Ұлағат

Әдетте тәлім-тәрбие мәселесін тілге тиек ете бастағанда, тамыры тым тереңде жатқан ұлы дала перзенттерінің ұлттық болмысы адам бойына жылы қан жүгіртіп, ойға қалдыратыны белгілі.  Сондай есімі ел есінде жүрген, өзінің бар саналы ғұмырын еліміздің рухани өмірін өркендетуге, білім беру ісін дамытуға, қазіргі қоғамның адамгершілік қасиеттерін нығайтуға арнаған қадірменді ұстаз, қарымды қайраткер, табиғаты ізгі жандардың бірі –қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі Күләш Құнантайқызы Құнантаева апамыз.

Өз бойындағы бар асыл қасиеті мен қажыр-қайратын, білімі мен білігін жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Күләш Құнантайқызының сексен бес жылдық ғұмыр жолы өзінше бір тарихи шежіре десе де болғандай. Одан кейінгі ұрпақ тағылым алып, ой түйіп, көңілге көп нәрсені тоқитыны ақиқат. Гректің ертедегі әйгілі тарихшысы Плутархтың: «Біз тарих емес, өмірбаян жазамыз» дейтіні тегіннен-тегін айтылмаған сөз болса керек. Ендеше, біз де қазақтың осынау қайраткер қызы, аты әлемге танымал педагог-ғалымның өмірбаянына тоқтала кетсек дейміз.
…Қаршадайынан ұстаз болсам деп армандаған Күләш Құнантайқызы өзінің еңбек жолын Алматы іргесін­дегі Жамбыл ауданына қарасты «Октябрь» орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болудан бастады. Ол бұл жерге Қазақ мем­лекеттік қыздар педагогикалық инсти­тутының филология факуль­тетін табысты тәмамдаған соң, арнайы жолдамамен келген болатын. Жаңалыққа жаны құмар жас маман өзінің ізденімпаздығы мен іскерлігі арқасында мектептегі білім беру ісі мен жас жеткіншектерді тәрбиелеудің қыр-сырын тез меңгеріп алды. Оның ұйымдастырушылық қабілетін бірден аңғарған тиісті орындар Күләш Құнантайқызын Алматы қаласына шақырып, осындағы Ленин аудандық комсомол комитетіне мектеп бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Ол осы қызметте екі жылдай – 1954-1956 жылдары істеді. Одан кейінгі жылдардың бәрі Күләш Құнантайқызының қайраткерлік өсу, қалыптасу жолы секілді. Атап айтқанда, 1956-1959 жылдары Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы, 1959-1964 жылдары Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, 1964-1967 жылдары Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министрінің орынбасары, 1967 жылы Алматы шет тілдері институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, 1968-1984 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болып жауапты қызметтер атқарды.
Сондай-ақ 1975 және 1980 жылдары екі рет ІХ-Х шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ал 1981 жылы «Қазақстанда әйелдерге білім берудің дамуы» (1920-1975 ж.ж.) атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Ол тұста елімізде педагогика ғылымының докторлары өте аз болатын. 1985-1992 жылдары Күләш апай Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтының докторлық диссертация қорғау жөніндегі кеңесінің мүшесі болды. 1993 жылдан 2010 жылға дейін еліміздің жоғары оқу орындарының қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторлық диссертация қорғау жөніндегі арнайы маманданды­рыл­ған кеңесінің мүшесі. Ол кісі кеңестік кезеңде алдымен КСРО Педагогика Ғылымдары Академиясына, кейіннен Ресей және Грузия Білім Академия­ларына қазақ әйелдері арасынан тұңғыш рет академик болып сайланды. Қазақстан Республикасының Жоғары Аттестациялық Комитетінде педагогика және психология ғылымдары саласы бойынша сараптау кеңесінің төрайымы ретінде де қыруар іс-шаралар атқарды.
Күләш Құнантайқызының ұйым­дастырушылық, іскерлік, қай­рат­керлік қабілетінің жарқырай көрінген кезі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болып қызмет атқарған жылдарға сай келеді. Әлемде баламасы жоқ осы бір оқу орнын тапжылмай он алты жыл басқарған кезінде институт өз саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Жаңа оқу бағдарламалары, оқу-әдістемелік жұмыстар, оқудан тыс тәрбиелік мәні бар қоғамдық ұйымдар көптеп іске қосылды. Ол кісінің тікелей басшылығымен құрылған «Айгүл» ансамблі әлемге танымал болды. Осы кезде шығармашылықпен жұмыс істеуге бейімі бар озат ұс­таздар мен тәжірибелі, өз ісіне жан-тәнімен берілген іскер оқытушы-профессорлар қауымы өсіп жетілді. Бұл орайда айта кететін нәрсе, сол кезде де (соңғы жылдардағы секілді) «Қазақстанда педагог-ғалымдар шамадан тыс көбейіп кетті, жалпы осы бізге Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты керек пе, әлде керек емес пе?» деген сыңайдағы сыңаржақ әңгімелер шығып, аталған институттың тағдыры қыл үстінде тұрған еді. Осындай бір шешуші кезеңде Күләш Құнантайқызы өзінің дәлелді пікірлерімен, орынды ойларымен тиісті орындарға шығып, олардың көзқарасының дұрыс емес екеніне көздерін жеткізіп, институтты арашалап алып қалуда ерен еңбек сіңірді.
Керісінше, ол бұған ширыға түсіп, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуда, студенттердің білім сапасын жақсарту мен оқытушы-профессорлар құра­мының ғылыми әлеуетін арттыруда, білім ордасын Кеңес Одағы көлеміндегі алдыңғы қатарлы оқу орнына айналдыруда бар ынта-ықыласымен, ерекше күш-жігер­мен аянбай әрекет етті. Бұл іске республиканың сол кездегі бірінші басшысы, халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ерекше қолдау көрсетті. Үлкен кісінің тікелей қамқорлығы арқасында төрт қабатты заманауи жаңа оқу ғимараты, студенттерге арналған төрт бірдей әрқайсысы 300-400 орындық типтік үлгідегі жатақ­хана салынып пайдалануға берілді.
Күләш Құнантайқызы өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қызме­тін ғылыми-зерттеушілік жұмыспен де табысты ұштастыра білген жан. Осы уақытқа дейін ол кісі монографиялық зерттеулер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, жекелеген мақалалар жазып, барлығы 360-тан астам ғылыми еңбектің авторы атаныпты. Оның әрбір зерттеу жұмысы жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудың өзекті мәселелерін кеңінен қарастыруға арналған. Мектеп мұғалімі, аудандық, облыстық, республикалық дәрежедегі комсомол жастардың жетекшісі секілді баспалдақтардан өтіп, өмірлік мол тәжірибе жинақтаған ғалым-ұстаз үнемі оқу-ағарту ісі жолында, ғылыми ізденіс үстінде жүрді. Әсіресе ол кісіні мектеп оқушыларын тәрбиелеуді ұйымдастырудың кең тараған түрі – сабақтан тыс жүргізілетін жұмыстар ерекше қызықтыратын. Бұл мәселені өзінің ғылыми-педагогикалық зерттеу тақырыбына айналдырған Күләш Құнантайқызы 1966 жылы «Қазақстандағы оқушылардың оқудан тыс еңбек және білім беру бірлестіктері» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын үлкен табыспен қорғады.
Профессор К.Құнантайқызының ұзақ жылдар бойы мұқият зерттеп келе жатқан тақырыптарының бір саласы – жоғары мектептерде педагог-кадрлар даярлау, олардың ұстаздық шеберліктерін шыңдап, адамгершілік қасиеттерін нығайту, біліктілігін арттыру мәселелері. Бұл ретте ғалымның әртүрлі ғылыми жинақтары мен журналдарда жарияланған мақалалары ғылыми тұрғыда аса құнды. Ұлағатты ұстаздың қазіргі кезеңдегі экономи­калық-әлеуметтік жаңғырту жағдай­ларында мектеп мұғалімдерін даярлаудың тиімді жолдарын қарас­тыруы, Отанымыздың болашақ ұлтжанды азаматтарын тәрбиелеу барысындағы түйткілдерді шешу жолдарын іздестіруі, сол орайда айтқан ұсыныстары, ойлары мен пайымдары өте маңызды.
Ол кісінің ғылым-білім сала­сын­дағы атқарған қызметі әділ баға­ланып, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталуы, еліміздің құрметті атақтарын иеленуі ғалымның еселі еңбегінің айғағындай.
Көрнекті педагог-ғалым, ұлағатты ұстаз, менің қадірменді ғылыми жетекшім, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, академик Күләш Құнантайқызы Құнантаева туралы айтылар сөз өте көп. Мәселен, ол кісінің ғылыми жетекшілігімен 30-дан астам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Солардың бірі ретінде өзім де, ғалым-ұстаздың жөн-жоба көрсетуімен, 2005 жылы қазақтың аса көрнекті қаламгері, Социалистік Еңбек Ері, академик-жазушы «Ғ.Мүсіреповтің педагогикалық ой-пікірлері» атты тақырыпта диссертация қорғап, педагогика ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болдым. Доцент, профессор атандым. Әрине, осындай дәрежеге жетуіме ұстазымның ықпалы ерекше болды.
Қазірде кең-байтақ өлкеміздің қай бұрышына барсаңыз да Күләш апамызды білмейтін жан жоқ. Солардың кез келгенімен тілдесе қалсаңыз, олар Күләш Құнантайқызының шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл, адал, жүрегі батыр, өнегесі асыл адам екендігін тамсана айтып, ол кісіге ыстық сәлемін, жылы лебізін жеткізуді өтініп жатады. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, ол кісінің біз секілді шәкірттерінің қатары күннен-күнге өсіп келе жатқаны осы айтқанымыздың тағы бір дәлелі іспеттес.
Жуықта апайдың үйінде болдым. Ол кісі жазу столында жұмыс үстінде отыр екен. Стол үсті жайылған қағаз-құжаттар, дерек-мәліметтер, анасы Зияда Жарболқызының өлеңдері.
Апай сексен бес жастан асқан адам секілді емес. Әлі тың. Жүрісі ширақ, ойы тиянақты, әңгімесі орнықты, еңсесі биік.
Жаны жомарт, пейілі дарқан, ерен еңбекқор, шәкірттерінің ардақтысына айналған Күләш Құнантайқызының өмір тарихы мен еңбек жолына қарап отырып, ол кісінің осы жасқа дейін қатардан қалмай, шаршамай-талмай халқына қызмет етіп келе жатқаны баршамызға үлгі боларлық-ау деген ойға келдім.

Нұржамал Сманова,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің профессоры,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.