Алтын ғасыр әдебиетінің маржаны

Қазақ әдебиеті үшін алтын ғасырға татитын алпысыншы жылдар бізге қадау-қадау тұлғаларды берді. Соның бірі де бірегейі классик жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбеков болатын.
«Менің қарындасым» шағын әңгімесінен басталған шығармашылық жолы үлкен даңғылға ұласқан қаламгер қалың оқырман дәуір айналып оқтын-оқтын оралып отыратын «Жусан иісі», «Жабайы алма», «Басында Үшқараның» сияқты көптеген көркем туындыларын қалдырды.

Зады, әр кезең оқырманының мінезі, танымы, көзқарасы әртүрлі болады-ау, осы. Өз тәжірибемнен түйгенім, мәселен, сол «Жабайы алманы» біздің буын тамсанып оқысақ, бүгінгі балалар таңырқап оқиды. Қабылдау қалыбымыз әрқилы болғанымен, әсері әртекті емес. Сондықтан жаңа технологиялар салтанат құрған XXI ғасырда кітап оқымайтын ұрпақты оқырмандық ортаға оралтатын тілге жеңіл, ойға бай осындай шығармалар болуы керек!
Сайын Мұратбеков Қапал өңірінің Қоңыр ауылында кіндігі кесіліп, қасиетті топырақта өсіп-өнді. Ауыл тұрғындарының қоңыртөбел тірлігімен бірге тыныстап, біте қайнаса ер жетті. Оның шығармаларының кейіпкерлері – сол ауылда тұратын прототипі бар образдар ғана емес, елдің шөп-шөңгесі, бұта-жыңғылы, жабайы алмасы да сол кезеңнің куәгерлері. Балалар жабыла жүгіретін, қышқыл дәміне қарамай құмарта жейтін, үлкен шығарманың идеялық концепциясының символына айналған тау баурайындағы жабайы алмалар әлі күнге бар деседі.
Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Сайын Мұратбековтің туғанына 80 жыл толуына орай өткен «Сайын Мұратбеков прозасы – алтын ғасыр әдебиетінің маржаны» атты еске алу кешінде ақынның туған жері, өскен ортасы, шығармашылық жолы туралы кеңінен айтылды.
Еске алу кешіне Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин бастаған бір топ әдебиет қайрат­керлері келді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашовтың құттықтау сөзінен кейін Нұрлан Оразалин мінбеге көтерілді.
– Сайын табиғаттың өзіндей таза еді, оның болмысында ада-күде жасандылық деген болмайтын. Өмірден көргенін көркемдік синтезден өткізіп, таза да мөлдір қалпында қағазға түсіретін. Ол қазақ әдебиетінің әңгіме жанрына құбылыс болып келген ерекше тұлға. Сондықтан да кешегі Ғабит Мүсірепов сынды әдебиет алыптары Жетісудан келген қаршадай сары баланың маңдайынан сипап, арқасынан қақты, жазғанынан жарық көріп, үміт күтті. Әңгіме жанрындағы шеберлігіне сүйсініп, өзара әңгіме барысында алдыңғы буын ағалардың «Қазақтың Чеховы» деп атағандарын да естідім.
Мен Сайын ағаны ең алғаш ҚазМУ-дың студенті кезімде көрдім. Бізге Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған бір топ ақын-жазушылар кездесуге келді. Солардың ішінде Сайын Мұратбеков те бар болатын. Сол жиында Әбдіжәміл аға Сайынды ерекше ықыласпен, үлкен ілтипатпен таныстырғаны әлі күнге есімде. Ол кезде Сайындар отызға жаңа келген жас қаламгерлер еді.
Сайын аға «мен» деп ешқашан кеуде қақпаған, атақ-марапаттың артынан жүгірмеген адам. Өзінің дәм-тұзы тау­сылардан екі күн бұрын ғана «Жабайы алма» хикаяты үшін Мемлекеттік сыйлықты алғанын естіді. Әлі құрып, хәлі нашарлап жатқанда да тілін икемге келтіріп, «Көсегелерің көгерсін!» деген бір ауыз тілекті соңындағыларға айтып кетті, – деді Н.Оразалин өзінің тебіреніске толы сөзінде.
Жазушы Бексұлтан Нұржекеев: «Маған үлкен әсерін тигізіп, әдебиетке жетелеген үш мықты болса, соның бірі – Мұқағали, екіншісі – Бекен Әбдіразақов, үшіншісі – осы Сайын Мұратбеков еді. Біз бүгін Сайын болып өмір сүрмесек те, Сайынның жазғандарын оқу арқылы өсуіміз керек. Мемлекет экономикасымен, байлығымен мәңгілік бола алмайды, рухани байлығымен, өнерімен, ақылымен, бауырмалдығымен мәңгілік болады. Сайын сол кезде-ақ қазақтың Мәң­гілік ел болуына үлесін қосып кеткен. Біз Мұратбековтің сол үлесін ұмытпауымыз керек» деді.
Ұйғыр әдебиетінің өкілі Ахметжан Ашири жазушыға облыста бір ескерткіш қойылса деген ұсынысын жеткізіп, Сайын Мұратбеков қазақтың ғана емес түркі жұртының жазушысы деп қысылмай айта аламыз деген тұжырымын жеткізді.
Кеште өзге де қаламгерлер ой-пікірлерін ортаға салып, тілектерін білдірді. Шара театрландырылған көрініспен жалғасып, соңында Сүйінбай атындағы облыстық филармония артистерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Сағыныш Намазшамова

Талдықорған

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айша

    Қазақтың мандайына біткен керемет жазушылардың бірі.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.