«Қазақ тілін білмеуіңіз дұрыс емес» Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деді

Жуырда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясында болып,  «Ұлы Қабырға» ЖШС-дағы жұмысшылардың қысқартылуына байланысты кәсіпорын басшылығымен жиын өткізді. 

«Ұлы Қабырға» ЖШС бас директоры Чжан Цзюнның кәсіпорынның өткен жылы атқарған өндірістік қызметі мен ұжым­дық келісімшарт талаптарының орын­­далуы жөніндегі есебі тыңдалған жиын­ға, сондай-ақ облыс әкімінің орын­басары Асқар Шериязданов, об­лыс­­­тық кәсіподақтар орталығының бас­шы­сы Түрікпенбай Айжарықов және тиіс­­ті басқармалардың басшылары қатысты.
Бердібек Сапарбаев өз сөзінде эконо­­­мика­лық дағдарысқа қарамастан мем­ле­кет­­тің халық алдындағы әлеумет­тік міндеттерін толығымен орындап отырға­нына тоқталды. Президент бар­лық қосымша резерв көздерін пайдаланып, экономиканың даму қарқынын қамтамасыз етуді тапсырғанын, соның нәтижесінде ел экономикасындағы өсу 2015 жылы да жалғасын тапқанын айтты. Осы мақсатта облыс әкімдігінде арнайы жұмыс тобы құрылғанын, ол өткен жылдың қараша айынан бастап жұмыс жасап келе жатқанын атап өтті. Нәтижелері де жоқ емес. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады. Мұндай шаралар ары қарай да жалғасын таппақ.
— Біз сіздердің жұмыстарыңыздың негізі­нен тапсырыс беруші «СНПС-Ақтөбе­мұнайгаз» акционерлік қоғамы­ның жағдайына тәуелді екенін білеміз. Оларда да мұнай өндіру мөлшері азаюда. Дегенмен, өндіріс көлемі сіздерде жасалып отырған қысқартулардың мөлшеріндей азайып отырған жоқ, — деді өңір басшысы.
Бердібек Сапарбаев кәсіпорын бас­шысына бір адамды жұмыстан қысқарт­пас­тан бұрын оның ертең қайда баратынын алдын ала ойластыру керектігін ескертті.
«Ұлы Қабырға» ЖШС бас директоры Чжан Цзюнның мәлімдеуінше, кәсіп­орын 2015 жылы барлығы 75 мың метр ұзын­дығында бұрғылау жұмыс­тарын жүргіз­ген. Тапсырыс беруші компания­лар­дың 30 ұңғымасын бұрғылап, оларға тап­сырған.
Өңір басшысы сөзінің соңында:
— Басшыларыңыз түсініп отыр ма? Ау­дар­машы бар ма? — деп сұрады ұжымнан.
Сол кезде компанияның ұлты қытай аудармашысы:
— Біз қазақшадан аудара алмаймыз. Егер сіз орысша сөйлесеңіз мен бірден аударар едім, — деді.
— Қазақ тілін білмеуіңіз дұрыс емес. Қазақстан Республикасында мемлекет­тік тіл қай тіл? — деп қайта сұрақ қойды облыс әкімі.
— Қазақ және орыс тілдері.
— Жоқ, олай емес. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Орыс тілі – ұлтаралық қа­ты­нас тілі. Сондықтан қазақ тілін үйре­ну­ге де тырысу керек. Мен кеше Мем­­лекет­тік хатшымен бірге Назарбаев зият­керлік мектебінде болдым. Онда АҚШ-тың азаматы ұстаздық етеді екен. Бұл мектепте 5 жыл жұмыс жасаған. Қазақ­­ша өте керемет сөйлейді. Мен одан қазақ­шаны қалай үйренгенін сұрадым. Ол «Мен Қазақстан­да өмір сүремін ғой. Сондық­тан мемлекеттік тілді білуім керек» деп жауап берді маған. Біздің азамат­тары­мыз да Қытайда қытайша, АҚШ-та ағылшын­ша сөйлейді емес пе?! Өйткені өмір сүретін, жұмыс жасай­­тын елді сый­лау керек. Және сол ел­дің заңдарын орын­дауың қажет, — деді Бердібек Сапар­­баев қытайлық ком­пания­­ның қазақ­ша білмейтін аудармашысына.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі компания басшылығына бірқатар нақты тапсырма берді. Алдағы уақытта компания басшылары мемлекеттік тілді үйренеді деген сенімдеміз.

Қуат МҰХТАРОВ
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.