Өзіндік бағыт-бағдары бар

Мыңбай Рәш,
ақын, сықақшы

«Ана тілі» газеті көкейкесті мәселелерді жиі көтереді. Газеттің алғашқы бетінен ерте кезде өмірден өтіп кеткен ақын-жыраулардың тәрбиелік мәні зор дүниелерін әр нөмір сайын беріп отырады. Мұның жастарға, жас ұрпаққа берер тағылымы мол.
Еліне еңбек сіңірген тұлғаларымыз жайлы жазылған мақалаларды сүйсіне оқып жүрміз. Мәселен, ұзақ жылдар Жоғарғы Кеңестің хатшысы болған, бүгінде көзі тірі, 90-ға таяп қалған Бижамал Рамазанова жайлы жақсы жазылды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Тіл қадірі, сөйлеу тіліміздің ерекшелігі, сөйлеу мәдениеті жөнінде, басқа да көптеген мәселелерді үзбей көтеріп, ана тіліміз – қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне өзіндік үлесін қосып жүр. Қолданысқа енген жаңа терминдермен де газет арқылы құлағдар болып жүрміз.
Газетте балаларға арналған өлеңдер, жұмбақ-жаңылпаштар беріліп жүр. Мұның барлығы баланың ой-өрісінің дамуына оң әсерін тигізеді. Тіл газеті болғаннан кейін поэзиялық, прозалық дүниелерді де ұмытуға болмайды. Бұл ретте басылымға айтар ризашылығымыз шексіз. Мазмұнды өлең-әңгімелерді үлкен қызығушылықпен оқып отырғанымызды айтқым келеді.
Мен өзім де автор ретінде газет жұмысына белсене қатысып жүрмін. Жазған-сызғандарым уақытында жарияланады. Оқырман ретінде айтарым, газет бүгінгі қоғамда болып жатқан оқиғаларды, жаңалықтарды назардан тыс қалдырған емес. Өзінің бағыт-бағдары айқын, өзіндік ой-пікірі бар басылымның болашағы зор болатынына кәміл сенемін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.