Жол-жөнекей

Адам тағдырының әртүрлі кезеңі туралы жазушы-журналист Уәлихан Қалижанов қысқа этюдтер жазып келеді. Ол оқырмандарымыздың қызығушылығын туғызып жүр. Бүгін «Ана тілі» газетіне жазушының «Жол-жөнекей» атты этюдтерін жариялап отырмыз. Мұнда классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен марқұм, қоғам және мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтың 1958 жылғы бір сапары өрнектеледі.

Nurpeisov

КЕЗДЕЙСОҚ ДЕМАЛЫС

1958 жылдың шілдесі. Әбдіжәміл Алатаудың салқын самалынан қашып, Белараңға барып, ауасы елу градустан асатын ыстықтағы құмға аунап-аунап алып, «балықшылардың саңылауы бітелмеген үйінде көсіліп бір жатса» деп армандады. Белараңның бел баласы үшін осыдан артық пейіш жоқ. Ыстықкөлге де, Қара теңізге де барғысы келмейді. Осы бір кіндік қаны тамған Құмшағылдың арасындағы «Белараң» ол үшін жердің жәннаты, жанның рахаты. Сонау соғыстың өрті шалған жастық шағында да жан-жағынан жарылып жатқан снарядтарға да, ысылдап келіп жерді бұрқ-бұрқ тескен оқтарға да үрке қарап, соғыс біткен соң Белараңның бал ауасын жұтып-жұтып алса, сұм соғыстың көріністері жуылып-шайылып кететіндей көрінетін. Тек соғыс бітсін де. «Аралға барып, ары-бері көсіле бір жүзсе ғой»…
Әбдіжәміл Нұрпейісов сол соғыстан аман-есен елге оралды. Белараңға барып сәлем берді. Қан мен терге ысталған денесін ақ толқынға берді. Аспаннан шаңқылдай ұшқан шағалаларға амандасты. Маң-маң басып, қаперсіз жүріп бара жатқан түйелердің ізін сүйді. Анасы Ақбаланың осындай түйелерге мінгізіп, Белараңнан жеті шақырым жердегі мектепке апаратынын есіне алды. Онда Ақбаланы «ана» деп те айта алмайтын. Қазақтың ескі салтымен өсті. Әжесі – анасы да, шешесі – апасы. Құдай-ау, қандай тәтті еді сол жылдыр…
Ілияс Омаров өте жүдеу, еңсесін көтере алмай жүр. Қайраткер досының дімкәс денсаулығына сеп болар не бар? Емделмей ме? Қырымның суына шомылып, Кавказдың мөлдір суын неге ішпейді?
Екеуі жастар «Бродвей» деп атап кеткен Балалар мен жасөспірімдер театрының жанындағы гүлді бақта отыр. Бұл жермен Ғабең мен Сәбең, Ғабиден мен Әлжаппар жүреді. КазГУ-дің күллі профессорлары осы маңда самалдап тұрады. Көшенің қос бетіне ілінген газеттерді оқиды. Бір жан сергітер шақ.
– Әбе-ау, − дейді Ілияс, − бардым ғой Қырымға да, Кавказға да. Жаным шыбынның қос қанатындай зыр-зыр қағады. Шипа жоқ…
– Белараңға барамыз, − деді Әбдіжәміл шорт кесіп. – Сен ондай жерді көрген жоқсың. Құдай біледі, жазыласың да кетесің… Саумал, шұбат, жаңа ұсталған қаяз бен бекіренің сорпасы. Бетіндегі майын айтсаңшы. Күміс теңге секілді. Жылт-жылт етіп ойнайды. Ал дәмі… Дәмі қалай десем екен, бағлан қозыңның да, құлын-тайыңның сорпасынан да тәтті… Бал сорпа, бай сорпа.
Ілияс ойланып қалды. Әбдіжәміл досының тосын ұсынысы да, айтқан әңгімесі де жүрегіне жылы тиіп еді. Не істеу керек? Досының екі ойлы дүдәмал кейіпте тұрғанын Әбдіжәміл айтпай-ақ біліп тұр.
– Қонаққа шақырып мезі қылады дейсің-ау. Білем. Бірақ біздің келгенімізді обкомың да, райкомың да білмейді. Екеуміз, сосын балықшылар… ақ шағалалар… ақ балықтар… ақ толқындар.
– Әбе-ау, енді менің қарсы болар дәтім жоқ. Демалыс аламын…
Екі дос осылай аяқастынан еңбек демалысына шықты да кетті.

ҚАНДЫАҒАШ ҚАСІРЕТІ

Ілияс Омаров досы Әбдіжәмілдің Белараңға Қандыағаш арқылы баруына қарсы болған жоқ еді. Жақын болса жақын шығар. Бірақ бұл атаудың аты сондай суық. Бірақ Қандыағаш болғаны қашан? Карталарда да сондай. Тіпті Ресей империясының көне карталарында да Қандыағаш станциясы деп XVIII ғасырлардан бері тұрғаны да белгілі еді. Бірақ оның тарихына ешкім үңіліп көрген емес.
Әбең Ілиястың ашаң жүзіндегі осы бір толғанысты бірден-ақ сезген. Бірақ шаршап-шалдыққан адамның мазасын ала беруге бола ма? Сондықтан да Судырахмет хикаясы туралы әңгімелеп, дос көңілін аулаумен келеді.
Қандыағашқа келгенде поезд ұзақ тұрады екен. Түтінін будақтатып, анда-санда ысқырып, пышылдап тұрып алатынын қайтерсің. Сондықтан да ыстық ұрған ауаға көмірдің иісі қосылып қолқаны қапқандай. Шамадандарын түсіріп алғанша ағайындар Әбеңмен қауқылдасып, кезек-кезек амандасып шықты. Шалғай болса да алдарынан бір қара адам шығар деп кім ойлаған.
− Қандыағаш тарихтан сыр шертсе, талай құпия ақтарылар еді-ау, − деді Ілияс үнсіздікті бұзып.
− Қазақтың мың тарихының бір пұшпағы бұл. Бірақ Қандыағаш атты мына жыңғыл ағашқа мұның үш қайнаса сорпасы қосылмайды…
− Әбе, не айтпақшысың? Суыртпақтап сұрамасаң ештеңені айта бермейсің. Мен одан шаршамаймын да, жалықпаймын да… Түбі біз өз тарихымыздың шындығына жетеміз. Ерте ме, кеш пе?
– Оның рас, досым. Тарих алтын көмбе. Бір күні жарып шығады. Құмдар да, тастар да, мазардың қыш кірпіштері де, садақтың ұштары да сөйлейді.
– Жол қысқарсын, жер тарихын, ел тарихын айта отырсаңшы, – деп Ілиястың қызығушылық танытуы сол екен, Әбдіжәміл асықпай машинаның ырғағымен қосылып, әңгімелей жөнелді.
− Бұл өзі қызық та қырғын тарих, − деді Әбең. – XVIII ғасырдың басы болса керек. Шамасы 1738 жылдар. Қазақ пен қалмақ бірін-бірі шауып, қоныс пен жайылым үшін қырық пышақ болып жатады екен. Тама Есет батырдың дүрілдеп тұрған шағы. Содан торғауыттарды бір соғыста қырып, алысқа айдап салады. Бұл жеңіс қазақ сарбаздарын әбден масаттандырады. Өздері атсоқты, оқсақты болып қалжырап қалады. Түре қуып, өре қуып енді қазақ жеріне ат басын тіреместей етеді. Қыз-қырқын қолға түсіп, малдары қалып тым-тырақай торғауыттар көз ұшында Мұғалжар тауының сілемдеріне сіңіп жоқ болады.
− Иә, содан әрі не болған?
– Не болушы еді, қазақ малды, жанды бөліп, қолға түскен қыз-келіншектерді алып мәре-сәре болады.
Әбдіжәміл әңгіме осымен «тәмам» дегендей ұйқысырай бастайды. Ал әңгімеге әуес Ілияс енді байыз тауып отыра алмай отыр. Оны Әбдіжәміл жақсы біледі. Сондықтан да қалғып-мүлгіп үндемейді. Ілияс ары бұрылып, бері бұрылып, аяғында досын түртіп қалды.
– Кішкене көз шырымын алайық та, – дейді Әбдіжәміл. – Көз тоқтататын ештеңе жоқ. Мұғалжар сілемдеріне телміргенмен ол енді бізге жеткізбейді, жарықтық, енді бізден алыстай береді.
– Анау Жұрын деген жер. Қалмақтың қас батыры болыпты. Соның атында қалған. Тарихтың түрлі пародокстері болады. Жұрын соның бірі.
Жазушы «Мына түріңмен Белараңға қашан жетеміз?» деп шофер жігітті шабынан түртіп қалады.
– Ағалар-ау, бұдан қатты жүрсем шаңға қақалып, мөңкіген аттың үстінде отырғандай боласыздар, – деп ол бәйек болады.
– Әңгімені аттың үстінде, түйенің қомында айтуға бола ма? Мына Ілияс ағаңа айтсаңшы. Ет жеп, сорпа ішіп, жастыққа жантайып жатса ғой, шіркін. Онда әңгіме өз-өзінен ағытылмай ма?
– Әбе, қойсаңшы. Бірдеңенің басын шығарып, аяғын жұтып қоясың. Содан әңгімеге күпті болып, байыз таба алмаймын. Айтпасаң тыңдаушыңнан айырыласың. Кешке ерте жатып ұйықтап қаламын.
– Әне, осылай қорқытады, балақай. Естідің бе? – деп жазушы жүргізушіге көзін қысып қойды.
− Аға, ол әңгімені естуге мен де ынтық болып отырмын. Жаудың аты қалған, жердің жаманаты қалған… Бұл не сыр?
− Жаугершіліктің өз заңы бар. Не сен өлтіресің, не ол. Қатыгез заманның мақалы да қатыгез. Оны естімеп пе едіңдер? Астыңдағы атыңды екі …… үйретпе басың жауда қалар, келіспей қатын алма, басың дауда қалар.
− Әбе-ау, атың не, жауың не? Қатын не?
− Әй, Ілияс, сен көп білесің, бірақ сенің осындай халықтық фольклорды білмей қалатының бар. Тыңдай отыр…
− Сонымен Есет батыр қалмақтың Жұрын деген батырымен жекпе-жекке шығып, ұзақ арпалысады. Аттары қан сиіп, көздеріне қан толып сүңгілеседі, шоқпарласады, шабысады, қылыш қайрылады. Енді екі азбан ат кеудесімен соғысады. Сонда Есеттің аты биік қарғып, Жұрынның сәйгүлігінің мойнын басып қағып өтеді. Ат құлады дегенше батыр өлді дей бер. Есет батыр Жұрынның мойнына қылбұрау салып тарта жөнеледі.
− Батыр, сауға, − деп қырылдайды Жұрын. – Датым бар!
Әдетте батырлар жанға сауға сұра­майды. Ол бетке шіркеу. Арсыз өлім саналады. Ал мына Жұрындікі не жорық? Дат!
− Датың болса айт, Жұрын!
− Есет аға, батырдың қолынан батыр өлсе – шейіт. Алам десең бас міне, балам десең бас міне. Жалғыз ұлың Канон тайшының қолында. Не балаңды әкеліп досың болайын, таба алмасаң балаң болайын. Болмаса жаным – арымның садағасы.
Батырдың Ақмаңдай деген баласы қалмақтардың қолында екені рас еді. Бала – бауыр ет. Бұл да біреудің жалғызы еді. Оны тұлымынан таныды. Әдетте, түркілер жалғыздың жанын қияды, өзіне жақтас етеді.
− Болсын, − деді Есет арқанды қиып. Ұлы Дала сөзіңді естіді. Бұл сөз құстан да жылдам жан-жаққа тарайды. Сатып кетсең сайда қаласың, сатпай келсең менің баламсың.
− Ойпыр-май, бұрынғының адамдары қандай өр болған, – деді шофер жігіт тамсанып. – Сонымен немен бітіпті?
− Жұрының Канон тайшымен ат құйрығын кесісіп, өзін-өзі хан атаған қандасынан бас тартып, қоңсы, мал-мүлкімен Есет батырға келеді. Ақмаңдайды таба алмайды. Енді өзі мұсылман дінін қабылдап, Есет батырға бала болуға бекініп келеді. Осылай Есет Жұрынға жер бөліп, басына шаңырақ көтеріп, отау үй етеді. Қазақ осылай да көбейген.
Ілияс жас балаша тыңдап отыр. Бірақ оның ойы Қандыағаш сөзінің төркінінің ізін кесуде. Әбең ол хикаятқа асығар емес. «Жұрын туралы әңгімеге малдана тұрыңдар» дегендей асықпайды. Саялы жер болса тоқтап, сусын ішіп алуға да болар еді.
Әбдіжәміл кенет машинаны тоқтатты. Бәрі атып-атып далаға шықты. Жүк машинасының үстінде отырғандар қоржындарын ала-мала түсті. Жүрек жалғап алған соң машина қайтадан бүлкіліне басты.
− Бәрібір қоймайсыңдар, − деді де Әбдіжәміл әңгімені қайта бастады. Мұның ескі тарихтан қалған екі нұсқасы бар. Мазмұны біреу, өрнектелуі әр түрлі. Тыңдаймысыңдар?
− Әрине, Әбе! Ол неғылған екі нұсқа? – деп Ілияс таңданыс білдірді.
− Бірі былай, қалмақтарды Мұғалжар асырып қуған қазақтар «жау кетті» деп осы жерге келіп үй тігіп, тай сойып, алтыбақан теуіп, қымыз сапырып, екі-үш күн тойлайды. Тіпті күзет қоюды да ұмытса керек. Қазақтар той тойлап, сілелері қатып ұйқыға кеткенде қалмақтар тұтқиылдан қайта шабуылдап, ұйқылы қазақты қан бөктіреді. «Қайта шапқан жау жаман» деп осындайда айтылса керек. Бес жүздей адамның қаны судай ағады. Тура жаңағы мөлдір бұлақтың басындағы ағаштың тұсында. Содан бұл жер Қандыағаш атанып кеткен. Кейін орыстар станция салды ғой.
− Бәсе, ауыр ат. Әйтпесе, қазақтар «Қалмаққырылған» атай салуы мүмкін ғой, − деді Ілияс тез ой қорытып.
− Ал екінші нұсқасы қандай? – деді шофер жігіт ақтарылып.
− Шақшақ Жәнібек деген болыпты. Сол атақты бай әрі батырдың ұлы Түктібайды үйлендіріп, абыр-сабыр болып жатқанда бейқам ауылды қалмақтар шауып ойран етеді. Оларды тама Есет батыр мен табын Бөкенбай, Шақшақ Жәнібек осы бұлақ басында қуып жетіп қанды қырғын салады. Содан оларды Астрахан асырады. Содан бұл жер Қандыағаш деп аталса керек.
− Бәрібір қазақтың қаны төгілген жер екен ғой, − деді Ілияс ойланып. – Қазақтың! – жүзі қуарып, боп-боз боп кетті. – Сен, Әбе, мұндай түп тарихты қайдан біле бересің? Содан бері екі ғасырдан астам уақыт өтті ғой…
− Қазақтың әр қайраткері Ілиястай болса, кәне, − деп Әбдіжәміл досын құшақтай алды. Содан Белараңға жеткенше екеуі де үндеген жоқ. Айтатын сөздері жүректерінде тұншығып жатыр еді…

БЕЛАРАҢ

Белараң десе Белараң. Өзі бір төңкеріліп піскен таба нандай теңіз табанында жатыр. Айтуға оңай болғанымен, баруы ауыр. Дегенмен тарихты кеулеген жол-жөнекей әңгімемен Әбдіжәміл мен Ілияс «Белараңға» қас қарая жетті. Немере бауыры бір бөлмені әктетіп, екі никельді керует, оның жанына екі тумбочка қойыпты. Тап-таза, Кавказыңның курортынан бірде-бір кемі жоқ. Есік алдында жуынатын умывальник қойылған. Қаттап-қаттап тумбочкаға ақ орамал қойылған. Есіктің алдына құм құйылмасын деп, аралары ашық-ашық ағаштар қағылып қойылыпты. Алыс ауылдағы мәдениет. Әудем жерге кереге тартылып, ол ескі алашамен оралып, жіппен байланыпты. Құмғаны қасында. Айдаладағы комфорт.
Әбең де, Ілекең де мәз. Әлі аши қоймаған шұбаттан кезек-кезек сімірді. Тыныштық, тұп-тұнық түн. Төнген жұлдыздар. Жағада жыландай иіріліп келіп, кері шегініп жатқан ақ көбік толқындар.
Сондай бір бақытты шақ еді.
Ешкім мазаламайды, ешкім қонаққа шақырмайды. Екі дос құм суырған жағада бірде қыздырынып, бірде шомылып, кезекті-кезексіз шұбаттарын ішіп, мәз-мейрам. Осылай бір апта өте шықты. Ілиястың денесі күнге күйіп, екі беті балбырап, өңі кіріп, көңілі көтерілді. Ілекең енді құс атпақ болды…

ЖАРАЛЫ ШАҒАЛА ҚАНАТЫ

Белараңның шағалаларының түрі бөлек. Мұнда ақтұмсық, қаратұмсық шағалалар бар. Ол таза балықпен қоректенетін болғандықтан «әуес ас» деп балықшылар кейде атып алып, қуырып жейтіні бар.
…Түс ауа Аралдың салқын самалы соқты. Күн қызуы да басылғандай. Әбең мен Ілекең қолдарына мылтық ұстай шықты. Балықшылар ауылынан алыстау жерге барып, әуелі консерві банкісін атып көрді.
– Әбе, соғыста артиллерист болып едіңіз, мерген бе десем, соғысты «көрген» болып шықтың ғой.
– Дұрыс айтасың. Ілеке-ау. Мен ауыр артиллерияда соғыстым. Ол фашистердің плацдармдарына шабуыл алдында кемінде 15-20 шақырым жерден атады. Оның қайда тиіп жатқанын мен қайдан білейін. Бәленбай фашисті өлтірдім деп те айта алмаймын.
– Е, онда қуғанда артта, қашқанда алда болдым десеңші…
Өз қалжыңдарына екеуі де мәз.
– «Курландияны» сол үшін жақ­тырмайтын болдың ғой…
– Сен қадалған жеріңнен қан алмай отыр. Одан да ана қаратұмсық шағаланы ат. Мергендігіңді көрейін.
– Қара, қара, Әбе! Қаратұмсық шағалалар көрінісімен ақтұмсық шағалалар ізім-қайым жоғалды.
– Көрдің бе, Ілияс дос. Мықты кеме келгенде қайық судан шығады. Сен келіп ең қонақ шақырғыш ағайындарға зар болдық. Ештеңе керек емес деп зәрелерін алғанбыз ғой…
– Әбе, осы дұрыс. Қонақ мезі қылып жібереді. Менің іздегенім тыныштық, Сен мені сиқырлы Аралға алып келдің. Қандай тамаша!
– Ірі қанат қара тұмсық шағалалар истребитель самолеттар секілді зу-зу етіп ұшып жүр. Биіктен самғап, балықтарды бүріп әкетіп жатыр.
– Біздің нәпақамызды жеп жатыр. Қаратұмсыққа жем боламыз ба? Ат, – дейді Әбең.
Ілияс ары атты, бері атты. Бірақ қаратұмсық шағалалар Ілиястың оғына пысқырмайды. Балықтарды іліп әкетіп жатыр, бүріп әкетіп жатыр.
− Ат деймін, көздеп ат…
Мылтық тарс-тарс атылғанмен бір бытыра дарысашы.
– Бытыраны жел шашыратып жатыр.
– Ендеше, желдің жылдамдығын ескере атсаңшы.
– Солай-ақ атып жатырмын. Бірақ менен мерген шықпады. Ана топқа қаратып бір атайын.
Ажал оғы бұрқ ете түсті. Бір уыс бытыра топтана ұшып бара жатқан құсқа қарай жөңкіді. Бір шағала қанатын салбыратып, желге қарсы ұша алмай, бір қанатын сабалап, әудем жерге барып қанатын сыза құлады.
− Түсірдің, түсірдің…
Мылтық жайына қалды. Қырықтың қырқасында жүрген екі дос балаша секіріп, қаратұмсық шағаланы қаумалай жүріп ұстап алды.
− Бір қуырдақ боларлық екен. Ірі, бір өзі бір табақ ет болады.
– Әбеке-ау, бұл тірі шағала ғой. Оны қалай жейміз? Әшейін топшысын жанай тиіпті. Байлап, матап қойсаң, бір-екі күнде ұшып та кетеді. Балығын беріп, суын ішкіземіз.
Әбекең шағала сырын жақсы біледі. Қарап шықты да, сақ-сақ күлді.
− Әбе, неге күлесің?
– Неге күлмейін? Бұл қорқақ шағала екен. «Ханде хок» десең фашист қолын көтере қалады. Мынау да соның бірі. Бытыра жанай тигенге есі кетіп, құлай салды.
Бұл күн осылай аяқталды. Босағада жатқан қаратұмсық біраздан кейін есін жиды ма, әлде қауіптің жоғын сезді ме, шаңқ етіп ұшты да ғайып болды.
Екі дос құс қуырдақсыз қалса да, аш қалмады. Оларды бекіре балықтан жасалған бесбармақ күтіп тұр еді…

«АЖДАҺАЛАР» ҰШҚАН ТҮН

Түнгі тыныштықты от жалын шашқан ракеталардың ысқырық дауысы бұзды. Аспан от шашып тұр. Маңайдың бәрі от жалын. Оның суға шағылысқан көрінісі тіпті үрейлі. Бейне бір аспан мен теңіз от шашып тұрған тәрізді. Бұл не? Тағы соғыс басталып кеткен жоқ па? Алғашында Әбдіжәміл де бұл қыбылысқа секемдене қараған. Далаға шыққан соң бұл зымырандардың полигоннан атылып жатқанын көрді. «Енді елімізге жау тимейді» деген ойлармен түнгі ұйқыға кеткен. Бірақ ұйқының тұйқысы шықты. От жалын шашқан зымырандар таңға атылды.
Екі дос сілікпелері шығып түске дейін ұйықтады. Абыр-дабыр дауыстар көбейген соң ғана орындарынан тұрды. Далада он шақты балықшы тұр.
– Қарақтарым, бәріміз бір-бір қой сойып, құдайы тамаққа шақыра келдік.
− Ағалар, не боп қалды? – деді Әбдіжәміл апыл-ғұпыл жуынып.
– Не болды дейсің бе? Түнімен аждаһалар ұшты. Молдекең таңертең бәріміздің үйді-үйімізге кіріп құрбандық шалдырды. Құран оқып, қол жайсақ, аждаһалар ұшпайтын көрінеді.
Қайран, қазақтың дария көңілі-ай! Екеуі әр үйге кіріп дәм татты. Құран оқылып, қол жайылды.
– Бұл аждаһа емес, ағалар! Зымыран зеңбіректер. Ол енді тоқтамайды. Сынақ сайын ұша береді. Қорықпаңыздар, − деді Ілияс Омаров ең соңында.
− Ал молла «Аждаһа» деді.
− Ауылымызды қиратып, сорымызды қайнатып кетпей ме?
− Балықтар үркіп, ауып кетпес пе екен?!
Сан сұрақ, сан пікір айтылып жатыр.
Бұл кезде ешкім Байқоңырдан алты жыл өткен ғарышқа Гагарин ұшатынын, Олжас Сүлейменов «Адамға табын, Жер енді» деп поэма жазатынын білген жоқ еді.
…Жақында тоқсанға келген Әбдіжәміл осы әңгімені еске түсірді.
– Зымырандар аждаһа екен ғой… Ғарышқа да ұшты, «Протон» аждаһа қазақ жеріне у гептиль шашты, − деп әңгімені қайырып еді.

ТЕҢІЗ ДЕСАНТЫ

Табиғаттың өзіндей таза адамдардың ниеті де түзу. Ешкім қой сойғанына өкінген жоқ. Қайта ретін тауып қарасын көрсетпей жүрген қазақтың қос азаматын дастархан басына шақырғандарына мәз. Ілекең мен Әбекең деп шал-шауқаны, жас пен жасамысы бар қауыммен бір қауқылдасып қалды. Кенет теңізді толқытып үлкен кеменің сұлбасы көрінді. Шалдар жағы тағы да үрейленіп, «бұл не?» дегендей жүзісі бөлек кемеге көздерін көлегейлеп қарап тұр.
– Әй, мынауың теңіз десанты ғой, − деді кеше соғыс көрген балықшының бірі.
– Тыныштық па екен? Тағы бір пәле болып қалды ма? Әмірекең соғыс ашқаннан сау ма?
Осылай абыр-сабыр болып балықшылар пристанға қарай лап қойды.
Үлкен кеменің аты үлкен-ау. Жай келмей кеме екпіндей келіп алыстау жерге зәкір тастады. Қайық түсірілді.
Келгендер өңкей облыстың ығай-сығайлары – бірінші хатшысы, облыс полкомы, военкомы, облыстық газеттің редакторы. Өнерпаз қыз-жігіттер.
– Елге келіп елеусіз жатқандарыңыз қалай? – деп облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы өкпе-назын айта келді. – Оның үстіне Ілияс Омаровичті «тығып» қоясыз. Бұларыңыз жараспайды.
Оқшау демалыстың «омыртқасы» үзілді.
– Теңіз десантының келгені – тыныш демалыстың біткені, − деді Ілияс Әбдіжәміл досына қарап.
Расында солай болып шықты. Облыс басшылары қос қайраткерді Қызылордаға алды да кетті…

Уәлихан ҚАЛИЖАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Еламан

    Уәлихан ағамыз «Қан мен терді»оқымаған секілді. Әбдіжәміл ағамыздың туған жері Белараң емес, Беларан.Сонымен қатар, Әбекең Ілияс Омаровты Беларанға емес, Шығанаққа апарған. Ол туралы «Қазақ әдебиетіне берген сұхбатында классик жазушымыз(Тоқсаннан асқан) өз аузымен баяндаған.Жазбас бұрын журналист екенін еске алған жөн секілді.

  2. Еламан

    Уәлихан ағамыз «Қан мен терді»оқымаған секілді. Әбдіжәміл ағамыздың туған жері Белараң емес, Беларан.Сонымен қатар, Әбекең Ілияс Омаровты Беларанға емес, Шығанаққа апарған. Ол туралы «Қазақ әдебиетіне берген сұхбатында классик жазушымыз(Тоқсаннан асқан) өз аузымен баяндаған.Жазбас бұрын журналист екенін еске алған жөн секілді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.