етші, жаның қайда» дегенде, бақсы айтады екен: «Әлихан келсе жын қашады» деп. Жас күнінде асықты көп ойнайды екен. Нәсілі қырғыз Нұржан Шоңұлы: «Асықты жақсы атушы еді» деп еді. Ойыншы, күлдіргі. Асық ұтқан балаға асығын береді екен. Жасы үлкен, зорлықшыл баланы сабайды екен. Алтыбақан тепкенде, әйгөлек ойнағанда, зорлық қылған қыз-келіншек, бозбаланы «Тыныш отыр!» деп жайғастырып қояды екен. Елі көшкенде түйесі ауған балалы қатындардың түйесін басып береді екен. Шаңырағын көтере алмай жатқан жесір кемпірлердің шаңырағын көтеріп береді екен.Өмірбаян  өрнектері
Оқудан елге келгенде таңертең түйеге, сиырға, одан кейін қозыға, бұзауға су құяды екен. Ботаны жібереді. Қозы бағып, күн қызғанда ауылға әкеп, суарып иелеріне тапсырады екен. Күндіз құлын суарады, ел көшкенде, ат ұстағанда көршілеріне, нашар жетім-жесірлерге ұстап береді екен. Ат жетпегенді мінгестіріп алады екен. Ауыл қонғанда құдық қазады екен; жыл­қыға барса ұйықтамайды екен. Қойшы: «Әли­ханжан, шаршадым» десе, – «Бүгін ұйқыңды қандыр» деп, қойды бағып кетеді екен. Үлкен әке-шешесі қасында болып, әкесі аңшы, құс салады, анда-санда аң­нан келеді. Кісі кім деп, содан әкесін «Кесекем» дейді. Әкесі – аты Нұрмұхамед, қазақ Мықан төре дейді. Шешесі Бекжен – Бежекем дейді. Шешесі – тобықты, Мамай батырдан Жолбарыс, одан Дулат, одан Бекжан, одан Әлихан. Қазақ: «Бегім ханым» дейді».
Әлиханның әке-шешесі де жай адамдар болмаған. Әкесі шаруаға ықтиятты, түрлі кәсіпті ұршықша иіргендігі байқалады. Көкірегі ашық, жаңалыққа құлағы түрік жүрген. Шешесі де адамгершілігі мол, жетім-жесірге жанашырлық танытқан, әрі қолынан өнер тамған жан болғанда ұқсайды. Осы ретте тағы да Смаханның естелігінен үзінді келтіре кетейік. Мұнда Әлиханның бауырлары жөнінде де сөз болады.
«Әлихан Нұрмұхамедұлының шешесі кес­теші, оюшы, сызушы, ол уа­қытта мәшине жоқ, қолмен істейді. Қайы­рымды – нашарлардың киімін істеп береді. Қо­лында жетім-жесір нашар адамдар жүреді. Борамбайдың мылғауы – Юсуф, Бай­ғабылдың Мырзамбеті сияқтылар. Жетім балаларға мұсылманша оқу оқытады, киім­дерін жуып, жамап береді.
Әркімнің киімдерін тігеді, олар отын әкеп береді, тамақ әкеп береді. Жолдасы Мықан төре – қазақтың атқамінер пысығы, ит жүгіртіп, құс салады, қаршыға салады – кедей адам. Егін салдырады, диірмен салдырады, азын-аулақ малын бақтырады, балаларын оқытады. Екінші баласын Әзхан деген мал бақтырған.
Үшінші қыз бала – Нұрбек деген… мұсылманша оқу біледі. Кестеші, оюшы, сызушы, неше түрлі киімдер, бас киімдер, бой киімдер тігеді. Шешесіндей нашарға қайырымды емес, төрелердей – кеудесі көтеріңкі. Төртінші баласы Тәтіхан орысша оқыған. Әлекеңнің тақымы толған інісі осы. Құрт аурудан жиырма бес опат.
Бесінші баласы Смахан – қазақтың атқамінерлерінің бірі. Нашар, жетім-жесір, момын байларды, елді қорғайтын адам. «Айқап», «Казақ», «Сарыарқа» газетінің тілшісі, «Сұңқар» деген мәселені осы жазады! Ұрының, жуандардың дұшманы. Патшаға «сенімсіз адам» деп екі жылға жер аударылған, жиырма тоғыз 1910 жылы.
17-18-19-ыншы жылдарда облосной сод қызметінде болды.
20-21-22-нші жылдарда аудан соты қызметінде болды.
25-26-27-28-30-ыншы жылдарға дейін Сарымай зауыты қызметінде болды.
30-31-32-нші жыл (дар) ға дейін жекеше салығын тартып, ел тартып айдаудан, абақтыдан аман қалды. 33-інші жылы Алма-Ата барып, жиырма жыл Алма-Ата маңында болып, 53-інші жылы еліне – Балқаш барып сонда тұрады. Мешітте намаз оқып, өлім күтіп отырады…
Алтыншы – кенже баласы – Бәзіл­хан, інісі Әбдіхан асыраған, оқыма­ған қазақтың пысығының бірі. Егінші, диірменші, саудагер, аңшы. Кы­рық сегізінде бай атымен айдалып, Ново-Кузнецкіде опат 32-нші жылы декәбірде».
Әлихан алдымен мұсылманша хат таниды. Содан Қарқаралыда орыс-қазақ бастауыш мектебінде оқып, мұнан соң кәсіптік училищесінде білім алады. Одан әрі білімін Омбыдағы техникалық училищеде жалғастырады. Келесі кезекте С.Петербордағы Орман институтының экономика факультетінде оқып, орман экономисі мамандығын алып шығады. Кейін қайтадан Омбыға оралып, осында өмірінің он төрт жолын өткізеді (1894-1908).
Омбыдағы кезең оның қайраткерлік тұлғасының сомдалып, төңірегіне таныла бастаған жылдар еді. Орыстың саяси пар­тия­­ларымен – конституциялық демократия (кадет) және социал революционерлер партияларымен, олардың органдары – «Голос степей», «Степной пионер», «Степной край» және басқа да газеттермен байланыста болды. Ғылыми-зерттеу экспедицияларына қатысты. Олардың ішінде әйгілі «Щербина экспедициясы» бар. Бұл экспедицияның мақсаты қазақтың жерін, табиғатын, мәдениеті мен тұрмысын, бір сөзбен айтқанда қазақ халқының бүкіл тіршілігін зерттеп, зерделеу болды. Орыс Географиялық Қоғамының Батыс-Сібір, Ауыл шаруашылығы Мәскеу қоғамы Омбы бөлімдерінің жұмыстарына белсене араласты.
Әлиханның саяси көзқарасына Бірінші орыс революциясының әсері айрықша болды. Патша өкіметінің қазақ даласын отарлау саясатына қарсы күш біріктіруге ұмтылды. Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Қатысып қана қоймады, жиында сөз сөйледі. Көтерген мәселесі – ұлтының тілі, дін, сайлау және басқалар. Осы жолы «Халық бостандығы» (кадет) партиясының, бір жылдан соң партияның Орталық Комитетінің мүшелігіне өтті. Семей облысы қазақтарының атынан I-Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Алайда Дума жұмысына қатысуға мүмкіндік болмады. Дала генерал-губернаторының бұйрығымен үш ай Павлодар түрмесіне қамалды. Одан шығып С.Петерборға жеткенде патшаның жарлығымен Дума тара­тылған болатын. Бұған наразы болған депутаттар Финляндияның Выборг қаласында бас қосты. Олар үндеу қабыл­дады. Оған Әлихан да қол қойған болатын. Осы үшін үш ай Семей абақтысында отырды. Абақтыдан шыққан соң Омбыда, С.Петерборда жарық көрген кадеттік, меньвшевиктік басылымдарда редакторлық қызмет атқарды. Атақты 1916 жылғы Маусым жарлығы кезінде майданның қара жұ­мысына алынған қазақтарға, қырғыздарға, өзбектерге және басқаларға көмек көрсету мақсатында Минскідегі земство және қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы болды. Уақытша үкімет кезінде Торғай облысының комиссары және Түркістан комитетінің мүшесі қызметттерін атқарды.
Әлиханның осы уақытқа дейінгі көз­дегені отарлық езгіден көз аша алмай отырған қазағына қолұшын беріп, халықтың ертеңін ойлап, ұлт мемлекетін қалыптастыру еді. Келе-келе Уақытша үкіметтің де, кадет партиясының да бұл ойды іске асыруға мүдделі еместігін сезінді. Сөйтіп, өзі мүшесі болып табылатын партия қатарынан шықты. Мұнысын жасырған да жоқ. «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деп мақала да жазды. Осы мақаласында Алаш партиясын құрғысы келетінін жұртқа жария етті.

«Алаш» партиясы және  Алашорда

Енді Әлиханның ұйытқы болуымен өмір­ге келеген «Алаш» партиясы, Алаш ав­тономиясы және оның үкіметі жөнінде бірер сөз.
«Алаш» партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы. Па­рияға кез келген адам мүше болған жоқ. Партияның шартнамасында айтылғандай: «Алаш» партиясының программасын ұнатып, жөн көрген, программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. «Алаш» партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн». «Алаш» партиясы 1917 жылы үш ірі мәселені шешуге үлес қосты, – дейді ғалым М.Қойгелдиев – біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде ең алдымен шешілуге тиіс жалпы ұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымға келуде басты рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында («Қазақ», 1917, №251) берілді. Екіншіден, партияның ұйытқысы болған қайраткерлер қазақ елінің «Алаш» автономиясы» атанған ұлттық мемлекетінің өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917, желтоқсан) даярлап өткізді. Осы съезде өмірге Алашорда – Ұлттық Кеңес үкіметі келді. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін «Алаш» партиясының мүшесі санағандығы күмән тудырмайды. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері «Алаш» партиясының атынан тіркелді және оның атынан депутат болып сайланды. Осы Құрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық қазақ облыстарында «Алаш» партиясы ең көп дауыс алған партия болды».
Ғалымның атап көрсететіндей, расында да объективті жағдай, күрделі де қатаң өмір ағымы «Алаш» партиясының саяси күреске білек түріп араласып кететін ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Аласапыран Азамат соғысында ондай міндетті тек Алаш­орда үкіметі ғана атқара алатын еді.
1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орын­борда 2-і жалпықазақ съезі өтті. Алқалы жиын барлығы он мәселе қарады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы Алаш автономиясын құру және оның үкіметін сайлау болды. Съезд қабылдаған шешімде мынандай жолдар бар: «Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұрақты орны – Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады» («Сарыарқа», 1918, 25 қаңтар, №29).
Уақытша Ұлттық Кеңес – Алашор­даның құрамына Қазақстанның барлық аймағынан 15 адам сайланады: Уәлитхан Танашев (Бөкей Ордасынан), Халел Досмұхамедов (Орал обл.), Айдархан Тұрлыбаев (Ақмола обл.), Халел Ғаббасов (Семей обл.), Мұстафа Шоқай (Сырдария обл.), Садық Аманжолов (Жетісу обл.), т.б. Алашорда құрамына облыстардан тыс жұртшылыққа есімдері жақсы таныс: Әлихан Бөкейхан, Жаһанша Досмұхамедов, Әлімхан ­Ермеков, Мұхамеджан Тынышпаев, Бақыткерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Әлжанов сайланды. Жалпы Алашорда құрамына сайланғандар қазақтың сол уақыттағы жоғары білімді, көзі ашық, төрткүл әлемде болып жатқан өзгерістерден хабары бар зиялы қауым өкілдері болатын. Олардың арасында заңгер де, экономис те, инженер де, дәрігер де, педагог… та болды. Көбі Петербордың Мәс­кеудің Қазанның, Томскінің, т.б. қала­лардың жоғары оқу орнын бітіргендер. Біразы мұрат-мақсаттары бір Әлиханның сенімді серіктері.
Үкімет төрағалығын сайлау демо­кра­тиялық жағдайда өтеді. Үш азамат ұсы­нылады. Олар – Бөкейхан, Құлманов, Тұрлыбаев. Нәтижесінде көп дауыс алған Әлихан үкіметтің төрағасы болып сайланады.
Съезд сондай-ақ халықтық милиция атанған ұлттық әскер құру бағдарламасын бекітті. Милиция қатарына қызмет етуге 20 мен 35 жастың арасындағы ер-азаматтар алынатын болды. Милиция қызметкерлерінің жалпы санын 13500-ге жеткізу міндеттелді. Көп ұзамай милиция жасақтарын құру ісі қарқын алды. Бұл бағытта тек Орынбор казак әскерінің басшылығының ғана емес, Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінен тұратын үкіметтің («Комуч») және Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметінің көмегіне сүйенеді. Нәтижесінде Алашорданың батыс бөлімшелері 600 винтовка, бір пулеметке, Торғай бөлімшесі 300 мылтық, 20 мың патронға ие болды. Қостанай, Ырғыз уездерінде екі атты полк жасақталды. Алашорданың әскери бөлімінің бастығы Хамит Тоқтамышев Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министріне жолдаған хатында төмендегідей деректерді келтіреді. Семейде 750 жауынгер және 38 офицерден тұратын Алаш полкі құрылған. Зайсанда халықтық милицияның 200 адамнан, Павлодарда 150, Қарқаралыда 250, Өскеменде 250 адамнан тұратын әскери құрамалар жасақталған.
Сол кезде Қызыл Армияға қарсы кү­рес­кен Алаш жауынгерлерінің саны үш мың­­нан асқан. Алайда жасыратын несі бар, Алаш әскерінің соғыс тәжірибесі аз еді әрі қарумен де жеткілікті қамтамасыз етілмеген болатын. Сондықтан да соғыс барысында лайықты рөл атқара алмады.
Енді Алашорда үкіметінің өмірі неге қысқа болғанына тоқтала кетсек. Зерттеушілердің айтуы бойынша, мұның түрлі себептері бар. Бүкілресейлік құрылтай жиналысының күшпен таратылуы Алаш автономиясының тікейіп кетуіне кесірін тигізді. Алашорданың Ресей билігі тарапынан ресми мойындалмауы да істің ілгерілуіне кедергі келтірді. Бұл уақытта Қызыл Армия да күш алып, елді мекендердің бірінен соң бірін басып алып жатты. Ақырында Алашорданың өзі әр аймаққа бөлініп кетті. Оның соңы үкіметтің біржолата тарауына әкеліп соқты.
Алғашқыда Кеңес өкіметі Алаш қоз­ғалысына қатысқандарға кешірім жасауға уәде берген. Бұл жай болып шықты. Олар ақырында түгелдей сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбаны болды. Солардың бірі – Әлихан Бөкейхан.
Әлихан Нұрмұхамедұлы 1922 жылдан бас­тап Мәскеуде ОГПУ-дің (біріккен мем­­лекеттік саяси басқарма) тұрақты бақы­­лауында болды. Елдегілер оның Қазақ­станда тұрып, қызмет істеуіне байланысты өтініш жол­дағандарымен бұл орындалмады. 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты әскери алқасы «кеңеске қарсы күресті, террористік орталықпен байланысты болды» деген негізсіз себептермен үкім шығарып, қазақтың аяулы ұлы ату жа­засына кесті. Араға елу екі жыл салып қана КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бо­йынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталды.

«Көш бастаған еріміз!»

Әлихан ұлт алдындағы парызын жеріне жеткізе орындай білді. Халқы үшін басын қауіп-қатерге тіге білген, аяғында осы жолда өмірін қиған ардақтымызға біз, туған елі қандай құрмет көрсете алдық? Түк істей алмадық дей алмаймыз. Ұлт көсемінің атында елді мекен, көше, ескерткіштер бар. Әсіресе, Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін Алаш ардақтыларының, онда да Әлихан есімі жиі ауызға алынатын болды. Дегенмен де, мұның бәрі аздық етеді. «Қазақққа қызмет қылмай қоймаймын» деген және осы сөзін іс жүзінде дәлелдей білген тұғырлы тұлғаға құрметтің қанша түрін көрсетсек те артық болмайды. Олай болса бұл жөнінде көптің көңілінен шығатын ұсыныстар айтып жүрген Алаш ғылыми-зерттеу институтынын директоры Сұлтанхан Аққұлұлының айтқандары құптарлық. Алаш автономия­сы құрылғанда оның астанасы ретінде Семей қаласы таңдалғаны белгілі. Демек, Семей қаласына Алаш атауын беру өте орынды. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне Әлихан Бөкейхан есімін беру де қолдарлық ұсыныс. Қазақтың елордасында Әлихан атындағы көше мен мұндалап, еңселі ескерткіші бой көтерсе ұлтымыз үшін мерей емес пе? Кезінде ол тұрған елді мекендерге ескерткіш тақта орнату, Мәскеу қаласындағы зиратынан топырақ алып, Ұлттық пантеонға әкеліп қою да қолдан келетін іс деп білеміз. Біздің бұларға қосарымыз Әлекең туралы деректі кинодан басқа көркем фильм түсірілсе де құба-құп болар еді. Қалай дегенмен де, бүгінгі уақытта киноның әсері ерекше. Оның үстіне ұлт көсемінің қилы тағдыры өнердің осы жанрына сұранып-ақ тұр.
Тағы бір ескерте кетерлік жайт, Ә.Бөкей­ханның 150 жылдық мерейтойы аталып өтілетін жылда Әлекеңмен мүдделес, мұрат­тас болған Алаш ардақтыларын да еске алып, құрмет көрсетуді ұмытпағанымыз абзал.
Әлағамызға қандай құрмет те жарасымды! Әлгінде атап өткеніміздей, ол қазағым, ұлтым, елім деп өткен азамат. 1916 жылғы дүрбелеңде алғашқыда қазақтан солдат алуға қарсылық білдірді. Бірақ патша жарлығына бағынбасқа шара жоқ еді. Қолында билігі бар үкіметтің көнбеген жағдайда күш қолданатыны анық болатын. Осыны түсінген Әлихан, Ахмет, Міржақып Алаш жұртына ашық хат жариялады.
Майдандағы қандастарының тағды­рына алаңдаған Әлихат бастаған топ соғыс жү­ріп жатқан жерге аттанып, келі­сімдер жүргізді. Батыс Майдан штабы жанындағы бұратана бөлімін Әлиханның өзі басқарды. Майдандағы жігіттердің жағдайын ұдайы қадағалап, шешілуге тиіс мәселелерді тиісті орындарға жолдап отырды. Перзентіне қамқор болған әкедей олардан ақыл-кеңесін аямады.
Халық та – әулие. Кімнің кім екенін жақсы біледі. Әлиханның нағыз халық ұлы екенін, жұртына жаны ашып қызмет етіп жүргенін бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін түсінді. Оның көзі тірісінде-ақ сүйіспеншіліктері мен ыстық ықыластарын көңілмен де, сөзбен де білдіріп жатты.
Бұл сөзімізге бір ғана мысал келтірейік. Сол уақытта жарық көрген «Сарыарқа» газетінің жазуы бойынша Әлихан 1917 жылдың 12 қазанында Семейге келеді. Сонда қарсы алу кезінде оқытушылар атынан Мәнен Тұрғанбаев былай дейді: «Сүйікті басшымыз! Еңбегің жанды. Ұлтымыздың жандана бастағанын көзіңіз көрді. Өзінің оқытушы екенін жасырып жүретін оқытушылар мынау отырған. Бұрынғы келгендеріңізге дидарыңызды көрсетпей жауып қойған да уақыт болып еді. Жүзқаралардан қорқып біз де бүйтіп көрініп алдыңыздан шыға алмаушы едік. Құдай бізді бүйтіп қарсы алуға жеткізді. Біз оқытушылар пікіріңізді жайып, еліңізді тірілтуге даярмыз! Жаса, біздің биік басшымыз! Сізді көрумен өзімізді бақытты санаймыз!».
Жастар атынан Сұлтанмахмұт Төрай­ғыров құттықтайды:
Көш бастаған еріміз!
Қуанышта еліңіз.
Төбеміз көкке жеткендей,
Көкіректен бүгін кеткендей,
Сізді көріп шеріміз.
Еліңіздің бұл шағын.
Алаш туын һәм бағып,
Көбен көріп төленді
Көптен бергі теріңіз.
Алаш туын қолға алған
Қараңғыда жол салған
Арыстаным келіңіз!
Сол жиында Жүсіпбек Аймауытов жүрекжарды лебізін білдірген:
«Қараңғыдан қан жылап қаңғырған күнде басыңды Алаш жолына құрбан қыл­ған ағамыз, асқар тауымыз. Сізді көрген­дегі жүректің қуанышын тіл айтып жеткізерлік емес. Өмірің, жүрген жолың біз – інілеріңе жағып қойған шамшырақ! Жасасын сүйреген Алашың! Жаса сабазым!».
Қазақтың ардақты перзенті Ахаң да – Ахмет Байтұрсынұлы да кезінде Әлиханға де­ген ықыласын өлең жолдарымен білдір­ген:
Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!

Жарқырап жақсылықтың
таңы атпай тұр,
Түнерген тебемізден бұлт арылмай.
Көк етті, көн терілі, көніп қалған,
Сықса да шыдай беру – жұрт жарылмай.
Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр?
Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.

Сынайтын, жақсы мекен
жаманды өлшеп,
Құлдықтың қолдарында кезі жатыр.
Кешегі кеңшілікте керек қылған
Бостандық болмаған соң безіп жатыр.

Айтқанмен таусылар ма оны-мұны?
Талайдың таңдамалы түпкі сыры:
Жанасқан шын көңілмен
жақындық аз —
Көбінің іші салқын, сырты-ақ жылы.

Ақшаға абыройын, арын сатып,
Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.
Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма,
Жаны – мал, жақыны – мал,
малдың құлы?!
Басқа күн туғанда, тыныш өмір сүруге мүмкіндік болмағанда Әлиханның елден безіп, шетел асып кетуге де жағдайы бар еді ғой. Бірақ олай істемеді. Нені болса да елімен бірге көргенді жан санады. Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеуден шыққан «Қазақ тарихы» очеркінде былай дейді: «басқа жұрттардың басшылары тым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенінде Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел». Әлиханның халқы үшін өмірін де құрбан етуге әзір екендігіне тағы бір мысал. 1915 жылы Кәкітай Ысқақұлына арнайы жазғанында былай деген екен: «Януар басында 1906-ыншы жылы Керекуден Семейге баруға шыққан мені ұстасын деген Семейге хабар келген. Марқұм Омарбек пен Кәкітай һәм өзге аты теріс достар мені қашыртпақ болып, маған қарсы үш атпен «Б»-ны жіберген. Бұл мен ұсталған Тұзқалаға бір көш қана жетпей, ұсталғанды есітіп, кейін қайтты. Бірақ ол күні мен «Б-ға» жолықсам да, қашпақ емеспін. Егер мен онда қашсам, қырға отряд шығып, қазақты қор қылмай ма?
Мені Тұзқалада күзетке алып, қарауыл­шы бір қазақ-орыс қойып, мені ұстаған орыстар бір үйге тамақ ішуге кетті. Сонда маған жиылып келіп Тұзқала кісілері «қашырайық, қаш!» деді. Мені ұстамас бұрын, маған Керекуден «С» қуып келді, «қашайық» деп.
Керегі мен болсам, мен қашпаймын, абақтыда бір кісі жатқаны жұрт қор болға­нынан ыңғайлы болар дедім «С»- ға».
Осының барлығы Әлекеңдей кемең­гердің ұлтын, жерін, елін бар жан-тәнімен сүйген­дігіне айғақ.

Туған тілдің  жанашыры

Біздер, журналистер қауымы Әлихан­дай алып тұлғаны өзімізге тартып «әріптес ағамыз» санауы­мызға болады. Ол өмірбаяндық анкета толтырғанда «мамандығыңыз» деген тұс­қа «журналист, аудармашы» деген сөздерді жазған. Әлихан бұл сөздерді текке жазбаған. Ол Ресейде және елде шық­қан газет-журналдардың жұмысына белсене араласты. Әртүрлі бүркеншік атпен мақалаларын шығарып тұрды. Қазақ тіліндегі тұңғыш «Қазақ» газетін ұйымдастырды. «Темірқазық», «Шолпан» журналдарын шығарды. «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Сәуле» журналдарын ашуға ұйытқы болды. Омбыдағы «Стпеной край», «Степной піонеръ», «Омичъ», «Иртышъ», «Голосъ степи», Семейдегі «Семипалатинскіе областные ведомости», «Семипалатинскій листокъ», Ташкенттегі «Туркестанскіе ведомос­ти», Орынбордағы «Қазақ», «Айқап», С.Петербордағы «Речъ», Сынъ», «Восточные обозрение», Ресей мұсылмандарының «Въ мире мусульманство», «Мусульманская газета» секілді басылымдарында мақалалары жарық көрді. Әлихан екі тілде еркін жазды. 1906-1907 жылдары Омбыда жүргенде орыс тіліндегі «Иртышъ», «Омичъ», Голос степи» газеттері Әлекеңнің редакторлығымен шықты.
Қошмұхаммед Кемеңгерұлы бір жазбасында былай дейді: «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихы қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды. Бұдан былай татардан іргесін салған қазақ ұлты туды». Әлихан қазақ тілін ерекше қадірледі. Оның бай, бейнелі, оралымды тіл екенін атап өтті. «Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып қалың отырған ел жоқ. Біздің тілді біздің қазақ жерін араламаған мұсылман бауырымыз қайдан білсін, біз кітап жазып, журнал, газет шығара бастағанымыз осы үш-төрт жылдың ғана арасында. Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта» деп жазды «Мұсылман съезі» мақаласында.
Алқалы басқосуларда ұлт тілінің өзекті мәселелерін де тілге тиек етіп, өзгелердің назарын аудартып отырды. 1905 жылы қарашада Ресейдің жергілікті және қалалық қайраткерінің Мәскеудегі съезінде сөйлеген сөзінде «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсіресе алдағы сайлау науқанына қажет» дейді.
Әлиханды экономист, тарихшы, этнограф… деумен қатар әдебиеттанушы деп те нық сеніммен айта аламыз. Ол Абай, Шәкәрім, Міржақып, Жүсіпбек шығармаларын насихаттаушы болды. Абайтанудың негізін қалаушы десек те қателеспеспіз. Ақын шығармаларын зерттеп, жоғары баға берді: «Абай, оның өз өлеңдерінен көрініп отырғандай, теңдессіз поэтикалық күшке ие болатын және қазақ халқы оны орынды мақтан тұтты. Қазақта халықтың рухани шығармашылығын Абайдай кең таныта білген ақыны болған емес. Оның жылдың төрт мезгіліне (көктем, жаз, күз, қыс) арнаған тамаша өлеңдерін Еуропаның атақты ақындары да мақтан ете алар еді» деп жазды. Абайға, оның еңбектеріне деген құрметті мына жағдайдан да аңғарар едік. 1906 жылы 9 қаңтарда Кереуде тұтқындалғанда тәркіленген портфелінде Абай өлеңдерінің қолжазбасы барын, соны сақтауды өтінеді.
Негізгі Әлихан Құнанбай әулетімен жақын араласқан. Кәкітай дүние салғанда «Қазақ» газетінде ол туралы мақала да жазды. «Кәкітайдың әкесі Ысқақ ақын Абайдың інісі. Кәкітайды жасынан сүйіп, Абай қасына ертіп баулыған. Абай қасында жүріп, школ көрмей, Кәкітай орысша жаза да, оқи да білген. Абай білетін Европа жазушыларымен Кәкітай да таныс оқыған еді. Ыждағаттылық арқасында сөзге ұста болды. Топта орысша сөйлеуге қысылмайтын. Сөз білетін еді» деп келеді де одан әрі «Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда осылар тағы келіп амандасқан. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау деймін» дейді. Мұның бәрі Әлиханның Абайдың бауырларымен, жақындарымен тығыз қарым-қатынаста болғанын көрсетеді.
Әлихан ауыз әдебиетінің маржандары – «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды», «Қара қыпшақ Қобыландыны», «Ер Тарғынды» өңдеп, кітап етіп бастырды. Ежелгі дәуір әдебиетінен Эзоптың мысалдарын, Ги де Мопасанның әңгімелерін, орыс классиктері Л.Толстой, А.Чехов, В.Короленко, Д.Мамин-Сибиряктың шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Реті келгенде алаштануда соңғы кездері жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар есімін атап кеткенді жөн санадық. Марқұм Кеңес Нұрпейісов, арамызда жүрген ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Бейбіт Қойшыбайұлы және басқалар алаштануда жаңа көзқарастар қалыптастыра білді. Әсіресе, бір азамат есімін бөле-жара атар едік. Ол – алаштанушы ғалым, журналист Серікхан Аққұлұлы. Ол бүкіл өмірін алаштануға, оның ішінде Әлихан Бөкейхан өмірін зерттеуге арнап келе жатыр деп айта аламыз. Басқасын қойғанда Алаш көсемінің тоғыз томдық шығармалар жинағын бастырып шығаруы зор еңбек. Сонымен қатар Әлиханға қатысты құнды еңбек саналатын Смахан төренің естелігін дайындап, қалың жұртшылыққа ұсынуы да атап өтерлік үлкен іс. Кейбір жекелеген азаматтар да өздерінің жүрек қалауларымен Алаш арыстарын тереңірек танып-білуге құлшыныс танытуда. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын қайраткер азамат, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Нұрлан Дулатбеков Мәскеу қаласындағы Дон қабірстанында жерленген Алаштың қос арысы Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының басына өз қолымен ескерткіш тақта орнатты. Міне, азаматтық іс!
…Әлихан Бөкейхан бізге несімен қымбат? Жүрегі ұлтым, халқым, елім деп соғатындығы үшін. Дәл бүгінгі күні, ұлт ардақтысы аңсап, армандаған Тәуелсіздікке жеткен біздерге, әсіресе жас ұрпаққа осы сезім, осы сүйіспеншілік ауадай қажет. Елін сүйген азамат қана Қазақ елін Мәңгілік Ел жасай алады. Әрбір қандасымыздың бойын «Мен – қазақпын!», «Менің Отаным – Қазақстан» деген мақтаныш сезімі кернеп тұрса жетпейтін биігіміз, алмайтын асуымыз болмайды. Алға ұмтылып, өзге халықтардан кем болмау үшін де, кеудеміздегі намыс отын алаулату үшін де бізге Әлиханның тағылымды өмірі, елдік істері қажет.

Нұрперзент ДОМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.