Ұстаз қауымының сенімді көмекшісі

Биыл өзіндік бағыт-бағдарымен ерекше­ленетін, мыңдаған оқырманның жүрегінен жол тауып келе жатқан ұлттық психологияны насихаттаушы «Мектептегі психология – Психология в школе» журналының жарыққа шыққанына 10 жыл толып отыр. Жақында аталған басылымның 100-інші нөмірі жарыққа шықпақ.

Қазіргі нарық заманында журнал шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Бұл ретте оқырмандарға қажет ақпарат беріп, ұстаздар қауымының жан серігіне айналған журнал жанашырларының айтары аз емес.
Журналдың құрылтайшысы, «Педагог LTD» ЖШС-ның директоры, белгілі журналист Гүлжанат Құстанованың басылым туралы пікірі төмендегідей:
Gulzhanat«Мектептегі психология – психология в школе» журналы 2006 жылдың алғашқы айынан бастап шығып келеді. Бастапқы нөмірінен-ақ айтулы маман, еліміздегі психология ғылымының білгірі, психология ғылымының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаевтың ақыл-кеңесіне жүгіндік. Ғалым ағамыз күні бүгінге дейін әрбір санының мазмұнды да мағыналы болуына мән беріп келеді. Тамыры тереңде жатқан ұлттық психологияның сан салалы мәселелерін басылым беттерінде көтерілуіне атсалысуда. Психологияның орны бөлек ғылым екендігіне, бәрінен бұрын мынандай қым-қуыт заманда сәт сайын көзіміз жетуде. Сондықтан да дәл қазіргі уақытта психолог мамандығының маңыздылығы да артып отыр. Әсіресе, ұстаздардың білімін психологиялық-педагогикалық тұрғыдан көтеру – заман талабы. Осы орайда республика мектептерінде еңбек етіп жүрген мыңдаған психолог мамандарға он жыл ішінде айтарлықтай көмегімізді тигіздік деп нық сеніммен айта аламыз. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал болғандықтан еліміздің барлық мектептеріндегі әлеуметтік психолог болсын, психолог-педагог болсын, ата-аналар мен ұстаздар болсын, тіпті оқу­шылардың өздері де мақалаларын жолдайды».
Иә, Гүлжанат Шаймерденқызының сөзінің жаны бар. Редакция қоржынына сан алуан тақырыптарға жазылған сабақтар, тренингтер, сауалнамалар, ғылыми мақалалар, зерттеулер, жас ғалым­дардың ізденістері, тіпті оның ішінде эссе де бар, әр жанрда жазылған материалдар көп­теп келеді. Бұл – аталған басылымның тұрақ­ты да белсенді авторларының бар екенін білдіреді.
Жақында журналдың ұжым мүшелері басылымның он жыл толуына орайластырып Қызылорда облысына барып, Сыр өңірі ұстаздарымен кездесіп, журнал жұмысы туралы пікірлесіп қайтты. Бұл жөнінде Г.Құстанова: «Сол сапарда мұғалімдеріміздің басылым туралы, ондағы мақалалар туралы ойлары бізді қуантты әрі алдағы істерімізге бағдар берді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық оқырмандар мен авторларымызға, әр облыс, аудандардағы ұйымдастырушыларымыз бен насихатшыларымызға, бір сөзбен айтқанда басылымымыздың жанашырларына үлкен алғысымызды білдіремін» деді.
Ал «Мектептегі психология – Психология в школе» журналының бас редакторы Ақнұр Олжаева басылымда психологияның теориялық, қолданбалы мәселелері, этнопсихология, жоғары білім, халықаралық ынтымақтастық, сын және т.б. тақырыптардағы мақалалар жан-жақты тексеріліп, жарияланатынын атап өтті. Сонымен бірге психология саласына қатысты оқулықтардан да үзінділер беріледі екен.
Ақнұр14658446_1240235032702729_1008790535_nПедагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика орталығының директоры, «Мектептегі психология – Психология в школе» журналының ғылыми редакторы Құбығұл Жарықбаев ұлттық психологияның сан алуан мәселелеріне тоқталып, елімізде осы салаға аса мән берілмей келе жатқанын тілге тиек етті. Психология ғылымына мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмай, осы ғылымды дамытуға көңіл бөлінбейтіндіктен зардап шегіп келеміз дей келе, қазіргі кезде психология пәнінің мектептерде, жоғары оқу орындарында дұрыс оқытылмайтындығына қынжылыс білдірді. Сонымен қатар журналдың көтеріп отырған жүгінің ауыр екенін, мұнда қоғамдағы өзекті мәселенің бәрі қамтылатындығы жайында сөз қозғады. Мәселен, басылымда үш тұғырлы тіл саясаты, бастауыш сынып оқушыларына ағылшын тілін оқыту ғылымға қарама-қарсы екендігіне тоқталып, бұл жөнінде журналда қазақ тілінде де, орыс тілінде де мақалалар жазылғандығын, бірақ тыңдар құлақ, ескеретін адам жоқ екендігін әңгіме өзегіне айналдырды.
«Педагог LTD» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамындағы «Білім кілті – ключ знаний» және «Мектептегі мерекелер: тәрбие жұмыстарының сценарийлері» атты психологияға астарлас журналдардың да 100 саны жарыққа шықты. Он жыл бойы үзіліссіз ай сайын оқырманмен жүздесіп, ұстаздардың сенімді көмекшісіне айнала білуге тікелей көмек беретін де ұстаздардың өздері. Ғылыми-әдістемелік, педагогикалық «Педагог» журналы да оқырмандардың асыға күтетін басылымдарының бірі. Олай болса, «Педагог LTD» ЖСШ-на қарасты «Мектептегі психология – психология в школе», «Білім кілті – ключ знаний», «Мектептегі мерекелер: тәрбие жұмыстарының сценарийлері», «Педагог» басылымдарына ұзақ ғұмыр, ұжымға мол табыс тілейміз!

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Динара

    Керемет қажет журналдардың бірі

  2. Асылзат

    Құтты болсынн! Жемісің көріңіз!

  3. Тілекші

    «Педагог LTD» ЖШС қазір ұстаздарға, жалпы білім саласында жүрген мамандар мен болашақ ұстаздарға өте қажетті төрт бірдей журнал шығарып отыр. Білікті журналист Гүлжанат Құстанова он жыл бойы осы журналдарды оқырмандарының асыға күтетін басылымына айналдыру жолында талмастан қарқынды еңбек етіп келеді. Алайда осы журналдарға мемлекет тарапынан қолдау аз секілді. Өз қаржыларымен талаптанып шығарып жүргенін білеміз. Ендеше, алдағы уақытта жоғары лауазым иелері оң қабақ танытып, көңіл бөлер деген үміттеміз. Ал Гүлжанат Шаймерденқызы мен Ақнұр Қайнарқызына шығармашылық табыстар тілеп, оқырмандар атынан алғыс білдіремін.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.