ЗИЯЛЫ (Әңгіме)

Серік НҰҒЫМАН

Тым ұзап кетпегені қандай жақсы болған, кеңсесінің жарығын сөндірмегені есіне түскенде, мекемелері орналасқан алып ғимараттың алдындағы көшеге жаңа ілінген болатын. Келген жерінен кері бұрылды.
Асыға басып жеделсатының алдына жеткені сол, соны күтіп тұрғандай, кенет есік ашылып, іштегілер сыртқа қотарыла ақтарылды. Қарсы алдынан лап қойған топқа бір жағына ығыса жол беріп, абыр-сабыр үзіле, қайта ұмтылды ілгері. Зорға үлгеріпті, сарт еткен дыбыспен бірге лып етіп сырғи жөнелді өрге қарай. Есік келесі ашылғанда, бесінші қабатта тұрды сипақтап. Ақтарып жүріп, керегін (кілт қой баяғы) әрең тауып, кеңсесіне қарай беттеді. Қадамын сәл жылдам басқан болар, ұзын дәлізге өтер бұрыштан айнала бере, біреумен қарсы келіп, айқаса кетті. Кіммен ұшқасқанын артынан білгенде, шоқ басып алғандай ыршыды. Осы қабаттың арғы басында отыратын, қашан көрсең жылы жымиып, сызыла басып өтіп бара жататын, аршыған жұмыртқадай аққұба келіншек болушы еді, сол екен. Ол да бірдеңе ойлап кеткен сияқты, алғаш көргенде, «бұл қайсысың?» дегендей тік қарағанмен, артынан танығанда, қашанғы жайдары қалпына түсе қалып, «Ой, кешіріңіз, сіз екенсіз ғой… » деді қол сыртымен аузын басып. Қысыла түсіп, артына шегінді. «Ойланып кетіп, байқамай қалыппын!.. » дегенді қосты соңынан. Соған жалғап және бірдеңе айтпаққа оқтала бере, себепсіз тежеліп, бөгеліп қалды.
Бәрінен бұрын оның қабақ шытпа­ға­нына қуанды. Жазық онда емес қой… өзінде. Бала құсап алақтамай, байқап жүрмей ме! Алда-жалда, болған жайға шытынай қалып, суық рай танытқанда, өкініштен өлер еді. Ал енді жадырай қалған жамалымен бар ауырлықтан жеп-жеңіл құтқарып алған мына түрін көрмейсің бе! Кінәлау былай тұрыпты, жүз берген іске өзін жауапты санайды… Осындай да ақылды адамдар болады екен-ау өмірде!
Артық кідіріп қалғанына ыңғайсыз­дан­ған келіншек қылықтана бұрылып, жолына түсті. Тіл ұшына келгенді таңдайында тұншықтырып, ала кетті өзімен. Ренжіп қалмағанына қуанған бұл да оның не айтпақ болғанына бас қатырмады. «Жақсының жүрген жері той болады» деді, жақсыға барынша жақын әкелген тәлейлі жерді артына тастап, ұзап бара жатып. «Жақсының жүрген жері той болады». Осы сәттегі көңіл пернесін дәл басқандықтан шығар, әлдеқашан естен шыққан халық әнінің осы бір жолы ойына орала берді. Бірақ, басқа сөзін жадына түсіре алмады. Анда-санда сыртынан көргені болмаса, кім екенін білмейтін, ұшырасқан сайын осылай тәтті қылықтарымен тұшымды әсерге бөлеп жөней беретін уылжыған жас әйелді содан кейін де ұмыта алмады. Жадында сақтап, өзімен бірге ала жүрді. «Бақыт деген, бәлкім, осындай сүйкімді адамдар шығар!» деді аз-кемнен соң. Жаңағы бір «аласапыранда» қаперінен шығыпты, бөлмесін ашып, ішке кіргесін, неге қайтып келгенін білмей бір сәт кідіріп қалды. Артынша қолын созып, қабырғадағы айырып-қосқышты «сырт» еткізді. Жарқ еткен шамдарға қарап, ештеңеге түсінбей, одан сайын дағдарды. Өшіргелі келген жарығы әлдеқашан сөніпті. «Әй, алжыған басым!..» деді сұқ саусағымен шекесін нұқып. Есікті қайта бекітіп, ұзап бара жатып, шырақтарды қашан ажыратқанын ойлады. Бірақ санасында еш саңылау қалмапты. «Әлде…» дей бере, жаңағы күтпеген кездесуді қайыра есіне алды. Әлгіндегі қуаныш әлі сол қалпы екен. Іші-бауыры қыз-қыз қайнап жүре берді. Ешқайдан табылмайтын, ешкімнен сұрап ала алмайтын бақыт! Қалай екенін, сөндірген жарығын ұмытып, қайтып келуімен осы ұшырасу арасында бір байланыс бардай сезіліп, қатты таңырқады. Тап бір әдейі жоспарлап, қолдан ұйымдастырғандай. Мейлі ғой… кездейсоқ болса да, осындай кездесулердің болып тұрғанына не жетеді өмірде!..
Жоққа әуре болып, қайтып келгеніне өкін­ген жоқ. Қайта, күтпеген жерден көңілі көтеріліп, асып-тасқан бір асқақ ме­­рей­мен кете берді баспалдақпен еңістеп. Көтерілгенде болмаса, жеделсатыға көп мінбейтін.
Өз түсінігінше, адам баласы жайлы сезім­дер мен тәтті әсерлерді жақсы ойлардан табады. Ал ондай тұншықтырып әкетер тұшымды ләззат ың-жыңсыз ортада ғана болмақ. Ол, әрине, қала сыртында. Са­насын тұнытып, жанын тазартқысы келген кісі аулаққа, алысқа кетуі керек. Сонда ғана қиял теңізіне еркін сүңгіп, тұң­ғиық­тарға терең болай алады. Ол деген де бір ғанибет… бұл әлемнен табылмайтын рақат!
Амал қанша, тас қалада ондай тыныш­тыққа орын жоқ. Қанша қалап, сағынып тұрсаң да, жаңа басталған ойды құлақ қажаған шуыл бір аттатпай тұншықтырады. Ән әлдилегендей жағымды күйге бөленіп, мұңға шоматын кездер тым сирек мұнда! Түйе боталағандай. Өйткені, ылғи да жарықты сөндіргеніңді ұмытып, қайтып келе бермейсің ғой кеңсеңе! Келген күнде де, бұрыштан айнала бере көкейде жүрген көрікті жанмен соқтығып қала бермейсің… Ал тағдыр жазуымен әрең бір рет ұшқасып, тапқан тамаша халіңді жаныңда ұзақ сақтап қалайын десең, көрген күнің, міне, мынау… қарашы ананы! Анадан кейін жүз жылда жалғыз мәрте болатын таңсық әсерге қалай мелдектеп, малтығып жүрмексің! Не енді анау?.. Сырты жылтырағанмен, беттерінде қытық жоқ қазіргі жастардың! Жарайды, махаббаттасын… кінә жоқ. Ондай бізде де болған кезінде. Бірақ, анау не енді, анау… көпшілікке арналған орындыққа отырмай, оның сүйенішіне шығып алыпты? Бәлкім, таза емес шығар… сүртсін онда! Не көп, қазір қағаз көп. Болмаса, беторамалдарын салып отырсын. Екеуі бірдей шығып алыпты. Өздері қалтылдап әрең отыр. Сонда не рақат, әңгімелерінде не береке?.. Сөйтіп отырып сындырып қойса қайтеді астындағыны?! Ол деген мемлекеттің мүлкі ғой… мемлекет қаражатына жасалған зат. Ескі-құсқы болса, тағы мейлі. Айдың алдында ғана орнатылған су жаңа мүкамал… обал емес пе! Сонда бұлардың жүрегінде зәредей де аяушылық сезім болмағаны ма, не?.. Қандай тәрбиенің жемісі бұлар? Басқаны айтпағанда, бұл дүние өздерінікі екенін неге білмейді?.. Қандай түйтіксіздік мынау?! Осылар ма әлгі біздің болашағымыз… келешегімізді сеніп тапсыратын жастарымыз? Әлде тәрбие жағында өзімізден де бірдеңелер кетіп жатыр ма?..
Дәл осы кезде таяу маңнан шыққан ащы дауыстан селк етіп өзіне келді. Елеңдеп алдына қарады. Соның арасы болған жоқ, бір жандағы ағаш қалқасынан сүйреп шыққан әйелді еңгезердей еркек шапалақпен бір тартып ұшырып түсірді. Жойқын соққыдан әрең оңшалып, орнынан енді тұра берген сорлыны орақ мұрын егде кісі жігіріп барып іштен тағы бір тепті. «Ойбай» деп жан дауысы шыға бүктетілген келіншек бұратыла барып қайта құлады. Кавказ текті қатулы кісі ештеңеге қарайтын емес, ентелей жетіп тағы соғуға ыңғайланғанда, шыдамады, жүгіріп барып қолына жармасты.
– Азамат, азамат… мұныңыз не? Ол әйел адам ғой,– деді арашаға түсіп.
Бірақ, жалт бұрылып қараған кавказ текті адамның қан тіленген сиықсыз сұрын көргенде тіксініп қалды, басыла берді.
– Араласпа! Бұл отбасылық шаруа!– деді сондай суық, зәрлі ызғармен тігіліп. Енді тиылмаса, анаумен қоса сабап, төпештей жөнелетіндей.
Ығып қалды. Отбасылық шаруа болса, қиын ғой, расында! Сонда ана бейбақтың мына жауыздың әйелі болғаны ғой! Осындай да болады екен, сұмдық! Үлбіреген жас адам жасы жеткен тазқараға неге бола жабысты екен?!. Көздің құрты дүние ғой баяғы. Соған арбалып, соры қайнаған қа­зақ қызы! Енді, міне, көрген күні – мынау!
Ойы осы арадан үзілді. Себебі бұл кезде орнынан қайта тұрып, қаныпезер күйеуінің алдына түскен әйелдің иығынан асырып бір қарағанынан оның әлгінде ғана кеңсе маңында бір жалт еткен «бақыт» екенін анық таныған-ды. Таңданыстан тілі тартылып, тыныс ала алмай қалды. О, сұмдық! Осындай да болады екен өмірде. Мынаны көргенше көзім неге…
Орнынан зорға қозғалғанда арада бір шама уақыт өткен еді. «Осындай да болады екен-ау өмірде» дей берді күбірлеп. Көз көрген көрнеу шындықты әлі қабылдай алмай әлек. Осындай да болады екен! Түсінсем бұйырмасын, анандай әдемі адам анандай тазқараның маңынан не іздеді екен?.. Әлде қазақтан жігіт табылмады ма?
Тереңінде «ұлыған» бір қимастықтан (бәлкім, қызғаныштан) жүрегі қан жылап, еңіреп жылап жіберуге шақ қалып келеді. Сондай бір аяулы жанды сүйе алмағанымыз өз алдына, бір реткі сұмдық жәбірден құтқара да алмадық-ау, қор болғанда! – деген ой тырнады өзегін енді. – Өз елімізде жүріп, қыздарымызды аяқ асты еттік! Сүйеу бола алмадық! Не болдық сонда біз? Бізге не болды өзі?
Сұрағына жауап таба алмай тағы біраз сенделді. «Осы ынжық мінезімізден қарындастарымыз өзгелерді жағалайтын шығар, сірә» деп бір тоқтады артынан. Бірақ, бұл жауапты іштей қабылдай алмады. «Сонда жігіттер жаман екен деп, кете беру керек пе жат жұртқа? Ит те болса, өзі ғой! Қит етсе, басқаның етегіне жармасқысы келіп тұратын солар адам ба өзі?! Аңсағаны манағы өмір болса, барсын… «тілегені – қарнына!»
Жолын кескен көлденең көшенің бойы­мен солға қарай бұрылған. Дәл сол арада тағы бір іс кеп сап етті санасына: таң атқалы бері көңіл көгінен бір көлеңке көрініп, не екені анық білінбесе де, салмағын салып, жайсыздандырып жүр еді, сөйтсе, онысы… не екен әлгі…
«Ниет қой дұрыс» деп түйді тура таңертеңгі ойын қайталап. Сол-ақ екен, «сондай пәлелі жерден аулақ жүріңдерші, жігіттер… өтінем! Біреу-міреу көріп қалса, өздерің ғана емес, мекеменің бетіне де шіркеу болады ғой» деген бастығының сөзі түсті есіне. Ара-жігі әлі ашылмаған қос қоғамды бірдей көріп, әбден ысылған кісі ғой, айтқаны дұрыс. Негізі, абайлаған жөн.
«Дегенмен, бүйтіп бұға берсек, әлгі құрып жатқан демократиямыз қайда қалмақ?» деген сұрақ тығылды іле көмейіне. «Дұрыс! – деп жалғастырды тереңіндегі бір дауыс ары қарай. – Жиылыс өткізу, талап қою – демократияның құрамдас бөлігі емес пе, көп пікірінің көрінісі. Айғайшы болмасақ та, қосшы болып, жұрт қатарлы төбе көрсетсе, несі айып! Сөз бостандығына табанды, адам құқығын қорғайтынын айтып, биліктің өзі күнде сайрап жатқан жоқ па! Соны біле тұра, керекті кезінде белсенділік танытпасам, менің кім болғаным… зиялылығым қайда қалмақ?». «Дегенмен, – деп бір тоқтады ізінше арыны басылып. – Еркіндікке шыққанымызға қанша болды? Ереуіл, наразылық дегенді ел біле ме? Оны бұзып-шағу, қирату деп түсінсе, не болмақ? Біз емес, демократияның отаны – батыстың өзінде жиылыстар қандай салдармен аяқтап жатыр… ұмытпаған жөн! Ниет дұрыс, алайда, араға от жағып, айтақтап жіберетіндер табылмасына кім кепіл? Қара көбейген жерге кім бармайды… қартпен қатар жастар да жетеді желігіп. Піспеген, шикі немелер, күшкіртіп қойса, бітті емес пе… арты белгілі. Қой, атам қазақ «аш құлақтан тыш ұлақ» деген. Тапқан нанымды жеп, жайыма жүрейін». «Бірақ, – деп бір жұтынды сәлден кейін. – Бұл кез келген бөрікті ат басын бұра беретін саяси не әлеуметтік жиылыс емес қой. Тіл туралы басқосу! Оған кім барады? Ешкім! Қайда қапты барса баяғыдан бері. Иә, жұрт болған соң, бар шығар көкірегінде оты сөнбеген біреулері. Қиын қылса, солар жиылар. Бірақ, олар қанша? Саналы адамдар болғандықтан, бірдеңені бүлдіреді деу артық. Солардың қатарында шығу керек. Қазақ тілінің аз да болса жоқтаушысы барын көрсету керек!».
Өзін-өзі қанша жанып, қай­ра­ғанмен, ішкі бір тежемнен бо­сана алмады. Ә дегенде жылт еткен ынтасын содан қайтып жандыра алмады. Ұзамай тағы қамшылады өзін. Бірақ, бәрі бір, пейілі шаппады. Сосын, итжығыс түскен екі ұдай ойдың қақпақылында теңселіп жүрді де отырды.
«Зарлап келе жатқанымызға қашан! Не өзгерді содан! Тіл жоғарыдағыларға ғана емес, қара халықтың өзіне де керек емес әзір. Керек болса, үйренбей ме? Әлі сол білетінін қолай көреді… жұ­мысқа да, басқасына да. Себебі, сүйегіне сіңген… сүрдектен шыққысы келмейді» деді әлдекімге ренжіп. «Дегенмен, – деп бір тоқтады артынша. – көптің аты көп қой. Абай атам айтпақшы, «көпте ақыл жоқ»… оны бір кемел билемек керек. Білмейтінін үйретпек ләзім. Әйпесе, «Масғұтта» айтылғандай, олар өздері ішкен жынды суды бір күні патшаға да ішкізеді. Міне, «кемелдің» ұмытып кеткен сол міндетін есіне салу үшін де шығу керек. «Түн ұзарса – түс көбейеді». Болды, осымен тәмам! Шығам ертең!»
Іштей осылай деп шешкенімен, байламын түбелікті бекіте алмады. Өйтер жағдайы да жоқ еді. Іле есіне үкіметтің тіл үшін істеп жатқан жұмыстары түсті де, одан сайын тоқырады. «Рас, ә! – деді артынша сабасына түсіп. – Біз кілең қазақтар тұратын елде өмір сүріп жатқамыз жоқ қой! Тарихтан қалған күрделі күрмеу бар. Оны ескермеу – ақымақтық! «Тіл» деп қанша айғайлағанмен, тыныштықты ұмытсақ – біткеніміз. Бұл мәселеде мемлекет құрушы халық – біз ұстамды болуымыз керек! Осыны білмей, еліріп көшеге шығып кетсем, менің кім болғаным? Зиялылығым қайда қалмақ онда?.. Рас, ұмытыппын ғой, кім ұйымдастырып жүр екен мұны? Тілдің атын жамылып, ұпай жиғысы келген бір алаяқ болса, не болмақ?.. Ештеңенің байы­бына бармай, арандап қала жаздаппын ғой әуелі! Айтпақшы… – деп бір тоқтады осы арада. – Өткізбек митингісі рұхсат етілген бе екен өзі? – деп ары жалғады ойын. – Оны да анықтамаппын, қара басып! Құдайдың өзі бір сақтапты мені! Артынан заңсыз болып шықса, сұмдық болғандай екен! Соттап жібермес-ау, десе де, жұмыстан қуады ғой. Онда қара қатын, жас баланы кім бағады? Онсыз да бірді-бірге жалғап, ілдалдалап күн кешіп жатқан жай бар! Қой, болмасқа жінікпей, тыныш жүрейін. «Тек жүрсең – тоқ жүресің» деген бұрынғылар. Оның сыртында, тіл маған ғана керек пе… шықсын басқалар. Мен, жақсы болсын, жаман болсын, мемлекеттік қызметкермін, ой-пікірде мемлекетпен бірдей болуым керек. Жоғарының саясаттын қолдауға тиіспін. Өйткені, соның қарамағында нан жеп жүрмін ғой. Екінші жағынан, билік басындағылардың да бір ойлағаны бар шығар. Мен білгенді олар білмейді дейсің бе? Сіңген нанымды жеп, жайыма жүрейін… «Асықпаған арбамен қоян алыпты» деген. Жетерміз ол күнге де әлі. Тек тыныштық болсын».
Осы арада ойы үзілді. Аяғына әлдене ілінгендей болған соң, қарап еді, жол ортасына тастап кеткен үйме қап қоқыс екен. Оны келіп бүйірден тепкен екен, «ішек-қарыны» бір-ақ ақтарылыпты. Үй орнындай болып шашылып жатыр, бір шеті табанының астына кіріп. Кісі жасайтын қуыстан шыққан зат деуге келмейді. Кіл өңкей лай баттасқан латқа, лас қағаздар.
Қайтерін білмей, жан-жағына қарады. Сонда ғана қан көше­ден алыс, қалың ағаш ара­сын­дағы үйіне апарар тар соқпақта келе жат­қанын білді. Әлденеге кінәлі сезіммен көзін қайта әкеліп ыбырсыған қоқысқа салды. Не жоқ дейсің ішінде! Үлбіреген жарғақ қабы белуардан жыртылған екен, бүтін болған күнде де қайта салсаң, симайды. Алып келе жатқанда жарылып, жиюға ерініп, тастап кеткен «қазына». Бірақ, иесін көрмегесін бе, белгісіз жауапкершіліктен өзін босата алмады. «Әй, қазақ-ай! – деді іштей кейіп. – Қазақ десе, өзіңе тиеді… бүйтіп жүріп ел бола алмаспыз біз! Ширамасақ, қоқыс емес, бір күні шашылып өзіміз жолда қаламыз!.. Тіл дейді… үйден шыққан сыпырындыға ие бола алмай жүріп, дәмеміз зор тағы… Не енді мынау? Барып тұрған бойкүйездік… жабайылық, жауапсыздық!.. Қашан үйренеміз осы өмір сүріп жатқанымызға талай болған қала мәдениетін? Өлгенде ме, әлде жіткенде… қашан? Қоқыр-қоқсымызды жия алмай жүріп тағы үлкен-үлкен нәрселерді армандаймыз! Қала деген далиған дала емес қой, «отырған» жерімізге керексіз затымызды тастап кете беретін! Қала деген тәртіп… тазалық… жинақы өмір! Жастары анау, су жаңа орындықтың арқалығына қосыла мініп алған. Бұл біздің ортақ дүниеміз-ау, бұл менің туған қаламның мүлкі-ау, елімнің игілігі-ау деген зәредей де ой жоқ! Ал, қыздары анау… дүниеге бола жат жұрттықтың етегінен ұстап, қор болған! Мынаның түрі, міне, мынау, жайрап жатқан! Енді қайттім… енді?.. Қайда барам тентіреп?.. Не ел секілді мұндайды бақырайтып тастап кете беретін дәтім де берік емес! Шамалы қаттылау болғанда ғой… азап шекпес едім осынша. Дегенмен, елді сүймесем, жоғына күймесем, жаңағы түйтіксіз тобырдан артылғаным қане… құрығаным ғой онда ол менің! Қой! «Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» деген. Басқа болмаса да, жия жүрейін жолымды. Басар жерде қоқсықтың жатқаны – жаман ырым. Мұны өңге болмаса да, мен білуге тиіспін. Зиялы деген атым бар ғой, өйткені. Екінші жағынан, басқа емес, өз қандастарым алдыма тартқан «табақ». Бір-біріміздің артымызды тазалай жүрмесек, қалай ел боламыз алда! Білмегендікін білместік делік, ал біліп тұрып тастап кетсем, білгенім қане менің? Бәлкім, ұлтқа қызмет етудің бір жолы осы шығар? Сондықтан, болмашы деп атүсті қарамай, атқара кетейін «міндетімді». Бармақ жеріне апарып тастайын… ».
Күйбеңдеп жүріп жайылма қоқысты қоғамдады. Артынан шетте жатқан то­қым­дай газетті әкеліп, арасын жазды да, аяғымен сырып, соның үстіне салды. Ең­кеңдеп жүріп жас-кәрісі аралас талай кісінің ту сыртынан мұрындарын басып, ай­ланып өткенін байқамай қалды. Бір есептен ол да дұрыс болды, көрсе, күйінер еді. Пенде емес пе, намыстанар еді. Сәті түскенде, одан аман қалды. Көп өтпей орал­ған қағазды қос алақанымен қыса ұстап, қоқыс тастайтын күресінге қарай тұра жүгірді.
Сәлден соң ол о бастағы діттеген же­ріне жетіп, тар баспалдақпен жоғары қарай өрлеп келе жатты. Төртінші қабатқа кө­те­рілгенде, ашық тұрған қарсы есіктің аржағынан жарыса жамыраған шүмек­тердің шорылын естіді. Ол сухана болатын. Онсыз да ренжіп келе жатқан адамның мынадан соң қаны басына бір-ақ шапты. Онда тағы тапа-тал түсте неше жерден қойылған қуатты шамдардың самаладай боп жанып тұрғанын да ешкім айтпай анық білді. Бірақ, күндегісіндей бұрылған жоқ. Үйіне төте тартты.
Ол осы суы, жарығы, асүйі, тіпті, дәрет­ханасы да ортақ жатақханада тұратын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.