«Өлең мен сөзді дос қылып…»

Қара сөздің өзін өлеңмен сөйлейтін Жамбыл ұтымды әзіл-оспақ, келеке-сықақтың да тапқыр шебері болғаны мәлім. Ақынның мұндай тапқыр өлең жолдары ел арасында кеңінен тарап кеткен.
Жас кезінен ақындық өнер жолын қуған ­Жамбыл үй шаруасына қырсыздау болыпты. «Бет алды қаңғыра бермей, мал бақ» деген әке тілін де алмаған көрінеді. Бірде оны барымташылар өздеріне қосып алмақшы болады. Сонда ол:
– Сорлының ұрлап дара атын,
Жазықсыз қиып қанатын,
Жапанда жаяу қалдырып,
Жайым жоқ қарғыс алатын.
Ел арасын егер қып,
Ойым жоқ шұрқан салатын.
Қоныстан елді бостырып,
Неміз бар енді шабатын.
Өлең мен сөзді дос қылып,
Құрамын ақын санатын, – деп әлгілердің бетін қайтарып тастапты.
* * *
Қастектегі Құттықсейіт ауылында Құдайберген деген болыс болады. Өр көкіректеу, мінезі шалыс, қисық-қыңыр сөйлейтін адам екен. Бір жолы ол қала жақтан келе жатып, күрең атты бір жас жігітпен кездеседі. Болыс жігіттің атына қызыға қарап:
– Жарысасың ба? – дейді. Әлгі жігіт:
– Жарыссақ жарысайық, – дейді. Сонымен екеуі жарысып, бірер белден асып кетеді. Атын суытып, баптап жүрген жігіт оған шаңын да көрсетпейді. Оны қайтсем де қуып жетемін деп намысқа тырысқан болыстың аты семіздіктен қызыл май болып зорығып өледі. Бұл жайт елге лезде тарайды. Оны Жамбыл да есітеді. Бір жиында Жамбыл болыстың үйіне кіріп барса, Құдайберген оны кекетіп:
– Сенің бір жынды ініңмен жарысамын деп атымнан айырылдым, – депті. Сонда Жамбыл сөзді іліп алып:
– Болысжан, жүрген жерің күнде сауық,
Пенденің бойында көп қатер-қауіп.
Екейдің жындысымен жарысам деп,
Сенің де кетіпті ғой есің ауып, – депті.
* * *
Жамбыл атындағы совхоздың тұрғыны Жәкеңнің туысы Сәрсенбек Қопабаев ақсақал айтады:
– Самсыдағы Қаттаубай деген кісі Қордайдан келе жатқан тәтемді (туыс-ағайындары Жамбылды осылай атаған) үш күн жібермей қонақ етті. Тәтем аттанар кезде сол ауылдың бір жігіті:
–Біздің үйден дәм татып кетіңіз, – деп шылауына орала берді. Екеуінің жегжаттық жайы болатынды. Өтініп қоймаған соң тәтем «жарайды, сәлден кейін барайын, сен үйіңе кете бер» деді. Біз оның соңынан қалмаймыз. Тағы да өлеңдерін тыңдай түссек дейміз. Тәтем бастаған топ әлгі жігіттің үйіне тақай бергенде дүкеннен келе жатқан ол алдымыздан шықты. Қолында екі-үш шөлмегі және бірдеңелері бар, ол асып-сасып:
– Кәне, үйге кіріңіздер? – дей берді. Ат үстінде тұрған тәтем оның қиқы-жиқы сиқына қарап, әрі арақ көтеріп жүргенін ұнатпай:
– Атаң сенің Таңат-ты,
Жұртты аузына қаратты.
Мені үйіңе шақырып,
Алып кепсің арақты.
Қарасаңшы шіркін-ай,
Жырым-жырым балақты.
Тарғап, Самсы ауылынан,
Таппаспын сендей салақты… – деп термеледі де, аттан түспестен жүріп кетті.

(«Ел аузынан», «Жазушы», Алматы, 1989 ж.)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.