«Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай!»

«Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай,
Қажымас, қашық жолға, тұлпарым-ай.
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!»
Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов жайында осылай толғаған еді. Әлихан қашанда ел есінде, халық жүрегінде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейханов және Алаш мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Алаш арысының 150 жылдығына арналған басты іс-шаралар ғылым мен білімнің ордасы болып саналатын Алматыдан бастау алғанын айта кету парыз. Конференция аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қайта жарыққа шығарып отырған Алаш басылымы – «Айқап» журналының тұсаукесер рәсімі болды.

Алқалы жиынды жоғарыда аталған университет ректоры Ғ.Мұтанов кіріспе сөзбен ашты. Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек сөз сөйледі.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Сенат депутаты Н.Оразалин «Ә.Бөкейханов: Алаш идеясы», ҚР Мәдениет және спорт министрлігі­нің жауапты хатшысы Қ.Уәлиев «Ә.Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларды атап өтудің өзекті мәселелері», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі У.Қалижанұлы «Ұлттың ұлы тұлғасы», Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Х.Әбжанов «Ә.Бөкейханов және ұлттық тарихты зерттеу әдіснамасы», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі Талас Омарбеков «Ә.Бөкейханов – Алаш руханиятының көшбасшысы» тақырыптарына тереңірек тоқталды.Alihan

Конференция жұмысы «Ә.Бөкейханов және Алаш азаттық қозғалысы», «Ә.Бөкей­ханов және ұлт руханияты», «Алаш зия­лыларының әдеби мұрасы», «Қазіргі ке­зең­дегі алаштанудың өзекті мәселелері» атты секция жұмыстарымен жалғасты.
«Айқап» журналының тұсаукесер рә­сімін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен ҚР Парламенті Сенаты­ның депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жасады.
1911-1915 жылдары Мұхамеджан Сера­линнің редакторлығымен Троицк қа­ласында басылған «Айқап» қазақтың қоғам­дық санасының оянуына және ұлттық мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосты. Журналда қазақ ауылдарындағы оқу-ағарту жұмыстары, әйел теңдігі, отырықшылық өмір салтына көшу, сонымен қатар Мемлекеттік Думаға қатысу жөніндегі ­саяси мәселелер көтеріліп, А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Б.Майлин, А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин және т.б. белгілі қоғам қайраткерлерінің туындылары жарияланды.
Кейіннен 2012 жылы жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйымдастыруымен «Айқап» журналының жалғасы ретінде тіркеліп, 10 нөмірі шыққан еді. Енді, міне, 2016 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен жаңа саны жарық көріп отыр.
Бұл жөнінде журналдың жарық көруіне басшылық еткен Ғ.Мұтанов былай дейді: «Қолыңызға бұдан бір ғасырдан астам бұрын қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған «Айқап» журналының №106 саны тиіп отыр. …Қысылтаяң тұс, қытымыр кезеңде ұлтқа таяныш болған басылымды шығаруды жалғастырып, оны болашақ көшіне ілестіру – жекелеген ұйымға немесе тұл­ғаға ғана емес, ұлтқа сын. Сондықтан да жауапкершілік жүгін, парыз пайымын зерделей келе, журнал жұмысын ұлттық ғылым мен білімнің қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қолға алып отыр. ҚазҰУ білікті маман ғана емес, ұлттық қасиеттерді бойға сіңірген, отансүйгіш, өткенді бағалайтын азамат тұлғалар тәрбиелейтін жоғары оқу орны. Мұндағы мақсатымыз – «Алаш баласы, жұрт қызметіне кіріс» деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, жауапкершілікті сезіне отырып, сындарлы кезеңде ел болашағына алаңдайтын азаматтардың сөзі мен ісін, ой-қимылын Қазақстан халқына қызмет етуге жұмылдыру болып табылады».

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.