«Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап…»

Саятшылық өнердің қазақ даласында бағзы кезеңдерден бері қалыптасып, дамығаны белгілі. Ата-бабамыз қыран құсты «Дала сермендесі», «Көк тәңірі», «Аспан еркесі», «Құс патшасы», «Қанаттылар ханы» деп те айтқан. Бүгінде осы өнерді, ұлттық саятшылық дәстүрімізді ұмыт қалдырмай, өркендете түсуіміз қажет. Сонда ғана бойымызда далалық рух сақталады. 

Жуырда осы өнерді насихаттау мақсатында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Илан тауының баурайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Әбен Тоқтасынұлы мен Сейітжан Байжүнісұлын еске алуға арналған арналған «Саят» ұлттық спорт түрінен республикалық жарыс өткен еді.
Үш күнге созылған өнер сайысына еліміздің 10 облысынан келген 45 құсбегі өздері баптап жүрген бүркіт, қаршыға құстарының шеберлігін сынға салды. Алматы облысы әкімдігі, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы, Республикалық «Қыран» Федерациясы ұйымдастырған шараның ашылу рәсімінде жарысқа қатысушыларды Алматы облысы әкімінің атынан әкім орынбасары Бахтияр Өнербаев құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін қырандардың бабы жарыстың бірнеше кезеңінде сыналып, қоян, түлкі ұстаудағы нәтижелері сарапқа салынды.
Саятшылық атадан балаға мұра болып келе жатқан өнердің бір түрі екені белгілі. Бүркітшілер сайысы болатыны туралы хабар жетісімен, саятшылық өнердің дәл осы түрін көруге асықтық. Себебі «Қан­сонарда бүркітші шығады аңға» деп басталатын Абай атамыздың өлеңін бала кезден жаттап өскендікі ме, көңіліміздің бір түкпірінде саятшылыққа деген қызығушылық та жататын еді. Енді, міне, соны тамашалауға мүмкіндік туды.«Қыран бүркіт не алмайды,  салса баптап...»

Айта кетейік, 1997 жылы құсбегілер көп шоғырланған Алматы облысының Шелек өңіріне (қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы) қарасты «Нұра» ауылында Райымбек ауданының құсбегілері бірігіп, әйгілі Шора құсбегі мектебін «Құсбегілер орталығы» ретінде қайта құрды. Бұл орталықтың аясында бүгінде құсбегілік өнерді дамыту шаралары кең ауқымда жүргізілуде. Елімізде құсбегілік тек өнер ретінде бағаланбай, салауатты өмір салтының негізі, ұлттық спортымыздың шоқтығы биік саласы ретінде өркендеп келеді. Бүгінде оның ережесі жасалып, жыл сайынғы өтетін жарыстардың күнтізбесіне енгізілген. Құсбегілерді даярлайтын спорт мектептері Көкшетау, Қарағанды қалаларында, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ашылғанын атап өткен жөн.
Сөз жоқ Қазақ үшін қыстың қызығы – қансонар. Ал қансонар қызығы – ит жүгіртіп, құс салу. Атадан қалған тәберік өнерді, Ақан сері мен Біржан салдың, Мәди мен Иманжүсіптің саятшылық салтын әрі қарай жалғап, келер ұрпаққа жеткізу үшін «Қыран» Федерациясының ұйымдас­тыруымен жыл сайын құсбе­гілер арасында «Қансонар» республи­калық турнирі өткізіліп келеді. Жай күндері көре бермейтін қырағы құс­тарды көру үшін, қырандардың бағы мен бабын байқау үшін бұл сайысқа жинала­тындардың қарасы қалың болады.
Сонымен, Еңбекшіқазақ ауданы Илан тауының баурайында өткен спорт жарысының қорытындысы бойынша бүркітшілер арасында бірінші орынды қызылордалық Сармат Әбдулкерімұлы, екінші орынды Астана қаласының намысын қорғаған Арманбек Күнтуған және үшінші орынды Ақмола облысынан келген Бергенбай Тастанбек жеңіп алды. Қаршығамен аң аулау жарысында бірінші және екінші жүлделерді Жамбыл облысынан келген Бақдәулет Бабажан мен Берікболсын Жалғасұлы, 3 орынды Ақтөбе облысынан келген Ақберен Құрманғалиев иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен грамоталар тапсырылды.
Бұл жарыстың алдында былтыр Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналған Көкше төріндегі, Бұқпа тауының бөктерінде «Қансонар» республикалық байқауы өткізілген еді. Аталған сайысқа Атырау, Павлодар, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан жиырма үш бүркітші қатысты. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша бүркіт баптаушылар арасында Жамбыл облысының намысын қорғаған Бақдәулет Бабажан сыннан сүрінбей өтіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды көкшетаулық Қанат Шөленбаев пен астаналық Арманбек Күнтуған өзара бөлісті.
Қазақтың аңшылық, саятшылық өнерінің мыңдаған жылдық тарихы бар. «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданғалы бұл өнер түрі ондаған томға сиярлық жаңа деректермен зерттеле бастады. Мұның өзі Тәуелсіз еліміздің еңсесін биіктетіп, әлем­дік өркениет көшіне ілескен аз ғана уақыттың еншісінде ғана қол жет­кізгеніміз.
Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына арналып өткізіліп отырған спорттық шара, осыдан отыз жыл бұрын республикада алғаш шаңырақ көтерген Жалайыр Шора атындағы Құсбегілер мектебінің және соның негізінде 2005 жылы құрылған «Қыран» Федерациясының игі­лік­ті істерінің жалғасы іспетті. Бүгін­де облыстарда ұлттық спорт мектептерінде «Саят» бөлімдері ашылып, жастардың атадәстүрге деген ерекше қызығушылығы арта түсуде. Қолына қыран құс қондырып, ата салт, қаны­мыздағы асыл өнер – құсбегілікті жал­ғастырушы жастардың қатары көбейіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Еліміздің болашағы-жас ұрпаққа көк Туымызда қанат қаққан қа­сиетті Қыранның қайтпас рухын, қыра­ғылығын, биіктігін бойына дарытамыз десек, қазақтың саятшылық, құсбегілік секілді ұлттық құндылығын жан-жақты насихаттауымыз қажет.
Жастардың басын қосып, ұлттық дәстүрді дамытуға жол салатын осындай байқаулар барда ата-бабадан аманат болып жеткен асыл өнердің мәртебесін биіктете түсетіні анық. Шарада құсбе­гілердің келесі ірі жарысы Жамбыл облысының Тараз қаласында өтетіндігі белгілі болды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.