Уыз дәмі (Әңгіме)

Дәнеш Ахметұлы

Өткен жылы Алматы облысының әкімі А.Баталовтың демеушілігімен бір топ қаламгерлердің шығармалары жарыққа шықты. Солардың қатарында танымал жазушы, балалар мен жасөспірімдерге арналған халықаралық «Дарабоз» жабық бәйгесінің лауреаттарының бірі Дәнеш Ахметұлының да жаңа кітабы Алматыдағы «Әдебиет Әлемі» баспасынан жарық көрген еді. Бұған дейін жазушының әр жылдары «Адал ас», «Нан мен тұз», «Қыран жанарындағы ғұмыр», «Қанатты сандықша», «Бүлдірген қалың шыққан жыл», «Райымбек батыр», т.б. кітаптары өз оқырмандарына жол тартқан.
«Өшпейтін оттың жарығы» кейінгі кездегі шығармашылық ізденістің жемісі. Кітаптағы

«Дүние көл, заман соққан жел» деген Абай данышпан ғой. Өз мезеті жеткенде дәуір желі ышқынып тұрып соғып еді, дүниенің асты-үстіне түскендей болды. Тау теңселіп, теңіз шайқалды. Қызыл байрақты желкендер аударылып, тып-тыныш айдында толқындар тулады. Кешегі қызыл қоғамның құрсауында айрандай ұйыған әлемнің әп-сәтте ту-талақайы шықты. Бәрі өзгерді. Бұрындары бригада-бригадаға бөлініп, жылына пәлен күн еңбек ететін едік. Жұмыстан қалмай, тынбай тырбынатынбыз. Енді соның бәрі көз алдыңда көрген түстей, елеске айналды.
Кеңес үкіметі доңыз пішінді, өгей әке сипатты болса, біз сол үйден бөлініп шыққан жас отау секілдіміз. Және ең жаманы еш лыпасы жоқ, панасыз, жұтаң жанұядай едік.
Ауылда жұмыс жоқ. Бос қалдық. Бөліске түскен аздаған малды азық- түлікке, киім-кешекке айырбастап біткен соң, екі қолымызды мұрнымызға тығып, отырып қалдық. Түрлі жетіспеушілік, жоқтық белең алды. Дастарқан қағылған, қазан түбі тықырлаған күндер де болды. Бірақ пәлендей өзегіміз талып, өңіміз кетіп, тарыға қоймадық.
Сол жылы әупірімдеп, қысты шығар­дық та, көктем туа жұрт жаңаламаққа бекіндік. Алайда қайда көшеріміз, суды қайдан ішеріміз белгісіз еді. Мықты, әлді деген ағайын-туыс, жегжаттарды түгендеп шықтық. Анасының өзі жаман, мынасының көзі жаман. Қойшы, әйтеуір, сырғанақтай-сырғанақтай келіп, Өтебайға тоқтадық. Ауылдасымыз, әрі менің күйеуім Кенжетайдың нағашы ағасы. Даңғырлап сөйлеп қалған, ақ көңіл, ашық жігіт еді. Әйелі Бибі де өзі секілді, қақсоқтысы жоқ, иі жұмсақ жан. Осыдан біраз жыл бұрын қалаға көшіп кеткен. Қазір өзінше өріс ашып, қоңданып алған көрінеді. Қала сыртында жеке шаруашылығы бар, мал бағып, құс өсіреді екен дегенді де еститінбіз. Соған бармаққа бекіндік. Кенжетай жеке барып, сөйлескен екен, жөн көріпті. Бір аптаға жеткізбей, машина жіберіп, көшіріп те алды.
Кенжетай гектаршы болды. Ертелетіп кетеді, кештетіп келеді. Үй мен егістік арасында сабылады да жүреді. Мен тағы жұмыссыз қалдым. Үйдемін.
Бір күні Өтебай келіп:
– Күміс, сен осында жұмыс істеймін деп келдің. Мен саған бір іс тауып берсем қайтеді, – деді.
Мен қуанып кеттім.
– Мақұл істейін.
Ол аз ойланып тұрып, сөзін күлгендей қып, күмілжіп айтты.
– Қой бағу керек қой.
Мен тағы да қуанған қалпымды қайталадым.
– Несі бар бағам, қой дегенің бейіштің малы ғой. Әкем қойшы болған…
– Келістік.
Екі күн өткен соң қаладан келсем, есіктің алдында, қора маңында біреулер қараңдап жүр. Ішінде Өтебай да бар. Мен қақпаны жауып, үйге таяғанымда Өтебай:
– Күміс, сүйінші, қойың келді, – деді.Мен: – Рақмет, Өтеке, бағам дедім ғой, бағам, – дедім.
Үйге кірмей жүгіріп, қораға барсам, екі құлағы салпиып, ұсқыны кетіп бірдеңе тұр. Селк еткендей болып, тіксініп қалдым. Түстеп қарасам. Шошқа! Жануар тегі мына жарық жалғанға, өзін осында әкелген адам атаулыға тіптен өкпелі тәрізді. Бар дүниені талақ еткендей қып, іші солықтап, қорс- қорс етеді. Басын төмен салып, жұрттан жүзін көлегейлеп, ағаш шарбақтың бұрыш- бұрышын сағалайды. Ішкі наразылығын сырт пошымымен айтып, дөң айбат танытады.
Біреу төбемнен қойып жібергендей сілейіп тұрып қалыппын. Көз алдым ымыр-шымыр болып, тұла бойым мұздап кетті.
– Міне, замана қойы деген осы, ал енді керек болса, бақ, – деді Өтебай, –Бұны мегежін шошқа дейді. Өзі қысыр, өзі жас. Мал тілімен айтқанда құнажыннан дөнежін шығар кезі болса керек. Бабын тауып бақсаң, екі жүз келіден астам ет береді. Бұл дегеніңіз, 270-280 мың теңге. Қазірше осыны баға тұр. Қалғанын көре жатармыз.
Мен үнсіз бас изедім.
– Айтпақшы, осы аптаға жететін жемі бар, – деді Өтебай, – қалғанын өз мезетінде тағы жеткізіп берермін.
Мен тағы үнсіз бас изедім.
– Ақшасы да аз емес. Айына отыз бес мың теңге аласың.
Маған бұл жолы да тағы үнсіз бас ­изеуге тура келді.
– Тағы да бір сөз, – деді кетіп бара жатып.
– Иә, тағы нендей сөзі бар?
– Бұған ат қойып алсаңдар да болады.
– Ат?
– Иә, кәдімгідей еркелетіп, есім қоюға әбден болады.
Мен күліп жібердім.
– Бұларға не деп ат қоюшы еді?
– Кез келген ат жарасады. Ойлан да бірін қоя бер.
– Қызық екен.
– Иә, қызық.
– Шетелдік ат қойсақ қайтеді?
– Ләпбай, тақсыр, құп келеді бәрі де…
Бұл бір күтпеген жайт болды. Өзімізше ренжіскендей де болдық. Бірімізді-біріміз мінеп, күстәналаған тұстарымыз да болды. Бұл пәлені бағуға келіскен мен емес сен, сен емес мен, мен, сен деп айтысып та қаламыз.
Бөгде малымызға басымызды көп қатырмай, шошқа атына үйлестіріп, «Шүкетай» деп ат қойып алдық.
Айналып келгенде «Шүкетайды» күтімге алдық. Басқа амалымыз да жоқ еді. «Шүкетай» тым жалмаңқай, обыр. Тойымсыз неме, жалмаудан еш жалықпайтын. Аузын салпылдатып, жей береді, жей береді. Азығы уақтысында берілмей, аштық табы білінсе, қорс-қорс етіп, айналаға айбат шегетіні де бар. Бір қызығы «Шүкетай» менің жекеменшік малым іспетті еді. Жемін, суын тек мен ғана беремін. Күтімге алатын да жалғыз өзім. Менен басқасы ат- тонын алып қашады. «Науасына жем төге салшы, ыдысына су құя салшы» десең, табанда сылтау тауып, сытылып шыға келеді. Ілуде болмаса, Кенжетай да маңына жоламайды. Тағы мен жүгірем…
«Шүкетай» үрмегені болмаса, иттің де орнын жоқтатпайтын. Жуынды-шайынды, астың қалдығы, қатқан нан, қажалған сүйек – бәрі соның асы. Аузын салпылдатып жей береді.
Екі айдан соң Өтебай келіп:
– Жануар кәдімгідей семіріпті. Ертең соямыз, – деді.
Қуаныш сезімі жүрегімді шым еткізді.
– Сөйтші, айналайын, – деп жалындым, – сөйте қойшы, семірсе, семірген де шығар…
Шынын айтсам, семірген, не болмаса семірмегенін де ажыратқан емеспін. Келгенде үрген қарындай, доп-домалақ еді. Әлі сол қалпы. Тұлыптай болып, дөңгеленіп тұр. Мал секілді сауырын басып, төсін сипап көрмеген соң, оның қоңайғанын қалай пайымдайсың. Қай жерін таяқпен түртіп көрсең де былқ-былқ, бүлк-бүлк.
Ертеңгі шайдан соң, Өтебаймен бірге екі орыс келді. Сол айналайын екі орыс бәрін өздері істеді. Әуелі дәу балғамен тұмсықтан ұрып, сұлатып салды. Терісін сабындап жуып, артынша қылтанын қалдырмай үйітті. Ішкі дүниесін ақтарып тастаған соң, етін қиялап шауып, сатуға әзірледі. Хабарлаған мезетте алушылар келді де, ас ішер мезгілге жеткізбей, талап әкетті. Басы, ішек-қарны, өкпе-бауырына дейін тегіс өтті. Шикі ет қалмады. Құтыл­дық-ау, әйтеуір…
Кешеден бері аспан асты бұзылып, түнеріп тұр еді. Енді сілбелеп, жауа бас­тады. Тотияйын реуішті көк аспан бұлт- орамалмен жүзін сүртіп, өксіп-өксіп жылап жатқан секілді. Жауын көп жауды. «Шүкетай» тұрған ашық қораны, ол жем жеген темір науа, ыдыс атаулыны түгел жуып, тазартып жатқандай еді. Кірбің шалған көңілдің кіріндей болып, қара ботана су сарқырап ақты.
«Шүкетайдан» құтылып, арқамнан ауыр жүк түскендей болып, сергіп, жеңілденіп қалдым.
«Шүкетайдан» түскен ақшаға сол күні базардан қой сатып алдық. Жеті нан салып, молда шақырып, құран оқыттық. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тәу еттік. Тәңіріден Көк туымыздың көк аспанға еркелеп, мәңгілік бұлықсып, толқын тұруын тіледік. Босағамызға өзіміз тағатсыздана күткен тосын береке, ырыс дарығандай болған.
Кенет көңілім босап, жылағым келді. Есіме ақ көбелек бейнелі балалық шағым түсті. Көз алдыма өзім қой қайырған жап- жасыл жайлау, түтіні көкке шұбатылған ақ шаңқан киіз үйлер елес берді. Таңдайыма уыз дәмі келді. Шіркін, ақ көбіктеніп, жаңа туған қозының езуінен аққан сап- сары, қоп-қою, алтын түсті уыз неткен дәмді еді.
Мен жылап тұр едім…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. оқыған оқырман

    Барынша қарапайым, оқуға жеңіл, жасандылығы жоқ, ақ көңіл стильдегі әңгіме екен.Ақ қойды енді Шүкетай деп сыпайы түрде атайтын болдық.Әйтпесе шошқа деп атау ашулының айызын қандырғанмен, ерсі естіледі. Доңыз десең пешке жаққан көктеректей жан жылытар қызуы,уытты әсері аз.Ал мынау-ғажап ат. :)Сол үшін сізге көп рахмет! Алла разы болсын.Тек еңбектің наны тәтті деп шүкетай асырау жарнамаланғандай сезілгені.Түйіндегеніңіз енді өте бір момын, көңілшек аталарға тән екен.Қалайда шошекеден кейін қойдың уызы оның және галлюцинация секілді дәмі келуі…ғафу етіңіз, онша түсінбедім.Сосын жазушылар, әңгіме жазғанда шығарма желісі өрбуіне неге бірнеше ай, бірнеше жыл салмайсыздар.Мсыалы мынау -2 айлық әңгіме. Бұған да рахмет. Кейбіреулеріміз 1-2 сағаттағы жағдайларды әңгіме қып жаза саламыз…Күрделірегі санаға көбірек ой салады, әсері де ғажап. Осы күні редис секілді «тез пісетін» әңгіме көп. Аяқ жағын шамамен сезіп отырасың. Өмірдің соңын ешкім сезбейді. Әңгіме де басқа шығарма да сондай болуы керек.
    …Ана жылдары кеңшарда наурыз тойында лоттерея ойнатылатын. Біздің әкей сонда жиналғанда әже: балам-ай, егер шошқа ұтып әкелсең, алма да, әкелме де! қоя бер, қоя бер! Құрып кетсін, кәпірді әкеле көрме деп жалыныпты. Бірақ ол түстен кейін жылқы ұтып келген еді.
    Кейбір жазушылар мен ақындарды қатты қадірлейтінім сондай Свиноводство тәрізді журналдарды 1 жылға тегін жаздырып бергім келеді. Бұл-мақсат.Жоқ, арасында сіз жоқсыз. Олар-қарым-қабілеттері мен дүние төрлері таң қалдыратындары ғой.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.