Байланыс нығая береді

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология институтына қарасты Жалпы тіл  кафедрасы мен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы  Назарбаев Зияткерлік  мектебі  арасында байланыс орнату  мақсатында  «Білімдіден шыққан  сөз талаптыға  болсын кез» атты  үш күнге созылған іс-шара өтті. 

Алғашқы күні 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігінің» авторларымен оқушылардың кездесуі болды. Оған филология ғылымының докторы, профессор Н.Уәли бас­таған ғалымдар Қ.Күдеринова, О.Жұбаева, А.Жаңабекова, А.Фазылжанова, сондай-ақ Филология институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Б.Әбді­ғазиұлы, Жалпы тіл білімі кафе­драсының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Қ.Есенова және басқалар қатысты. Жиынды Абай атындағы ҚазҰПУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры, философия ғылымы­ның докторы А.Құлсариева және ­Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры О.Пак ашып, білім ордалары арасындағы мұндай байланыстың, әсіресе оқушылардың сөз құдіретін тануда маңызы зор екендігін атап өтті. Профессор Н.Уәли мектеп мұғалімдері мен оқушыларға сөз байлығын саралаудың негіздері туралы жан-жақты баяндады. Екінші күні «Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деген тақырыппен Жалпы тіл білімі кафедрасының профессорлары Қ.Есенова, Ж.Балтабаева, Н.Ильясовалар үш инновациялық тақырыпта шеберлік-сынып өткізді. Ал үшінші күні семинар-тренингтің қорытындысы ретінде доцент Г.Раева мен филология магистрі Н.Шуиншина «Зияткер – 2016» атты білім сайысын ұйым­дастырды.
Мектеп басшылығы аталған іс-шараны өткізуге ұйытқы болған Абай атындағы ҚазҰПУ Филология инститиуты Жалпы тіл білімі кафедрасының профессор-оқытушыларына ризашы­лықтарын білдірді. Білім беру ұйым­да­ры арасындағы мұндай байланыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Нұркен ЖАНДАУЛЕТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.