Әймен ауылындағы түйеқұс

Кейінгі жылдары Қазақстандағы үлкен сауда орындарында сатыла бастаған түйеқұс етін жерлестеріміз өндіріп отырғанын естідік. «Көп естігеннен бір көрген артық» дегендей, Еңбекшіқазақ ауданына барған сапарымызда Әймен ауылындағы түйеқұс өсірумен айналысатын «Фауна» атты фермалық шаруашылықта болдық. Басында Бекетбай Дәуренқұлов ағамыз басқаратын шаруашылықтағы бойы 3 метрге жуық түйеқұстарды кезіктіргенде сәл тіксініп қалғанымыз анық. Өйткені Африка мен Австралия құрлығында өсетін бұл құс жайлы білетініміз тым аз еді. Әңгіме барысында түйеқұс-тарды шаруашылық мақсатында пайдалану үшін осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанға алып келген аталған ұжым қызметкерлерінен оларды Жетісу төрінде жерсіндірудің оңайға түспегеніне қаныға түстік.

Алдымен бізді аталған ша­руа­шы­лықтың маманы Қуанбай Қайратбекұлы бас­тап жүріп, құс фермасының барлық мән-жайымен таныстырып шықты. Оның айтуынша, алғаш бетпе-бет келгенде сұсты болып көрінетін бұл құстың пайдасы шаш етектен көрінеді. Бойы 2-3 метр келетін түйеқұс аталығы 100-150 келі ет береді екен. Қауырсыны баскиім, сахналық костюмдер тігуге пайдаланылса, жұмыртқасы мен еті жесең ем, әсіресе, қан қысымы жоғары және қант диабетімен ауыратындарға мың да бір дауа. Сондықтан түйеқұсқа қызығушылық уақыт өткен сайын артуда. Басын құмға тығып қойып, өзіне төнген қауіп-қатерді елемеуге тырысатын әдеті көпшілікке қызық көрінгенімен, бір қасиеті аса күтімді, қамқорлықты қажет ете бермейді. Әу баста шетелден жүзге жуық түйеқұс балапанын сатып әкеліп, қазақ даласында оны өсіруге болатынын дәлелдеген шаруашылықта бүгінде елуге жуығы бағылып жатыр.
Аталған құсты бағып-баптау ісі де үлкен жауапкершілікті талап ететін көрінеді. Оларға негізінен шөп, жүгері, бидай және соя ұны қоспаларынан тұратын азық-түлік беріледі екен. Оған бор мен кальций қосылады. Бір түйеқұс күніне 10 литр­ге жуық су тұтынады. Керекті азық шаруашылықтың өзінде дайын­далады. Шаруашылықта арнайы жататын, қыздырылатын, жемдейтін орындар, инкубатор құрылғысы бар. Жазды күні далада емін-еркін жүретін құстарды қысты күні бағатын орындар да заман талабына сай жабдықталған. Онда түйеқұстар азықтанатын құрылғылар мен жатын орнын жылытуға арналған пеш орнатылған.
Фермадағы түйеқұстардың салмағы 160 келіге дейін жетеді екен. Біз көрген балапан деп санала­тындардың салмағы да осы мөлшерге жетеқабыл. Балапандар тәулігіне 500 грамнан салмақ қоса отырып, он айлығында 100 келіге жетеді. Екі жасқа толған түйеқұс жұмыртқалай бастайды.
Негізі түйеқұстың өнімдері өте пайдалы. Терісі, тұяғы, тұмсығы, еті, жұмыртқасы, бәрі кәдеге жарайды. Еті мейрамханаларда диеталық тағам ретінде ұсынылады. Ал оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терісімен бірдей. Олар негізінен сәуір мен қазан айында жұмыртқалайды. Ол кезде бір түйеқұс аптасына бір-екіден жұмыртқа береді. Бір қызығы, салмағы 1,5-2 келі жұмыртқаны қуырып, 12-14 адамды тамақтандыруға болады.
Бүгінде түйеқұс етіне сұраныс жоғары. Жеке шаруашылықта түйе-құстар қыста терең төсеніште, жылыжайларда сақталады, ал жазда табиғи топырақта жайылымдарда тұрады. Түйеқұстардың бөлмесі құрғақ, мүмкіндігінше ашық, жарық, өте таза және жыл мезгіліне сәйкес келу керек. Егер қандай да бір шарттар сақталмаса, онда олар кеткен шығынға сәйкес саны мен сапасы бойынша қажетті өнімді бермейді және оларды өсіру тиімсіз болып есептеледі.
Айналасы темір тормен қоршал­ған аулада тізіле билеп, емін-еркін жүрген түйеқұстардың жағдайының жақсы екені бірден білінеді. Тіпті адамға үйірсек болып алғандары да көп. «Фауна» фермалық шаруашылығы Жетісу жеріндегі түйеқұс өсірумен айналысатын бірден-бір шаруашылық болғандықтан түйеқұстың тіршілігін тамашалап, көріп қайтуға келетін туристердің қатары жыл сайын артып келе жатқан көрінеді. Сол қатарда жерлестерімізді айтпа­ған­ның өзінде алыс-жақын шетелден, тіпті Африка елдерінен арнайы келіп, түйеқұстардың тір­шілік етуін көріп қайтатындар да көп екен. Біз шаруашылыққа барғанда түйеқұсты көруге келген адамдардың көптігіне тәнті болдық. Сол кезде Қостанай қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы №23 орта мектептің оқушылары да сау ете қалды. Олар облысымызда өсіріліп жатқан түйеқұстарды арнайы көру мақсатында келгенін айтады.
«Фауна» шаруашылығы сияқ­ты түйеқұсты жерсіндіріп, шаруа­шы­лығын дамытып жатқан фер­мерлердің қатары көбейгенін естіп жатамыз. Ендеше, қарапайым азықпен қоректеніп, өнімді мол беретін, шығымы аз, туристік пайдасы мол, аса қамқорлықты қажет ете бермейтін, өнімі қымбат түйеқұсты неге біз көптеп өсіріп көрмеске? Сұраныс бар жерде ұсыныстың қашанда болатынын ескерсек, алдағы уақытта бұл бағытта бірталай жұмыстар атқарылып, түйеқұстың етін күнде болмаса да күнара жейтін уақыт келетін секілді.

Түйеқұстәрізділер

Қырсыз түсті құстар тобының бір отряды. Түйеқұстың қаңқа калдықтары миоцен дәуірінен Солтүстік Африкадан, Оңтүстік Еуропадан, Кіші және Оңтүстік-Шығыс Азиядан табылған. Ғылыми деректер бойынша 7-12 түрі тіршілік еткен. Қазіргі кезде 1 ғана түрі – Түйеқұс белгілі.
Бұл осы күнгі тіршілік ететін құстардың ішіндегі ең ірісі. Биіктігі 2,7 м, салмағы 130 кг-нан асады. Африканың саванна және шөлейтті аймақтарында таралған, жақсы жүгіреді (қауіп төнгенде 70 км жылдамдықпен 4-5м жерді бір-ақ аттайды). Қауырсындары денесін біркелкі жауып жатады, оның желпуіштерінде ілмекшелері болмайтындықтан, жеке-жеке шашақталып тұрады. Қораздарының қанат қауырсындарының ұшы мен құйрық қауырсыны ақ, қалған жері қара, мекиендерінде – қоңыр сұр түсті болады. Басы мен мойнын мамық жапқан. Түйеқұстардың аяқтары ұзын әрі өте мықты. Сирақтары мен жіліншіктерінде қауырсын болмайды. Сүйек ішіндегі ауа қуысы нашар жетілген, құйрық (шонданай) безі болмайды, ішегі ұзын, етті қарыны қалың. Жер бетіндегі екі саусағы бар бірден-бір құс. Түйеқұс топтанып жүреді, 3-5 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Полигамды, бірнеше жұмыртқаларын бірігіп, бетінен ойыстап, шұңқыр қазған бір ұяға салады. Жұмыртқасы ірі, онын салмағы 1,5 кг-ға жетеді, оны түнде қоразы, күндіз мекиені басады. Балапандар 6-7 аптадан кейін шығып, 6-8 айда ересек құсқа айналады.
Қазіргі кезде түйеқұстарды көптеген елдерде арнайы фермаларда өсіреді. Казақстанда алғаш рет Қостанай облысындағы Қарабатыр шаруа қожалығында қолдан өсіріле бастады. Қазір мұндай арнайы­ фермалар Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Есік елді мекенінде, Шымкент қаласының маңында бар. Түйеқұстың еті, жұмыртқасы және қауырсындары өте қымбат бағаланады.

(«Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы», Алматы, 2006ж.)

Қ.ОМАРАҚЫН
Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.