«Бармын деп асып-тасып асқақтама»

Сыр бойында қыз ұзатылатын үлкен той болыпты. Сол тойға теріскейден Жанғали деген шабандоз жігіт келіп, көкпарды жан адамға бермей, өнер жасайды. Онымен тартысқан жігіттер аттарынан аударылып, ерінің бір қапталын сындырып, Жанғалимен тартысып күш көрсете алмайды. Осыған Бидаш деген бай намыс­танып, Жанғалиды сабаңдар дейді. Сонда Құланның айтқаны:
Бидаш бай, жарамайды селкілдеген,
Тым жақсы есті жанға желпінбеген.
Жазықсыз Жанғалиды саба дейсің,
Бұл сөзді тұрсың ба айтып еркіңменен.
«Күш атасын танымас» деген сөз бар,
Қайратты ер икеміңе келтірмеген.
Қызықты той емес пе, бұл күн деген,
Тура айтам жәбірлеме, тарт қамшыңды,
Жерім жоқ еш адамға күлтілдеген.
Бармын деп асып-тасып асқақтама,
Алдымда сенен де зор бүлкілдеген.
Көп елден сауыны көп бай атанып,
Күбіге ұқсап тұрсың күрпілдеген,
Ерте түртсе айран қалмас, айлаң болмас,
Сол кезде жан боларсың бүлкілдеген.

* * *

Тағы бірде Құлан ақын Әбдішүкір деген танысының үйіне мейман болып отырса, үстіне Оңашбай деген бай келіп, Құланға қарап: «Мына қасы-көзін жауып кеткен сарың кім өзі?» депті үй иесіне. Сонда Оңашбайға қарап Құлан мына өлеңді айтады:
О баста қасым ұзын болдым туып,
Алмастай сөзім өткір, түсім суық.
Өзіңдей осы үйге мен де мейман,
Жаман дей алмассың сен үйден қуып.

Қомпаңдап қаһарыма ұшырарсың,
Ботадай отты басқан келіп жуық.
Оңашбай, сен Құландай бола алмассың,
Алсаң да жеті белбеу белге буып.

Қарға сен, мен бүркітпін атым қалар,
Зіркілдеп қайнама сен, сөйле суып.
Халықсыз танылмассың жақсы жан боп,
Шаңырақ та құлап түсер болмаса уық.

(«Ел аузынан», «Жазушы»,
Алматы, 1989 ж.)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.