Ел сенімін ақтау – парыз

Қандай да болмасын саяси шара ел өмірінде маңызды орын алатыны белгілі. Ал оның беретін нәтижесі, тигізетін пайдасы мол болса, үміттің ақталғаны. Бұл орайда жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанына байланысты да осыны айтуға болады. 

Депутат деген атқа лайық азамат қашанда халықтың сенімді өкілі болып және әрқашан сол тұғырдан көріне білуі тиіс. Халық қалаулысының Парла­менттің биік мінберінен көтерген мәселесі жұртшылықтың көке­йін­де жүргенді дөп басса, құба-құп. Осы ретте биылғы сайлау додасына түскен партиялар өздерінің сайлауал­ды бағдарламаларын жария­лап, жұртшылыққа егжей-тегжейлі таныстырды. Ендігі міндет сайлауда жеңіске жетіп, өз қызметтеріне кірісетін партиялар мен депутаттардың сол бағдарламаларды жүзеге асыруға күш салуында. Өйткені сөз бен істің, берілген уәденің орындалуы – сайлаушылар назарында болары ақиқат.
Парламент қабырғасында қара­пайым халықтың сөзін сөйлейтін, ұлттық мүдденің айналасынан табылатын тұлғалар керек-ақ. Мәселен, елімізде мемлекеттік тілдің өз шешімін таппаған мәселелері қаншама. Осыларды бұқаралық ақпарат құралдары көтергенімен, олардың үні кейде тиісті сала басшыларына жетпей немесе орындалмай жатады. Сондайда депутаттар белсенді қимылдап, Үкімет алдына нақты мәселе қоя білсе, істің алға басуы да ойдағыдай болар еді.
Мемлекеттік тіл мәселесінен бөлек, руханият саласында да қордаланған мәселелер аз емес екені белгілі. Әрине, бұл мұның бәрі депутаттарға ғана тиесілі деген сөз емес. Бірақ депутаттар тиісті заң қабылдау арқылы сол мәселенің оңынан шешілуіне бастамашы бола алады. Халықтың өкілі болғаннан кейін олардың мұң-мұқтажына бойлай алатын азаматтық ұстаным қажет. Халық кейде өздерін толғандырған бір мәселе туындаса, депутаттар қайда қарап отыр деп сауал тастайды. Бұл – орынды. Өйткені депутаттар өткелден өтіп алғанша деп емес, депутаттық мерзім ішіндегі қызметін қашанда халыққа арнауы керек емес пе?
Жасыратыны жоқ, еліміздің Парламен­­тінде өз ана тілінде, яғни мемлекет­тік тілде сөйлемейтін депутаттар баршы­лық. Заңдардың орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылатыны тағы бар. Сессиялардың ресми тілде жүріп жататын кездері де аз емес. Сондай кезде депутаттарымыздан мемлекеттік тілге деген жанашырлық та көп байқала бермейтіні өкінішті.
Біз газетіміздің №3 (1313) 21-27 қаңтар 2016 жылғы санында «Бізге мемлекеттік тілде сөйлейтін Парламент керек» деп мәселе көтергенбіз. Мақалада айтпақ болған ойымыз – Парламент депутаттары мемлекеттік тілді білуі тиіс деген мәселе еді. Ол үшін тиісті заң қабылдап, депуттаттықтан үміткерлер қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек деген бастама көтердік. Өйткені ондай талап қойылмай қазақ тілінің қолданыс аясы кеңеймейді. Бұл үшін заңдық негіз жасалғаны жөн.
Жаңадан сайланған депутаттардың қаперіне мына бір жағдайды сала кетсек артық болмас. Жуырда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі әзірлеген жоба бойынша, елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуге ағылшын тілі міндетті пән ретінде енгізіліп, жалпы білім беру мектептерінде жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде, орыс мектептерінде Қазақстан тарихы қазақ тілінде, қазақ мектептерінде дүниежүзі тарихы орыс тілінде оқытылмақ. Осы жобаның иі қанбаған, шикі тұстары жетерлік. Егер жоба бұл күйінде өтіп кететін болса, мемлекеттік тілдің жағдайы тіпті қиындай түсуі бек мүмкін. Осыған депутаттарымыз баса мән береді деген сенімдеміз. Тіпті алғашқы жұмыс күндерін осы мәселені көтеруден бас­таса артық етпес еді. Қалай дегенмен, ел сенімі бәрінен биік сенім. Оны ақтау – депутат үшін парыз!

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.