Нағашының жолы үлкен

Қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша ер-азаматтың үш жұрты болады. Үш жұрт та жанашыр, сүйеніш, қорғаныш. «Өз жұртың күншіл келеді. Бар болса, көре алмайды. Жоқ болса, бере алмайды. Жақсы болсаң, күндейді, жаман болсаң, жүндейді. Қайын жұртың міншіл келеді. Қолыңның ұзындығына, жағаңның қызылдығына қарайды. Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың. Нағашы жұртың – сыншыл келеді. Жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілеп, қамқоршы болады» деп дана халқымыз әр жұрттың бітім-болмысына қарап, сипаттама берген. 

Нағашы немесе нағашы жұрт – туыстық атау болып саналады. Дәстүрлі қазақ қоғамында нағашының жиенге қарағанда жолы үлкен. Нағашы жұрт – туған ананың әке-шешелерінен бастап, барлық аталас ағайын-туыстары мен үрім-бұтақтары. Шешесінің төркіні балаларына нағашы болады. Әже төркіні немересіне түп нағашы делінеді. Үш жұрттың ішіндегі ең ерекшесі болғандығынан шығар олар жиенін әрқашан еркелетіп, сұрағанын беріп отырған. Тек туған нағашысы ғана емес, сол рудың барлығы да жиенге нағашы деп аталады. Нағашы жиенінің азаматтығы мен ізгі істеріне сүйсініп, мақтанып, мақтап отырады. Нағашылық жасқа қарамайды. Кейде жиен нағашыдан үлкен болуы да мүмкін. Нағашы жұрттың еркек-әйелдерін жиендері «нағашы апа», «нағашы жеңге», «нағашы қарындас», «нағашы іні», «нағашы аға», «нағашы әже» деп атайды. Жиен – қыздан туған бала. Жиеншар – жиеннен туған бала. Ол да әкесі сияқты жиендік ғұрыпты жалғастырады. Нағашы (ер, әйел) – ананың төркін жұрты.

Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан…

Нағашы жұртың – сыншыл. Жақсыңа сүйінеді, жаманыңа күйінеді, әрдайым тілекші, тілеуқор боп жүреді. Жігіттің шешесінің туыстары нағашы аталып, өзі оларға жиен болатыны баршаға белгілі. Қазақ халқында қалыптасқан дәстүр бойынша нағашы мен жиен арасындағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері бар. Олар бірін-бірі күндемейді, араларында бақталастық, қызғаныш болмайды, өзара әзілдесіп қалжыңдасады. Жиеннің еркелігін де, тентектігін де көтереді. «Балалығың ұстаса нағашыңа бар» деген мәтел соны меңзейді. Ал «Нағашымен күрескен жиен жығылады» деген мәтелдің мәні үлкенді сыйлауға, жөн-жосықты білуге үндейтіндігімен мәнді.
Нағашы жұрт жиенді ешуақытта сыртқа теппейді, керісінше, «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп бауырына тартып отырады. Сөйте тұра «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» дейтіні тағы бар. Бұған жауап ретінде: «Жиен ел болады – малы болса, желке ас болады – майы болса» деп әзіл-қалжыңға май құяды. Егер жиеннің қисық-қыңыр мінезін, оғаш қылығын байқаса «Өзі жаман туады, нағашыдан көреді» деп тағы қалжыңдайды. Мұның бәрі нағашы мен жиен арасын алыстату үшін айтылған сөз емес, өзара достық әзілден туып, көпшілік арасында қалыптасып кеткен бейнелі ұғымдар. Жиеннің жау емес екенін біле тұра оны «ел болмайды» деуі бұл жігіт намысын қайрай түсу үшін әдейі айтылған әзіл-қалжың. Сондықтан да жігіт бұл сөзге жасымайды, қайта жігерлене түседі. Әзілі жарасқан жиен қашанда нағашы жағынан қырық серкеш «даулаумен» болады. Нағашылары оған «кет әрі» демейді, керісінше, оның талабын құп алып, тауанын қайтармайды. Бұл – бұл ма, жиенін өз қолынан үйлендіріп, басына отау тігіп, алдына мал салып берген нағашылар да баршылық. Бұл – әркімнің хал-ахуалына қарай орындалатын дәстүрлі сыйлық. Егер нағашының қолы қысқа болып, жиеннің байлығы артып жатса, жаңағы сыйлықтың керісінше жүретін кезі де болады.
Нағашы мен жиен арасындағы қарым-қатынас алым-берімге ғана қатысты емес. Мал-дүние қолдың кірі сияқты, оның бір жұтта жуылып-шайылып кетуі әбден мүмкін. Ал, нағашы мен жиен туыстық жағынан мәңгі ажырамайтын тұлғалар. Бұлар мейлі бай, мейлі кедей болсын бәрі бір, бірінен-бірі кете алмайды. Өз анасын шын сүйетін жігіт сол ананың туыстарын да жақыным, бір жұртым деп қадір тұтып, олардың бауырына кіруге әзір тұрады. Нағашылар да жиенді баласындай еркелетіп, басынан сипайды. Қашан да нағашы жақта білімді, білікті, ақылды, өнерлі адамдар кездеседі. Солардың бірінің болмысы, бірінің өнегесі жиенге жұғуы заңдылық болса керек.

Балалығың ұстаса  нағашыңа бар…

Әрбір адам туған анасын өте жақсы көреді. Ендеше, анасының әке-шешесін, аға-інісін, басқа да ет жақын туыстарын қалайша құрметтемесін?!
Соңғы жылдары өздерінің өмір жолдары туралы естеліктер құрастырып, арғы ата тегін түгендеп, ғұмырнамалық шежірені тарататын немесе отбасылық өнегені баяндайтын кітап жазғыштар көбейіп кетті. Бір қызығы, солардың қайсыбіреулерін парақтап көрсеңіз де нағашы жұрт туралы жып-жылы лебіздерді, көңіл толқытатын қимастық пен сағынышқа толы жүрекжарды пікірлерді кездестіретініңіз анық.
Қымбат болар туған жердің ағашы да,
Әркімнің жету керек бағасына.
Анамыздың ақ сүті үшін өмір бойы,
Бәріміз борыштымыз нағашыға, – деген өлең шумағы осындайда ойға оралады.
Өлең демекші, нағашыға арналған жырлар баршылық. Әсіресе, қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі, айтулы лирик ақын Мағжан Жұмабаевтың «Нағашыларға» деген өлеңі
Сол екеуден жеті-сегіз біз бармыз
Бәрі жиен, бәрі сізге бөтен бе?!
Бәрі жиен, бәрі сіздің қаныңыз,
Бәрі сіздің шашқан тұқым-тарыңыз,– деп басталатындықтан кім-кімнің де көңіл төрінен орын алары сөзсіз.
Сондай-ақ жиын-тойларда үнемі нағашының батасы ерекше толғанысқа толы. Мәселен,
Мен нағашы білсеңдер,
сендер маған жиенсің,
Жақсы болсаң жиендер, нағашыны сүйерсің.
Суығына қалтырап, ыстығына күйерсің,
Еңбек етсең ерінбей бақытты болып жүрерсің, – деп басталатын игі тілектер жер бетінде қазақ деген халық тұрғанда ешқашан толастамайтыны ақиқат.
Соңғы кезде теледидар бетінде әншілер Заттыбек Көпбосын мен Клара Төленбаеваның шырқауындағы «Нағашыма» дейтін ән жиі беріліп жүр. Осы әнді тыңдағанда жас-кәрінің де көңілі толқып отырғанын көк жәшіктің экранынан талай рет көргенбіз.
Үш жұрттың ұлығы деп, ұлысы деп,
Сөзінің бұрынғының дұрысы көп.
Мен сені жақсы көрем, нағашыжан,
Ардақты анашымның туысы,– деп басталып,
Жарқ етіп, жақсы аға, ақ маңдайың,
Тірей бер біздің үйге ат маңдайын.
Қараймын көкжиекке күнде тұрып,
Артыңда анам келе жатқандайын,– деп аяқталатын ән әрбір жүрек қылын шертіп, өткен шаққа деген сағынышты, балалық балдәурендегі нағашыларының бейнелерін көз алдарына әкеліп, қимастық сезімді оятатыны анық.

Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды…

Өткен ғасырдың соңында қоғам ауысып, елде өндіріс тоқтағандықтан дағдарыс басталып ер-азаматтар жұмыссыз қалып, әйелдер қауымы «қара қазан, сары баланың қамы үшін» ала дорба арқалап кеткен кезеңдер де болған еді. Сондай күрделі уақытта қаншама жиендердің нағашыларын паналағанынан хабарымыз бар. Тіпті маған таныс бір отбасында жиені көктем кезінде бір теріс әрекет жасап, полиция қолына түскен жағдай орын алды. Сонда нағашысы дардай қызметін тастап, ата сақалымен басын иіп заң орындарына барып жиені үшін қомақты айыппұл төлеп, түрмеге қамаудан жиенін босатып алды. «Ел ішінде бір тентек жүрмей ме? Жиенімді соттатып жіберсем қызымның бетіне қалай қараймын» деп кемсеңдеген шал бүгінде өмірде жоқ. Алайда данагөй аталарымыздың сұңғылалығы, бала үшін от пен суға түсуге дайын тұратындығын ұмыту мүмкін емес. Жиендердің бейбастақ қылығын сабырмен жөндеп, ұлағат сөздерін құлақтарына құюдан жалықпаған, нәтижесінде қателіктерін кешіріп, түзу жолға салып жіберген нағашылар қай ауылдан болсын табылады. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген тәлімді саналарына мықтап сіңірген нағашылар ешқашан жиенге қол көтермейді. Теріс әрекетін әзілдей отырып миына жеткізеді, ақылға жүгіндіреді, сөйтіп, оң тәлім-тәрбие береді. Осындай істерін олар ешуақытта міндет қылмайды. Өздері қандай таза болса өзгелерді де солай көреді және солай болуын қалайды да.
Мен 1981 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірер кезде «Тамаша – ойын-сауық отауы» дейтін тақырыпта дипломдық жұмысымды қорғадым. Оқу кезінде ұдайы телевидениеде тәжірибе жинақтаған болатынмын. Актер, қоғам қайраткерлері Құдайберген Сұлтанбаев пен Тұңғышбай Жаманқұловтың халыққа танылған бейнелерінің ең бастысы: нағашы мен жиен арасындағы диалогтары еді. Осы кезге дейін нағашының, жиеннің образдары жайлы сөз етсек жоғарыдағы өнер адамдары ойымызда тұрады.

Динара СӘДУАҚАСОВА, тігінші:
– Менің анам 45 жасында аяқ астынан қан қысымы көтеріліп қайтыс болды. Содан бері 10 жыл уақыт өтсе де әлі күнге дейін өң мен түстің арасында жүргендеймін. Анамның бұл өмірде жоқ екеніне көңілімді еш сендіре алмаймын. Үнемі елеңдеп күтетіндеймін. Қай жерге барсам да, анама ұқсас біреулерді көріп қалсам болды, сол жерде қалшиып тұрып қаламын. Анамның екі сіңлісі, бір інісі бар, олар Қарақалпақ жерінде тұрады. Жаз шықса болды еңбек демалысымды ала сала нағашы жұртыма барғым келеді. Олар мені жұбатады, еркелетеді. Сол жерде өзімді жақсы сезінемін.

Шірбану ҚИЛЫБАЕВА, мұғалім:
– «Нағашы – бәйтерек, жиен – қотыр тайлақ» дейтін қазақтың мәтелі есіме түсті. Өйткені мен жасым 50-ге келгенше нағашы жұртқа сөзімді өткізіп, еркелеп өстім, тұрмыс құрғаннан кейін де жиеншарларын апарып, баққызып жүретінмін. Нағашы жұрттың маған жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Алайда мен оларға қандай көмек бердім, ол жағын айта алмаймын. Тек көңілге медет тұтатыным адал өмір сүріп, ешкімге қиянат жасамайтыным. Арам пиғылдан, жаман ойлаудан аулақ болуым – бұл да нағашы жұрттан дарыған қасиет екеніне күмәнім жоқ.

Махмұт АХМЕТОВ, құрылысшы:
– «Баланың жақсысы нағашысынан», «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар» деген сөздер тегін айтылмаса керек. Менің осы күндерді кешіп жүргеніме әуелі Аллаға, содан кейін Анама, қиын кезде қол ұшын беретін нағашыларыма алғысымды білдіремін. Нағашы атамның жақсы кісі болғанын үйде тұрған суреттегі күлімсіреген жүзінен және еңбектерінен білемін. Кішкентай кезімде Қызылорданың Жаңақорған ауданындағы алыс бір ауылында тұратын нағашы жұртқа қыдырып барғаным қазір де есімде. – Жиенжан, қалағаныңды ал, – деген нағашымның үні құлағымнан кетпейді. Мен өзіме ұнаған ала тайды қаладым. Кейін тағы бір қыдырыстап келгенімде жүйіткіген су жаңа велосипедке ие болдым. Сөйтіп, әйтеуір Қызылорда жаққа жолым түссе болды олжалы қайтатынмын. Бүгінде өзім де әке болғандықтан «жиенқұрық» дегеннің мәнін терең түсінгендеймін. Менің аяулы анамның аға-інілері Мұрат, Нұржан, Кенжебектер ұдайы маған бағыт-бағдар беріп, жақсы қасиеттерді бойыма сіңіруге көмектесті. Өзім сәулет-құрылыс институтын бітіргенмін. Отбасын құрғанда да нағашыларым материалдық және рухани жағынан жақсы жәрдемдесті.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.