Қызыр қамшысы

Міне, сәуірдің бел ортасына да келіп жеттік. Бұл – көктемнің нағыз күшіне енген шағы. Осы орайда оқырман қауымға сәуірде болатын табиғат құбылыстарына байланысты сөздердің мағынасын тарқатуды жөн көрдік. 

СӘУІР//КӨКЕК – жазғытұрым кезіне сай келетін төртінші айдың арабша аты, көкек (1). Сәуір сөзі араб тілінде «өгіз» деген мағынаны білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болып табылады (2).
Бұл айдың ертеден келе жатқан қазақша аты – көкек. Айдың «көкек» деп аталу себебі көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бастай­тын мезгілімен байланысты қаралады. Бұл айдың өзгешелігі – құс үнінің ерекше байқалуы. Ал Куфтин көкек айын көк-көк («едва зеленый») деген сөзден шыққан деп түсіндіреді, сөйтіп, «жас көк» деген ұғыммен ұштастырады. Қазақтар үшін көкектің даусы ай атауын белгілеуге негіз болса, чулымдықтар мен барабалықтар үшін қарға даусы, қарғаның ерекшелігі бұл айды «қарға ай» деп қоюға негіз болған. Ал саяндықтар «құстың пашқы айы» деп атаған. Көктемгі табиғаттың әсемдігін уәж еткен тувалықтар мен шорлар бұл айды «көрік айы» деп атаған.
Көкек – ұшқалақ, жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады, сондықтан осы сөз жағымсыз мәнде айтылады деп, айдың атауын сәуірмен ауыстырған (3). Ал Шоқан Уәлихановтың пайымдауы бойынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, «Көкек – киелі құс. Май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қояды» екен (4). Халық аузында бұл айдың сәуір, көкек деген атауларына байланысты мынадай өлең жолдары кездеседі:
Суға толар сай-сала,
Сәуір болмай, жауын жоқ.
Нуға толар айнала,
Жауын болмай, тәуір жоқ.
Көкек келмей, көктем жоқ, –
Көктемнің дер шағы бар.
Айдың – төлдер көкке тоқ –
Көкек аты тағы бар.
Сәуір айы – шаруа айы.
Еңбек етіп жатыр ел.
Көкек келді – көктем келді. Көкек – табиғаттың тамаша кезеңі. Көктем айының бұл нағыз толысқан уақыты. Барша табиғат жаңарып, айнала қызу тіршілікке бөленеді: мал шөлдеп, малды ауылда мәре-сәре кеңи бастайды. Ал кейбір аймақта қардың көбесі жаңа ғана сөгіліп, ызғарлы суық та байқалып қалатын уақыттары болады. Осыған байланысты қазақ малшылары: «Көктем мезгілінің үш айы қазақтар «Наурыз – суымен, Көкек – нуымен, Мамыр – гүлі нулы да сулы ай екенін атап көрсетеді» (5).
Бесқонақ – көктемнің жуан ортасында өтетін бес-жеті күндік жауын-шашынды салқын кез, амал. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып, күтініп отыратын болған. Кей жерлерде сәуір айындағы бесқонақ амалы өтпей, қазіргі малшы-шопандардың өздерін де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды.
Қызыр қамшысы – сәуір айының орта кезінен асқан шақта болатын табиғи амал. Бұл кезде алғаш найза­ғай ойнайды, жаңбыр жауады, жер буса­нады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, ескіше он бесінші наурыз Қызыр Ілиястың қамшы сілтер күні деп аталады.
Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл «тобылғы бүршік жарған», яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
Отамалы – қазақтың байырғы күнтізбесі бойынша ауа райының жайсыз, жауынды-шашынды болатын көктемнің ең жайсыз кезеңі (1).
Отамалы сөзін ай атауы деп танытатын пікірлер де көп. Мәселен, Отамалы атауын Шоқан Уәлиханов март айына тақса, В.Радлов май айы деп көрсеткен. Зерттеушілердің біріндегі ай атының екіншісінде болмауының өзі ұлан-ғайыр даланы мекен еткен халықтың ай аттарын әртүрлі атай бергендігін, күн райының амалына қарай айлардың қосымша атауларының болғандығын көрсетеді. Қазақ есепшілері, әрине, бұл атаулардың бәрін де білген. Бірақ қалыптасқан қолданыстағы он екі айдың ішіне бұл сөз кірмейді. Ондағы екі айдың арасында болатын кәсіби шаруашылыққа негіз­делініп, сол шаруа науқаны бас­тал­ған уақытты атау мақсатында қол­данылады. Отамалы ертедегі қазақ шаруашылығына өте жақын, соған байланысты осылай аталған. Бұл айда шөп өсіп, жер отаяды. Малдың аузы көкке толады.
Е.Жанпейісовтің еңбегінде «Отамалы» сөзіне арнайы талдау жасалған. «Абай жолында» берілген түсі­ніктемені сол қалпында көрсете отырып, ғалым Әуезовтің түсіндіруі мен В.Радловтың пайымдауын салыстырады. Халықтың сол кездегі шаруашылық науқаны мен күн райының өзара үйлесуінен барып туындаған «Отамалы» атауын терең танытуда М.Әуезовтің түсіндіруі жақын келетін секілді. Мысалы: «Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың соңғы зәрі сонда. «Отамалы» деп атағаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау. Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі қойды жайылысқа шығармайық, боран болады… десе, бай Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні бір қатты боран басталып, үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп, қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығын «отамалы» атағаны содан дейді» (3).
Отамалы туралы ел арасында мы­надай аңыз-әңгіме тағы бар. Тым ерте­ректердегі от жағуға сіріңке тапшы кез­дердің бірінде бір әйел адам көрші ауылдан от сұрап алуға жолға шығыпты. Жол-жөнекей лезде күн бұлттанып, қатты соққан дүлей қарлы боран салдарынан адасып кеткен әйел сол күні үйіне оралмай, ақыры үсіп өліпті. Көктемнің бұл ызғарлы күндерін «отамалы» деп атау осыдан қалыпты. Бүгінде осыған орай жұрт арасында «Отамалы оңына бақса, от алғанша өте шығады, ал жаманына бақса, ойылған жұт болады» деген тәмсіл сөз бар (Айдын Кәлімхан).
Сәуір амалы қазақ есепшілерінің есебі бойынша, осы айдың 20-ларына кіреді. Сәуір туғанда алғаш рет күн күркірейді, бөлек-бөлек «жаз бұлты» шығады. Қариялар сәуір амалы кір­генде жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, 40 күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген мақал осыдан қалған болса керек. Тілімізде сәуір амалы кезінде табиғи құбылыстардың шаруашылыққа пайдалы болатыны туралы басқа да мақал-мәтелдер қалыптасқан: «Сәуір – суымен, мамыр – гүлімен», «Сәуір айы – малшыға тәуір ай», «Сәуір айы – жауын айы», «Сәуір болмай, сайран болмас, Сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, Күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – Сауып тұрған сауын», «Сәуір жақ­сылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн» деген мақал-мәтел, қанатты сөздері бар.
Сәуір амалы кезіндегі әдет-ғұрып: сәуір амалы өтпей, сәурік (үйірге енді қосылған 3-4 жасар айғыр) пішуге болмайды. Аяқ-астынан ауа райы бұзылып, қарлы боран болуы мүмкін. Осы жөнінде бір аңыз былай дейді: бір бай отамалы өткен соң, жаз шықты деп ойлап, қырық сәурігін  түгел піштіріп тастайды. Соның артынан қарлы боран болып, қырық пішпе түгел қырылыпты. Ел ішінде осы амалды «қырық сәурік» деп те атаса керек. Күндер өте келе «сәуір» аталып кеткен деген пікір бар.
Қадан Қабисатұлының тұжырымы бойынша, сәуір амалы мамыр айының онында кіреді (Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы).
Сонымен қатар қазақ халқы сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желді де сәуір деп атайды (1). Мысалы,
Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша
(Төлеген Айбергенов).

Әдебиет
1. Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі). – Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 бет. 1055 б.
2. Баранов Х.К. Большой арабско-русский словарь: в 2-х томах. – 10-е изд. – Т. 1. – М.: Рус. Яз., 2002. – 456 с.
3. Әбутәліп О.М. Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері. Филол. ғыл. канд… авторефераты. – Алматы, 2008. – 26 б.
4. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Алматы, 1984. Т. 4. – 431 с.
5. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде: Табиғат. ІІІ том. — Алматы, 2013. – 6-8 б.

Қарлығашқа  қатысты ұғымдар

Қарлығаш – жіңішке келген құйрығы екі айыр, тамағының асты мен бауыр жағы ақшыл, арқасы қара қоңыр түсті, торғайлар отрядына жататын кішігірім жыл құсы. Көктемнің орта тұсына таман жылы жақтан ұшып келеді. Қазақстанда оның төрт-бес түрі кездеседі. Солардың арасынан халыққа ең белгілісі – қыстау қарлығашы. Ол адамдар тұрағына үйір, ұясын да үйлердің, қора қопсылардың бел ағашына, қабырғалардың кенерлеріне салады. Басқа құстарға ұқсамайтын басты ерекшелігі; жемін ұшып жүріп ұстайды, суды да ұшып жүріп ішеді.

Халық арасында қарлығаштың қимыл-әрекетіне байланысты түрліше нышандар бар: егерде қарлығаш жоғарылап ұшса – ауа райы құрғақ, күн ашық, ал дамыл таппай бірде жоғары, бірде төмендеп ұшса – жел, дауыл тұрары сөзсіз. Егер қарлығаш ұясына кіріп-шығып, тиышсыздана бастаса – жауынды күтуге болады (“БжЕ”, 1979, №9). Немесе қарлығаш өте төмендеп жер бетін жанай ұшатын болса, онда ол жаңбыр жауудың нышаны.
Қарлығаш қанаттанбаған балапан­дарын ұядан түсіп кетпеуі үшін аяқтарын жылқының қылымен тіркестіріп шандып тастайды.
Ұядағы балапандарын жеу үшін қабырғамен, не ағаш діңімен келе жатқан жыланды қарлығаш көріп қалса, дереу көгалды жерден дәуіт іздеп тауып алып, қанатына қондырып ұясының керегесіне әкеліп қоятын әдеті бар; дәуіт болса, өрмелеп келе жатқан жыланның екі көзін алдыңғы екі аяғымен шоқып, ағызып жібереді; халық қарлығаш, жылан және дәуіттің осы қасиеттерін ертеден-ақ білген.
Қарлығаштың ұясын бұзба қазақ салтында жалпы құс ұясын, әсіресе адамға үйір қарлығаш ұясын бұзу жақсы ырым емес. Үй-ішіңе (маңдайша, кереге, жапсар, шаңырақ, т.б. қалтарыс жерлерге) салған қарлығаштың ұясын, ол жұмыртқа салып, балапандарын қар қанат қылып, ұшырып әкеткенше қандай жағдай болса да бұзуға болмайтын себебі: ол адамға соншама жақсылық қылған құстың өмірін үзу, тұқымын қиюмен бара-бар күнә деп санауға байланысты.
Қанатымен су сепкен қарлығаштай – шығыс елдеріне белгілі қарлығаштың адамға жақын құс екендігі, оған жақсылық істегені жайындағы аңыздың негізінде пайда болған «судың тамшысындай аз болса да мейірімділік көрсету, қамқорлық жасау» мағынасындағы ұғым… Ақтамақ қарлығаш – торғайлар отряды қарлығаштар тұқымдасының өкілі. Ұсақ құс (сал 20 г), денесінің жоғарғы жағы — қара, төменгі жағы мен құйрық үсті — ақ түсті. Құйрығы қысқа айыр. Қазақстанның солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-шығысында кездеседі, шөл және шөлейтті бөлігінде кездеспейді.
Төле биге қатысты аңыз-әңгіме: Төле бидің «дана би», «бала би», «Төбе би», «Қарлығаш би» деген аттары болыпты. Сол кісінің «Қарлығаш би» атануы мына оқиғаға байланысты екен. Жоңғарлар жолындағы елді қырып-жойып келе жатады. Жұрт қаша бастайды. Үлгіре алмағандары жан сауға тілеп, жоңғар­лардың аяғына жығылады. Жалғыз-ақ Төле би ақ үйін тігіп, қаннен қаперсіз отыра береді. Мұны көрген Жоңғардың ханы қаһарына мініп, әскер басына:
– Мынау менің қаһарымнан, зақа­рымнан қорықпай ма, жұрт жан сауғалап күндік жерден қашып жатқанда, бұл қандай қан жұтқан адам? Барып біліп кел, – дейді. Ханның әскер басына Төле би:
– Ханның қаһарынан да, зақарынан да қорқамын. Бірақ менің орнымнан қозғалып кетуіме, бір жағдай мүмкіндік бермеді, – деп үйдің маңдайшасындағы қарлығаштың ұясын көрсетеді. – Халқы­мыздың салты бойынша қарлығаштың ұясын бұзу – қиянат. Қарлығаш – хал­қымыз сыйлайтын құс. Соның балапандары әлі ұядан ұшқан жоқ. Үйді жығып, көшпеген себебім сол. Қарлығаштың балапандарынан менің жаным артық емес. Хан басымды кесіп алса да көшпеймін, айтып бар, – дейді.
Мұны естігенде Жоңғардың ханы жүрегін ұстап таңғалады.
– Мындай басшы бар елді қаңсыратуға болмайды екен, – деп ол халықты қыруды тоқтатады. Содан Төле би «Қарлығаш би» атанып кетеді (Б.Адамбаев. Алты сандық. Алматы, «Жазушы», 1989, 79-80).
Шынында да, бұл – шындыққа негіз­дел­ген аңыз. Ташкент қаласындағы Төле биге арнап салынған кешен халық ара­сында «Қарлығаш би» кешені деп аталады.

Құтан

Құтан – сазды, шалшықты жерлерді, сулы алқаптардың жиектеріндегі тайыз сулар мен қамыс араларын мекендейтін, ұзын тіркестілер тұқымдасына жататын жыл құсы. Мойны мен сирағы ұзын, тұмсығы сүйір боп келеді. Дене тұрқы екі жақ бүйірінен қысыңқы, құйрығы шолақ, көбінің басында айдары болады. Жемін қамыс-құрақ ішінде бір орнынан қозғалмай аңдып тұрып ұстайды. Түсіне қарай: ақ құтан, көк құтан, қара құтан болып бірнешеге бөлінеді. Қыркүйектің бас кезінде жылы жаққа қайтады. Құтанның түрлері:
Ақ құтан – дене пішіні көкқұтанмен бірдей, бірақ таза ақ түсті құс. Ұзын мойы­ны мен биік аяғының арқасында әдемі болып көрінеді. Республикамыздың оң­түстігінде қоныстанған, суқоймала­рына талабы көкқұтандай. Олардан айырмашылығы топ болып қоныстанады. Балықтар, бақалар және ірі жәндіктермен қоректенеді. Көк құтан – аяғы ұзын, денесі бүйірінен қысыңқы, үшкір тұмсығы тіп-тік ұзын, желкесіндегі селдір қауырсындары қара айдары бар сирақты құстар отрядының бір түрі. Түсі көбінесе көкшіл сұр түсті боп келеді. Қазақстанның далалы аймақтарында көбірек кездесетін жыл құсы. Өсімдігі шүйгін өсетін өзен бойларын, саз-шалшық жиектерін мекендейді.
Тартар – салмағы 150 г-дай, дене пішіні екі бүйірінен қабысыңқы, тырна тәрізділер тұқымдасына жататын, ерте көктемде ұшып келіп, күн суыта жылы жаққа қайтатын жыл құсы. Арқасы мен басы сарғыш, бауыр жүні сұрғылттау боп келеді. Екі сартқа – бір тартар – ел ішінде сақталған бұл әңгіменің мәнісі аңшының атып алған аң-құстарын олжа етіп бөлісуіне (үлестіруіне) байланысты: аңшы атып алған құстарын салт бойынша олжа ретінде жол үстінде кездесіп қалған екі сартпен былайша бөлісіпті:
«Бисмилла, безгелдек,
Былай жатсын дуадақ,
Сыбағама – қоңыр қаз;
Үлесіме – үш үйрек;
Екі сартқа – бір тартар,
Аққуды пақырың өзі артар … – деп, олжаның бәрін өзі алып, екі сартқа бір тартар құсты беріп, айласын асырып кеткен аңшының бұл әрекетін көбірек ойлайтын, ретін тауып, олжаны өзі ғана пайдаланатын қу адамдар жайында» ел ішінде айтылатын сөз.

Қараторғай мен тырна…

Ала қараторғай – шегірткелерді құртушы, ғалымдардың есебі бойынша, бір ересек қараторғай күніне 200 г шегірткені құртады, 10 мың жұп айына 108 тонна осын­дай зиянкестерді құртады. Дегенмен, жаз соңында күзде ала қа­раторғайлар кәдімгі қаратор­ғайларға жүзім өнімін құртуға қатты көмектеседі.
Сарыжал қараторғай – қара­торғайлар тұқымдасына жататын басқа туыс өкілі. Осыдан 100 жыл бұрын ол «ауған қараторғайы» деп аталған. Бізде тіршілік ететін сарыжал қараторғайы оңай музыкалық шығармаларды, көбіне әйгілі әндердің әуенін керемет дәлдікпен орындайды.
Тырна – жіңішкелеу жаратылған мойны, аяғы ұзын, тұмсығы тіп-тік сүйір боп келетін, биіктігі бір метр шамасында, сирағынын санынан төменгі жағы қауырсынсыз болатын, құйрығы қысқа жыл құсы. Ел жүріп-тұратын жерден аулақ, жазық даладағы ашық жерлерді мекендейді. Өсімдік дәні, жеміс-жидектер мен ұсақ жәндіктерді, моллюскаларды азық етеді. Еркегі мен ұрғашысының түсінде бәлендей айырмашылық жоқ, бірдей болады. Тырналардың қимыл-әрекеттеріне қарап қазақтар түрліше нышандар келтіріп жатады. Мысалы: «қайтқан тырна төмендеп ұшып барады, арқасынан аяз қысып барады» дейді; бұл – қыстың ерте түсуінің нышаны («БжЕ», 60.09.24). Немесе, күзде қайтқан тырналар тым жоғарылап ұшса, қыс жылы болады деп шамаланады. Тырнаның түрлері:
Ақбас тырна – осы тұқымдастың ең кіші өкілі (салмағы 2-2,5 кг). Көптеген басқа түрлерден айырмашылығы сазды жерлерді мекендейді. Қазақстандағы тың жерлерді игеру нәтижесінде, ақбас тырнаның саны азайып кетті. Сондықтан Қазақстан Кызыл кітабына енгізілді. Ақ тырна – түсі бір сыдырғы аппақ болып келетін тырна. Көк тырна – түсі көкшіл сұр болып келетін тырна. Сұр тырна – ақбас тырнадан үлкендеу (салмағы 4-7 кг) және түсі қаралау. Бұл ұзын сирақты, ұзын мойынды құс орманды далалы аймақтағы балшықты жерлер мен ылғал шабындықтарды мекендейді.
Шалшықшы – сирек те болса Қазақ­станның батпақты аудан­дарында кез­десетін, тұмсығы өте жіңішке, денесі шағын, көбіне жәндіктермен қоректеніп, ұясын саз арасындағы құрғақтау жерге құрастыратын жыл құсы. Үлкен шалшықшы – ақ селеулі Қазақстан даласының әшекейі. Біздің даламыздағы ең үлкен шалшықшы. Ұзын аяқтары, жіңішке ұзын доға тәрізді төменге иілген тұмсығы бар. Жерде жүретін құс, бұталарға отыра алады. Дауысы – әдемі, әуенді, жай дірілдеген ысқырық.

Ақ ләйлек

Көктем қарсаңында қазақ даласына жылы жақтағы мекенінен жыл сайын ұшып келіп, жұмыртқалап, балапанын өсіріп, өргізіп, күзге қарай келген жағына қайтып кететін қос мекенді жыл құстары туралы тілдік деректерді қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы, академик Әбдуәли Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде: Табиғат» атты еңбегінен (ІІІ том. Алматы: Сардар, 2013. 407-438 бб.) беруді жөн көрдік:
Ақ ләйлек – тұмсығы ұзын және тіп-тік сүйір боп келетін, денесі ірі, сидам сирақты жыл құсы. Сирақтарының саусақтары жүзу жарғағымен қосылған, қанатының қауырсындары ақ не қара түсті болады. Ұясын батпақты, шалғынды жерлердегі үлкен ағаштардың төбесіне салады. Қазақ жерінде Оңтүстік Қазақстан облысының түстігінде ғана кездеседі.
Жылқышы – балықшылар отря­дына жататын жыл құсы. Жалпы сұрғылт түсті болып көрінгенімен, қауырсындарының шеті ақшыл, бауыры ақ болады. Жіңішке келген ұзын тұмсығының ұшы төмен қарай иілген, имек. Республикамыздың далалы және шөлді аймақтарында кездеседі.
Көкек – көктемде жылы жақтан ұшып келіп, өзіне жұп іздейтін кез болғанда еркегі «көк-көк, көк-көк» дейтін дыбыс шығаратын жыл құсы. Бұл құстың ұрғашысын сейнек не сейнеп деп те атайды. Әдетте еркегінің де, ұрғашысының да түсі тарғылданып тұратын сұр түсті боп келеді. Оның өзге құстардан айырмашылығы – ұя салмайды да, жұмыртқасын сездірмей басқа құстардың ұясына тастайды. Халықтың туған баласын тастап кететін кейбір шешені «көкек» деп жататыны осыған балап айтудан қалыптасқан.
Халық арасында көкек атымен байланыстырып айтылатын түрлі тұспалдар да баршылық. Мысалы, «көкек қанша рет шақырса, оның үнін тыңдаушы адам сонша жас жасайды» деген сенім бар. Сондықтан көкектің үнін ести бастағанда осы наным бойынша кейбіреулер қанша рет «көк-көк, көк-көк» дегенін санай бастайды да, аз болса өз жасына қосып, «о, мен бәлендейге келеді екенмін!» деп түйеді. Немесе: аспанда теңбіл бұлттар жөңкілгенімен көкектің даусы естілсе, ол күні ауа райына алаңдаудың қажеті жоқ, ауа ашық болады. Егер көкек адам басын айналып ұшса, ол бақытсыздық алып келеді деп жорамалданған («БжЕ», 9, 1979) дегендей. Көкек өз атын өзі шақырады – біреуді сынап-мінеген болып, өз басының кем-кетігін аңғармай айтып отырады демекші.
Күйкентай – орманды, далалы өңірлердің алғашқы сирек алқаптарын мекендейтін сұңқар тұқымдасының бір түрі; көктемге қарай ұшып келетін жыл құсы. Еркегінің түсі күңгірт қоңыр, ұрғашысы – одан ірілеу, сұрғылт теңбілді боп келеді. Кішігірім жыртқыш құс болғандықтан түрлі зиянкес жәндіктер мен кемірушілерді ұстап жеп, ауылшаруашылығына пайда келтіреді. Арық аттың бабын тапсаң – тұлпар, Күйкентайдың бабын тапсаң – сұңқар.
Қараторғай – денесі бозторғайдың тұрқындай, түсі тек қара түсті боп келетін, қысқа, үшкір тұмсықты жыл құсы. Көбіне елді мекендер төңірегін, сирек те болса орман-тоғай ішін, далалы жерлерді мекендейді. Балапандары есейген соң, қазан айының орта тұсына қарай, суық түсе, жылы аймақтарға қайтады. Көбіне жәндіктерді, олардың личинкаларын, басқа да омыртқасыздарды, құрттарды құртып, ауылшаруашылығна пайдасын тигізеді.

Бетті дайындаған Гүлсінай ИСАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. ардак

    Мақала маған қатты ұнады осындай мақала көп болсын авторға айтарым қаламың ұштала берсін!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.