Өлең сөздің дүлдүлі

Өлең – өнердің үздігі, жыр-жұлдызы, биыл 170 жылдығы атап өтілетін Жамбыл Жабаевтың ой мен сөзден сомдалған бөлек болмысы, дара дарынға тән талант қуаты мен даналық мәйегі туралы ұстаздары мен тұстастары, көрнекті қаламгерлер мен әдебиеттанушы-ғалымдар әркез-ақ айтып, жазған-ды. Ақын-қайраткер С.Сейфуллин: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз» десе, академик-жазушы
Ғ. Мүсірепов: «Жамбыл дүниеге екі туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы туды. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты. Бірінші туғанда – ана бесігінде өсті, екінші туғанда – Отан бесігінде өсті.
Көне грек Гомерінің қайда туғанына осы күнге дейін жеті шаһар таласады. Гомер анадан туды ма, ойдан туды ма, ол әлі таласта. Қазақ Гомерінің туған елі – ұлы жүз, Екей. Тоқсан мен жүз жастың арасындағы он жылда ұлы Жамбыл – Гомер атанды. Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да- феномен, сирек кездесетін, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр» деп жыр дарияның бастау арнасы мен мың сан иіріміне де енеді, өлең –өнердің көркемдік құпиясына да ден қояды. Біздіңше, С.Сейфуллин мен Ғ.Мүсіреповтің көзқарас мұраттарынан, талантты тану мен бағалауға қатысты ой-пікірлерінен ақындық өнердің жарық жұлдызы – Ж.Жабаевтың өмірі мен өнерпаздық сырлары, айрықша құбылысты тұстары, тұлғалық табиғаты терең танылады.

Халық поэзиясында өлең өнерімен даңқ тұғырына көтеріліп, Жыр дария – нұрлы әлем, құдірет — құбылысқа айналған, бүгінде 170 жылдығын атап өткелі отырған Жамбыл ­Жабаев өмірі өрнекті, өнері өрісті, болмысы бөлек, еңбегі ерен, дарыны дара, таланты сирек, көркемдік құбылыс-құпиясы көп даналардың бірі болып табылады.
Ж. Жабаевтың өнегелі өмірі мен өнерпаздық мұра-мирастары кеңес дәуіріне дейінгі және кейінгі кезеңдері жан-жақты зерттелді. «Қазақ әдебиетінің тарихына» енді жеке жинақ, оқулық пен оқу құралдарына кірді. Мерейтойлық кітап, ұжымдық еңбектер түрінде де жарық көрді.
Өлең – өнердің үздігі, жыр-жұлдызы – Жамбылдың ой мен сөзден сомдалған бөлек болмысы, дара дарынға тән талант қуаты мен даналық мәйегі туралы ұстаздары мен тұстастары, көрнекті қаламгерлер мен әдебиеттанушы-ғалымдар әр кез-ақ айтып, жазған-ды. Ақын-қайраткер С.Сейфуллин: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз» десе, академик-жазушы
Ғ.Мүсірепов: «Жамбыл дүниеге екі туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы туды. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты. Бірінші туғанда – ана бесігінде өсті, екінші туғанда – Отан бесігінде өсті.

Жамбыл Жабаев
Жамбыл Жабаев

Көне грек Гомерінің қайда туғанына осы күнге дейін жеті шаһар таласады. Гомер анадан туды ма, ойдан туды ма, ол әлі талас­та. Қазақ Гомерінің туған елі – ұлы жүз, Екей. Тоқсан мен жүз жастың арасындағы он жылда ұлы Жамбыл – Гомер атанды. Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да – феномен, сирек кездесетін, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр» деп жыр дарияның бастау арнасы мен мың сан иіріміне де енеді, өлең-өнердің көркемдік құпиясына да ден қояды. Біздіңше, С.Сейфуллин мен Ғ.Мүсіреповтің көзқарас мұраттарынан, талантты тану мен бағалауға қатысты ой-пікірлерінен ақындық өнердің жарық жұлдызы – Ж.Жабаевтың өмірі мен өнерпаздық сырлары, айрықша құбылысты тұстары, тұлғалық табиғаты терең танылады.
Ақиқатында, Ж.Жабаев ақындық өнердің биік белесіне көтерілген, өлең-жырдан жауһар жиған, оның бас­тау, бұлақтарын ағысты арнаға, кең өріс­ке шығарған дарыны дара, ­таланты ­сирек тұлғалардың шоғырынан жарқырай көрінеді.Мағыналы өмірінің ширек ғасырдан астам бөлігін Ж.Жабаев шығармашылығына, оның ақындық мұрасын, зерттеп-зерделеуге арнаған қоғам қайраткері, әдебиеттанушы-ғалым М.Жолдасбеков: «Жамбылдың ақындық жолға түсуінің ең әдепкі адымы өзінің алдындағы белгілі ақындардың өлеңдерін, ел аузындағы өлең-жырларды жаттап айтудан басталады. Жас ақын Жетісу елінің ертедегі салтымен бәдік, жарапазанды көп айтады, бірақ ол ешқашан дін, шариғат жолын үгіттемей, күлдіргі, әзіл-қалжың өлеңдерді көбірек шығарған. Жарапазанды сылтауратып жас ақын бірде әйгілі Сүйінбайдың ауылына келіп, Сүйекемнің үйінің сыртынан ат үстінде өлеңді ағытып қоя береді. Жамбыл ұзақ жырлайды. Сүйекең жалықпай тыңдайды. Аттан түсіріп, Сүйінбай талапкерге оң батасын беріп, үстіне шапанын жабады.
Асқар Алатаудай ұстазының сынынан сүрінбей өткен бақытты күнінен Жамбыл өзін шын ақын санап, жолы да, өрісі де ашылып, тайсалмай топқа түсе ­бастайды» деп жазады (Асыл мұралар – Алматы: Жазушы, 1990 ж, 193-194 бет). Танымал тұлға, ұстаз-ғалым М.Жолдасбеков ұзақ жылдарғы ізденістері арқылы ел ардағына айналған, өлең жырдың биік белесіне көтерілген Жәкең – Ж. Жабаевтың ғажайып ғұмырын, айрықша дарыны мен даналығын, ой мен сөздегі шебер де шешен, сергек те серпінді сипаттарын терең танып-талдап, жан-жақты ашып, тамыршыдай тап басып көрсетеді.
Мұның бәрінен, әрине Ж.Жабаевтың өнегелі өмірінің өрнекті тұстары, дарын даралығы мен даналық қырлары кең көлемде көрініс береді. Оның үстіне өрісті өнердің көркем көкжиектері, өлең-жырдың жауһардай жарқыраған, самаладай сәулелі сәттері де қалың көпшілікке кедергісіз жетіп, ондағы ұлттық-тарихи арналар әдеби-мәдени құндылықтарымен, рухани әсер-ықпалымен қалың көпті, жырсүйер барша қауымды қалтқысыз баурап келеді.
Өмірдің өрнекті, өнердің өрісті тұстарының бірі де осында болса керек.
Асылы, өмірге келу бар да, өнері мен өмірін ұзарту һәм руханиятқа қызмет ету бар. Бұл ретте, Ж.Жабаевтың ақындық қуаты, талант табиғаты,өмірдегі орын-үлесі, өнердегі өріс-өнегесі өте мол.
Ол – өмірде ұзақ жасаудың, өнерде мәңгілік қалудың да үлгі өнегесін көрсетті. «Бір Алладан басқа тәңір жоқ» екенін ескерсек, ғұмыры ғасырға ұласып, өнердегі өмірі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, мәңгілік сапармен рухани қызмет етіп келеді. Өлең-жырға адалдығы да жіті танылады.
Ақынның өмірдегі өнегелі өрнек­терін, өнердегі өрісті өлкесін, ұлт руха­ниятына қосқан мұра-мирасын айқын­дай­тын басты таразы – өлшем: өлең-жырдағы – талант қуаты, айтыс-дастан­дарындағы дарын даралығы, арнау табиға­тындағы шеберлік пен шешендік болып табылады.
Оның талант табиғатын танытатын бұл белгі-ерекшеліктер: – өнегелі өмірін де, өнерпаздық мұрасын да бар қырынан жарқырата көрсетіп, ұлттық поэзиядағы өзін­дік өзгешеліктерін, көркемдік құнды­лықтары мен құпиясын, руханият әлеміндегі орнының биік тұғырда екенін айқындай түседі.
Жамбылдың адами болмысы мен руханият қайнарлары, өмірдегі өрнектері мен өнерпаздық мұрасының мәңгілік құн­дылықтары: ұлт мұратын ұлықтаудан танылады, ел-жерді ардақтаудағы халықтық сипатынан көрінеді, тарих пен танымды қатар жырлап, сол арқылы елдік пен ерлік салтты, ақындық өнерді биік тұғырға көтеруден айқын аңғарылады, жастық пен достықты, сыр мен сезімді жан жүрекпен толғап, көңіл қуанышын да, мейірім шуағын да молынан түсіргенінен жіті сезіледі.
Біздіңше, Жәкеңнің өлең-жыр, дастандарының басты тағылымы: қоғам құбылыстары мен кезең көріністерін, адам мен оның еңбегін, ұстаздары мен тұстастарының үлгі-өнегелерін, өнер мұраты мен өнерпаздық жолды, өмір-тұрмыс сырларын, уақыт шындықтарын, т.т. табиғи сөйлетіп, шабытты шақпен де, ойлар мен толғаныстары арқылы да толғауы тоқ­сан қызыл тілді жүрекпен жеткізіп, байып­ты баяндайтыны айқын аңғарылады.
Жамбыл шығармашылығы, не­гізінен – арнау-өлеңдерден, айтыс-дастандардан, жыр, толғаулар­дан тұрады. Өз кезеңінің уақыты талап еткен өлең-арнауларынан, жыр жолдарынан,дастан табиға­тынан, жалпы шығармашылы­ғынан парасат пен саясаттың бедер-беті бары да анық. Бірақ парасатты поэзия саясаттан үстем тұрғанын әркім-ақ таниды…
Асылы, мәңгілік мұра, қымбат қазына­лар қашанда халық жүрегіне жол табады.Уақыт бедері мен сынынан құрыш болаттай қайралып,шыңдала түседі. Әркез-ақ шыққан күндей жарқырап, нұрлы-сәулелі шуағымен тегіс тарайды. Жыр жұлдызы – Жамбылдың өмірі мен өнерпаздық қырлары,ұлт руханиятына қосқан үлесі хақында да осыны айтуға әбден болады.
Ақынның өмірі өрнекті, өнері өрісті болғаны – жыр әлемінен де терең танылады. Он бес жаста жазған «Шағым» атты алғашқы өлеңінен өмір, уақыт шындықтары терең танылады. Діни оқу сипаты, молдалар әрекеті жас шәкірттің қарсылығын туғызады. Діни оқу барысындағы молданың іс-әрекетін:
Шып-шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы,
Қозғалтпайды жонымды,
Талай дүре соғылды.
Торсылдатып танадай,
Жыртар болды тонымды.
Тілің ащы бала деп,
Қайнатты әбден сорымды, – десе, келесі кезекте әлгі молданың жасанды-жалған әрекеттерін, түпкі ойын, қимыл-қоз­ғалыстарын, теріс мінез-қылығын былай біл­дірген:
Оқымаймын молладан
Не оқытпақшы ол маған?
Бала келсе сабаққа,
Жем дәметкен дорбадан.
Ақ сәлдесін төңкеріп,
Көзін жұмып теңселіп,
Күн ұзынға боздаған.
Бұдан кейінгі жерде Жамбылдың әкесіне қаратып:
Оқығанша мен одан,
Домбыраны қолға алам,
Өлең кірген түсіне,
Жөргегінде мен болам, – деп үн қатуынан сөз өнеріне біржола бет бұруы танылады. Өлеңнен молда мұраты мен сөзіне қарсылық, сатиралық элементтерден /әжуа-мысқыл, т.т./ кезеңнің шындық белгілері көрінеді. Демек, Жәкеңнің – Жамбылдың өзі айтқандай: «Молданың таяғынан осылай кұтылдым» деуінде шындық бар. Өмір мұраты, уақыт бедері де айқын. Діни оқудың сиқы, молдалардың «жем дәметкен» сәті өмірдің өзіндей анық, шындық көзіндей жарық болып көрінеді. Ал көркемдік-рухани әсері нәрлі де нанымды. Сол себепті де қалың көпке кедергісіз жетеді.
«Сараң бай мен жомарт кедей» атты өлеңінде өмір, кезең көріністері, адамның асыл да жағымсыз қасиет, белгілері бедерлі берілген:
Малы көп бай жылайды қар жауғанда,
Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.
Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,
Әйелі толы шелек сүт сауғанға.
Өлең мұраты айқын. Ол – бай мен кедей арақатынасын ашу. Мал, дүниенің бай үшін – «қымбат та мәңгілік мұра» екендігін көрсету. Керісінше, кедейдің жомарт жүрегін, барға қанағат көңілін көрсету нақты, көркем берілген. Осы көрініс-суреттер арқылы уақыттың таңба-салмағын, ең бастысы халқымыздың ерекшелік белгілерін, адам әлеміндегі өзгеріс-құбылыстары қаз-қалпында, бейнелі жеткізіледі. Көзқарас айқын. Уақыт сырлары сенімді, бейнелі беріледі. Бастысы, әрине бай мен мал қатынасы, табиғаттың тылсым сырларымен сабақтастықта берілсе, кедейдің келбет-кескіні, тұрмыс-тіршілігі өмір өнегесімен, қанағатшыл көңілмен байланыста баяндалады. Мұның өзі кезең көріністерін аңғартқанымен, өмір мұраты, еңбек сипаты, тарих тағылымдары терең танылады. Өмір, уақыт шындықтары әсерлі әрі нанымды өріс алады.
Осы тақырып – «Әділдік керек ха­лыққа» деген шығарма арқылы та­биғи жалғасын табады. Ұзынағаш база­рында халыққа сес көрсете келген Қисыбай болыс төңірегіндегі би-төрелерге Жамбыл халық атынан сөз арнайды. Ел өмірі, тұрмысы, дәстүр-өнегелерінен танымдық-тәрбиелік мән-маңызы жоғары сыр толғайды. Кедейлерге теңдік керектігін, салық салмағының қарапайым халыққа қасірет әкелгенмен бірдей екендігін бүкпесіз жеткізеді. Әлеуметтік танымын айқын аңғартады.Өз кезегінде бай-болыс, төре-төлеңгіттер бейнесі мен кәсібін былай суреттейді:
…Болыс елді аралап,
Жарлыны шауып жаралап.
Сөзін сөйлер молданың,
Көзін жойып жарлының,
Ас берсе бай саралап.
Немесе:
… Айтқандары өтірік –
Ұлыққа кім бар сенетін.
Сыздауық жара секілді,
Денені сыздап саралап…

Жамбыл Жабаев

Өлеңде өмір шындығы, адам орны, іс-әрекеттері бар. Ақын сонымен қатар тиісті тұста қоғамдағы «жоғарғы басқыш өкілдері» – хан-төрелердің алдайтынын, би-болыстар арбайтынын, тамақ-параға сатылатынын да сенімді, серпінді суреттейді. Ақиқатында, өлең табиғаты мен тағылымынан: бай-молданың ара­қатынасы, кедей-жалшы тұрмысы алма-кезек көрініс бергенімен, бай-болыс, хан-төре, ұлық біткеннің бармақ басты, көз қысты әрекеттері, жағымсыз-жайсыз кәсіп-қаракеттері, мінез-қылықтары, еңбексіз табысқа құмартқан арам ниет, жемқорлық, парақорлық секілді сенімсіз, тұрпайы, жағымсыз сиықтары аяусыз әшкереленеді.
Абайға арналған жұбату өлеңі – «Жалғызбын деп жүрмесін» деп аталады. Әбдірахман өлімінің қалың көппен бірге Абайға аса ауыр екенін сезінген Жамбыл осы өлеңін арнаған. Көлемі 12 жолдан тұратын туындыдан – қазаға қайраттылық керектігі танылады. Өмір-өлім сипаты, әке-ұл қатынасы – адамзаттық, жаратылыс мәселелерімен сабақтастық құрап,өнер өрісіне, өнерпаздық мұратқа айналады. Өмір, өнер өнегесінің халықтық сипаты айқындалады. Өлең өрнектерінде өмір тәлімі, жан-жүректен шынайы жолданған мейірім шуағы, сезім сәулесі, қысқасы көңіл толқыны жан-жақты көрініс береді. Өлең-өнердің қос жүйрігінің қатар соққан жүрек лүпілі, көңіл толқыны да айқын аңғарылады:
Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауруды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалай да!
Бір жұтқан судай дүниесін,
Ащысын тастап күймесін.
Жапанға біткен бәйтерек,
Жалғызбын деп жүрмесін.
Кемелге келген асыл-ай!
Нар көтерген ауырға,
Арқасын тоссын жасымай.
Бұдан басқа- «Тоқтағұлға», «Жаныс ақынға», «Сырттанға» сынды арнау өлеңдерде ақиқат жолы, өмір өрімі өрнекті өріс алса, керісінше «Абышқа», «Есенәлі мешкейге», «Мәңке туралы», «Тілеміске», «Шалтабайға», «Сәт сайланарда», т.т. ел үстінен күн көріп, айла-амалмен ар-намысты таптағандарға халық қарсылығын, уақыттың талап-міндеттерін нақты, жүйелі жеткізеді. Ел ардағына айналған таныс тұлғалар еңбек, ортасына сай суреттелсе, бір күнгі табыс-тамағына көңіл өсіріп, жалғанды жалпағынан басқандар отты, өрнекті өлеңнің жалынына шарпылады. Сын садағының улы жебесіне ілінеді. Уақыттың құрбанына айналып, құлдық кейпіне енеді. Ар айнасының, тағдыр талқысының таразысына түседі…
Жамбыл шығармашылығының сал­мақты бөлігін айтыс, дастандары құрайды. Адам мұраты, ел-жер тағдыры, ұлт пен ұрпақ қамы, өмір өнегесі өрісті өнердің арқауына айналады. Ұлттық-тәлімдік мәселелер, ел бірлігі мен татулық, тұтастық жайы айтыс-дастандарынан да көрініс береді.
Мәселен, «Жамбыл мен Айкүмістің айтысы» – қыз бен жігіт айтысының үздік үлгісі. Сыйластық пен сырластық­тың бедерлі белгісі.
Айтыс – Жамбылдың академиялық жинағына енді (1946 ж).
Айтысты Жамбыл бастап, Айкүміске былай деп үн қатады:
Әдейі ат терлетіп келдім тойға,
Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда.
Әуірі басылмаған албырт едім,
Асығыс айтқаныма кінә қойма?!
Кезекті тұста Айкүміс ақыл мен парасатты тең ұстап, сыр мен сезімді, ой – сөз жүйесін төмендегіше жеткізеді:
Аптығып, ә дегеннен амандаспай,
Әдепті үйренбепсің, Жамбыл жастай.
Асылға аспандағы қол жетпей ме,
Ақылмен қимылдасаң асып-саспай.
Қыз жауабы ойлы.Сыр мен сымбат айқын. Әрі астар да, мән де бар.
Алғашқыда Жамбылды сынап, мінеп алады. Кейіннен ақылды өлшем етіп, сабырға шақырады. Көңіл-көзқарасын таразыға салады. Жүрекке, махаббатқа әмір етпейді. Сыр-сезімді таза, абыройды биік ұстайды.
Сонда Жамбыл:
Айкүміс, асықпауға шама бар ма,
Жасшылық ұрындырды талай жарға.
Сен үшін, жатсам,
тұрсам арманым көп,
Жем болып кете ме деп жамандарға, – деп түпкі көзқарасын бүкпесіз баяндайды. Жүрек үнін, сыр-сезімді де қоса жеткізеді.
Жамбыл бұл тұста, әрине, жас­тықты, сыр-сезімді алдыңғы кезекке шығарғанмен, «қыз – жолы жіңішке» қағидасын да, әке-шеше еркінен де тыс бай-дәулетті, әлімжеттілердің де «төте жолын» негізгі назарда ұстайды. Нәтижесінде: жалын жастықты, ға­шықтық ғаламаттарың бар асылдан да биік қояды. Адам мұратын, өмір өне­гесін, еңбек орнын асқақтата жыр­лайды.
«Жамбыл мен Айкүмістің» той үстінде кездесуі жарасты жастықтың символын аңғартып, сөз сайысының келісті, үйлесімді үлгісін көрсетеді. Әдемі әдеп-дағды, зілсіз әзіл-қалжыңға көңіл сүйсінеді. Айтыс мазмұнынан аңғарылатынындай, қазақ халқының досқа – адал, дәстүрге – берік, сыйластық иірімдеріне жан-тәнімен бейіл танытасың. Алайда, бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейін, тәлім-тәрбиесін көргенде – жастыққа тән жалын-жарастықты Еуропаға еліктеу, алыс-жақын шетелдердің даңғаза, түсініксіз әуен-ырғағының билеп алуы, тіл-дінге, салт-дәстүрге көзқарастың төмендігі – әлемдік өркениетке бет алған тұста келеңсіз-ақ…
«Жамбылдың Бақтыбай ақынмен танысуы» қос жүйріктің де ататегінен, өлең-өнердегі дарын-қабілеті мен орын-үлестерінен мол сыр аңғартады. Алғаш сөз алған Бақтыбай ақын «күй мен сөзді ағытқан» өткен кезеңдерінен сыр толғаса, өз кезегінде – Жамбыл «Сәлем сөздің анасына» тоқтап, кішілік әдеп көрсетеді. Кейінгі жерде өлең-сөзбен өмір өткелдерін ойға алады. Қырғыз-қазақ еліне таныстығын, Майкөт, Құлманбеттің қатар тұрғанын, Майлықожа, Құлыншақты үлгі ететін сырлы сөз – өлең құдіретімен табиғи жеткізіледі. Бұл тұстардан – Жамбыл мен Бақтыбайдың адамдық әлемі, ақындық өнері, кісілік пен кішілік төңірегіндегі өмір өнегесі, тәлім-тәжірибесі терең танылады. Өмір өрнектерінің белесті тұстары, кезеңдік көріністері, ақындық өнермен байланысы, сол арқылы қалың көптің көкейіндегі өзекті мәселелерді қозғауы, жан жылуы мен мейірім шуағын арнауы шынайы шындығымен серпінді, сенімді әсер береді.
Жамбылдың ақындық қуатын, талант табиғатын танытқан айтыстары – Кұлманбет, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, т.б. кездесіп, өлең-сөзбен ғана қағысып, жарысқа түсуімен емес, бейнелік-көркемдік тұрғысынан да ден қойғызады. Аталған айтыстарда өмірбаяндық деректер, ататек сипаттары, батыр бабаларымыздың /Саурық, Сұраншы, Қарасай/, ана кұдіретінің /Домалақ ене қасиеті, т.т./ үлгі-өрнектері көп әрі ұлттық дүниетанымдық, болмыстық бедерлер, тәлім-тәрбиелік те тақырып иірімдері мол.
Мысалы, «Жамбыл мен Құлманбет айтысы» туралы алғашқы дереккөздері – «Терме» атты әдеби жинақта кездеседі (Ташкент, 1925 ж.).
Бұдан кейінгі жерде – С.Сейфул­лин­нің «Қазақтың ескі әдебиет нұс­қалары» деген еңбегіне енді (1931 ж.).
Ақынның әр жылдары жарық көрген (1940, 1946, 1957, 1971 т.с.) жинақтарында айтыс мұрасына да кең орын беріледі.
Жамбыл айтыстарының айшықты да даңқтысы – Құлманбетпен арада өтеді. Жамбылға дейін бірнеше ақынмен кездесіп, шабыты шалқып, еңсесі биіктей түскен Құлманбет алғашқыда Жамбылды көптің бірі санап, көзге ілмей, тұқырта түседі.
Мылтыққа түтеп тұрған қарсы,
Асықсаң ажалыңа келші бермен, – деп Жамбылға жау көргендей шүйіледі. Өміріне өлімді таяп қояды. Өзінің бай-шонжарларын алға тартып, жөн-жосықсыз марапат, дақпыртқа жол береді. Орайлы тұста Жамбыл:
Адамдықты айт, ерлікті айт,
батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарымбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт, – деп айбыны асқақ, екпіні өктем, ой-сөзімен алды-артын ораған, «көңілімен» көк тіреген Құлманбеттің бетін қайтарады. Екпінін басады. Өзін де, сөзін де бөгейді.
Айтыста халықтық сипат та, тағылым да бар. Тапқырлық пен өткірлік те, көңіл көкжиегі мен шабыт шалқары да, өлең-өнердің биік мұраты, қуат-мүмкіндіктері де мол. Жамбылдың Құлманбетпен айтысында «Берекелі ел, Ел тұтқасы ер» төңірегінде тағылымды сыр қозғалады. Ұлттық мүдде мұраты өмір, уақыт шындықтарына сай суреттеледі. Ел бірлігі алға шығады.

Жамбыл Жабаев
Жыр алыбының – «Абайдың су­ретіне», «Амангелді», «Балаларға», «Күләшқа», «Кененге», «Тоқтағұлға», т.т. арнау өлеңдерінде өмір-өнер жарас­тығы көрінсе, «Алатау», «Бақыт туралы жыр», «Бесік жыры», «Жаз», «Жеңіс жыры», «Еңбек көктемі», «Қымыз», т.т. ел өмірі, тұрмыс-кәсібі, салт- дәстүр­лері, дүниетаным арналары кеңінен көрінеді. Уақыт бедері де айқын.
Аталған туындыларға халық өмірі, адам мен оның іс-әрекеттері, ұлттық-тәлімдік мәселелер, т.т. белгілері тән. Жамбыл шығармашылығында бұл тақырыптар жүрек тербелістерімен, өмір тәжірибелерімен, уақыт шындық­тарымен қатар беріледі. Егемен елдің ертеңіне үлкен үмітпен қараған бүгінгі ұрпақ үшін бұл тақырыптар өмір өзегі, дереккөзі, рухани олжа ретінде мәні зор. Ел-жер,татулық пен тұтастық бүгін де мәнді.
Ақын шығармашылығында өмір, уақыт шындықтарына суарылған дидак­тикалық сипат та, ұлттық-тәлім­дік мәселелер де, қанатты сөз бен ұтым­ды ойлар да кең орын алған. Оқып көрелік:
Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға,
Жақсының әрқашан да жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға.
***
Атаңнан бата ал, балам,
Ел қадірін біл, балам.
***
Адал туған ұлдарым,
Сендерде көз, құлағым,
Ағат баспа бір қадам.
***
Адамдықты айт, ерлікті айт,
батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
***
Ел есейді, ержетті,
Ескіден қалған шер кетті.
Еңбегім жанар түбінде,
Ел үшін шаршап терлесем.
***
Халықтың адал баласы,
Бір жүректі денеден.
***
Білімсіз болса жолдасың,
Қылған қайырың сол болар.
Артықша туған азамат,
Халыққа үлкен бел болар.
***
Ақыл іске аспаса,
Жамандыққа бастайды.
***
Байлықтың түбі – пайдадан,
Өтірік-қулық – айладан.
***
Темір өзек пенде жоқ,
Өлмес адам елде жоқ.
Оқып, танысқан даналық ой, қа­натты сөз, ұлттық-тәлімдік мән-маңызы жоғары тақырып, мәселелер өмірден өрбіген, уақыт шындығына суарылған әрі көңілді тербеп, жүректі қозғаған шымыр, өткір өлеңнің өрнекті үлгі-нұсқалары. Ақынның өмір тәжірибелерінен, талант қуатынан нәр алған мұндай ұтымды ой, шымыр шумақ, тіркестерін арнайы бағдарлама, оқу ісінде, тәлім-тәрбиелік жұмыстарда кеңінен пайдалануға әбден болады. Басты ерекшелік: Жамбыл шығармашылығындағы адам мұраты,ұлт пен ұрпақ қамы, ел-жер тағдыры, өмір-тұрмыс көріністері, тарих пен таным тоғысы, еңбек пен тәжірибе тағылымдары, ұлттық-тәлімдік мәселелер, көзқарас эволюциясы тәуелсіздік талаптарымен табиғи үндестік табады.
Бұларды білу, оқып-үйрену, танып-таразылау, үлгі-өнегелік қырларын мұрат тұту – кәделі іс, баршамыз үшін мәнді.Уақыт талабы да осы.
Жыр жүйрігінің шығармашылығын айқындай түсетін қыры – «Жамбыл айтыпты» деген даналық нақыл сөздер, әзіл-әжуа тақырыбындағы ұтымды ой, қанатты тіркестер деп білеміз. Айталық, Жамбылдың әдеби хатшыларының бірі – Ғ.Орманов саятшылық сапардан олжасыз оралыпты. Сонда Жамбылдың айтқаны:
Кекілік ұшып дүр етті,
Ғали шошып дір етті.
Атқаны бір сауысқан,
Оқтың бәрін тауысқан.
Және бір мысал. 1938 жылы Жамбыл «революция көсемі» – Ленин орденімен марапатталғанда араға көп күн салып Д.Нұрпейісова келіп құттықтапты. Сонда Жәкең:
Көп болды Дина сені көрмегелі,
Орден ап өрге шауып өрлегелі.
Сен дегенде көңілдің ілгіші бар,
Келдің бе сол ілгішті жөндегелі, – депті.
Жамбылдан жеткен шағын көлемді көрініс-құбылыстардан ұтымды ой орамдарын, мезгіл әуендерін, ең негізгісі адамдық-танымдық, тәлім-тәрбиелік мұрат-міндеттер терең танылады.
Адамтану тақырыбын меңгеруде мұның да берері көп.
Негізінен алғанда, Жамбыл шығарма­шылығындағы әлеуметтік-қоғамдық ахуал,адам өмірі мен еңбегі, тәлім-тәрбие иірімдері, ұлттық-танымдық мәселелер уақыттың талап-тілектерімен телқабыс астасып жатыр. Жергілікті бай-болыс бюрократтардың «жатып-атар» іскерліктері, қарапайым халықтың әлеуметтік-кәсіптік жағдайларының төмендігі, қоғамдық татулық пен тұрақтылық, адам мен оның асыл, жағымсыз қасиеттері, т.т. өлең-жыр, дастан, толғау түрінде кең көлемде жырланады.
Ақынның өлең-жыр мен айтыс дастандарының көркемдік қуаты – халықтық сипатында, жаңашылдығы мен сыршылдығы – әр алуан құбылыс- көріністерді, танымал тұлғалар циклін, жастық пен достық, махаббатты, табиғат суреттерін жан- жақты жырлап, кеңінен толғап, көбінде соны тіркес, өзгеше ырғақ, ұйқастармен жеткізуі өзіндік ізденіс – көзқарастарын, қолтаңба мәнерін, көркемдік құпиясының мың сан арналы иірімдерін терең танытады.
Оның халық әдебиетінің үздік үлгі­лерін, қазақ эпосының қымбат қазы­на­ларын, әсіресе «Манасты» – он жеті күн, «Көрұғлыны» – он бес күн жырлап, ақын-айтыскер, әнші-өнерпаздардың жыр мұраларын жатқа айтып, сол арқылы өзінің бойындағы табиғи талантын, даналық пен даралық қасиеттерін – импровизация өнерімен ұштап, жыр-жұлдызына айналуы: ұлылық ұлағаты, өшпес өмір өнегесі, сирек құбылыс!
Біздіңше, Ж.Жабаевтың өлең-жырлары кезең көріністері мен құбылыстарын, адам мен оның өмірін, еңбек мұраттарын жан-жақты көрсетуімен де көркем, келісті ­сипат құрайды. Өмірден өрбіген шындықтар, көңіл күнделігі мен жүректегі жазулар жүйелі жеткізіледі. Шабытты шақтан туған ондай өлең-жырлар: арнау-толғау түрінде де, жекелеген шумақ үлгісінде де кездеседі. Бәрінде де ақын көзқарасы айқын, ойлы һәм көркем болып келеді.
Дастан-толғаулары тарих пен таным, тұлға мен тағдыр, кеше-бүгін байланысын табиғи дамытып, сол арқылы өмір-уақыт шындықтарын шеберлік пен шешендік тұрғысынан терең толғайды. Көне кезең көріністері, көшпелі өмір суреттері, ұлттық менталитет пен елдік-ерлік ­болмыс, атамұра тағылымы, т. т. әр алуан салыс­тыру мен көркемдік өрнектер арқылы серпінді, дәлелді, шешен сөз етіледі.
Айтыс мұрасы ұлт мұратын, адам әлемін, мәдени-рухани құндылықтарды кең көлемде, шабытты шақ пен талантты қолтаңбаға сай серпінді де сенімді жеткізеді. Қарсыласын көңіл көкжиегімен көкке көтереді. Артық-кем тұстарын бүкпесіз баяндайды. Ақиқатты ту етіп, өмір өнегесіне, шындық сипаттарына табан тірейді. Қайсібір айтыстан да адам әлемі, еңбек мұраты, өмір-уақыт шындықтары, тұрмыс суреттері, тәлім-тәрбие арналары кең орын алады.
Ж.Жабаевтың есімі мен еңбегі – алыс-жақын елдердің баршасына белгілі болды. «Талант – тумыстан», табиғи дарыны топ жарды. Өлең – өнері биік белеске көтерді. Сүйінбай бата берді. Тұстастары – дарыны мен даралығын, өлең-жырдағы үздік өнегесін жоғары бағалады (Құлманбет, Бөлтірік, Майкөт, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Кенен, т.б.).
Алыс-жақын елдердің ақын-жазушылары ұлт руханиятын, қазақ өнерін, импровизациялық дәстүрді өзгеше құбылыс ретінде айрықша атады (орыстар – Н.Тихонов, М.Шолохов, К.Симонов, С.Маршак, П.Кузнецов, Л.Пенковский, беларус – Я.Купала, армян – А.Геворк, венгер – И.Тренчени, румын – В.Вынту, қырғыз – Қ.Ақиев, тәжік – Г.Лахути, чех – Б.Пашкова, т.б.).Мұны, сөз жоқ, Ж.Жабаевтың алуан тақырыпты,мың сан арналы шығармашылық мұра-мирастарына қатысты да айтуға әбден болады.
Бұл белгі – ерекшеліктер, сөз жоқ Жамбылдың қазақ сөз өнеріндегі орын-үлесін, импровизация дәстүрін дамытудағы өзіндік өзгешеліктерін, өлең-жыр, толғауларындағы әр алуан тақырыптарды еркін жырлағанын, шеберлік пен шешендігін, айтыс-дастандарындағы алғырлығы мен тапқырлығын, өжеттігі мен өткірлігін, кең өрістілігін жан-жақты танытады.
Асылы, жыр дүлдүлінің өмірде өнегесі, өнерде өрісі кең .Ұлт руханиятын ақындық өнердің көркем көкжиегімен байытты.Өмір өнегесін өлең-жырларымен биік белестерге көтерді. Нәтижесінде, дара дарынның, сирек таланттың өмірі өрнекті өлкеге, өнері өрісті арналы ағысқа айналды.
Жыр алыбының өнерпаздық жолы, кешеден бүгінге жеткен мұра-мирастары ұлт мұратын асқақтатып, адам мен оның еңбегін биік бел-белестерге көтереді. Өмір шындығы мен уақыт бедерін арқау еткен өлең-жыр, дастандары дара дарынның қолтаңбасын, даралыққа тән талант табиғатын, сондай-ақ, шеберлік пен шешендіктің, шынайылықтың да үлгі- өнегесін барынша асқақтатып, табиғи тұрғыдан кеңінен көрсетеді.
Демек, Халық ақынының өмірі-дастан, өнеге. Өлең-жыры – нұрлы әлем, сырлы мұра. Өмірі өрнекті, өнері өрісті. Өзі дара, сөзі сара екені де анық.
Ол даналықтың жауһары, даралықтың тарланы.
Жамбылдан жеткен жыр-мұраның қалың көпке ортақ мәңгілік сипаттары мен сырлы әлемінің үлгі-өрнектері осындай болып табылады

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.