Наурыздың төл ұғымдарын жаңғыртсақ…

«Ана тілі» газетінің №7(1317) 18-24 ақпанда шыққан санында журналист Ақбота Исләмбектің «Наурызға дайындығымыз қалай?» деген мақаласы жарық көрді. Расында, Ұлыстың ұлы күніне аз уақыт қалды, алайда дайындығымыз көңіл көншітпейді. Осы орайда өз ойымды білдіруді жөн көрдім. Автор мақаласында бүгінгі Наурызды тойлауымыз киіз тігіп, Наурыз көже жасаумен ғана шектеліп отырғанын дәл айтқан.

Наурыз бұл – ұлттық мерекеміз, жыл басы, күн мен түннің теңелуі. Сондықтан оның мән-маңызы ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға келіп тірелетіні анық. Ал соңғы жылдары Наурыз мерекесін тойлауға қатысты немқұрайлы көзқарасты байқау қиын емес. Бұған қарағанда 31 желтоқсандағы Жаңа жылға дайындыққа білек сыбана кіріседі. Өйткені, Жаңа жылдың мән-мазмұнын, Аяз ата мен Ақшақарды білмейтін жан кемде-кем. Сондықтан біз бүлдіршіндеріміздің болашағын ойласақ, Наурызды тойлаудың ұлттық сценарийін құрастырғанымыз жөн. Мәселен, Қыдыр ата мен Ұмай ана сынды кейіпкерлерімізді жаңғыртсақ құба-құп. Бұлай деп отырғаным, мектеп мұғалімі ретінде бүгінгі балаларымыздың келешегіне алаңдаймын. Жан-жағымыз батыстық мәдениетті дәріптеген мән-мағынасы жоқ дүниелерге толы. Осылай жалғаса берсе, Наурызды тойлау әншейін науқаншылық ретінде қабылдануы ғажап емес. Сондықтан барша жұртқа ортақ ұлттық бағдарлама қажет-ақ. Меніңше, бағдарлама аясында балабақша мен мектептерде өткізілетін шаралар легі бір күндік шарамен шектелмеуі керек. Наурыз сөзінің түбінде дәстүр мен салт-сана жатқанын ұғынып, тәрбиелік сағаттары көбірек өткізілгені дұрыс.

Бағлан БАЙЗЫХАНОВА,
№114 орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі

АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.