Жыр алыбының әдеби хатшысы

Шырын ТОЙЫНБАЕВА,
ҚР Мемлекеттік Орталық
Музейінің ғылыми қызметкері

Халқымыздың ардақты ақында­рының бірі, майталман лирик, ғажап аудармашы, білікті әдебиетші, қаламы жүйрік журналист, қазақ поэзиясының көрнекті көркемсөз шеберлерінің бірі – Ғали Орманов. Ғали жан сырларын, табиғат сипаттарын суреттеген, лирикалық жырларын азаматтық әуендермен тоғыстыра білген толымды ақын. Көптеген өлеңдер жинағының, бірнеше поэма, әңгіме және очерктердің авторы атанған ол Жер жаннаты Жетісу өлкесінде қазіргі Алматы облысының Қапал ауданына қарасты Ешкіөлмес тауының бауырында дүниеге келген. Жетісу жерінің ақындық дәстүрін өзіне үлгі еткен Ғали жастайынан өлең-жырға қанып ер жетеді. Атақты Біржан мен Сара айтысы да ақынның туған өлкесінде өткендіктен, бұл айтысты ақын бала кезінен жадына жатқа сақтап өседі. Жастайынан әке-шешесінен қол үзіп, туысқандарының қолында болған Ғали бірнеше асуларды бағындырып, еліне елеулі ұлт азаматына айналды. 

Ақын бастауыш мектепте білім алып, сауатын ашып, кейін Алматыдағы халық ағарту институтының дайындық курсында оқиды. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген соң, бірқатар жылдар мұғалім болып, одан кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясында қызмет атқарды. 1939-1945 жылдары Жамбылдың әдеби хатшысы болды. Ұлы Отан соғысы жылдары «Майдан» альманахының редакторы, соғыстан кейін «Әдебиет және искусство» журналының жауапты редакторы болып бірнеше жыл жұмыс істеді. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағында хатшы қызметтерін атқарды. Ол кісінің 70 жылдық өміріне көз жүгіртсек, қазақ әдебиеті саласының майталманы, озған жүйрігі болғандығын көреміз. Ғали Ормановтың осындай жоғары деңгейдегі танымал ақын болуына Жамбылдың қосқан үлесі зор. Жоғарыда атап өткендей, Ғали Жамбыл Жабаевқа 1939-1945 жылдар аралығында әдеби хатшылық қызмет атқарған. Тек қана әдеби хатшысы болған жоқ, әрі хатшысы, әрі сырласы, әрі досы, тіпті баласындай болды десе де артық емес.
Жамбылға өмірінің соңғы жылдарында, яғни, 1938 жылы 92 жасында ақындық өмірінің 75 жылдығы тойланған уақытында Қазақстан өкіметі 12 бөлмеден тұратын үлкен үй салып беріп, толықтай Үкіметтің қамқорына алады. Қарт Жамбылға жеке дәрігер, медбике, аспаз, көлік жүргізуші, сондай-ақ бірнеше әдеби хатшылар тағайындаған. Әдеби хатшылары Әбділда Тәжібаев, Қапан Сатыбалдин, Қалмұқан Әбдіқадіров, Ғали Орманов, Тайыр Жароковтар кезекпен келіп, ақын өлеңдерін қағаз бетіне түсірген. Бұл жөнінде әдеби хатшыларының бірі Әбділда Тәжібаев 1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген «Жамбыл мен Ғали» атты мақаласында былай дейді: «Заманы бір, өнері бір қазақ ақындарының бірсыпырасы-ақ ұлы қарияның жас құрбы, жас достарындай еді. Біз Жамбылдан үйренсек, Жамбыл бізден үйренетін. Жыр ұясындай, тіл қазынасындай ақын аузын ашса сөз алтыны төгілетін. Өзі ағытып айтатын, нөсерлете құйылып айтатын толғау-термелерден басқа жатқа білер дастандары қанша еді?! Талай ырғақтар, талай ұйқастар, отты, өрелі сөздер оның аузынан ұшып, біздің кеудемізге, зердемізге қонатын. Ол айтатын шешен әңгімелер, хикаялар, ертектер, мақал-мәтелдер де таусылмастай кен еді. Сүйсіне тыңдап, сүйе жаттайтынбыз бәрін де. Ал, сол сияқты мол ақын, кен ақын кітап, газетті, жазатын ақындардың өлең жырларын, жазушылардың шығармаларын да біз арқылы танып, біз арқылы қанығатын… Сөйтіп, біз сүйікті қарттың көзі де, құлағы да болатынбыз. Сол көмекшілерінің ішінде Жамбыл қарттың ең жақыны – еңкек тарта бастағанша Жамбылға құлындай қызмет қылған Ғали Орманов болатын. Ғали Әзиз атаның басшылық та, қосшылық қызметін қоса атқарды. Көп жыл бірге жасасып, бастасына да, тұстасына да айналған жас досын Жәкең баласындай көріп кеткен. Ол қуанышын да Ғалиға айтатын, ауырып-сыздаса мұң-сырын да Ғалиға айтатын. Әрі сақ, әрі жасқа қаталдығын ұстана білген атаның сеніміне енбей, көңілін таппай, оны қажетті кезінде отандық мәні бар, үлкен тақырыптарға жырлата беру де оңай емес-тін. Көрінген кісінің көлденеңнен кірісіп, «Жәке, жырлаңызшы» дегеніне ол жырлай салмайтын. Домбырадай бұрап, күйіне келтірмей, үлкен кеудесіне толғақ түсірмей, жүрегін еліктірмей Жәкең жағын ашпайтын. Есітпеген, ұқпаған «аңқау» боп қоя салатын. Ал Ғали өзі дарынды ақын болғандықтан қарт ақынның жүрек кілтін шерте білді. Оған қозғау салу үшін ең алдымен еріксіз тебіренуіне ақылды әңгіме айтатын, содан соң бірте-біртелеп жыр жолын жетектеп түсіретін. Міне, сол кезде кәрі тарлан домбырасына жабысатын да, қос ішектен үн табатын да қосылатын. Ал Ғали дүниеге жаңа туған ғажайып жырларды қағазға түсіретін. Кезінде бүкіл кеңес халқы сүйген Жамбыл өлеңдерінің көбін Ғали осылай жазып алған». Ә.Тәжібаевтың бұл сөзінен Ғалеңнің қарт ақынның тілін таба білген, ішкі сырын сезіне білген бірегейі хатшысы болғандығын байқауға болады.
Ақынның қызы Жамиға Орманова да Ә.Тәжібаевтың ойын сабақтай түседі. «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында Жамиға Орманова: «Әкем өте балажан кісі еді. Балаларының білімді болғанын жақсы көретін. Жамбыл ата келгенде, үнемі біздің үйге түсетін. Шешем болса асын даярлап, жағдайын жасайды. Мазасын алмасын деп олар отырған бөлмеге бізді жібермейтін. Үйде үш бала болатынбыз. Сонда Жамбыл ата «Осы үйдің балалары қайда, бала бар екендігі тіпті білінбейді ғой» деп балалық шағындағы әкесі мен Жамбыл қарттың достығын есіне алады. Ақынның 110 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған Жетісу өңірінде өткен «Ғали Орманов – майталман лирик ақын» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ақынның қызы Жамиға Орманова: «Адамгершіліктің бар асыл қасиеттерін бойына жинақтаған әкем 1939-1945 жылдары жыр алыбы Жамбылдың әдеби хатшысы, поэзиядағы Ілиястың ізбасары болған. 4-5 жасар кезімде 96 жастағы Жамбыл атамыз Көк базардың жанындағы үйімізге жиі келіп тұратыны есімде. Жан сарайы қазынаға толы болған Жамбыл бабамыздың көңілінің кілтін табу оңай шаруа болмаған. Биік бәйтерегіміз болған әкем бізге кітап оқыңдар деп жиі айтатын. Асылдығынан айнымаған ол өмірде өте қарапайым, мейірімді, ақ көңілді, адал, жомарт, жанашыр жан болған еді. Дәл осы қасиеттерімен ол айналасына сыйлы адам болған. Жүрегімен жазған жырларын жас ұрпақ жаңа ғасырларға жеткізеді деп үміттенемін» деді. Жамбыл қарттың көзін көрген Жамиға Орманованың естеліктерінен Ғали мен Жамбыл арасын­дағы ішкі сыйластықты, адал достықты, шығармашылық жаңа толқынды көреміз.
Жамбылға әдеби хатшылық қызме­тін атқарған жылдар аралығында Ғали Орманов қарт ақынның: «Әкеме», «Жаныс ақынға», «Пұшықтың ұрыға айтқаны», «Жылқышы», «Кәмшат қыз», «Ел едің құт дарыған Есім-Малай», «Қуғын», «Кедей күйі», «Мәмбетке», «Сәт сайланарда», «Тілеміске», «Абышқа», «Мәңке туралы», «Шалта­байға», «Қалиға», «Көкімге», «Кәдір­бай­дың төбеті», «Есенәлі мешкейге», «Өстепкеде», «Патша әмірі тарылды», «Жол үстінде», «Жамбылдың Ай­күміс­пен айтысы», «Жамбылдың Бақтыбай ақынмен айтысы», «Бөлектің қызының Жамбылмен қағысуы», «Майкөтпен дидарласу», «Жамбылдың Бөлтірікке айтқаны», «Қазақстан тойына», «Жайлау», «Халық армиясы», «Бесік жыры», «Көкірегің кірілдеп», «Октябрь жыры», «Иісті майға», «Кекілік ұшып дүр етті», «Сыртың сұлу болғанмен», «Балаң бойдақ жүре ме әлі алақыстай», «Тезекбайға», «Асау үйреткен жігіттерге», «Жасымнан атым аян Жамбыл едім», «Мен бір шал тоқсан жасты құрдас еткен», «Абайдың суретіне», «Елімде көптен жүрген мен бір тауық», «Жүрек неге соғады өрге қарап», «Шақырған жоқ сендерді Жамбыл жайға», «Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң», «Сақалым темір күрек борға малған», «Жетіппін жүре-жүре қыр басына», «Алғыс», «Сүйікті Отанымның ұлдарына», «Сыйлық», «Отан әмірі», «Аттандыру», «Жаңа Жыл сәлемі», «Воронеж батырларына», «Балама хат», «Қамал бұзған қаһарман», «Ту астындағы ант», «Той күні таяу», «Жүз жасаған жүректен», «Алғадай туралы әрбір ой», «Атаның әлдиі», «Сәлем, саған комсомол», «Әке әзілі», «Батыр туы», «Соңғы сөз» сынды бірқатар өлеңдері мен жырларын, айтыстары мен арнауларын қағаз бетіне түсірген. Ақынның жазып алған аталмыш туындылардың барлығы қағаз бетіне бірден оңай түсе қоймайтын болған. Жамбыл шабыты келген кезде ғана өлең-жырларын шығарған. Ғали сол кезде өлеңдерін бірден қалтқысыз жазып алып, оны кейіннен ақынның өзіне қайтадан оқып беріп, өлеңнің шашау кеткен жерлерін жұп-жұмыр болғанша мақамына салып өңдеуден өткізген. Осылайша, Ғали әр кез қарт ақынның ойынан шыға білген.
Жамбыл мен Ғали арасындағы дос­тас­тық пен сыйластықтың болғандығын қарт ақынның Ғалиға арнап шығарған бірнеше өлеңдерінен де байқауға болады. Жамбыл «Қалжың», «Жетіппін жүре-жүре қыр басына», «Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң», «Кекілік ұшып дүр етті», «Кәрілік», «Иісті майға» өлеңдерін тікелей Ғалиға арнаған.
1939 жылдың қүз мезгілінің екінші айын­да Қазақстан Жазушылар Одағы Ғали Ормановты қарт Жамбылдың әдеби хатшысы етіп тағайындаған кезінде, Алматыдан Жамбылдың ауылына бара сала Ғали: «Ассалаумағалейкүм, денсаулығыңыз қалай» деп сұрағанда, Жамбыл бірден өлеңдеп жауап қайырған екен. Содан бері бұл өлең тарихта «Кәрілік» деп аталып, Жамбылдың Ғалиға арнаған ең алғашқы өлеңі болып есептеледі.
Көкірегің кірілдеп,
Көздің алды іріңдеп.
Қаз-қаз басқан баладай,
Буындарың дірілдеп.
Қартайған соң, немене,
Хауіп ойлайтын күнің көп.
Айлашы екен кәрілік,
Бірге түнеп, бір жүріп.
Сыр білдірмей сұрамай,
Не көрсетіп тонамай,
Мүшеңді алған біріндеп.
1939 жылдың 9 қарашасы күні Алматыда шындық жаны қалайтын қазақ ақындарының републикалық слеті өтеді. Слетке жүргелі жатқанында Ғалекең қарт ақынның киіміне әтір сеуіп, киімінің жаға-жеңін реттей бастайды. Сол кезде Жамбыл Ғалекеңе қарап тұрып әзілдеп «Иісті майға» деп аталатын өлеңін шығарған екен:
Иісің жақсы нәрсесің жас адамға,
Жараспайсың тоқсанды жасағанға.
Жас күнімде жанымнан шықпайтындар,
Бәрі де ұқсап кетті ғой қашағанға.
Жабы күйік болар ма байлағанмен,
Жасық – болат болар ма қайрағанмен?
Жамбыл қайта жасарып жігіт болмас,
Жағасын неше қайта майлағанмен.
Жабағыны жапсырып иегіме,
Жүргеніме, өзім де күлемін де.
Короліндей картаның қаужиыппын,
Қанша жылу болғанмен жүрегімде.
Жамбыл мен Ғали таза ауада серуен құрып, әңгіме айтқанды жанына жақын қылған. Бірде қарт ақын Ғалимен құс атып алу мақсатында тауға барады. Өлең мен жырға келгенде алдына жан салдырмайтын Ғали саятшылыққа келгенде орашолақтау болған тәрізді. Таң сәріден күн батқанға дейін құс аңдумен отырған Ғали қанжығасындағы барлық оғын тауысып, үйіне олжасыз бос қайтқан екен. Ғалидың бұл әрекетін көрген қарт ақын өз ойын «Кекілік ұшып дүр етті» әзіл-өлеңімен жеткізеді:
Кекілік ұшып дүр етті,
Ғали шошып дір етті,
Қарны ашып қалжырап,
Екі иығы салбырап,
Кешке ауылға құр жетті.
Атқаны бір сауысқан,
Оқтың бәрін тауысқан
Ұялғанын байқаймын
Бәсең шыққан дауыстан.
Бұл өлеңді Ғали Орманов ақынның аузынан 1939 жылдың 15 желтоқсан күні жазып алған екен (Жамбыл Жабаев. Шығармалар. 1957 жыл).
Жамбылдың Ғалиға арнаған келесі өлеңі «Қалжың» деп аталады.
Ғали менен Рахымбай,
Мені жемдеп жүрмісің.
Егіншінің атындай,
Байлап арпа, сұлысын.
Мұнша бағып-баптауды,
Жақтырмайды тым ішім…..
Қазылырақ тартқанға,
Қысылыңқы тынысым.
Ақпан менен қаңтарда,
Соғым шүйгін болсын деп,
Ырым етіп күл сеуіп,
Соямысың кім білсін!….
Қарт Жамбылдың әдеби хатшысы Ғали Орманов пен дәрігер Рахымбай Досымбековке айтқан бұл өлеңі ақынның 1946 жылғы жинағында жарияланған болатын. Өлең мәтініне назар аударсақ, қартайған шағында «ақынның көмек­шілері» Жамбылға барлық жағынан көмек көрсетіп сүйеу болғандығын, айтқанын екі етпей өз деңгейінен асырып орындағанын көруге болады. Мұндай көрсеткен ұлы көмекке іштей разы болған Жамбыл тіпті кейде көмекшілерін өзімен теңдей көріп қалжыңдап қойғандығын да байқаймыз. Өйткені Ғали ақынның шығарған өлеңдерін бір сәтте қағаз бетіне түсіріп, оны мәнін келтіріп жүйелеп, өзіне қайтадан дауыстап оқып беріп отырған. Ал Рахымбай сағат сайын ақынның денсаулығын тексеріп, сырқаттанған сәтінде ем-дом жасап тұрған.
1941 жылдың қаңтар айында Жам­былдың денсаулығы сыр бере бастаған кезінде Ғали: – Жәке, бүгін не туралы айтасыз? – деп қағаз, қаламын алып Жамбылдың жанына келіп отырған сәтінде қарт ақын жантайып отырып:
«Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң,
Жалқауырақ тартыппын қартайған соң.
Көңілсіздеу секілді көрінемін,
Дос алыстап, қасымнан жар тайған соң.
Тарыншақтау мінезім – ұрысқақтау,
Еріншектеу болыппын – тырысқақтау.
Айқайласа жүйріктей бүйірі қызған,
Ақын-ақ ем бір күнде ұрыншақтау.
Жас баладай ілезде кетем қалғып,
Қартайған соң, бір ұйқы алған аңдып,
Жазуыңды Ғали-ау қоя тұршы,
Шаршаңқырап отырмын, басым мәңгіп» деп айтқан екен. Осы сәттен бастап бұл өлеңнің тақырыбы «Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң» деп аталып кеткен.
Өмір атты ұшы-қиыры жоқ ұзақ жолдың ұшар басына тақап қалғанын сезген қарт Жамбыл өзінің бойынан қауқары кете бастағандағы ішкі сыры мен назын үнемі қасында бірге жүрген сырлас жандары – жеке дәрігері Рахымбай Досымбеков пен әдеби хатшысы Ғали Ормановқа «Жетіппін жүре-жүре қыр басына» деген өлең жолдарын шығару арқылы білдіреді:
Жетіппін жүре-жүре қыр басына,
Жол екен таусылмайтын бір ғасырға.
Елбіреп екі аяғым дірілдейді,
Көз жетпей тұрары ма, тұрмасы ма.
Тамырдың тілі қандай дәрігерім,
Жамбылға турасын айт, сыр жасырма!
Жетелеп біраз күнге жүріңдерші,
Кез болдық қайдан демей бұл мысалға.
Болыппын жыртық үйдей саңлауым көп,
Тұрғандай жан-жағымнан жел гуілдеп,
Өзіме өз дәрменім жетер емес,
Болысып жібермесең біреуің кеп! Бұл өлең жолдарын 1941 жылдың ақпан айының соңында, қарт ақын нау­қастаныңқырап жүрген кезінде шы­ғарған екен. Аталмыш өлеңінде қарт Жамбыл өз өмірін – ұзақ жолға, ал өзін – қырдың ең жоғары шыңына жеткен қартқа теңеп отыр. Бұл өлеңді шы­ғарғанда Жамбыл 96 жастағы қарт болатын.
Ғали Ормановтың өнімді еңбек етіп, үздіксіз шығармашылықпен айналысуы­на Жамбылдың да үлесі өте зор болды. Бүгінгі таңда Ғали Орманов қырық жыл бойы көркем әдебиет саласында жемісті еңбек етіп, тарихта аты алтын әріппен жазылатын қазақтың атақты ақындарының бірі ретінде мәңгі бақи халқының жүрегінде сақтаулы. Жамбыл мен Ғали достығы мен бауырластығы жылдар өткен сайын жаңарып тарих жадында қала бермек.

Жамбыл ұлы Тезекбаймен және Ғалимен бірге.
(Сурет Жамбылдың 75 жылдық шығармашылық мерейтойына арнап шығарылған фотоальбомнан алынды)

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.