Отамалы

Маусым – григориан күнтізбесі бойынша алтыншы ай, жаздың алғашқы айы. Бұл айда шаруашыл халық үшін шөп шабу, пішен дайындау кезеңі басталады. Маусымдағы ауа райы Күн барынша ұзарады, түн қысқарады, күн ысып, жаңбыр жауады. Маусым айының басында Үркер батады, яғни Үркер аспаннан мүлдем көрінбей кетеді. 22 мау­сым күні «жазғы күн тоқырау» болады. Бұл күн – күн көзінің аспанда ең биік деңгейде болатын уақыты. Ал маусымның 26-нан бастап, тамыздың 5-іне дейін жалғасатын, «қырық күн шілде» кіреді. 

Халық маусым айының ерекшелігін мынадай өлең жолдарына арқау еткен:
Маусым еді күткенім,
Келдің, Маусым, жадырап.
Өсімдік, жәндік — бәрі де,
Шілде қызуымен балбырап.
Тілімізде маусым сөзі ай атауынан басқа «мезгіл, мерзім, кезең» мағыналарын да беретінін білеміз. Осыған орай белгілі этнограф С.Кенжеахметұлы: «Бұл атау жаз маусымының басталуына орай шығуы да мүмкін» деген пікірін айтады.
Маусым – арабтардың «мезгіл, кезең» мағыналарын беретін маусим деген сөзінен шыққан. Араб тіліндегі бұл сөздің шығу төркіні бойынша,«таңбалау, белгілеу» мағынасындағы уасм сөзінен «малдарға таңба салу кезеңі» дегенді білдіретін маусим сөзі қалыптасқан. Туыстас түрік тілінде бұл сөз мевсим (mevsim) деп қолданылады (Misalli Büyük Türkçe Sözlük. Haz.: İlhan Ayverdi. – Kubbealtı, 2010. – 1411 sayfa. – S. 371.).
Маусымның тағы бір атауы – «ота­малы». Бұл атау жер отының молайып, нәрленгенін, оның малға жұғымының артқанын білдіруден туса керек. Осы ретте ғалым Орынғазы Әбутәліптің пікірін айтар болсақ, «ай аттарының ретін тарихи тұрғыдан қарастыра келгенде орын тәртібін бұзуға негіз болатын айдың бірі – отамалы айы. Мысалы, В.Радловтың ұсынған ай жүйесінде отамалы май айына, ал Ш.Уәлихановтың зерттеулерінде отамалы март айына сәйкес келеді делінген. Мәшһүр Жүсіп «Саратан – отыз бір күн. Сарғалдақ деген шымшық сонда (анда) шақырар. Саратан кірекеш Үркер туар (туғар) июньнің тоғызында саратан кіреді» дейді. Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ә.Мұстафиндер құрастырған «Шаруа календарында» отамалы айы февральге сәйкес келеді. Ал халықтық этимологияға жүгінсек, отамалы сөзі малдың отқа ауыз салып, жердің отайып қалған кезін айтады. Көктем айларында көк шыға бастағанмен, малдың отап тастап, отайып қалған жердің бейнесі жаздың бірінші айында байқалатыны ақиқатқа сыйымды көрінеді. Сондықтан да отамалы деп отырғанымыз жаздың алғашқы айы болса керек» (О.М.Әбутәліп. Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері. Филол. ғыл. канд… авторефераты. – Алматы, 2008. – 26 б.).
Маусым айы байырғы қазақ күнтіз­бесіндегі жұлдыз (зодиак) айлары бойын­ша саратан деп аталған. Саратан (ناطرس) сөзі араб тілінде «шаян, краб» сөздерін білдіріп, жұлдыз айлары бойын­ша «Шаян шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Халық аузында саратан айы туралы мынадай жыр жолдары қалған:
Оқып, біліп алсын жас,
Айларды әрі таратам:
Молшылықтың басы – жаз,
Жаздың басы – саратан.
Жер жаңбырмен сусындап,
Кемпірқосақ өрілер.
Жаңа егін де маусымда
Ұшқұлақ көк көрінер.
Ауласында үйіңнің –
Жұпар иісі даланың.
Биылғы маусым айы Ай қозғалысына негізделген Хиджра (мұсылман) күнтізбесі бойынша рамазан айына сәйкес келді. Қазақ халқы бұл айды «ораза айы» деп атап кеткен. Ораза – таң сәріден күн батқанға дейін ішіп-жеуден тыйылатын, ислам дінінің бес шарттарының бірі. Тіліміздегі ораза сөзі парсы тіліндегі «ауыз бекітетін күн» деген мағынаны білдіретін руза (ۃزور) сөзінен келген. Руз (زور) сөзі – парсы тілінде «күн» деген мағынаны береді (Persian-English Dictionary. F. Steingass. Beyrut. First Edition 1892. New Reprint 1998. – 1523 s.; s. 592-593).

  • Сөз төркіні

Жарапазан 

Мұсылман халықтары үшін қасиетті саналатын рамазан айында адамдар отыз күн бойы тамақтан ғана емес, жаман сөзден аузын берік, жаман іс-әрекеттерден де бойын алыс ұстайды. Бұл айда халқымыздың жақсы, өнегелі әдет-ғұрыптары да қалыптасқан. Соның бірі – жарапазан айту.

Осы ретте жарапазан туралы толық әрі қызықты мәліметтерді «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» еңбегінен келтіргіміз келеді.
Жарапазан – рамазан айында фольклорлық салттық өлеңмен атқарылатын ғұрып. Әдетте, жарапазан отыз күн оразаның кезінде, рамазан айында айтылады. Жарамазан «Жа-Рамазан», яғни арапша «рамазан келді» деген сөзден шығуы ықтимал деген пікір бар.
Жарапазан айтуға арнайы шыққан балалар (кейде ересектер) ауыл аралап, жарамазан айтып, келген үйіне игі тілек пен құт-береке тілейді. Жарапазан айтып келген адамға үй иесі құрт-майын, ірімшік, ұсақ бақыр ақша, т.б. беріп ырымын жасайды. Берген затын қабыл алған жарапазан айтушы алғысын айтып, кейде бата береді. Қазақтың дәстүрлі этнографиясының білгірі Ахмет Байтұрсынұлы осы ғұрып жөнінде былай деген еді: «Жарапазан – рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Олар жарапазанды екеу болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады».
Ал белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаевтың мәліметіне қарағанда: «Ораза айында үлкен айтушылар жарапазан айтып, түйе алса, кішігірім айтушылар үй жағалап, әйелдерден ауызашарға құрт, май, ірімшік сұраған».
Жарапазан өлеңінің қалыптасып бірізденген мәтіні жоқ. Дегенмен, өлеңнің жалпы мазмұны мен ой желісі бір арнаға тоғысады. Жарапазан өлеңінің мәтіні шаңыраққа жақсы тілектер білдіріп, көпшілікке сауапты іс жасау парыз, Жаратушының хақ екендігін, күнәһар жандарды о дүние тозағы, небір қиыншылық, ауыр жаза күтіп тұрғандығын ескертіп, діни уағыз-насихат түрінде болып келеді. Қазақ арасына жаппай тараған жарапазан өлеңінің сан алуан нұсқалары бар. Соның бірі былай басталады:
Ассалаумағалейкүм, уа, рамазан!
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағалейкүм, уа, рамазан,
Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!
Әрі қарай жарапазан айтушының өлең мәтіні төмендегідей үлгіде де жалғасып кете береді:
Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Саба көркі – бие екен,
Сандық көркі – түйе екен.

Әшекейлеп сырлаған,
Ақ сарайдай үйі бар.
Ақ бөкендей қойы бар,
Қара сақал кермиық,
Қандай байдың үйі екен?

Айтамын жарапазан үйіңізге,
Ұстаған үй айнала шиіңізге.
Қой берсең, қозы берсең, көпсінбеймін,
Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге.

Айтамыз жарапазан үйіңізге,
Туырлық үй айнала шиіңізге.
Осы үйдің шаңырағы шап-шақ екен,
Жеңгеміз осы үйдегі аппақ екен…

Айтамыз жарапазан есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе.
Жарапазанды ораза айында кейде ел сәресін ішкен елең-алаңда, кейде күндіз, көбінде ауызашардан соң кешкі алагеуімде ораза ұстаушылардың көңілін көтеру, бойын сергіту, уақытын өнегелі насихатпен өрнектеп өткізу мақсатында қыдырма жарапазаншылар өнер арқылы ораза ұстаушылардың көңілін көтерген, қайыр-зекетін де алған.
Ассалаумағалейкүм ақтан келдік,
Ай туып, күні шыққан жақтан келдік.
Айтты деп жарапазан сөкпеңіздер,
Пайғамбар жолын қуған адам едік.

Мұхаммет үмметі айтқан жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза, иман.

Айтайық жарапазан еліңізге,
Байлай көр барша орамал белімізге.
Байласаң барша орамал белімізге,
Баралық мақтай-мақтай елімізге.

Мінгені пайғамбардың қара інген,
Астынан жануардың тау көрінген.
Ораза, намазыңды тұтпай барсаң,
Барғанда ақиретте дәу көрінген.

Мұхаммет Расул Алла, хақ пайғамбар,
Атыңнан айналайын Қали Қайдар.
Жалпы Жарапазанның әу бастағы қызметі мен мәні – шаңырақ иелеріне құт-ырыздықты әсерлі ақ тілек, әдемі алғыс-бата арқылы шақыру, олардан жұт-қырсықты қаһарлы сөз сиқырымен қуып аластау мақсатында жасалатын магиялық шаралар кешенінен туындаған сияқты. Сондықтан да, оны мәтінінде алғыс пен қарғыс алма-кезек ауысып отырады. Мәселен, «Кірсін дәулет, шықсын бейнет», «Бай үйін берекет, қаша берсін бәлекет», «Кірсін дәулет есіктен, шықсын бейнет тесіктен», «Келгенде қайыр-зекет бере алмасаң, жібермес ақыретте менің назам», «Асырсын-ау, асырсын, жамандығын жасырсын, осы үйге қастық қылған адамды, қара таспен бастырсын!» деген сияқты.
Араб-парсы елінде жарапазан жыры жоқ, ал оның түрік тектес көптеген халықтарда ортақ болуының бір сыры – осы ежелгі жанрдың исламға дейінгі мәдениетте ел өмірінде әбден белгілі болғандығының дәлелі секілді. Бұл жайында М.Әуезов былай деп жазды: «…қазақ жарамазандарының көбін алсақ… күшті сопылық, өрескел тақуалықты айтып, өзге жұрттың дін өлеңі сияқты үнемі сәжде, үнемі дұға, ұдайы күнәкер болуды айтып, көп тәубамен жалбарына беретін сөздер жоқ деуге болады. Бұл жағынан қарағанда қазақтың көп жарамазаны баяғы ақы сұрап айтатын мақтау өлеңдеріне жақын келеді».
Әйткенмен, қазіргі кезде жарапазан исламның шартына толық бейімделген діни сарындағы жыр ретінде де сақталып отыр. Бұл құбылыстың себебін М.Әуезов төмендегіше таратты: «Қазақ ортасына исләм дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайы­латын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген…».
Әдетте, қалыптасқан салт бойынша жарапазаншылар сыйлық алғаннан кейін өлеңін батамен аяқтайды:
Балалардың мінгені,
Жорға-жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Байдың көңілі жай болсын.
Ай жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын.
Күн жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын…
Бөлшіл-бөлшіл бөлшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол.
Бәйтеректей бүрлі бол,
Пайғамбардай нұрлы бол.
Бисмилла Аллаһу акбар!
Жарапазан атауын кейбір өңірде жарапазан, жарамаздан, жәдит-жарапазан, тіпті саһар деп те атайтын болған. Мәселен, Көкшетау облысының шығыс аудандарында саһар айту дәстүрі кездеседі:
Саһар айтқан балалар,
Елден елді аралар.
Саһаршы бала жатпайды,
Айтудан күнә таппайды.
Тәтесі жүзік берсе егер,
Саһаршы бала тоқтайды.
Саһар айтып біз мұнда,
Үйде тұрып, сіз тыңда.
Айтатұғын таң келді-ау,
Беретін болсаң қимылда.
Мұндағы саһар деген сөз «сәре (таң сәрі)» деген мағынаны бірдіреді.
Жоғарыда айтылғандай, жарапазан ғұрпының діни әсерге ұшырауына байланысты оның өлеңдері де осы сарындас болып келеді. Мысал ретінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келтірген төмендегі нұсқаны айтуға болады:
Жарапазан айта келдім, сіз байларға,
Кім кетіп, кім жетпеген бұл айларға?
Кірерсіз сегіз бейіш сарайларға
Мұхаммед үмбетіне шаһыр рамазан!

Бұл айды кешер Алла жазығыңды,
Сыйласаң біздей пақыр ғарібіңді!
Садақа, берген қайыр-азығыңды,
Мұхаммед үмбетіне шаһыр рамазан!

Бұл айда береке нұр тәңірім шашар,
Бұл айда шайтан лағын қорқып қашар.
Есігін сегіз жұмақ періште ашар,
Мұхаммед үмбетіне шаһыр рамазан!

Әр айда бола бермес бұл рамазан,
Қасиетін оразаның білмес надан.
Ықылас қып қарсы алыңыз, келсе шам,
Мұхаммед үмбетіне шаһыр рамазан!

Қазақтың этнографиялық категория­лар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. 2-том. – Алматы, РПК «Слон», 2013. – 228-230 бб.

  • Мезгіл мезеттері

Жаздың  сарша тамызы

Жаз – маусымның 23-інен тамыздың 23-іне дейінгі 93 күнді қамтитын, жылдың төрт мезгілінің екінші мезгілі. Қазақ болмысында бұл кезең адамның арқа-басының кеңіп, табиғаттың кең тынысымен біте қайнасып, жан-жануарлардың тіршілігіне жайлы, шаруашылыққа қолайлы, тіршіліктің нағыз қызған кезі.
Қазақстан жерінің жазғы сипаты біркелкі емес; ауа райы жаз айларында оңтүстік облыстарда ыстық, солтүстік облыстарда қоңыржай жылы болып келеді. Бұл жайт шаруашылыққа да әсер етіп жатады. Халқымыздың ескі санағы бойынша шілденің 7-нен басталып, шамамен тамыздың 5-інде аяқталатын 30 күндік ыстық күндер де, осы жаз маусымына жатады. Ал еліміздің оңтүстік аймақтарында шілде маусым айының 26-нан тамыздың 5-іне дейін 40 күнге созылады. Халық арасында осыған сәйкес «қырық күн шілде» деген күнтізбелік атау пайда болған. Кейде, күнделікті тұрмыста, көктем мен күздің жылы кезеңдерін қосып, жазды 6 ай деп есептейді. Алайда ауа райы бойынша Қазақстанның оңтүстік облыстарының жазы 6 айдан артық, солтүстік облыстарының жазы 6 айдан кем болып отырады.
Жыл ішінде күн көзінің аспанда ең биік деңгейде болатын уақыты – жазғы күн тоқырау (22 маусым); ең төменгі деңгейде болатын уақыты – қысқы күн тоқырау – 22 желтоқсан.
Қазақтар жаздың өзін іштей «ерте жаз», «шілде тамыз», «жаз аяғы» деп те межелейді.
Ерте жаз – жылдағы әдеттен тыс, мезгілінен жаздың ерте шығуы. Бұл көктемнің ерте тууына, ауа райының шаруаға жылы да шуақты болуына байланысты.
Жазғытұрым – көктемнің аяқталып, жаз мезгілінің жақындаған шағы. Бұл кезде көктемнің әлі ыси қоймаған қоңыр салқын ауасы жылып, күннің көзі нұрын мол шашып, жер бетінде көңілді тіршілік қыза түседі.
Жаздың сарша тамызы – шілденің нағыз ыстық кезі.
Жайма шуақ жаз – жердің беті түгел көгеріп, шүйгін шөп басқан, аспан ала бұлттанып, күн нұрымен араласа сал­қын жел соғып, адамға да, малға да қолайлы жаздың мамыр, маусым айлары.
Жалпақ жаз – сай-салада сағым ойнаған ыстықтан жайлауда да, сар далада да жан-жануар сая таба алмай қалатын жаздың сарша-тамыз айлары (кезі).
Қаз жайлайтын жаз – күзге қарай жылы жаққа (екінші мекеніне) ұшып кететін жыл құстарының бірі – қаз кейбір қысы жылы болатын жылдарды жаздың ауа райына қарап біліп-ақ жылдағы әдеті бойынша жылы жаққа ұшпай, осы орнында біржолата қалып қоятын қылығы да болады. Міне, сондай жылы, жайма-шуақ жазды қазақтар «Қаз жайлайтын жаз» деп атайды. Бұл «Қыстың жылы болуына кепілдік беретін, қаз құсына жайлы болатын жаз» дегенді аңғартады.
Наурыздан соңғы жаз – жыл басы, көктем басы наурыздан кейінгі суық, салқын көп бола қоймайтын, көбіне-көп ыстық, бірақ қолайлы болатын жаз.
Ұзақ жаз – кей жылдары жаздың әдеттегісінен әлдеқайда ерте бас­талып, ұзаққа созылған жайма-шуақ күндерінің мол болатын көктем кезеңдері.
Ұзын сары – күннің жазғы тұрғы ең көп ұзарған мерзімі. Тамақтың қорының үзіліп, мал азығы таусылып, ұзақ күнді батыра алмай қиналатын шағы.
Шыбынсыз жаз – шыбын-шіркейі құжынап кететін тым ыстық емес, әсіресе, кешке қарай салқын жел соғып, ауаның тынысы кеңейіп, малға да, жанға да жайлы жайлау жазы.
Жаздыгүні – жаздың үш ай мезгілі.
Қырық күн шілде – маусым айының 26-нан тамыздың 5-іне дейін созылатын, күндізі аптаған ыстық, түні желсіз тынық болатын жаздың орта кезеңі.

Жаздың ұзағын тілегенше, жайма-шуағын тіле

Жазғытұрғы жел жардай атанды да жығады – мақал бұл құбылыстың астарында тек малшы қауым ғана жақсы білетін екі түрлі сыр бар екенін: біреуі – жазғытұрым қандай мал болмасын, соның ішінде жардай атан да етінен арылып, сүйегі жұқарып, әбден әлсізденіп, қаңбақ сықылды жеңіл болып қалуы болса, екіншісі – жаз желінің өтімді де қатты соғатын әдетіне байланысты екендігін аңғартып тұр.
Жаздың ұзағын тілегенше, жайма-шуағын тіле – жаздың әдеттегіден ұзаққа созылуы, әрине, шаруаға жайлы; бірақ сол ұзақ жаздың соңғы жағы жауын-шашынды болып, жазға үйреніп, жайбарақат жүрген шаруаны аяқ астынан өзгеріп шыға келген ауа райы бейберекетін шығаруы да мүмкін. Сондықтан малшы қауым жаздың ұзағынан да жайма-шуақты жылы да жайлы болғанын тілейді.
Жаз сайға қонба, Қыс қырға қонба! Себебі: жазда сай арасы жел соқпайтын ыстық болып, дұрыс дем ала алмайтын қапырық, тымырсық болады; қыста қырға қонған ауыл аяздың бетінде, суық желдің өтінде қалады, сондықтан да ол да ауыл-үйдің қонуына жайсыз болады дегенді аңғартады.
Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла, ай шалқасынан туса, күрегіңді сайла – Ай қырынан, яғни тігінен туса, жаз шыға бас­тайды. Ал ертеректе жаз айларында қуғын-сүргінді жорық күндері басталатын болған. Көрші елдер бір-біріне қарымта қайтару, кек қуу мақсатында жорықтар жасайды. Аталмыш мақалда «Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла» деген жолдар осыны аңғартады.

Әдебиеттер:
1. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде: Табиғат. ІІІ том. — Алматы, 2013. – 6-8 б.
2. Исаева Ж. Қазақ мифологиясын­дағы тілдік көріністер // Ақиқат. 2006 № 11-12. — 56 б.
3. Әбутәліп О.М. Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері. Филол. ғыл. канд… авторефераты. – Алматы, 2008. – 26 б.

Үркердің батуы

Жетіқарақшы төмен еңкейіп келмей, жаз болмайды – ертеректе шаруалар Жетіқарақшыға қарап, түн мезгілдерін белгілеумен қатар, жыл мезгілдерін де айыратын болған. Бұл тіркес осындай бақылаудан қалса керек. Расында да жетіқарақшы жұлдызы жазға қарай еңкейеді.
Үркердің батуы – маусым айының басында Үркер мүлде көрінбей кету кезі. Үркер жұлдызы жерге түскенде, яғни көктен мүлде көрінбейтін кезі жаз мезгілінің келгенін білдіреді. Бұл кезді кейде есепшілер «Үркердің жерге түсуі» немесе «Үркер жерге түскен кез» деп те айтады. Содан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей жер қызбайды» деген сөз осыдан қалған. Шаруа адамы үшін Үркердің жерге түскен шағы малға қолайлы болып есептелген. Соған сәйкес Үркер жерге түссе, жерде жатып, көк шөпті айдап, шығарып жатады-мыс деген мифтік түсінік болған. Сонымен қатар халық «Үркер жер астына түскенде, тасқа түссе – шіліңгір қатты ыстық, құрғақшылық, суға түссе – жауын-шашын, жерге түссе – аңызақ жел, қағыр-қуаңшылық болады», – деп те жориды.
Қаз жайлайтын саздаймын, Наурыздан соңғы жаздаймын – қазақ халқы адамның жайсаң, жағымды мінезін жазға теңеп отырған. Басқаның жан дүниесіне жан рахатын, жылылық сезімін сыйлайтын адамды «жаны жаздай жайсаң» деп те айтады.

Бетті дайындаған Гүлсінай ИСАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.