Биікке кісіліктің туын тіккен

(Бұл күнде Тайсойған өңірі 70 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан,
аз ғұмырында көп іс тындырып, жақсы атымен ел есінде қалған қайраткер азамат
Сафи Кәрімұлы МӘЖИТОВТІҢ рухына)

Бұл жерде Мұхит өткен күміскөмей,
Ер Махамбет, Исатай, Құныскерей…
Солардан қалған сен бір алтын тұяқ
Жүретін қазағыңа болып мерей.

Бірі едің ата көрген көшелі ердің.
Көсем едің, тілдіде шешен едің.
Маңдайыңнан теріңді тамшылатып,
Туған елдің ырысын еселедің.

Сал-серілер сарқыты жалғасқандай,
Жүрген жері той-думан, жолдасқа бай.
Биікке кісіліктің туын тіккен,
Бір өзі мыңға татыр марқасқам-ай!

Ұзай бердің келместің кемесімен,
Көрген жан шығарар ма сені есінен.
Сағымдай сағындырып қол бұлғайсың
Жылдардың жылжып өткен елесінен.
Тозады күңгірт тартып алтындағы,
Артыңда өлмейтіндей даңқың қалды.
Қазағың кәне десе, міне дейтін,
Жігіттің сұлтаны едің нар тұлғалы!
Өшпестей қашап жазған тасқа хатың –
Ол ұрпағың өзіңнен басталатын.
Атыңды болашаққа барады алып
Қырандай Медет, Саттар – қос қанатың!

Дүбірлі той-думаның тарқамасын,
Келіп тұр алқалаған алты Алашың!
Басыңды бір көтерші осындайда,
Тебіренбей қалай шыдап жата аласың.

Өмірде алма-кезек үміт-қайғы,
Қадірін жақсылықтың кім ұқпайды.
Сафижан, сен тірісің – біз тіріде,
Туған жер асылдарын ұмытпайды!

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ

АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.