«СМАРТ ОҢТҮСТIК» жемқорлық пен жауапсыздықтың жолын кеседi

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, жауапсыздық – қоғамның дамуын тежейтiн жағымсыз жайттардың бiрi. Онымен күресу үшiн халықтың сана-сезiмi өзгерiп, қоғамдық бақылау күшеюi тиiс. Бұл мақсатты жүзеге асырудың ұтымды тәсiлi ойлап табылған секiлдi. Облыста республика бойынша тұңғыш рет «Смарт Оңтүстiк» бағдарламасы қолға алынбақ. «Смарт Оңтүстiк» – ақпараттық жүйенiң көмегiмен халыққа көрсетiлетiн қызметтiң барлық түрiн бақылау. 

Әрине, бұл бастамаға сенбестiк танытушылар, қарсылық бiлдiрушiлер табылар. Бұдан да маңызды әлеуметтiк мәселелер тұрғанда бұл iстi болашақтың еншiсiне қалдырайық деуi мүмкiн. Алайда бұл жүйе әлемнiң бiраз елiнiң тәжiрибесiнде бар. Мамандар оған осыдан он жыл бұрын өтпегенiмiзге өкiнiш бiлдiредi. Өйткенi басқару жүйесiндегi қағазбастылық сыбайлас жемқорлық, қызметтегi жауапсыздық проблемаларын тудырып бердi.
«Смарт Оңтүстiк» бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес инсти­туционалды реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының тапсырмасы аясында қолға алынуда. Мәселен, 94-қадамда «Ашық Үкiметтi» енгiзу және азамат­тардың ақпаратқа қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету көзделген. Осы шаралар нәтижесiнде мемлекеттiк басқаруда қоғамның қатысуына қол жеткiзiлетiн болады.
Мамандардың мәлiмдеуiнше, «Смарт Оңтүстiк» бағдарламасының концепциясы жасалынып, жуырда жүзеге асыру жоспарлануда. Ақпараттық технология бiлiм беру, денсаулық сақтау, жер қатынастары, ауылшаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымы, жол қауiпсiздiгi салаларына енгiзiледi. Мәселен, бiлiм жүйесiнде сыбайлас жемқорлықтың асқынып кеткенi туралы қоғамда жиi айтылады. Мұның оқыту сапасының әлсiреуiне әкелiп соғатыны анық. Облыста мыңнан астам мектеп бар. Ал облыстық бiлiм беру басқармасына әр мектептiң жұмысын жiтi бақылау оңай емес. Жаңа ақпараттық технологияның арқасында бiлiм басқармасына 600 мыңға жуық оқушының бiлiм сапасын қадағалауға мүмкiндiк тумақ. Бұл ата-анаға да баласының сабағын, мұғалiмiнiң жұмысын бақылауына жол ашады.
Бағдарлама бойынша оқушы­лар­дың үлгерiм журналы элек­тронды нұсқаға ауысады. Оқыту­шының журналға қойған бағасы ортақ мәлiметтер базасына келiп түседi. Базаға тiркелген бағаны түзету мүмкiн емес. Осылайша, әрбiр оқушының үлгерiмi арқылы бүкiл мектептiң күндiк, апталық, тоқсандық, жылдық қорытынды есебi шығарылады. Осының нәтижесiнде аудандар мен қалалардағы бiлiм сапасының күшейгенi немесе әлсiрегенi анықталады. Мамандар келешекте кадр мәселесi де осындай бақылаудың қорытындысына қарай шешiлуi мүмкiн дегендi айтады. Егер белгiлi бiр мектептiң бiлiм көрсеткiшi төмендесе, басшылық тарапынан жауап алынады. Ал ата-ана осы арқылы бiлiмнiң қай мектепте жақсы берiлетiнiн анықтай алады. Оқушылар ай сайын негiзгi пәндер бойынша тесттiк емтихан тапсырады. Барлығы әдiл болу үшiн тестiлеу кабинеттерi бейнекамералармен жарақтандырылады. Оқушылардың емтиханнан алған балдары негiзiнде мектептiң рейтингi түзiледi. «Смарт Оңтүстiк» бағдарламасын жүзеге асыруда Англияның тәжiрибесi қолданылмақ. Яғни бiр ауыл округiне қарасты мектептер бiр-бiрiмен бәсекеге түседi. Бәсекелес мектептердiң мұғалiмдерi әр тоқсан сайын бiр-бiрiнен емтихан алады. Сол кезде әр бiлiм ұясының оқушыларға қаншалықты сабақ үйретiп жатқаны шынайы көрiнедi. Ата-аналар арнайы кодтың көмегiмен жеке мұғалiмдер мен директорлардың атына дауыс бередi. Рейтингi төмендеп, дауысты аз жиған маман жиналысқа салынып, қызметте қалу-қалмау мәсе­лесi қаралады. Бағалаудың мұндай амал-тәсiлдерi өркениеттi елдердiң көпшiлiгiнде бұрыннан қолданылады.
«Смарт Оңтүстiк» бағдарламасының бiрнеше артықшылығы бар. Бiрiншiден, әрбiр сыныпта бейнебақылау болады. Сол арқылы ата-ана мұғалiмнiң баласына сабақты қалай үйретiп жатқанын бақылайды. Егер кемшiлiк байқаса, мектеп басшылығына хабарласып, мән-жайды баяндауға құқылы. Мұғалiмнiң мектептегi берген бiлiмi сырттай бақыланатын болғандықтан, ол күнделiктi өтетiн сабағына мұқият дайындалуға тырысады. Екiншiден, мектептiң шаруашылық шығындары да қатаң бақыланады. Қанша тонна көмiр сатып алынғаны, жылыту маусымында оның неше тоннасы жағылуы керектiгi – бәрi сарапталады. Үшiншiден, кадр құрамы да бақылауда болады. Бағдарлама iске қосылған сәттен мектеп директорлары түрлi сылтаумен адамдарды топырлатып жұмысқа қабылдау мүмкiндiгiнен айырылады. Төртiншiден, баланы мектепке қабылдау реттеледi. Өйткенi кейбiр мектептер оқушылардың аздығынан бiр сыныпқа баланы әрең толтырып жатса, ендi бiрiнде сабақты қысылысып оқуға мәжбүр. Бұл мәселенi болдырмау үшiн бiрiншi сыныпқа баратын бүлдiршiндердi тұрғылықты мекенжайы бойынша мектепке қабылдау электронды түрде iске асырылады. Мектеп директоры сол бiлiм ұясына қарасты мекенжайда тiркелмеген оқушыны бiрiншi сыныпқа қабылдай алмайды. Өйткенi оған ақпараттық бақылау жүйесi рұқсат бермейдi. Балабақшаларға да осы мониторинг қолданылады.
«Смарт Оңтүстiк» денсаулық сақтау саласындағы бiрқатар мәселенi шешедi деген үмiт бар. Бүгiнде таңсәрiден емханаларда кезек күтетiндер қарасы көп. Кейде күнұзақ кезегiн күтiп сол күйi дәрiгерге қарала алмауы да мүмкiн. Ал бұл бағдарлама электронды жазылу арқылы кезек алуға жол ашпақ. Науқастар нақты уақытын белгiлеп, дәрiгер қабылдауына алдын ала жазылып қояды.
Науқастың амбулаторлық картасы да электрондық түрге өзгередi. Дәрiгер бұдан былай картаны қолмен толтырып әуре болмайды. Әрбiр рентген түсiрiлiмдi қайта шығару үшiн 300 теңгеден астам шығын жұмсалады. Бiр аурухананың көлемiнде есептегеннiң өзiнде бұған әжептеуiр қаржы кетедi екен. Қаражатты үнемдеу мақсатында осындай шаралардың барлығы электрондық нұсқаға көшiрiледi. Бағдарлама арқылы «жедел жәрдемнiң» жұмысын бақылауға болады. Өйткенi, бiзде олардың жұмысына көңiлi толмайтындар көп. Кейде кешiгедi, шалғайдағы ауылға мүлде бармауы мүмкiн. Осы олқылыққа жол бермеу үшiн арнайы мобильдi қосымшасы арқылы шақырған «жедел жәрдемнiң» қайда жүргенiн оның нөмiрi бойынша нақты бақылап отыруға болады. Ең бастысы, шалынған қоңырау телефоны өшiп кетпейдi. Дау туындай қалса, қоңырау жазбаларын айғақты дәлел ретiнде келтiре аласыз.
Дәрi-дәрмектердiң босатылуы да автоматтандырылады. Қоймада қанша дәрiлiк препараттың сақтаулы тұрғанына, оның нешесi босатылғанына электронды есеп жүргiзiледi. Әзiрге бұл сауал жұмбақ күйiнде қалып отыр. Бүгiнде облысты тегiн дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен жыл сайын 150-200 млрд теңге бөлiнедi. Бақылаудың жоқтығынан әркiм қалаған дәрiсiн өткiзiп жатыр. Ал «Смарт Оңтүстiк» бойынша бағасы мен сапасы келiстi дәрiлердiң стандартты тiзiмi жасалынады. Дәрiгерлер осылардан артық емдеу препараттарын науқастарға жазып бере алмайды.
«Смарт Оңтүстiк» ең алдымен халыққа ақпараттың қолжетiмдiлiгi мен бақылауды жан-жақты жүргiзуге мүмкiндiк сыйлайды. Бүкiл саланы барынша қадағалап отыруға жалғыз мемлекеттiң шамасы келе бермейдi. Биыл пилоттық жоба ретiнде қолға алынса, келесi жылдардан бастап барлық салаларға толық енгiзiлетiн болады. Мәселен, биыл Шымкенттегi 10-20 мектеп ақпараттық жаңа жүйеге қосылса, келесi жылы бүкiл қала мен аудандардағы бiрнеше бiлiм ошағы қамтылады. Одан кейiнгi 3-4 жыл көлемiнде облыстағы барлық мектептер «Смарт Оңтүстiк» бағдарламасы бойынша жұмыс iстейтiн болады.
Аталған бағдарлама жерге қатысты бiрқатар мәселенi шеше алады. Алдағы уақытта бас жоспар да, жер телiмiне берiлетiн рұқсат құжаттары да электронды әдiске көшiрiледi. Бағдарлама арқылы аудандағы жердi үлестiру тәртiбi қатаң бақыланады. Сөйтiп, жер дауларының пайда болу себептерi бiржолата жойылады. Бұдан былай электронды жүйенiң рұқсатынсыз ешкiмге жер телiмi берiлмейдi. Жер учаскесiнiң пайдалану мақсатын өзгерту оңтайландырылады. Бұрын ол үшiн бiраз мекеменiң табалдырығын тоздыруға тура келетiн. Ендi интернеттiң көмегiмен жерге берiлген мемлекеттiк актiнiң функцияларына арнайы код арқылы кiресiз де жердiң пайдалану мақсатын өзгерту үшiн бiрнеше секундтың iшiнде тапсырыс бере аласыз. Карьерлердi пайдалану да жер серiгi түсiрiлiмi арқылы күн сайын бақылауда болады. Құм, шағыл тас секiлдi құрылысқа қажеттi шикiзаттар өндiрiлетiн аумақтарда жер бедерiнiң 1 шаршы метрге болса да өзгергенiн байқау қиынға соқпайды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы инфрақұрылымдары да түгел автоматты жүйеге көшiрiледi. Жүргiзiлген құбырға жөндеу жұмыстары соңғы рет қай кезде атқарылғанын, оның келесi жөндеу мерзiмiн компьютердiң өзi есептеп отырады.
Жоғарыда айтылған жерсерiктiк бақылау ауылшаруашылығы саласында да кеңiнен қолданылмақ. Жер серiгi арқылы шаруалардың егiстiк жерi фотоға түсiрiлiп, онда қандай дақыл егiлгенi, аумағы неше гектар екенi анықталады. Сөйтiп, бұл ақпарат субсидия алу үшiн бе­рiл­ген өтiнiштегi мәлiметтермен са­лыс­­тырылады. Субсидия тек қана бақы­лау спутнигiнен алынған дәл ақпарат бойынша төленедi. Шаруа ендiгi ретте өтiрiк iс-әрекетке барып, егiстiк жерiнiң көлемiн әдейi ұлғайтып көрсете алмайды. Алдағы кезде фермерлер субсидияға өтiнiштi кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып электронды түрде тапсырады.
«Смарт Оңтүстiк» идеясын жүзеге асыруға бюджеттен бiр тиын да жұмсал­майды. Қалай дейсiздер ғой? Қатаң бақылаудың нәтижесiнде үнемделетiн мемлекет шығындары бағдарламаны орындауға кететiн қаражаттан әлдеқайда асып түседi екен. Қазына қаржысынан шашау шықпайды деп отырғанымыз, мiне, сондықтан. Облыста «Смарт Оңтүстiк» бағдарламасын iске асыратын бiлiктi мамандардан құралған арнайы топ құрылған. Сондықтан бұл идея орта жолда қалып қоймайды деген сенiм бар. Тағы бiр айта кетерлiгi, бағдарламаны жүзеге асырушы компанияны әкiмдiк конкурс арқылы анықтап, бiрнеше жылға уақытша жалдайтын болады. Егер жұмыс барысында мiндетiн дұрыс атқармайтын болса немесе бағдарлама ойдағыдай жүрмей жатса, келiсiмшартты сол арада бұзады. Осылайша қыруар қаржы желге ұшпайды. Қалай десек те, «Смарт Оңтүстiк» бағдарламасының әлеуметтiк маңызы, халықтың билiкке деген сенiмiн күшейтудегi рөлi зор болғалы тұр.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.