Құпиясы көп құс

Қазақстанда жарқанаттардың 20-ға жуық түрі кездеседі. Ал дүниежүзінде олардың 1000-ға жуық түрі тіршілік етеді екен. 40 түрі бұрынғы ТМД мемлекеттерінің аумағында мекендейді.

Жалпы жарқанаттардың түрлері өте көп. «Майтабан жарқанат» деп аталатын түрлері шіркейлер мен масаларды ауласа, ұзын қанатты жарқанаттардың 40 000-ы тек бір түннің ішінде 150 келі зиянды жәндіктерді қорек ететіндігі есептелген.
«Ақбауыр жарқанат» қолқанаттылар тобының жалтыртұмсықты жарқанаттар тұқымдасына жатады. Денесі ірі, тұрқы 66-82 мм, қол сүйегінің ұзындығы 59-66 мм, арқасы құм түстес, бауыры ақшыл болады. Ұясын жартастарға және тұрғын үйлердің қабырғаларындағы қуыстарға салады. Көктем мен жазда еркектері жеке-жеке, ұрғашылары топталып тіршілік етеді. Жемтігін күн бата аулайды. Көбіне жемтігін жер бетінен 2-3 метр биіктікте ұшып жүріп күн батқан соң ұстайды. Негізінен қоңыздармен, инеліктермен және көбелектермен қоректенеді. Жылына бір рет көбейеді. Жаз мезгілінде көбіне ұрғашысы 2 жарқанат табады. Сирек кездесетін түрі тасты, сазды жарларды мекендейді. Елімізде – Сырдария Қаратауының басындағы Ақмешіт үңгірі мен Үстірттің батыс жағындағы Қарамая тауынан табылған. Қаратауда аса терең емес тасты жарларда өмір сүреді. Ақбауыр жарқанаттың тіршілігі әлі толық зерттелмеген. Саны мен оған әсер ететін факторлар белгісіз. Үстірт қорығында қорғалады.
Бұл құстың ерекшелігі ұя салмайды, үңгірлерді, ағаш қуыстарын, үй, құрылыс шатырларын, жарқабақтардағы құс індерінде болады. Күндіз жеке не топтанып, бастарын төмен салбыратып, аяқтарымен тасқа, ағашқа, жарға жабысып демалады. Кешкі ымыртта және түнде жемтігін қалықтап ұшып жүріп, тасадан тосын шабуыл жасап, шап беріп аулайды. Әртүрлі омыртқасыздармен, әсіресе, түн жәндіктерімен қоректенеді. Күз мезгілінде қысқы ұйқыға кетеді. Бұл кезде жарқанаттардың дене температура­сы қоршаған орта температурасынан 1-2 градусқа ғана жоғары болады. Наурыз айында оянады. Ал қыс жылы болған жылдары қысқы ұйқыға кетпейді. Жарқанат табиғи жағдайда 20-25 жылдай тіршілік етеді. Жылына бір-ақ рет жалқы кейде егіз балапан табады. Балалары анасына жабысып өмір сүріп, бір айдан соң өз бетінше ұша бастайды.
Жарқанат ұшқанда өзінен ультра қысқа дыбыс толқындарын тарататындығын зерттеулер нәтижесі көрсетіп берді. Ол толқындар кездескен кедергіге шағылысып, оны жарқанаттың құлақтары дереу қайта қабылдайды. Сөйтіп, өзін қоршаған ортадағы затты айқын болжай алады. Міне, осы дыбыстың келу жылдамдығына байланысты жарқанатқа кедергінің қай жерде екендігі, оның пішіні көзбен көргендей айқын болады. Жарқанат шығаратын дыбыс жиілігі 49-51 мың герц аралығында екендігін ғалымдар дәлелдеген.
Құрсақтары ұлғайған жарқанаттарды көрген соң олар баласын қалай дүниеге әкеледі деген оймен ғалымдар жарқанат­тардың бірнеше ұрғашысын торға орналастырады. Біраз уақыттан соң ғалымдар торға келсе, ұрғашы жарқанаттардың барлығының да құрсақтары қабысқан және ол төңіректен ешқандай жарқанат баласы көрінбейді. Бұған ғалымдар қатты таңғалды. Оның құпиясы соңынан анықталды. Сөйтсе, бұлар қарындарына бала емес, өсімдіктің нектары мен тозағынан құралған ақ түсті желімді затты толтырып алған жарқанаттың өте сирек кездесетін түрі – «нектаршылар» екен.
«Кеңқұлақты жарқанат» Оңтүстік Еуропа мен Солтүстік Африкадан бастап, Оңтүстік-шығыс Қытай мен Жапонияға дейінгі аралықта тараған. Қазақстанда тек таулы жерлердегі үңгірлерді мекендейді. Топтанып тіршілік етеді. Кеңқұлақты жарқанат – Қазақстанда кездесетін жарқанаттардың ішіндегі ең ірісі: дене тұрқы 81-92 мм, қар сүйегінің ұзындығы 57-63 мм Құлақ қалқаны жалпақ, кең. Әуеде өте шапшаң ұшады. Түрлі түн жәндіктерімен қоректенеді. Ұрғашысы жылына бір жарқанат туады. Алайда кеңқұлақты жарқанаттың тіршілігінің көп жағы ғылымға әлі беймәлім. Өте сирек кездесетін түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына 1996 жылы енгізілген.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мақсат

    Жарқанатты адамдар қалай аулайды зеріттеу үшін дыбыс сезгіш болса

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.