Өмір өткелдері

Мемлекет және қоғам қайраткері Сәбит Хайырұлы Жадановтың еңбек жолын шартты түрде – жастар жетекшісі, өндіріс командирі және мемлекеттік дәрежедегі лауазымды қызметкер деп бөлуге болатын шығар. Сәкеңнің өмір жолы тақтайдай тегіс болды деуге де болмас. Өйткені өзі айтып, жазып жүргендей тағдыр иірімдері де жоқ емес. Әйтсе де ол өзін бақытты жан санайды.
Сәкеңнің жастық шағы Мәскеу қаласымен байланысты. Өйткені 1948-1953 жылдары Мәскеудің Мемлекеттік Экономикалық институтында оқып, оқуды бітірісімен сол кездегі талапқа сай КСРО Жоғары білім министрлігінің жолдамасымен Орталық Ресейдің Орлов облысы, Ливный қаласындағы соғыс кезінде Украинадан көшірілген «Ливгидромаш» зауытына экономист болып орналасады. Ал кәсіпорын КСРО Машина жасау министрлігінің құрамына қарасты мұнай және газ өнеркәсібіне ірі және орта қуатты насостар мен су электр станцияларына құбырлар дайындайтын бірден-бір өндіріс орны болатын.

Өнімдері Одақ көлеміне және шетелдерге де шығарылатын. Зауыт басшылары мен мамандары және жұмысшылары жас маманды жылы қабылдап, қамқорлық көрсетіп, пәтермен қамтамасыз етті. Жас маман өзін тек өндірістік салада ғана емес, қоғамдық жұмыста да көрсете білді. Ұжым жастарының сеніміне еніп, цехтың бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, зауыттың комсомол коми­тетінің бюро мүшелігіне сайланды. Зауыттың комсомол комитеті аудандағы мәртебеге сай аса ірі ұйым болатын. Арада көп уақыт өтпей Сәкең Ливный аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайланады.
Міне, осы жылдарда жолдамамен кел­ген жас маманның үш жылдық мерзі­мі де өтеліп, Сәкең енді өмір ­жолын Қазақстанмен байланыстыруға шешім қабылдайды. Бұған себеп болған бір оқиғаны айта кетудің реті келіп тұр. ­Хайыр атамыз (Сәкеңнің әкесі) Сәбит баласына сол кездегі Қазақ КСР Министр­лер Кеңесінің төрағасы Д.А.Қонаевқа хат жаздырады. «Қарағым Димаш, менің балам орыс болып бара жатыр, елге қайтаруға көмектес…» дейді. Көп уақыт өтпей-ақ хаттың Д.А.Қонаевқа жеткендігін және ол Сәбит Хайырұлы мен Сафура Ибрагимқызын (Сәкеңнің жұбайы) Қазақ КСР Мемлекеттік жос­парлау комитеті жұмысқа шақырып, жас мамандар ретінде пәтер бері­летіндігін көрсетіп жауап хат алғандағы қуаныштарын айтып жеткізе алмайды.
Сөйтіп, 1957 жылдың 14 сәуірінде Қазақ КСР Жоспарлау комитетінің энергетика бөліміне аға инженер-экономист болып, Сафура да сол Орталық аппаратта еңбек жолын бастады.
Сәкең өзінің кәсіби білім-біліктілігі, іскерлігімен аппаратта бірден көзге ілінді. Қоғамдық жұмыстарға араласып, өзін аз уақыт ішінде жан-жақты ­таныта білді. Сөйтіп, 1958 жылдың қаңтар айында Алматы қалалық комсомол конференциясы Сәбит Хайырұлын қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайлап, үлкен сенім білдірді. Орталықтан білім алған жас, кейіннен Алматы қалалық және облыстық комсомол комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып, құрметке ие болды.Комсомолдық органда жұмыс істеудің жас жағынан шектеулігі болатыны белгілі. Осы ескеріп, Алматы облыстық партия комитетінің шешімімен Алматы қаласындағы «Эмальпосуда» зауытына директор болып тағайындалды. Аз уақытта зауыттың өндірістік қуаты артып, шығаратын өнім түрлері де көбейіп, ол өнімдер халықтың сұранысына ие бола бастайды. Зауыт шын мәнінде өзінің атына сай өнім өндіріп, өндіріс технологиясын жаңартып, ауылшаруашылығына қажетті кейбір техникаларды дайындау­ды жолға қойды. Осыған орай зауыт «Металлист» атын иемденіп, Қазақ КСР Жергілікті өнеркәсіп министрлігінің құрамына енді.
Сәкең өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғаннан кейін үш жылдан соң Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омарұлы Омаровтың шақыруымен Орталық аппараттың Экономика және электрлендіруді жоспарлау бөліміне жұмысқа алынды.
Міне, осы жылдардан Сәкеңнің жаңа еңбек жолы бастау алды. Өзіне бұрыннан таныс ұжымда бір жылдан кейін хатшылық басшысы, комитеттің іс басқармасы басшының орынбасары, бастығы қызметіне тағайындалды. Мем­лекеттік жоспарлау комитетінде Одаққа, республикаға танымал, кейіннен мемлекет қайраткерлері атанған – Қ.Кетебаев, С.Жандосов, Д.Сембаев, Е.Асанбаев сынды тұлғалармен жұмыстас болып, бұл жолдастық қарым-қатынасқа ұласты. Мемлекеттік жоспарлау комитетіндегі қызметінде үлкен тәжірибе жинақтады, министрліктер мен ведомстволар, облыстық құрылымдармен қарым-қатынас орнатудың қыр-сырларын меңгерді. Түптеп келгенде, болашақ Одақтық дәрежедегі жұмысына жол салды. Сонымен араға он бес жыл салып оның өмір жолында тағы бір жауапты кезең басталды.
Орталық партия комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Сәбит Хайырұлы КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Тұрақты өкілінің орынбасары, кейіннен Тұрақты өкілі болып тағайындалады. Бұл өте жауап­ты қызмет еді. Б.Ә.Әшімов, Н.Ә.Назарбаев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерімен жұмыстас болып, олардың тікелей басшылығымен тұрақты өкілдіктің жұмысын Одақтық талаптарға сай ұйымдастыру, үкімет атынан мемлекеттік маңыздылығы бар мәселелерді орындау үлкен жауапкершілікті қажет ететін.
Ол Қазақ елінің сол жылдарда қол жеткізген табыстарын Димекеңмен байланыстырып, зор құрметпен еске алып отырады.
Димаш Ахметұлымен қоян-қолтық жұмыс істеген «Бәйкен Әшімовты халық жақсы біледі. Бәйкен Әшімұлы әр мәселеге байыппен әрі кәсіби тұрғыдан қарап, асықпай шешім қабылдайтын» дейді Сәкең.
Ал Нұрсұлтан Әбішұлымен 1979 жылы Кисловодск санаторийінде алғаш рет кездескен екен. Сәкеңнің өз сөзімен айтқанда «Нұрсұлтан Әбішұлы – халқының сүйікті ұлы, үлкен саясаткер, қаһармандық пен жасампаздыққа бейімді ерен тұлға».
Сәкең Мәскеуде тұрғанда қызметі тікелей тіл мәселесімен байланысты болмаса да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып, ана тілінің тағдырына араласып, жанашырлық танытқан тұлғалардың бірі. Бұл оның тек өз мамандығы мен өзіне жүктелген жұмыспен шектеліп қалмай, ел тағдырына байланысты мәсе­лелердегі жауапкершілігін айғақтайды.
Қазақ халқының әйел затына деген құрметі қашанда ерекше екені белгілі. 48 жыл жұптасып, өмір сүрген зайыбын әрдайым құрметпен еске алады. Сафура қалада, әрі ата-анадан ерте айырылып ағасының қолында тәрбиеленген. Сафураның Сәкеңнің ата-анасына, туыстарына, дос-жарандарына деген ықыласы ерекше болды. Оған көзкөрген біз де, сыйласып араласқан замандастары да куә бола алады.
Сәбит Хайырұлы Жаданов одақтық, республикалық дәрежеде лауазымды қызметтерді атқарған кездерінде, одан кейін зейнеткер ретінде де өмір және еңбек жолында жинақтаған тәжірибесін ел игілігіне арнаумен келеді. Бүгін 85 деген құрметті қария жасына келсе де өзін ширақ сезінеді, бақытты жан санайды. Ол өзінің адал еңбегі арқасында зор құрметке бөленді. Кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанды, Қазақстан КП Орталық Комитетінің мүшесі болды. Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген экономисі төсбелгісімен, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, Ұлы Отан соғысының 70 жылдық, Тың игерудің 60 жылдық мерекелік медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сәкең өз естеліктерінде «елімнің, халқымның арқасында өстім, жетілдім, құрметке бөлендім» деп еліне, халқына ризашылығын білдірумен келеді. Шындығында да, Сәкең айналасына шуақ шашып, жайқалған бәйтеректей болып, жас ұрпаққа өнеге көрсетіп жүр. Біз онымен мақтанамыз, мақтан тұтамыз.

Меңдеш ИСҚАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, экономика ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.