Ұлтының ұлы бола білген

Қазақ мәдениеті мен халық ағарту ісі саласында зор еңбек сіңірген Алаш ардақтыларының бірі Темірбек Жүргенов.
Ол 1922 жылы Орынбор рабфагін бітіріп, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқи жүріп, Қазақ АССР-ның Түркістан республикасындағы өкілі болған. Соңғы курста Ташкенттегі жаңа ашылған Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалған. Кейін жаңа құрылған Тәжік мемлекетінің Қаржы халық комиссары (министрі) болады. Өзбекстанда да Оқу-ағарту Халық комиссары қызметін атқарады.
Өзінің туған елінде небәрі төрт-ақ жыл қызмет істеді. Оқу-ағарту Халық комиссарлығына қоса, үкімет жанындағы мәдениет, өнер ісін басқаратын комитетке төрағалық етті. Осы аз уақыттың өзінде өзі басқарған салаларда соңына айшықты із қалдыра білді.
Халықтың адал перзенті өткен ғасырдың отыз жетінші жылдары жалған жаламен «халық жауы» атанып, опат болды.

Семей гимназиясының студенттері, 1918 ж. Екінші қатарда оң жақтан төртінші отырған Дәмеш Ермекова.
Семей гимназиясының студенттері, 1918 ж. Екінші қатарда оң жақтан төртінші отырған Дәмеш Ермекова.
Т.Жүргеновтің ұйытқы болуымен Алматыда салынған №28 мектеп ғимараты   (қазіргі №26 гимназия)
Т.Жүргеновтің ұйытқы болуымен Алматыда салынған №28 мектеп ғимараты (қазіргі №26 гимназия)

1978 жылдың қараша, желтоқсан айларында Алматы қаласында қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновті еске алуға арналған екі жиын өткені белгілі. Белгілі деуім артықтау болар, сол жиындар жайлы толыққанды ешнәрсе жазылмай келді.
1978 жылдың 28 қарашасында Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтында Т.Жүргеновтің туғанына сексен жыл толуына арналған салтанатты жиын болып, онда тарих ғылымының докторы Р.Сүлейменов баяндама жасап, Социалистік Еңбек Ерлері Ғ.Мүсірепов, С.Қожамқұловтар өз естеліктерін айтқан-ды. Бұл туралы 29 қараша күні «Социалистік Қазақстан» газетінде 30-40 жолдық ҚазТАГ хабары ғана жарияланды. Бір айдан кейін КазМУ-дың заң факультетінің басшылығы ұйымдастырған Т.Жүргеновтің 80 жыл­дығында айтылған естеліктер, болмаса осынау шараның өткендігі туралы хабар да берілмеген.
Олай болуы мүмкін емес деген оймен аталған басылымның 1978 жылдың қараша, желтоқсан, 1979 жылдың қаңтар айларындағы тігінділерін қарап шықтым. Сол ҚазТАГ хабарынан басқа ешнәрсе берілмепті. Сондықтан да сол жиындардың материалдарын іздеп жүріп ақырында таптым-ау. Әсіресе, КазМУ- дегі өткен жиында естелік айтқандардың басым көпшілігі Т.Жүргеновпен таныс, бірге қызметтес болғандар және Жүргенов туралы жинақтарға енбеген естеліктер.
Отыз сегіз жыл бұрынғы республи­каға есімі белгілі азаматтардың есте­лік­терін магнитті таспадан электронды жүйеге көшіріп, одан кейін дауыс­ты тыңдай отырып, жазбаша нұсқасы дайын­далды. Бұл естеліктер біріншіден, қоғам қайраткерлерінің Т.Жүргенов хақын­дағы естеліктері өз дауыстарымен жазылуы, екіншіден, олардың әңгімесі бүгінгі ұрпақтарға жеткізілуімен құнды деп есептеймін.
Бұрындары Т.Жүргеновпен бірге болған ауылдастары мен туыстарының естеліктерін 1965-1970 жылдары алғашқы болып газеттерге жазып, жинақтарға енгізсем, енді, міне, 38 жыл бойы ескерусіз қалған естеліктерді оқырмандарға ұсынып отырмын. КазМУ-дың заң факультетінің деканы Қази Үргенішбаев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырған.
Алғашқы сөзді қоғам қайраткері Жүсіпбек Арыстанов айтады:
– Мен Темірбек ағамызды …. иә ағамызды… Менен ол бес жарым жас үлкен екен. Біз қазір оның 80 жасын атап өткелі отырмыз. Сол Темірбек ағамызды бірінші рет 1923 жылы Ташкенде көргенмін. Біз ол уақытта Мәскеуде оқитын едік. Бір топ Мәскеуден, Петроградтан комсомолдың шақыруымен Ферғана соғысына аттанып бара жаттық. Сонда Ташкенге келіп тоқтағанымызда Ғани Мұратбаев қарсы алып: «Жетісудан, Сырдарияның басқа уездерінен жергілікті жігіттер жиналғанша бір-екі күн күтесіңдер» деді. Ілияс Қабылов менің бірге оқыған жолдасым еді. «Осы бос уақытты пайдаланып, біз Темірбекке барайық» деді. Темірбек ол уақытта Қазақстанның Түркістандағы уәкілі болатын. Біз жатқан жер бұрынғы Кадет корпусы қасындағы екі қабатты үлкен-кіші үй болатын. Сөйтсек, Темірбек тұрған үй – Қазақстанның өкілеттігінің нақ қасында екен, жарты-ақ квартал, сквердің екінші жағында. Бұрын өзіміз көп барып жүретін Луначарский атындағы комсомол клубының қасында екен. Біз көп отырып сұхбаттасып, әңгімелестік. Соның өзінде жастық уақытта адамның желігі болады, біз Мәскеуде оқып жүрген Қазақстанның алғашқы студенттеріміз деген бойымызда мақтаныш бар еді. Темірбекпен сөйлескеннен кейін біз кәдімгідей жайымызды түсініп, оның білімінің аса үлкендігін сол уақыттың өзінде қайсымызға болса да, қай жағынан болса да ағалыққа жарайтындығына тәу етіп, тағзым етіп, үлкейіп барып, кішірейіп қайттық.

1936 жыл. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігінде. Суретте солдан оңға қарай: Темірбек Жүргенов, Құрманбек   Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Евгений Брусиловский, Ораз Исаев, Күләш Байсейітова, Жамбыл Жабаев.
1936 жыл. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігінде. Суретте солдан оңға қарай: Темірбек Жүргенов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Евгений Брусиловский, Ораз Исаев, Күләш Байсейітова, Жамбыл Жабаев.

Мәскеуде, Ташкенде көріп жүрдім. Бірақ қатар жұмыс істеуге тура келген жоқ. Мен Темірбекті екі мәрте аса үлкен өрлеу үстінде көрдім деп айтуыма болады. Әрбір өрлеу дәуірі өзінің үлкен толқынының үстіне, аса ірі қайраткерлерді, тұлғаларды, жетекшілерді шығарады. Сол жетекшілер сол өрлеудің басында жүреді. Темірбек ана шетте отыр еді, бір уақытта үзіліске жақындаған уақытта орнынан тұрып, ортада отырған Мирзоянға бір нәрсе деп сыбырлады. Мирзоянның бір жағында Ораз Исаев, бір жағында Садық Нұрпейісов отырған. Ол басын шайқап тұрды-дағы оң жағына бір, сол жағына бір сыбырлады. Олар да басын изеді. Сосын «Демалысты жариялаудан бұрын сөз халық ағарту комиссары Жүргеновке беріледі, ұсыныс жасау үшін» деп жариялады Мирзоян. Сонда Темірбек: «Бүгін ертеменен мен ана салынып жатқан… Осы Абай теат­ры… Сонда болып ұжымымен келісіп едім, катлаваны даяр, тасы әкелініп қойылған, әлгі раствор дегенің жасаулы. Соны өздеріне салғызбай, тоқтатып қойдым. Бұл Қазақстан тарихында опера дегеннің өзі жаңа нәрсе болса, соның театрын салудың өзі аса үлкен іс. Соның ең басында партияның қаулысымен болып жатқан істің, партияның активтері осында жиналып отырған крайкомның мүшесі, Үкіметтің, КазЦИКтің мүшелері өз қолдарымен салсын деп тоқтаттым. Мен осыны дұрыс деп ұғамын. Сондықтан мен сіздердің бәріңізді соған шақырамын. Бірден соған тобымызбен барайық, өз қолымызбен сол театрдың алғашқы тастарын салайық, мұның өзі белгі боларлық нәрсе, осы театр партияның қаулысымен ашылып отырса, соның іргетасын қалағанда партияның басшы активтері болсын» деді. Жұрт ду қол шапалақтап орнынан тұрды. Сонан бәріміз киініп барып осы Абай театрының қазылып қойған іргетасына сол Қазақстан өлкелік комитетінің мүшелері, КазЦик-тің мүшелері өз қолымызбенен әркім бірнеше тастан тас салдық. Сосын сол жерде шағын митинг болды.
Академик Серғали Толыбеков:
Темірбек Қараұлы туралы айтатын әңгіме өте көп. Оның бәрін айтып тауы­су қиын. Ондай адамның өмірінен бірнеше том кітап жазуға болады. Мен бала күнімнен ауылдағы хабардан білемін. Теміршіні, оның әкелерін, ауылдарын. Бұрын біз көшпелі ел болатынбыз. Бірге көшіп, қатар көшіп жүретұғынбыз. Қыс қыстауымыз Сырдария, оның тараулары Қуаңдария, Жаңадария, Қызылқұм осы жерлер, қыстауы болды. Қырға қарай көшкенде Ырғыздың жері сол анау кәдімгі Қарақай, Мамыт деген жерлері жаз жайлауы болды. Міне, сол көшіп жүрген бір тайпа үлкен елдің бірқатар руынан боламыз. Сол көшпелі ауылда, мал өсірген көшпелі ауылда туған бала – Темірбек. Алғашқы кездегі оқуы оның Қызылордада, бұрынғы Перовский қаласында болған. Кейінгі кезде Темірбектің әкесі отырықшы боламын, көшуден жалықтым деп сол Ырғыз уезінде жайлауын қыстау етіп, революцияның қарсаңында сонда қоныстанған. Сондықтан Темірбекті біреулер қызылордалық дейді, онысы да дұрыс. Біреулер ырғыздық, ақтөбелік дейді, онысы да дұрыс. Ол екі уезге бірдей.
Ал енді Темірбек Қараұлы ­Жүр­­­генов жолдас Қазақстанның, кеңес­­тік Қазақстанның тарихында көп еңбегі сіңірген қайраткер адам­ның бірі. Ол өзінің соншалықты талант­ты, кең білімді қызметкер болғандығы арқасында бүкіл Орта Азия, Қазақстан, Мәскеудегі басшы қызметкерлердің барлығына белгілі болды. Темірбек Жүргенов, біздің кеңес тарихындағы Луначарский, Бувонов сияқты наркомдардың бейнесіндегі адам еді. Ұйымдастыру таланты өте үлкен, білімі терең, Кеңес үкіметіне жан-тәнімен берілген, ерекше артық ұйымдастырушы. Ол Қазақстанға, 33 жылы келді ғой деймін. Ал сол кейінгі төрт жылдың ішінде істеген ісін ондаған жылдарда істеген іске теңеуге болады. Сол кездегі Қазақстанның оқу-ағарту жұмысын қайта құру, оны жөндеу, үлкен сара жолға салу, оның кадрларын дайын­дау, ол кезде сол Оқу министрдің қарамағында болды, бүкіл мынау идео­логия мекемелерінің барлығы. Өнер, радиоға дейін, физкультура, спорт бәрі де сол кезде наркомпростың қарамағында болатұғын. Сол жұмыстардың барлығына басшылық етіп, әрбір саласында көрнекті үлкен із қалдырған адам – Темірбек Қараұлы Жүргенов.
1934 жылдың жазында төртеу-бесеуіміз Наркомға, Темкеңнің өзіне кірдік. Ол сонда бірінші рет кездесіп сөйлескеніміз. Сонда ол кісінің айтқаны: «Дұрыс, сендер жассыңдар, жаңа ғана ғылым жолына қадам басып келе жатырсыңдар. Әлі білмегендерің, көрмегендерің өте көп. Сендер нағыз ғылыми адам болу үшін, мынау жоғарғы дәрежелі мектептің ең білімді сабақ берушісі болу үшін сендерге өте көп нәрсе білу керек. Ал енді Мәскеу, Ленинградты көрмегендерің де бар осы отырғандарыңның ішінде. Көріңдер, ал сонымен қатар осы уақытты жақсы пайдалана біліңдер. Мәскеу, Ленинградта үлкен ғалымдардың мамандық бойынша лекцияларын тыңдауға тырысыңдар. Екіншіден, қазір қолма-қол осы Алматыдан табылмайтұғын құрал – кітаптарды оқуға тырысыңдар. Ескі кітаптар сататын жерден керекті кітаптарды сатып алуға тырысыңдар, ғылымның көзі кітапта, еңбекте, көп еңбек істемесеңдер, көп оқымасаңдар, көп білмесеңдер сендерден ештеңе шықпайды » деп бізге осындай қатты-қатты әңгіме айтқан.
Қазақ КСР-ның Халық артисі, 1936 жылы Мәскеуде өткен онкүндікке қатысушы Шара Жиенқұлова:
– Осы мынау өте қымбат үй бізге. Бұрын Верный болғанда гимназия болса, кейіннен Алматы болғанда институт болды. Осы институтта біз де бір-екі жыл оқып едік. Сол кезде жаңа қазақтың қызы жоқ деді ғой, бойжеткен 12 қыз бар еді. Жігіттер бізге «Дюжона» деп ат қойған. Үлде мен бүлдеге бөленген 16 менен 14 жас аралығындамыз.
Бір күні Байсейітовтер мен Жандарбековтерді нарком шақырып жатыр деді. Күләш жүгіріп келді: «Шәй көйлегің бар ма, біреуін маған берші, киініп барайық» деді. Содан бір-бірімізден көйлек сұрап, туфли сұрап киініп бардық. Сонда ана губернатордың үйі. Жігерлі жігіт екен. Бұл Темірбек Жүргенов болатын. «Менің шақырғаным, үкіметтің қаулысы болды, музыка театрын ашамыз, онан кейін Мәскеуге барамыз, онан жақсы өтсек, операға айналдырамыз. Сен Құрманбек режиссер боласың, Қаныбек пенен Күләш ән айтасыңдар, ал Шара балерина боласың» деді. Балеринаның не екенін түсінген жоқпыз. Соныменен ол кісі айтты, бітті. Қоштасып шықтық.
Опера театрын құру оңай емес еді. Қалай ұйымдастырмақ деп таңғалдық. Театрға жарайды-ау деген мамандардың бәрін жинады.
Бір жерде бір әнші бар екен оны алып келіп Күләшті айтты: «Мынаны вокалист жасап, осыны опера әншісі жасайсың» деді. Бір балетмейстерге мені көрсетіп: «мынаны биші, балерина жасайсың» деді. Бір театрды түгел оркестрімен сатып алды. Осының бәрін бір айдың ішінде ұйымдастырған Темкең ағай. Біз ол кісіні Темке дейтінміз. Темке ағай деп үйреніп кеттік, Темке ағай деп айтамыз. Қазақтың кәсіби өнерін жандандырған – осы Темкең ағай.
Сөйлеген кісілер айтып кетті, ол кісі наркоммын, үкіметпін демейтін, күнде репитицияға келіп отырады. Әннің де, бидің де сырын білетін, оркестрға да бағыт беріп отыратын. Онысына қайран қалатын едік. Ол кісінің еңбегін біз еш уақытта ұмытпаймыз, осы өнерде жүрген үлкендердің бәрі ол кісінің шәкірті. Сондықтан осы отырған балаларым, Темке ағамның осындай үлкен қасиеттерінен үйреніңдер, үлгі алыңдар.
Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, қоғам және мемлекет қайраткері Шақпақ Артықбаев:
–1922-24 жылдары мен Ташкентте оқып жүргенде Ғани Мұратбаев бір жерде сөйлесе, комсомол белсенділерімен кеңессе, сол кезде қазақтың үлкен қайраткерлерінің атын атағанда ылғи да Жүргеновті де атайтұғын. Осындай өсіп келе жатқан қайратты, білімді қазақ деп айтатын еді. Бірақ ол кезде біз оқушымыз. Одан кейін мына 34 жылдан 37 жылға дейін мен Ақтөбеде партия қызметінде болдым. Сол кезде Жүргеновті Ырғызда туып-өскен деп айтатын еді. Ол уақытта оның туған жері Қазалы екенін білмейтұғынбыз.
Сосын Жүргеновті көбінесе ауызға алып отыратын, ол кездегі республикамыздың өте көрнекті бір қайраткері, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбілқайыр Досов еді.
Бір күні өзі келіп, бізді үйіне қонаққа шақырды. Үйіне бардық, мына Дәмеш бізді күтіп алды. Сонда біздің бір таңғалған нәрсеміз мынау Фурма­нов көшесінде, бұрынғы 121-ші үй болатұғын 2-3 бөлме үй, үйлерінің іші тап-тақыр, ештеңе жоқ, бір ғана кереу­ет, сосын бір кішкентай үстел болды, үлкен кітапханасы бар екен. Соған біз таңғалдық. Сонда бұл қалай, өзі министр болғалы, міне, 2-3 жыл болып қалды, анау-мынау алуға қолынан келмей ме деп таңданғаным есімде. Өзбекстанда министр болған себебі, өзбектің тілін жақсы білген, Тәжікстанда министр болғаны тәжіктің тілін жақсы білген. Біздің Жүргенов ағамыз шығыс тілдерінің көбісін білетұғын. Осыны да айтып кету керек.
Сосын екінші бір есімде қалған нәрсе, 37 жылы Орталық партия комитеті бір топ қызметкерді Семей облысына жіберді. Мен Жарма ауданына, Жүргенов Шаманайха ауданына кетті. Сонымен қатар Жүргенов пенен маған тапсырма болды «Госпораходта» істейтін Чик дейтін адамды партиядан шығарған. Соны тексеруді бізге тапсырған. Соны жұмыс біткеннен кейін біз тексеріп, жаңағы «госпороходсваға» барып сөйлесіп, оған әлгі троцкизм деген айып таққан екен. Ол өлкелік комитетке арыз берген. Қойшы, сол мәселені осында бюроға қоятын болды. Әлгі Чик келді. Жүргенов пенен екеуіміз баяндама жасадық. Сондағы айтайын дегенім, оған қойылған айып өте үлкен болатын. Бірақ Жүргенов айтты: «Осында тексерілмеген нәрселер көп, осы жолдастың троцкишіл болғанына мен өзім сеніңкіремеймін, сондықтан бұл мәселе қайтадан қаралсын, қайтадан тексерілсін» деді. Бюро мүшелері бәрі қолдады. Жалғыз-ақ бір адам қарсы болды. Ол мына сол кездегі Ішкі істер наркомы Залин деген. Залин айтты: «Бұны ұстау керек, бізге соған рұқсат беріңдер» деп сөйледі. Оның айтқанын Чик естіп отырған. Сонан үзіліс кезінде жаңағы Залиннің сөйлегенін естіп Чик барғанда өзін-өзі атып тастаған. Осы мына қонақүйде. Менің айтайын дегенім сонда мынау, осыны Жүргенов ести сала Залинға жабысты: «Барлығы сенің кесірің, неге сен ол кісінің көзінше мен ұстаймын, қамаймын дедің, ол қорыққанынан өзін-өзі атып тастаған. Сен айыптысың, адам баласының тағдырына осылай қарауға бола ма? Болмайды, бұдан былай қарай осыны ескеріңдер» деп жаңағы Залинге қатты айтты. Сондағы айтайын дегенім, Жүргеновтің мінезі – қайсар мінез болатұғын. Мінезі тік болатұғын. Жұрттың бетіне сөзді басып айтатұғын, бір-ақ айтатұғын. Ал осы пікірі үшін оны жұрт жақсы көретұғын. Мен біраз қазақтың бұрынғы қайраткерлерін білемін. Олардың қазір көбісі тірі емес, ал солардың ішінде айрықша бөлініп тұратұғын, көп еңбек сіңірген осы Темірбек Жүргенов.
Қазақстанның халық артисі Қапан Бадыров:
– Мен Темірбек Жүргеновті 1934-35 жылдары ғана көріп, таныстым осы Алматыда. Наркомпрос болып тұрған кезінде. Осы Ленин көшесінде Наркомпрос үйі болатын. Онда театр, опера, «Қазақконцерт», филармония барлығы бір-ақ жерде болды.
Жаңа Бек айтты, қатал еді, жұмсақ еді деп. Жоқ, қатал да емес, жұмсақ та емес. Ол тәртіпкер еді. Сондай тәртіпті еді. Әлі есімде декадаға дайындалып жатырмыз, осы күнгі мына ұйғыр теат­рында дайындық жасап жатырмыз. Екі оркестр кешігіп қалды. Жүргенов репитицияда өзі отыр. Құрманбек пенен Борф басқарып жүр. Аналар кіріп келе жатқанда «Мында кел!» деп шақырды. «Уходи отсюда, без вас қазахский искусство обойдется, уходи отсюда» деп екі оркестр мүшесін қуып жіберді.
Декадаға бардық. Құрманбек «Қыз Жібекте» ме еді? Ә, «Қыз Жібекте» дауы­сын ала алмай қалғанда Темкең күйіп кеткен. «Не деген сұмдық, біттік қой» деп. Сондағы Құрманбектің шеберлігін қараңыз, «Ля» ма, «си» ма ең жоғары нотасын ала алмай қалғанда Құрманбек ешқандай мүдірместен, саспастан «Ха-ха-ха-ха» деп күліп жіберіп, ар жағын алып кетті ғой. Ертеңіне газетке шыққанда орыстың үлкен профессорлары, үлкен әншілері таңғалып: «Это не возможное вещи» деді. Содан Құрекең айтып келді: «Ой, риза болдым, Темкең менен кешірім сұрады» деп.
Темірбек Жүргенов ертемен келіп, «Ей, тұрыңдар, қазақтың ауылына келдіңдер ме? Тұр, бұл Мәскеу, барыңдар, музейге барыңдар, театрға барыңдар» деп таңертең ерте келіп бізді ұйықтап жатқанда оятатын. Мынаны қараңызшы. Сосын кешке біз репитицияға келеміз, жан-жақтан жиналамыз кешке. Үлкен театрдың артында театр бар еді. Біз енді әлі жарты сағат бар ғой деп асықпай келсек, Темкең есік алдында жүреді: «Әй, сен бүгін ойнайсың ба? Әй, неге кешіктің? Кір!» деп өзі бас­тап театрға кіретін.
Декада біткеннен кейін, оның күштілігі ғой енді. Сауда министрлігіне барып, бізге екі айлық ақшамызды бергізді. Шара есіңде ме? Екі айлығы­мызды бергізіп, бір дүкен ашқызып, таңертеңнен кешке дейін сол дүкенде болдық қой. Сонда Сәкен Сейфуллин­мен отырып әңгімелесеміз, мынау кос­тюм ұнамайды, екінші костюм әкел дейміз.. Мінекей, соның бәрін істеп жүрген кім? Темірбек Жүргенов. Бұл не? Бұл– кадрларды өсіру, кадр тәрбиелеу.
Дмитрий Фурмановты білесіңдер, соның әйелі Анна Иличовна институт­тың директоры болатын, соған алып барып: «Келер жылы мынау келеді, жазып қой, осында келеді, оқиды, тағы екі-үш баланы жіберем» деп біздерді алып баратын.
Ақын Қасым Тоғұзақов:
– Құрметті бауырлар, қарақтарым, бұл әңгімені айта берсе толып жатыр ғой, бірақ өмірде бір ұмытылмайтын кезеңдер болады. 1936 жылы мен Ленинградтың педагогика институтын бітіріп, Алматыға келген соң Наркомпроста Темағаңның қарамағында болдым. Декада біткен күні мамырдың 26 күні кешке Кремльге қонаққа шақырды, банкет болды. Сталиннің өзі келді, бәрі бірге отыр, мына отырған Шәкең Сталиндермен қатар бір үстелде отырды Күләш бәрі. Содан бір уақытта Елубай түрегеліп, Күләш пен Шараның қасына барып бірдеңе-бірдеңе деп тұр еді, күндікке үндемей отырған. Сталин орнынан түрегеліп, бір қолында бокал, теріс қарап тұрған Елубайды иықтан қақты, Елағаң «тұра тұр, тұра тұр» деді. Содан әлгі кісі қаттырақ қағып қалды, жалт қарады да Сталинді көргенде сасып қалды өзі. Сталин үндемей ғана бокалын көрсетті. Елағаң көзін ала алмай столды сипалап жүріп бір бокал қолына түсіп еді, онысы бос бокал екен: «Құй, құй» деді Күләш пен Шараға. Күләш екенін білмеймін, Шара екенін әлде, өзі айтар, қолына түскен бокалды толтыра құйды. Елубай аға Сталинмен соғыстырып, көтеріп қойды ғой. Біз күліп жатырмыз.
Мен Темкеңменен Сталиннің кабинетіне дейін бірге кірдім. Банкет үстінде 5 адам ғана сөз сөйледі. Сонда микрафон Сталиннің ғана алдында еді, Темкеңе сөз бергенде ол Сталиннің қолын ұстап тұрып тілек айтты.
Менің айтайын дегенім, қарақ­тарым, Темкең деген кісі қазақтың көркем өнерін көркейткен. Мәскеуге 550 адамды ертіп барып, 14 орденді алып, Күләшті КСРО халық артисі етіп, оның үстіне, «Амангелді» фильмін түсіруге Темкең себепкер болып еді.
Кинооператор Ораз Әбішев:
– «Айман-Шолпанды» Семей теат­рында 34-ші жылы көргем, сонда бір өзбектің рөлі бар, кішкентай эпизодтық рөл, соны ойнаймын деп Манарбек Ержановпен бірге соған ептеп дайындалып жүретінмін. Сол концертте Манарбектің шапанын кимек болып жүрсем, оны Ләтипа Қожықова деген мына қазіргі Сұлтан Қожықовтың анасы, Қожықов ақсақалдың әйелі сол кісі біреуге беріп қойған екен, мен соған ренжідім. Басқа бір шапан беріп еді алмай тастап кетіп қалдым. Соны естіп, мені Темкең шақырады дегеннен кейін алдына бардым. «Анамен олай сөйлесуге болмайды, ана кісіден кешірім сұра» деді.Мен Ләтипа апайдан кешірім сұрадым. Қазір осыны ойлап қарасам, сол сағатында маған беріп жатқан тәрбиесі екен ғой.
Дербес зейнеткер, республикаға еңбегі сіңген дәрігер, Т.Жүргеновтің зайы­бы Дәмеш Ермекова:
– Жаңа сарайда жақсы өткізді, бірталай кісілер қатысты.
Темірбекпен бірге қызмет істеген үлкен-үлкен жазушыларымыз қатысты, Ғабит Мүсірепов, академик Қаратаев, жазушы Әбілда Тәжібаев, белгілі артис­тер қатысып, жылы сөздерін сөйлеп, 40 жыл бойы Темірбектің бейнесін сақтап, маған сол жылы сөздерімен Темірбекті тірілтіп бергендей болды.
Ол уақытта бағана айтылғандай қыздар шынына келгенде аз едік. Қазір мына мөлдіреп отырған қыздар көбейді Құдайға шүкір. Үлкен дәрежелі мектепте 5-ақ қыз оқитынбыз. Бір күні Темірбек «Дәмеш, қосылсақ қайтеді? Уақыт болды ғой» дегенде, мен келісе қоймадым. «Оқуымызды бітірейік» дедім. Кейін бас қостық. 10-ақ жыл бірге өмір сүрдік. Сол 10 жылдың ішінде маған бөтен мінезін еш уақытта көрсеткен емес Темірбек. Сондықтан да шығар мен 40 жыл бойы сол Темірбекті жүрегімнің түбіне сақтап келемін.
Екінші айтайын дегенім, мына 1936 жылы бірінші декадада үлкен театрдың үлкен сахнасында концерт болды. «Қыз Жібек» қойылды, «Жалбыр» қойылды, онан кейін концерт болды, сол концертте мына Шара жуан қос бұрымы бар, үстінде сары жібек желбіршектеген көйлегі. Сол сахнада бір өзі ғана билеп шықты. Мәскеу­ді таң-тамаша етті. Қол шапа­лақтап, екі рет пе, үш рет пе шығарды сонда Шараны.
Темірбектің зеректігіне таңғаламын. Сонда қалай білесіз? «Апыр-май, сіз мына емтиханға дайындалғанда кітап оқымайсыз» деймін. «Мен бір-ақ рет оқимын» дейтін еді. Сол талантына, оқымыстылығына таңғалушы едім. Ол кітапты көп оқитын, әсіресе классиктердің шығармаларын жақсы көретін.
Жиында сонымен бірге академик Бекежан Сүлейменов, қоғам және мемлекет қайраткері Шәріп Өтепов, Халық комиссары Әшімбек Бектасов, жазушы Айтбай Хангелдин, фольклортанушы Мардан Байділдаевтар сөз сөйлеп, ел ардақтысы жайлы пікірлерін ортаға салды.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жүргеновтанушы,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.