Тәу етем саған, басымды иіп

Байлаған шынжыр,
Тірлігім сылбыр,
Боданға түскен бұл басым;
Кім бұлдамақ
Ноқтаға түскен құл басын;
Түңілген жаным,
Түнерген маңым,
Сезінген соң,
Азаттық айы тумасын.

Ғасырлар өтті,
Өксікті өмір,
Өкпеге тепті;
Теріскей желі,
Тоңдырып мені,
Ызғар боп өпті.
Тезек терген,
Теперіш көрген.
Сорлы анам,
Көз жасын сыймай,
Көлдете төкті.

Маңдайдан терім,
Тарам да тарам
Тамшы боп ақты;
Қайысып белім,
Шеменді шерім,
Тас болып қатты;
Қасірет – қақпан,
Жолымда жатты;
Мүлт кетсем болды,
Балтырдан қапты.

Қазақтың көші –
Тарантас арба.
Жыландай жылжып,
Ілбиді зорға;
Бұлқынған арман,
Қу тірлік жалған,
Қамалған торға!
Азаттық жолда,
Жығылдық орға.
Одан да шығып,
Малтықтық сорға.
Бар екен тәңір –
Осынау күнге
Жеттік-ау зорға!

Ата Заң маған,
Қымбатсың ерен.
Аңсары асқақ,
Азаттық – бас бақ,
Аңғардық сенен.
Жеті хақ көкке
Жеткендей төбем.
Аттандық алға.
Қырандай самға,
Ақ желкен кемем!
Әр қарпың – қорған,
Әр бабың – панам,
Ата Заң саған,
Имандай сенем!

Жүзіңе сенің
Түспесін тозаң.
Өзің бар тұста,
Жол сілтеп нұсқа,
Мен неге тозам?!
Тұғыры берік,
Басымда ерік,
Кетпейді мазам!
Айбының – бедел,
Айтқаның – кемел,
Ғасырдан-ғасыр,
Өзіңмен озам!

Ата Заң маған,
Армансың биік.
Жатпенен жалпақ,
Теңесті иық!
Сен барда, Заңым,
Кешпеймін күйік.
Қалың ел – қазақ,
Тартпайды азап.
Тұрады сені,
Мәңгілік сүйіп!
Бағдарым – бағым,
Арайлы – таңым.
Тәу етем саған,
Басымды иіп!

Төлеген ҚАЖЫБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.