«Қазағымның жүрегімен жырлаймын»

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілде­рі­нің бірі, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық алтын медаль, «Платина Тарлан», «Жыл адамы – Алтын адам» сыйлықтарының иегері Шөмішбай Сариев бүгінде  жетпіс жастың жотасына көтеріліп отыр. 

Ақынның мерейтойына байланыс­ты ғылыми-теориялық конференция Ғылым ордасында «Ақындық – мұрат, ғалымдық – парасат» деген тақырыппен өткен болатын. Осы жерде Шөмішбай ақынның филология ғылымының кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында көп жылдан бері қызмет істейтінін айта кетейік. Ғалымдар қатысқан жиында ақынның шығармашылығы мен ғылымдағы жетістіктері туралы кеңінен сөз болды.
Осы басқосу өткен сейсенбіде Ал­матыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрын­да жалғасын тапты. Осында қала жұрт­шылығы өкілдері мен қонақ­тарының қатысуымен ақын Ш.Сариевтің шығар­машылық кеші өтті. Кешті жүргізген М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инститиутының директоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Уәлихан Қалижанов мерейтой иесінің қазақ әдебиеті мен өнеріне қосып келе жатқан үлесі жөнінде тартымды баяндама жасады.
Ақынды мерейтойымен Елбасы Н.Назарбаев құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауын Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбек оқып берді. SARIEV
Оқырман қауым ақын өлеңдерімен оның «Балдаурен», «Арайлы көктем», «Теңізден соққан жел», «Тағдыр», «Өң мен түс», «Үш өлшем», Тағдыр жыры», «Біздің ғасыр», «Қос қанат», «Шөл даланың ұлымын» және тағы басқа жыр жинақтары арқылы жақсы таныс. Ақын әрі әдебиетші ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы «Қазақ көркем сөзінің шеберлері», «ХХІ ғасыр әдебиеті» секілді ұжымдық зерттеу еңбектерінде айтылады.
Ақынның поэзиясындағы жетіс­тік­тері туралы кезінде оң баға да берілді. «Шөмішбай Сариевтің өлеңдері та­биғат, өмір суреттерін эстетикалық тал­ғамда қабылдауымен, лирикалық кейіпкерлерінің әрі шынайылығымен, әрі қарапайымдылығымен баурайды» дейді академик Мұхамеджан Қаратаев, ал ақын Ғафу Қайырбеков өз ойын былайша өрбіткен еді: «Қоғамдық-әлеуметтік маңызды оқиғаларға, өз тұсындағы саясатқа үн қатып отыру – әрбір тұлғалы ақынның борышы. Тарих тереңіне бойлау, оның ағыстары мен толқындарын аңдау – үлкен ойдың, мәдениеттің, білімділіктің белгісі. Шөмішбай ақындығында осы нышандар анық байқалып отырады».
Шөмішбай Сариевті қос қанатты ақын деуге болар. Екінші қанаты – ән- өлеңдері. Ақын атын әйгілі еткен де осы ән-өлеңдері десек қателесе қоймаспыз. Кеш барысында ақынның туған елге, табиғатқа, сүйген жарға және басқа да тақырыптарға арналған ән-өлеңдері орын­далды. Ол әндерді сахнада Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев, Майра Ілиясова, Тамара Асар және өзге де танымал өнер иелері шалқытты.
Құттықтау лебіздер де мол болды. Ақын Серік Тұрғынбекұлы арнау-жы­рын оқыса, Қызылорда, Ақтөбе, Оң­түстік Қазақстан облыстары әкім­де­рінің жүрекжарды тілектері мен сый-сияпаттарын аталған өңірлерден келген өкілдер жеткізді.
Кезек кеш кейіпкерінің өзіне келгенде Отан, атамекен, ана тілі туралы жырларын шабыттана төкті.
Шөмішбай ақынның бір өлеңі: «Қазағымның жүрегімен жырлаймын» деп аталады. Осы жыр жолының өзі көп сырды аңғартса керек. Қазағының үнін кең дүниеге жария етіп жүрген азаматын құрметтемейтін, қадірлемейтін ел болмас. Бұл кеш соның айғағындай еді.

Аян МЕЙРАШ

Бір шың бар – «Шөмішбай» деп аталатын 

Халқынан аяған жоқ махаббатын,
Шығарған ел ерлігін,
Ата даңқын.
Аяулы Алатаудың аясында,
Бір шың бар –
«Шөмішбай» деп аталатын.

Сол бір шың,
Алатаудың бір өркеші,
Әуелден Ай сырласы,
Күн еркесі.
Аралға арна тартып қосылуға.
Керуен –
Келешектің жүрер көші.
Жарқылдап жайдың оғы
Алдаспандай.
Тазарып ақын көңіл таңғы аспандай.
Арал мен Алматының арасында,
Үзілмес Жібек жолы жалғасқандай.

Ол менің қазағымның Шөмішбайы,
Суы мол, шөбі шүйгін, өріс жайлы.
Бірі – тау, бірі – теңіз болса-дағы,
Арал мен Алматыны тең ұстайды.

Астана дүрсілдеген – жүрегіндей,
Бәйтерек Жер мен Аспан тіреуіндей.
Ән-жыры Шөмішбайдың
Ғасырлардан
Жалғасқан керуен жолы легіндей.
Кей кезде кісі таппай теңдесерге,
Батылы жете бермес белдесерге.
Пушкиннен айнымайтын Шөмішбайды.
Жарасар Дөй десең де, Шоң десең де.

Өлеңмен тұрғызады нарды шөккен,
Кең-байтақ кеудесіне алғыс еккен.
Мейлі ол, қай қиырда жүрсе-дағы.
Бәрібір көрінеді алғы шептен.

Әркімнің бір биіктен үміті бар.
Кім ұтып, жыр – жарыста кім ұтылар?!
Желдіртіп Алматыға жетіп келсем,
Алдымда Шөмішбайдың шыңы тұрар.

Бөлінбей бауырынан, туысынан,
Достықты шығармайды уысынан.
Шөкімдей бір бұлт таппай дал болар ең,
Шөкеңнің кеудесінің қуысынан.

Көңілді –
Қай кезде күліп жүрер,
Жөніңді,
Жағдайыңды біліп жүрер.
Жатырқап, бірін-бірі жау санамай,
Болса ғой Шөмішбайдай
Бүгінгілер!

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.