Тәрбие – тал бесіктен

Бүкіл әлемде 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтілетіні белгілі. Ал енді осы күннің мән-маңызын, қадірін біз қалай түсініп, қалай бағалап жүрміз? Балаларды қорғау дегеніміз не? Оларға жасап жүрген қамқорлығымыз қандай? Мемлекеттік тұрғыдан, отбасылық тұрғыдан қамқорлық көрсете алып жүрміз бе? Балалардың тәрбие, білім, денсаулық, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілуі қалай шешімін тауып отыр? Соның бір ғана тұсын айтсақ, қазақ халқының бала тәрбиесінде өзіндік ұстанымдары мен ерекшеліктері болғаны мәлім. Өкінішке қарай, біз соңғы кездері балаларға ұлттық тәрбие беруден қол үзіп бара жатқан сияқтымыз.

Біздің бала кезімізде ата-әже бала­сының мәртебесі жоғары болатын. Олар құйма құлақ, алғыр, шешен, батыр болып, үлкендердің мейіріміне қанып өсетін. Демек, ата мен әже – қазақы тәрбиенің бастау бұлағы, қайнар көзі десек, бүгінде мұндай тәрбие мектебінің қажеттілігі бағаланбай келеді.
Тағы бір маңызды мәселенің бірі – қазіргі балалар бала болып ойнау дегенді де ұмытты. Бұрынғыдай, тай жарыстырып, бір-бірімен күресіп, асық атып, доп қуалап, асыр салып жүретін балаларды қала емес, ауылдық жерлерден де сирек көреміз. Күні бойы компьютер мен теледидарға телміріп, планшет, ұялы телефоннан қол үзбейді. Компьютерлік ойын клубтарының табалдырығын тоздырып, барша арман-аңсары соған кеткен бе дерсіз. Оның соңы букмекерлік кеңсе, казиноларға бастап әкелетіні айдай анық.
Ұлттық тәрбие кейін қалып, заман «тәрбиесі» алға шыққан осындай бейқамдықтың салдары жасөспірім­дердің арасында қылмыстық оқиға­лардың жиілеуіне апарып соғуы да мүмкін. Мұның барлығы айналып келгенде балалар тағдырына тікелей жауапты ата-аналардың бұл мәселеде жауапкершілікті төмендетіп алғанынан десек қателеспейтін шығармыз. Өзіңіз ойлап қараңызшы, өмірдің ең алаңсыз тәтті шақтарында бозбалаларымыз ұрлық жасап, әртүрлі қауіп-қатерлерге душар болып жатса, бойжеткендеріміз ар-ұяттан аттап, жасына жетпей опық жеп отырғаны кімді болса да ойлан­­дырады. Бұған келтірер мысал да, дерек те жетерлік. Мәселен, 2015 жылы Алматының қаласында 18-ге толма­ған, яғни кәмелеттік жасқа жетпеген қыздардың арасында 200-ден астам жүктілік дерегі тіркелгендігі газетімізде («Қызға қырық үйден ­тыйым», «Ана тілі», №5 (1315) 4-10 ақпан, 2016) жария­лан­ған еді. Бұл тек бір ғана қаладағы жағдай екенін ескерсек, жүрек тұсы шым ете қалатыны сөзсіз. Сонда осындай қылықтың бәрі қайдан шығып жатыр? Себеп-салдары неде? Бұл туралы ойланып көрдік пе?
Бала – елдің болашағы. Ал біз осы мәселеге қаншалықты дәрежеде мән беріп жүрміз? Айналамызға көз жү­гір­тіп қарайықшы. Ата-ана мейіріміне бө­ленбей өсіп жатқан қаншама бүлдір­шіндер бар? Ішер асқа, киер киімге, балабақшаға қолы жетпей отырған сәбилердің тағдырын кім ойлайды? Көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайы өз алдына бір бөлек әңгіме. Тастанды балалар мәселесі бұл да болса қоғамымыздағы өзекті мәселенің бірі. Шақалақтарын қоқыс жәшігі мен дәретханаға, жолға лақтырып, тастап кететін, ана деп айтуға ауыз бармайтын безбүйрек, қатыгез жандардың пайда болуына не себеп? «Бала – бауыр етің» деген қазақта бұрын-соңды мұндай жан­түршігерлік оқиға болып па еді? Түп­теп келгенде, барлық мәселе қо­ғам­ның, жекелеген адамдардың бала ал­­дындағы жауапкершілігінде жатқаны сөзсіз.
Сондықтан балаларға Балаларды қорғау күнінде ғана назар аудармай, үнемі көңіл бөлгеніміз жөн. «Тәрбие – тал бесіктен» деген бекер айтылмаса керек. Заманына сай білімді де алғыр, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеп өсіру – отбасындағы жауапкершілікке тікелей байланысты.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Әлия

    Қазір ата-әже тәрбиесі ескіліктің сарқыншағы болып есептеледі. Келін-кепшіктер ата—әжеге сенбейдй. Ұрпағым заманына ілесе алмай, қалып қояды, олардың заманы өтіп кеткен деседі

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.