Келешекке бастайтын жол

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  VIII «Келешекпен байланыс» медиаконгресі өтті. Аталған медиаконгреске  Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия, Македония, Косово, Румыния, Болгария, Қырым (Украина), Татарстан, Қарақалпақ (Өзбекстан), Керкүк (Ирак), Шығыс Түркістан (Қытай), Ауғанстан, Ресей, т.б. елдерден 80-ге жуық түркітілдес жас журналистер қатысты. Шара аясында «Босқындар» тақырыбымен журналистердің фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды. 

Жыл сайын әлемнің түкпір-түпкірінде өтіп келген ауқымды шара биыл Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттерінде жалғасын тапты. Конгрестің басты мақсаты – түркі елдеріндегі журналистердің ынтымақтастығын арттырып, кәсіби тұрғыда серіктестікті нығайту. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов түбі бір түркінің рухани және тарихи құндылықтарын бірігіп насихаттау, түркітілдес БАҚ арасында жедел ақпарат алмасу, т.б. ортақ мақсат-мүддені көздейтін жаңа жобаларды алдағы уақытта жүзеге асыру керектігін айта келіп, «Еліміздің ақпарат кеңістігінің көкжиегі күн сайын арта түсуде. Сол кеңістікке талпынған бүгінгі жиынға қатысып отырған жастардың құлшынысы мен ұмтылысы да көңілге жылулық ұялатуда. Болашақтарын сөз өнері әлемімен байланыстыруды мақсат тұтқан сондай жастар жыл сайын аталмыш конгрестің ақпараттық кеңістігінде шеберліктерін шыңдауға мүм­кіндік алуда. Мұны жақсы үрдіс деп қабылдауға болады. Себебі мұндай басқосулар дарынды жас­тардың бағын ашуға септігін тигізері анық» деді.
Ал Түркия мемлекетінің Алматы­дағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз осындай іс-шаралардың екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтатындығын атап өтті.Телевидение және радио Жоғары Кеңесінің (RTÜK) төрағасы, профессор Ильхан Йерликая мырза «Келешекпен байланыс» медиа конгресі барысында түркітілдес елдердің білім, ғылым, мәдениетін насихаттау үшін ҚазҰУ-мен бірлесе отырып, ортақ медиа платформа құру туралы мәмілеге келгенін айтты. Оның пікірінше, дүниежүзінде болып жатқан түрлі оқиғаларға шынайы баға беріп, сол жайында дұрыс қоғамдық пікір қалыптастыратын БАҚ өкілдерінің рөлі мен алар орны ерекше. Сондықтан түркітілдес елдердің ынтымақтастығын күшейту керек. Өткізіліп отырған конгресс, әсіресе, жас журналистер үшін үлкен мектеп екенін атап өтті. Университет тарапынан журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы конгрестің маңыздылығын атай отырып, өзі басқарып отырған факультеттің өткені мен бүгіні туралы баяндама жасады.
Шара соңында сөз алған, түрік елінде докторантурада оқып жатқан жерлесіміз Гүлнәр Нәбиева екі ел арасындағы білім саласындағы біраз мәліметтерге тоқтала отырып, сегізінші жыл қатарынан өтіп жатқан конгрестің жұмысы жайлы баяндады. «Келешекпен байланыс» медиаконгресі идеясын жарыққа шығарудағы мақсат – сөз құдіретін бағалап, өз болашағын осы әлемнің биігінен көруге талпынған бауырлас елге дұрыс жол нұсқап, бағыт беру екендігін айтты.
Конгреске қатысып отырған делегация мүшелері, оның ішінде болашақ жас журналистердің жаңаны білуге деген құлшынысы анық байқалды. Олардың өз ісінің шебері болуға деген ұмтылыстары жан-жақты қолдау табуда. Белгілі бір кәсіби деңгейге көтерілу үшін ізденіс, содан кейін, әрине, тәжірибе керек десек, конгрестің өзгешелігі – мұнда әр жас журналист өзінің қабілетін байқатып қана қоймайды, ел аралап тәжірибе алмасуға, оқытушылардың ақыл-кеңесін тыңдап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алады. Олар өз идеялары мен ой-пікірлерін жария етіп қана қоймай, кәсіби деңгейде жүзеге асыруға машықтанады. Сондықтан мұндай игілігі мол кездесулер жастар үшін аса қажет. Шараға мұрындық болып отырған бас ұйымдастырушы Түркия мемлекетінің Телевизия Жоғары Кеңесінің (RTÜK) де көздеген мақсаты осы. Кездесуден соң Түркия жастары өз елінде баспасөз, теле және радиода арнайы материалдар дайындайтын болады.

Н.САПАРХОДЖАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.