БАҚ өкілдерінің әлеуметтік мәртебесі назардан тыс қалып келеді. Неге?

Журналист және халық! Журналист және қоғам! Бұл бір-бірінен ажырағысыз, біте қайнасқан ұғымдар. Елдің мүддесін, жұртшылық көкейін толғандырған өзек­ті мәселені ортаға салуда алдына жан салмайтын кәсіп иелері бұл журналис­тер екені сөзсіз. Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осынау кәсіп иелері туралы азды-көпті сөз қозғап отырғанымыздың да мәнісі жоқ емес.

Оның бастысы және журна­листерді ұзақ жылдардан бері мазалап келе жатқан негізгі сауалдардың бірі – әлеу­мет­тік тұрғыдан қор­ғалмай келе жатқаны дер едік. Қазір байқап отырсақ, кө­біне-көп қазақ журналистерін шетел­дік әріп­тестерімен салыстыру бай­қалады. Алайда шетелдегідей өз жур­налис-терімізге жағдай жасау, олардың мәр­тебесін көтеру және қорғау, материалдық жағынан көтермелеу сияқты игі шараларға көңіл бөлінбей қалатыны өкінішті. Қызмет бабында өміріне қауіп пен қатер төнетін, күн-түн демей материал, мақала дайындайтын журналис­терге тіпті әлеуметтік жеңілдіктер де қа­рас­тырылмай келеді. Атқарған еңбектері алатын жалақыларына да сай келе бер­мейді, күнкөрісінен аспасы анық.
Ең маңызды мәселенің бірі ре­тін­де айта кетеріміз, журналистер күні бүгінге дейін мемлекеттік сала қызмет­керлері қатыса алатын «Тұрғын үй» бағдарламаларына қатысудан құқықтық, заңдық мәртебе тұрғысынан тыс қалып келеді. Ал шынтуайтына келгенде мемлекеттік қызметшілерге журналистерге қарағанда анағұрлым жақсы жағдай жасалады. Баспанамен қамтудың өзін айтпағанда, денсаулықтарын күту, сапалы медициналық көмектер алу мәселесінің өзі талапқа сай шешімін тапқан. Ал журналистердің мемлекеттік қызметшіден қай жері кем деген заңды сауал туындайды. Айтары мен жазары да – мемлекеттің, қоғамның мәселесі. Өз еліне деген жанашырлық, патриоттық сезім, Отанға деген адалдығы мен­мұн­­далап тұратын кәсіп иелеріне мемле­кеттік тұрғыдан қамқорлықтың жасалуы керек-ақ! Ол үшін Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, бұқа­ралық ақпарат құралдары өкілдері­нің әлеу­меттік мәселелерін шешуге жағдай жасалуы тиіс. Көпшілікке белгілі, бү­гінде журналистер қыз­мет істейтін ме­ке­мелердің барлығы Жауап­кершілігі шектеулі серік­тестік немесе Акционерлік қоғам. Демек, осындай мәртебе аясында өзінің кәсіби қызметтерін жүзеге асырып отырған БАҚ өкілдеріне сай бағдарлама неге жасамасқа?
Осыдан біраз жыл бұрын Парламент Сенатының мінберінде бұл мәселе көтеріліп, Үкіметке ұсыныс та айтылған болатын. БАҚ-та жұмыс істейтін журналистерге баспана жағынан қамқорлық жасау тәуелсіз еліміздің ішкі беріктігі мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүргізілер маңызды шараның бірі екені алға тартылса да, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының да ауқымы шектеулі болып отырғаны да журналистердің баспаналы болуына оң ықпалын тигізер емес.
Елімізде теміржолшыларға, әскери және құқық қорғау органдарының қыз­мет­керлеріне, дәрігерлерге, мұғалім­дерге бірқатар жеңілдіктер қарасты­рылғаны мәлім. Алайда бейресми түрде төртінші билік өкілдері деп айтылатын кәсіп иелеріне ондай жеңілдіктер неге жасалмайды? Қоғамның қозғаушы күші саналатын журналистер мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие болуы керек.

Ақбота Исләмбек

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.