«Атаулар сөздігі» қазақ терминологиясының дамуына үлес қосты

Кез келген сөздіктің жасалуы кешенді түрде атқарылатын үлкен ғылыми мәселе. Ал ұлттық тілдің аударма терминологиялық сөздігін түзу – әр уақытта елеулі оқиға болып табылады. Тарихи тұрғыдан қарастырар болсақ, ол көбінесе тарихи және ұлттық сана-сезімнің өсіп, қалыптасуымен, әдеби тіл мен оның нормасының тұрақ­тануымен байланысты. Тіл білімінің өткеніне зер салсақ, қазақ тіліне байланысты көптеген сөздіктердің жарық көргенін аңғарамыз. Мысалы, Халық ағарту комис­сариаты білім кеңесінің терминология комиссиясы 5000 дана таралыммен 1931 жылы тұңғыш рет кирилл-латын графикасында жазылған «Атаулар сөздігін» шы­ғар­ды (Atavlar sөzdiģi. Kьzьlorda: Qazaģьstan baspasь, 1931 ж.). Сөздікте филология, фи­зика, заң, психология сияқты түрлі ғылым салаларына қатысты 8000 термин берілген. 

Осы сөздік туралы 1934 жылы жазған рецензиясында А.Самойлович есімді ғалым «Мен 1932 жылдың аяғында Қазақстанның астанасы Алматыда болғанымда бұл сөздік таптырмайтын құрал болып еді» деп жазды.
«Атаулар сөздігі» Алаш зиялыла­ры­ның ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыруда ұстанған қағидаттарына сәйкес жасалған соңғы басылымдардың бірі болғандықтан оны қайта бастырып шығарып, мамандардың, зиялы қауымның назарына ұсынуды филология ғылымының докторы, профессор Ш.Құрман­байұлы мен О.Жұбаева қолға алып, қазіргі кирилл жазуымен 2004 жылы кітап етіп, 2-басылымы ретінде қайта бастырып шығаруы – тіл саласында айтарлықтай жаңалық болды.
Терминтанушы Ш.Құрманбайұлы­ның көрсетуінше: «Қазақ терминогра­фия­сының тарихында өзіндік орны бар «Атаулар сөздігі» өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы термин шығармашылығы мен терминологиялық сөздік түзу ісінің кезеңдік келбетін, терминология комиссиясы жұмысы мен Алаш зиялыларының ұлттық терминқор қалыптастыруда ұстанған ұстанымдарын көрсететін нақты тілдік-тарихи дерек»
ХХ ғасыр басындағы әрі аударма, әрі терминологиялық сөздіктің қажеттілігі туралы «Атаулар сөздігінің» «Бір-екі сөз» деген кіріспеcінде былай келті­реді: «әr-bir çeke çazuvcьlar ґz qolьna ustap otьratьn, çaŋa өmіrdіŋ tilin izdedi, pәn atavlarьna tus-tustan surav kөbejdi, onьŋ muqtaçdьģь kуn sajьn asa berdi. zьmьragan ucqьr өmir kуnbe-kуnģi kerekke çumsavģa dajьn turģan til qaruvьn kerek qьldь. oj eŋbeģindegi eŋ qьjьn istiŋ biri sөzdik tizуv».
Қазақ тілі біліміндегі алғашқы терминологиялық сөздіктердің бірі ретінде латын әліпбиінде жазылған «Атаулар сөздігінде» ұлттық тілдің метатілі және әлем туралы Алаш білімпаздарының білімдері жүйеленіп берілген. Бұл білімдер аясы сөздіктің түріне, сөзтізбенің көлеміне, лекси­кографиялық материалдарды беру тәсілдеріне, сөздік мақаланың құры­лы­мына байланысты жүйелі түрде келтірілген. Соларды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

2 1 3 4 5

Сөз үнемі үздіксіз өзгерісте болатын­дықтан, оның бүгінгі сөйлеушілердің қабылдауын­дағы мағынасы өткен 85 жыл бұрын берілген мағынасымен сәйкес келмеуі заңды құбылыс.
2004 жылы шыққан басылымның кіріспе сөзінде Алаш терминқорын зерттеуші Ш.Құрманбайұлы «Атаулар сөздігі» туралы жазылған мақалалар мен рецензияларда айтылған сын ескертпелер, ұсыныстарды жан-жақты талдап, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдайдың Сөздікке тигізген әсерін түсіндіре келе былай дейді: «Сол жылдары осы сөздікке тікелей және жанама қатысты бар жарияланған материалдарды қарап отырсақ, көпшілігінде сөздік түзушілердің ұстанған қағидаттарына байланысты мақсатты түрде сын айту, мәселеге саяси, әлеуметтік-таптық тұрғыдан баса мән берілгендігі байқалады. Сөздіктің жақсы жақтары, жетістіктері ауызға алына бермейді. Сөздік туралы пікір білдіргендердің оның сапасы, келесі басылымы жақсарсын деген ниеттен гөрі оны түзуші авторлардың ұстанып отырған бағытының бұрыстығын, ендігі жерде қазақ терминологиясын бұл бағытта дамытуға болмайтынын дәлелдеуге бейілді екендігі айқын аңғарылады. Сондықтан да сөздіктің жақсы жақтары туралы айтылмай, кемшіліктер ғана теріліп, біржақты сынға жол беріледі. Терминологиялық комиссия жұмысы­ның жетістіктері жөнінде де сөз болмайды. Керісінше, олар комиссияның солақай саясат ұстанған алашшыл, ұлт­шыл, пуристерден құралғандығын, социалистік қоғамға зиянды жолға бастап отырғандығын дәлелдеу арқылы, ендігі жерде жарқын болашаққа апара­тын бағытты таңдай отырып, терми­нологиялық жұмыстардың жаңа арнаға бұрылуы керектігін айрықша атап өтеді», – дей келе: «Шын мәнінде сол жылдары мұндай терминдер сөздігінің басылып шығуының өзі елеулі оқиға еді» деп жоғары бағалайды.
Қорыта айтқанда, «Атаулар сөздігі» ұжымдық сананы көрсететін ғылыми еңбек ретінде ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамның мәдени, ғылыми, тілдік өмірінде айрықша орын алды.

Гүлжиһан КӨБДЕНОВА,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.