Жер кодексіндегі түйткілдер түзетілетін болды

Былтыр Қазақстан Республи­касының «Жер кодексіне» өзгерістер мен толықтырулардың енгізілгені белгілі. Осыған орай, еліміздің стратегиялық маңыздылығы бар мәселе бойынша қоғам тарапынан алаңдаушылықтың туындағаны рас. 

Жуырда осы және өзге де бірқатар маңызды мәселелерге байланысты Елбасының төрағалығымен және Үкімет мүшелерінің қатысуымен алқалы жиын өтіп, Президент Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін мораторий жарияланатынын айтты.
Елбасы қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқы­ланбағанын, сондықтан көп жағдайда халықтың алаңдауы дұрыс екенін жеткізді. Егер қазақстандықтар қабыл­данған шешімге сенбейтін болса, демек, бұл – дұрыс емес деген сөз. Өйт­кені бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатқанын, қоғамда жерді жалға алу жөніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды екенін атап өтті.
– Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек. Егер талқылаудан кейін Парламент ортақ шешімге келетін болса, мораторий алып тасталады, ал егер олай болмаса, күшінде қалады. Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз. Бұл ретте мораторий сақталған жағдайда ауылшаруашылығының жағдайы нашарлауы мүмкіндігін түсіндіру қажет. Сондай-ақ Үкімет жанынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен комиссия құруды тапсырамын. Комиссия барлық мүдделі органдарды және қоғамдық бірлестіктерді тартуы тиіс. Резонанс тудырған ережені кеңінен талқылап, ортақ ұстаным әзірлеп, Парламентке беру керек. «Нұр Отан» партиясына демократиялық күштер коалициясы аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұған барлық партиялар, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысуы тиіс. Түсіндіру жұмыстарына Үкімет пен Парламенттің қос палатасының депутаттары ­белсене қатысады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Жер кодексі жөніндегі жұ­мыс­­қа жауапты екі мемлекеттік орган­ның – Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­­лігі мен Ұлттық экономика министр­­лігінің өз міндетін тиісінше атқара алмағанын айтты.
– Бұл министрліктердің жұмысы нашар дей алмаймын. Бірақ өздерінің ұстанымы елдің бәріне ұғынықты болып, дұрыс қабылдануы үшін түсіндіру жұмыстарымен айналысқан жоқ, – деді.
Н.Ә.Назарбаев Ұлттық экономика министрі Е.Досаевтың қызметінде жіберілген кемшіліктерге байланыс­ты отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің қызметіне сәйкестігі толық деңгейде емес екенін жария етті. Ұлттық экономика вице-министрі Қ.Өскенбаевты қызметінен босатуды, Ұлттық экономика министр­лігінің салалық комитетінің басшы қызметкерлері мен басқа да жауапты адамдардың қызметіне сәйкестігі туралы мәселені қарауды тапсырды. Сонымен қатар Үкіметке жер қатынаста­рын реттеу бағытындағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылы­ғы министрлігіне беру жөнінде тапсырылды.
Елбасы өз сөзінде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, Ұлттық экономика министрлігінің де, әкімдіктердің де ресми сайттарында жер реформасы жөнінде халыққа қажетті қолжетімді және көрнекі ақпарат болмағанына қынжылысын жасырмады. Шынтуайтына келгенде, бұл ресми органдардың бұқара халықты ақпаратпен қамтамасыз ету бағытындағы олқылықтардың орын алғанын байқатып отырғаны сөзсіз. Бәлкім, барлық қабылданып жатқан заң жобалары жұртшылыққа егжей-тегжейлі әрі дер кезінде таныстырылып отырса, мұндай түсінбеушіліктердің болмайтыны анық еді.

Бұл орайда Елбасы халықты ақпарат қолже­тімділігімен қамтамасыз етудің шетелдік үлгісін тілге тиек етті. Мәселен, Экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес, шетелдерде министрлер барлық туындаған мәселелерге қатысты әрдайым жедел пікір білдіріп отырады. Ақпараттық жұмыс тек журналистер алдына брифингке шығып, қағазда жазылғанды оқып беруден ғана тұрмайды.
Осы ретте «Біздің министрлер тіпті брифингтерде де журналистерден қаш­қақтап, қарапайым сауалдарға жауап бермейді. Қазіргі кезде біз министрліктерді қандайда бір саладағы саясатты ай­қын­дайтын органдарға айналдырдық. Саясаткер жұртпен тілдесуге, өз ұстанымын түсіндіруге, қоғамның сеніміне ие болуға тиіс. Халықпен, ең алдымен жаңа заңдарды қолданатын жұртпен кездесу керек» деген Президент сөзі көпшіліктің көкейін мазалап жүрген сауалдың үстінен дөп түсті.
Иә, шынымен де, заң заң үшін емес, халық үшін жазылады ғой. Еліміздің әрбір азаматы мемлекетімізде қандай заңдардың қабылданып жатқанын білуге құқылы емес пе? Ал олай болса, өзгерістерді бүркемелеудің не қажеті бар? Қайта жоғары дәрежеде, қарапайым жұртшылыққа ұғынықты тілде жеткізіп отырса, қанеки!? Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін көрсе, олардан ат-тонын ала қашу үрдісі біздің кейбір лауазымды тұлғаларда жиі кездесетіні құпия емес. Ондайлар журналистер халықтың өз өкілі екенін қаперлерінде ұстай бермейтіні өкінішті. Баспасөз қызметкері қашанда елді алаңдатқан, толғандырған мәселеге жауап іздейтіні белгілі. Ал жауап беруге тиісті ресми орындардың өкілдері Елбасы айтқандай, қашқақтап жүрсе не болғаны? Кететін кемшілік, жіберілетін олқылықтың бәрі осы арадан басталмай ма? Демек, бұл орайда ойласатын, пікірлесетін тұстарымыз аз емес.
Қоғамда ақпарат таратудың маңыз­ды­лығын арттыруға ерекше көңіл бөлген Елбасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігін құру жөнінде шешім қа­был­дады. Жаңа министрлікке бірқатар маңызды міндеттер жүктелетіні туралы айтылды.
Жер мәселесінен бөлек, бүгінде қоғам үштұғырлы тіл, мектептегі білім беруге байланысты жасалып жатқан реформалар, медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты сауалдар аз емес. Елбасы бұл мәселеге айрықша назар аударып, қоғамдық пікірге мұқият зер салуды тапсырды. Өзгерістерді талқылауға Қоғамдық кеңестерді белсенді қатыстыру, «Электрондық Үкімет» порталының жұмысын одан әрі жетілдіру, Үкімет жанынан бірыңғай колл-орталық желісін құруды тиісті мекеме бас­шыларына жүктеді. Мұндай кеңес беру ор­та­лықтары өңірлерде болуы қажеттігін айтты.
Алқалы жиын барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамдық тұрақты­лықты сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті.
– Барлық қазақстандықтарға қырағы болу қажеттігін, тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген сый-құрметімізге сызат түсуіне жол бермеу керектігін ескерткім келеді. Өз тарапымнан ай­тарым, біз ешкімнің ортақ шаңырағымыздағы татулық пен тұрақтылықты бұзу үшін дағдарысты пайда­лануына жол бермейміз. Құқықтық тәртіпті бұзған әрбір адам заңның қатаң талабына сай жауап береді. Қоғам­дағы тыныштықты нығайту – әрбір азаматтың, барлық қоғамдық ұйымның, барша қазақстандықтардың ісі, – деді.
Осылайша жұртшылықты толғандырған мәселеге уақытша нүкте қойылды. Ен­дігі шешімдер қандай болмақ? Тиісті министрлік басшылары оңтайлы іс-қимыл көрсетіп, депутаттарымыз ел наразылығын тудырмайтын заңдарды қабылдай ма? Мұны уақыт көрсетеді.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.