Біздің Ғания апай

Менің бүгінгі айтылар әңгімем, мектеп қабырғасында жүргенде білім берген ұстазым жайлы болмақ.
Ғания Ғазизқызы Шоқанова Жамбыл облысы, Меркі ауданы, «Қостоған» орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ұзақ жылдар ұстаздық қызмет етті. Біз сол 1970-73 жылдары жоғары класта оқып жүрген кезімізде аталған пәннен сабақ берді.

Әншейінде өзге мұғалімнің сабағында мазасыздық танытатын оқушылар Ғания апайдың сабағында тыныштала қалатын, не құпиясы, қандай әдісі барын кім біледі деп, мұғалімдер ұжымы былай тұрсын, бүкіл ауыл адамдары да таңғалысатын. Бұл ұстаздың ешкімге ұқсамайтын бір қыры болса керек. Сонда Ғания апайдың дауыс көтеріп, я болмаса баланың намысына тиіп, ашуланғанын көрмей-ақ мектеп бітірдік. Сабақ басталысымен тыныштық орнайды, кабинеттен тек ұстаздың дауысы ғана естіліп тұратын. Бір қызығы, басқа сабақта естілмейтін шыбынның ызыңын Ғания апайдың ғана сабағында еститінбіз. Сабаққа қызыққанымыз сондай – мұғалімнің әр сөзін ыждаһаттылықпен тыңдайтынбыз. Тапжылмай отырып, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалушы ек. Осындайда қызықты эпизодтар еске түседі. Ғания Ғазизқызының екінің бірінде бола бермейтін жақсы қасиеті сол – ол кісінің сабағынан өзімізді құдды бір кино көріп шыққандай сезінетінбіз. Өзі де өте баяу және тартымды қоңыр дауысымен әдепті сөйлейтін. Ұстаздың әр сөзін мұқият тыңдап, санамызға сіңіріп алушы едік. Ғания апай шығармалардағы ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлерді, олардың жағымсыз іс-әрекеттерін көз алдымызға елестете отырып әңгімелейтін, сабақты жеңіл, түсінікті тілмен әрқайсымыздың жүрегімізге жеткізе, әсерлі етіп суреттейтін. Соның бір дәлелі – соншама жыл өтсе де мына бір сабақ есімде қалып қойыпты. Мұғалім И.С.Тургеневтің «Муму» атты әңгімесін түсіндіріп тұрған-ды. Дәл сол күнгі сабақта көз жасымды көлегейлей, тұншыға отырып жылап алғаным да есімде. Әлі күнге дейін бейкүнә мақұлықтың азапты сәті, ақсүйек әйелдің қатыгездігі, дәрменсіз Герасимнің күйі есімнен кетпейді. Сол сәтте менің де бала күнімдегі осы­ған ұқсас сүйкімді қара күшігімнің басынан өткен бір оқиға есіме түссін. Мумудың қасіретін ұмытпайтын да себебім содан болар.
Ең бастысы – ұстаздың сол оқиғаны жүректі селт еткізіп, шебер жеткізуі. Мен бір ғана сабақ жайында қысқа қайырдым, әр сабақ осылайша бірі-біріне еш ұқсамай, қызықты өтетін. Бәрін бірдей бір күнге, бір әңгіме аясында баяндау мүмкін емес, әрине. Ғания апай осылайша өз ісін, өз мамандығын шын мәнінде жақсы көріп меңгерген ұстаз, яғни игілікті іс атқарды, халықтың, шәкірттерінің мүддесінен шыққан адам. Екіншіден, көркем мінезімен, мейірімділігімен шәкіртінің жүрегіне жол таба білді. Алдындағы оқушысының білімін әділ бағалайтын ұстаздан біз де көп нәрсені үйрендік. «Бала, баланың ісі шала» деген, біреу бірдеме бүлдіріп жатса әлгі баланың құлағына сәл ғана бір нәрсе айтқандай болады. Оны еш жан естімейді де, бірақ сол сотқардың шекесіне дейін шиедей болып қызарып кететін, яғни балаға ұялатындай сөз әсер еткені. Хан айтқанды қара да айтады, дегенмен, аузы дуалының сөзі жүрекке жетеді. Ғания Ғазизқызы адамға тән құндылық атаулының бәрін болмысынан танытқан, пайдалы үш нәрсені де бойында қалыптастырған, сөйтіп, бақытын тапқан адал жан. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген, апайдың алдынан сан мыңдаған шәкірт өтті, есейіп, ержетті, өмірдің жаңа белесіне қанат қақты. Түлектерінің көбі бүгінде жоғары оқу орнын бітіріп, әр салада еңбек етуде. Уақыт шіркіннің тізгінін кім ұстап тұрған, солардың бірі – мына біздер өмірдің сан қилы белестерінен бірде күйініп, бірде сүйініп өтіп жатырмыз дегендей. Енді, міне, еңбек демалысына шығатын зейнеткер жасқа да келдік.
Бақытты алыстан іздеп, көктен тілемейді. Меніңше, бақытты өзіңнің төккен теріңнен іздеу керек. Осыны терең түсінген жан жалықпай жұмыс істеп, бақытқа қолы жетпек. Ғания Ғазизқызы өзі еңбек еткен саласында, яғни шәкірт тәрбиелеуде ғылым мен білімге қосқан үлесіне қарай еңбегі еленіп, еңбектен бақытын тапқан адам. Білім саласындағы ұзақ жылдар бойы жетістіктері үшін лайықты марапатқа да ие болған ұстаз. Сонау 1957 жылдары жас маман өзінің мұғалімдік қызметін бастайды. 1961 жылы Ташкент қаласында «Орыс тілін оқыту мәселелері бойынша тәжірибе алмасу» атты республика аралық ғылыми конференция өтеді. Сол жылы өз пәнінің білгірі, өзге тілді үйрету қабілетінің ерекшелігі ерте байқалған жас маман ретінде Ғания Ғазизқызы ҚазКСР атынан осы конференцияға жол тартады. Аз уақыт ішінде өз пәнін жетік меңгерген жас ұстаз конференция барысында төралқа төрінде орын алу мәртебесіне ие болған. Осы жолы Ғания Ғазизқызы «Орыс тілін оқыту тәжірибемнен…» атты стенд ұйымдастырып, еліміздің әр аймағынан келген әріптестері ортасында тәжірибесімен алмасып, ойларын ортаға салады. Бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен құрмет, әсіресе, одақтас республика төрінде әртүрлі ұлт өкілдеріне қаршадай қазақ қызының өзге тілді өз тіліндей таза меңгеріп, оны басқаларға өз дәрежесіне жеткізуі үлкен табыс. Осылайша Ғания Ғазизқызы тұңғыш рет зор мақтаныш сезіммен елге оралады. 1963 жылы КСРО-ның «Халық ағарту ісінің озығы» төсбелгісімен марапатталады. 1966 жылы «Ерен еңбегі үшін» медаліна ие болады. 1984 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі» атанады. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық білім беру бөлімдерінің мақтау қағаздарымен, сыйлықтарымен құрметтеледі. Тізетін болсақ, мақтау, марапат, алғыс хаттардың өзі бір кітап десек те болады. Есімі зор құрметпен аталатын Ғания Ғазизқызы жергілікті кеңеске депутаттыққа сайланады. Осы марапат, құрметтің бәрі – ерен еңбектің, төгілген маңдай тердің арқасы дер едім. Алла берген осы ғұмырының табаны күректей 41 жылын бала оқыту ісіне сарп еткен ұстаз 1998 жылдан бері құрметті еңбек демалысында. Ғания Ғазизқызы «Еңбек және тыл ардагері» деген құрметке де ие. Ұлт баласын оқытудың майталманы саналатын, қазыналы қария есебінде аудандық мұражайда да есімі зор құрметпен орын алған. Бұл қуанарлық та, құптарлық та іс екен, себебі еңбегі еленген ерлерін осылайша, елі ұмытпай бағалап жатса, мақтан тұтса бүгінгі және келер ұрпаққа да үлгі болар еді.
Жарына адал жанның ғұмыры да ұзақ және шуақты болады деген бар. Жаны сұлу жары – адал Әшірғазы ағадай атпал азаматынан айырылса да жасымаған, соншама мақтау, марапат көрсе де тасымаған Ғания Ғазизқызы отбасы қамын, балаларының бағын ойлаған, ақылына сабырды серік еткен дана ана. Кешегі көркіне көз тоймайтын әсем қала Алматыдан келген ару қыз – бүгіндері ауылдың арқа сүйер ақылшы қариясы, балаларының аяулы анасы, немерелерінің сүйікті әжесі, мыңдаған шәкірттерінің алғысын арқалаған ұлағатты ұстаз. Барша білім алған шәкірттері «Ол – біздің Ғания апай» деп мақтаныш тұтады.
Сөз соңында айтарым, «Барын бағалаған,қазыналы қартын қадір­леген елге бақ қонады» деген бар халық даналығында. Қашанда ұлты­мыз­дың ұлыларын ұлықтау және ұстаз­дарымызды ұмытпау – парызымыз.

Рыскен Әбішева

АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.