Ұлытау ұланы

Менің Серік ағам да жетпістің жотасына көтеріліп қалыпты-ау. Зырлаған күндер, зымыраған өмір-ай дейтініміз де осындайда ғой.
«Менің ағам» деп жатырмын. «Жалғыз сенің ғана емес, бізге де бөтен емес» деп жамырай үн қататын Секеңнің інілері толып жатқанына еш күмән жоқ. Жақсыға кімнің жақын жүргісі, жақсыны кімнің жақын тұтқысы келмейді дейсің?! Осының дәлеліндей Серік Тілеубайұлы ардақты ағалардан да, ілтипатты інілерден де кенде емес.

Ол ерте есейді. Еңбекке де ертерек араласты. Бұл жөнінде кезінде өзінің былай деп те жазғаны бар: «Кішкентай күнімнен ата-анамның ауыр еңбегін жеңілдетуге ұмтылдым. Бес жасымнан әкеммен бірге шөп шабуға барып, мал бағыстым. Әлі күнге дейін есімде. Анам колхоздың жұмысына бара жатып маған қол диірменді тартуды тапсыратын. Ауыр диірмен тастарын орнынан қозғауға шамам келмесе де бар күшімді салып, анамның тапсырмасын орындауға тырысатын едім».
Ауылдың өмірі оған жақсы таныс еді. Мектеп бітіретін кезде де ауыл­шаруашылығы мамандығын таңдауы жайдан-жай емес. Ауылда еңбек ету, ауылды көркейтуге үлес қосу бала күнгі арманы болатын.
Ақыры өзі ойлағандай болды. Алматыдағы Ауыл шаруашылығы инс­титутын бітіргеннен кейін Ұлытау ауданы­ның шаруашылығында механик болып еңбек жолын бастады.
Жас маман іскерлігімен, тиянақ­ты­­лығымен көзге түсті. Соған орай қызмет баспалдығы да көтеріле берді. Кейінгі қызметтері былайша тізбектеледі: ау­дандық ауылшаруа­шылығы басқарма­сының бастығы, аупарткомның екінші хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы, аупарт­комның бірінші хатшысы, аудан әкімі…
Серік Тілеубайұлының даралығы­ның, қайраткерлігінің көзге түскен тұсы – бұл ауданға басшылық еткен жылдар. Жекешелендіру деген науқан басталды. Осы маңызды істі талаптағыдай жүргізуде аудан басшысына жүктелер міндет зор еді. Осыны Тілеубаев жақсы түсінді. Әділеттіліктің, заңдылықтың үстемдік құруына мән берілді.
Алдымен Аманкелді атын­дағы, «Алғабас» кеңшарлары жекеше­лендірілді. Ол уақытта жеке бөлініп шыққан шаруа қожалықтарының жағдайы тәуір болатын. Себебі өндіріске қажетті құрал-жабдық­тардың бағасы арзандау еді. Мем­лекеттің де, үкіметтің де шаруа қожалықтарына, фермерлерге «мейірімі» түсіп, қол ұшын беріп тұрған кез. Осының арқасында пайдалы несиелерге, басқа да көмектерге қол жетті. Нәтижесінде алғаш жеке шыққан шаруашылықтар аяқтарынан тік тұрып кетті.
Ұлытау деп аталатын аудан тізгінін ұстағаннан кейін ел, жер тарихын тереңірек білу маңызды. Аудан әкімі мұны жақсы түсінді. Қазақтың тарихында бүгіп қалатындай немесе ұялатындай ешнәрсе жоқ. Халқыңды, еліңді құрметтеу өзінің өсіп-өнген жердің тарихын, табиғатын ардақ тұтудан басталса керек. Ал ел, ұлт тарихы болса Ұлытауда тұнып тұр. Елінің өткеніне, тарихына қанық адамның отаншыл, мемлекетшіл болмауы мүмкін емес. Тарихта ата-бабамыздың ерлік жолдары тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Аудан басшылығының өтінішімен Алматыдан арнайы шақырылған ғалымдар, ақын-жазушылар Ұлытаудың қазақ халқының өмірінде алар орны жөнінде кеңінен әңгімеледі. Бұл туралы елдегі оқырманы көп басылымдар да ізін суытпай жазып жатты. Қолға алынған осы шаралардың жұрт назарын киелі жерге аудартуда әсері мол болды.
1992 жылы Дүниежүзі қазақта­рының тұңғыш құрылтайы өткені белгілі. Оған қатысушылар Ұлытауда да болды. Тарихи жерлерді аралап көрді. Есте қаларлық тағылымды кездесулер өтті. Аудан халқы елдік мәні зор ауқымды шараны тиімді ұйымдастыра білді. Бұл жерде де өңір басшысының іскерлігі менмұндалап тұрды.
Сол жылы Алматыда фермерлердің жиыны өткен. Оған Елбасы Н.Назарбаев та қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы жиын аяқталар сәтте: «Кімде қандай сұрақ бар? Қысылмай айтыңыздар» деген. Осы сәтте отырғандардың арасынан Серік Тілеубайұлы орнынан көтеріліп:
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Сіз­дің ұлтымыздың ұясы атанған Ұлы­тау­да болып қайтқаныңызды қалаймыз, – дейді.
Елбасы жүзінен жайдарылылық есіп:
– Әрине, Ұлытау қазақтың қасиетті мекені. Амандық болса барамын, – деп жауап береді.
Мемлекет басшысының бұрында да ойында жүрді ме әлде Ұлытау ауданы әкімнің жиындағы сол өтінішінің әсері болды ма келесі жылдың қыркүйек айында Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытау топырағын аттады. Осында болашақта бой көтерер ұлт бірлігін айғақтайтын ескерткіш орнына қойылған белгі-тастың ашылу салтанатына қатысты. Сөз сөйледі. Елдің тарихы, бірлігі жайын­да шешіле әңгімеледі. Бұл бойға тың қайрат-жігер қосып, намысты қайрар ұлағатты сөз еді.
Президент Ұлытау баурайындағы бірқатар тарихи жерлерді аралап көрді. Бағзының көзі – Хан ордасында да болды. Бұл жердің бұлай аталуы жайдан-жай емес. Кешегі уақытта хан мәртебесіне ие болған тұлғаларды осы жерде ақ киізге отырғызып, хан көтерген. Осыдан кейін барып ғана хандық міндетіне кірісетін болған. Қазақ мемлекетінің бүгінгі басшысы Хан ордасына келіп тұрғанда сол дәстүрді ескерусіз қалдыруға бола ма екен? Ырым деген де бар ғой. Осыны ерте ойластырған зерделі азамат бұл іске тәуекел еткен. Ертерек шатыр да, киіз де, хан тағы да дайындалды. Елбасы Хан ордасына табан тірегенде ежелгі рәсімнің жүзеге асуына мүмкіндік туды. Ауыл ақсақалы ақ батасын берді. Әжелер шашу шашты. Мұның бәрі не үшін? Ел басқарудың оңай еместігін аңғарту. Жауапкершілігі атан түйеге жүк артқандай салмақты екенін сездірту. Бәрінен бұрын ел тізгінін ұстаған ерге қанат бітіру, алдағы өміріне ақ жол тілеу.
– Серік, біз тәуелсіздікке жаңа жетіп жатқан елміз. Халқымыз ел, жер тарихын жақсы білуі тиіс. Тарихқа бай аймақтың бірі де бірегейі – осы Ұлытау. Сол тарихты тереңірек білуге сен де үлес қос, – деген болатын сапар соңында Елбасы. Секең Президенттің бұл сөзін тапсырма ретінде сезінді. Сөйтіп оқығанын, естігенін, көңілге тоқығанын қағаз бетіне түсіре бастады. Нәтижесінде жергілікті қаламгер Батырбек Мырзабековпен бірігіп жазған «Ұлытау – ұлттың ұясы» деген кітап өмірге келді.
Жалпы, Серік ағамыз журналист қауымына жақын. Олардың еңбегін бағалай біледі. Өзі де көңілді тербеген мәселелерді газет бетінде көтеруді жөн санайды. Тарихқа, ұрпақ тәрбиесіне қа­тысты, елге танымал азаматтар жөнін­дегі дүниелері республикалық басылымдарда жиі шығып жүр. Газеттен басқа радио мен теледидар да өзіндік ойы, пікірі бар азаматты жатырқаған емес.
Ұлытау – бар қазаққа ортақ қасиетті мекен. Содан да болар өзін нағыз қазақ санайтын, елжанды, ұлтжанды азаматтар бұл жерде болуды, ауасын жұтып, кәусар суынан қанығуды перзенттік парыздары санайды. Секең ауданға басшылық жасаған жылдары Ұлытау топырағын басқан көптеген ұлт зиялыларымен танысып, мұның соңы арадағы тығыз байланысқа ұласты. Олардың ішінде марқұм Ақселеу Сейдімбеков, Фариза Оңғарсынова, Кәкімбек Салықов, Камал Смайылов… бар болатын. Арамызда жүрген Шерхан Мұртаза, Төрегелді Шарманов, Жүрсін Ерман да атпал азамат есімімен жақсы таныс.
Кім-кімге де отбасының алар орны ерекше. Секеңнің шаңырағына келсек, оның бұл шағын «мемлекеті» қазақтың қай отбасына болмасын үлгі болатындай. Әсіресе, төңірегіндегілер ағамыз бен зайыбы Тамара тәтеміздің арасындағы сыйластыққа ерекше сүйсінеді. Әрдайым да «Менің Серігім» деп отыратын ол кісінің отағасына деген құрметі бөлек. Тәтеміз «Азаматтарымыз аман болсын. Әйелдің, шаңырақтың, тіпті елдің жағдайының жақсы болуы солардың арқасы» деп ылғи да ер-азаматтарды көкке көтеріп отырады.
Ерлі-зайыптылар перзенттері шыр етіп өмірге келгеннен олардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлді. «Әкімнің баласы екенмін» деп ешқайсысы да ерсі қылық көрсетпеді. Имандылықты, биязылық пен инабаттылықты бойларына сіңірді. Осыдан біршама жыл бұрын жазған мақаласында Секеңнің былай дегені бар еді: «Бұл күнде мен де еліміздің көптеген азаматтары секілді ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырып, ата деген ардақты атқа ие болып отырмын. Бес баламды қазақтың тарихы мен мәдениетіне қанықтырып өсірдім. Бәрі де қазақша білім алды. Қазір бір-бір отбасын құрап отыр. Немерелерім бар. Олар да қазақша сөйлейді. Мен кейде тілі орысша болса да жүрегі қазақ дейтін пікірмен онша келісе бермеймін. Қазақша білмеген қазақ қазақша ойлай ала ма? Қазақша ойлай алмаған адам қазаққа қорған бола ала ма? Бұл сұрақ мені ойландырады».
Бәрінен бұрын адамдықты, адалдықты қадір тұтатын Секең атақ-дәрежеге қызыққан емес. Бір қарағанда бұл жағынан құралақан да болып жатқан жоқ. Алған медальдары, мақтау қағаздары жетерлік. Кеудесінде «Құрмет» ордені жарқырайды. ҚР Мәдениет қайраткері. Дегенмен де ол үшін ең бір қадірлі атақ бар. Ол – Ұлытау ауданының Құрметті азаматы атанғандығы. Туған жерінің құрметіне, абыройына бөлену – марапаттың төресі. Осыған қуанады.
…Серік ағамызбен жүздесіп, кездескен сайын осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы Ұлытауда өткізген жарқын жылдар елес береді. Сол кездегі қимылы ширақ, сергек ойлы Секең ғой бұл. Тіл-көзіміз – тасқа. Қазір де сол қалпы. Арманы асқақ, жүрегі таза жандар үлкендіктің дегеніне жығыла қоймайды-ау, сірә. Олар қарағайға қарсы біткен бұтақ сияқты.

Нұрперзент ДОМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.