Телеарнаның жаңа жобасы

«Хабар» арнасы көрермен қауымға арнап жаңа маусымында бірнеше бағдарлама ұсынды. Соның бірі – «Біздің назарда» жобасы. Жоба продюсері – Ысқақ Дүйсембайұлы.

Ұзақтығы он бес минуттық, аптасына екі рет шығатын бағдарлама көрерменнің көкейінде жүрген әлеуметтік, тұр­мыстық, отбасылық мәселелерді ор­таға салады. Сондай-ақ заңсыздыққа жо­лығып, жалақысын ала алмай қиналған халықтың мұңын тыңдап, талай есіктің табалдырығын тоздырған отандастарымыздың жағдайын сөз етеді. Журналистер оқиға орнына барып, зерттеу жүргізеді. «Арнамызда «Таразы» деген бағдарлама болды. Біз оны жасау барысында таза шығармашылық жұмысты көретінбіз. Атқарушы билік өкілі не дейді, жәбірленуші тараптың ойы қандай, журналист оны қалай таразылап береді, соған байланысты керемет репортаж шығады. Соның негізінде, көптен бері осындай бағдарлама жөнінде ойлап жүргенбіз. Басшылық қолдап, күзден бері қазақ және орыс тілінде эфирге шықты. Мұндай бағдарламаның қажеттігін, бос кеңістікті толтыратындығын, көрермен тарапынан қолдауға ие болатынын басынан білдік» дейді бағдарлама продюсері Ы.Дүйсембайұлы.
Сонымен сөз еткен бағдарлама «Біз­дің назарда» деп аталады. Эфирге шыққан екі айда жоба талай түйткілдің түйінін тарқатып, күрмеуі көп күрделі мәселелерді назарға алған. «Бағдарламаның бір ерекшелігі мұнда екі айдар бар. Алғашқысы – «Эксперимент» деп аталады. Тілші әртүрлі мәселені алып, өзі зерттеу жасайды. Мәселен, бір жолы емханаларға эксперимент жүргізген. Өйткені кейбір емханаларда жалған 086 анықтама қағазы берілетіні жасырын емес. Мұның шындық екеніне көз жеткізу үшін журналист эксперимент жасап, болған жағдайды басынан өткізіп, өзіне керекті қағазды оп-оңай алған. Бағдарлама көрсетілгеннен кейін қалалық денсаулық сақтау басқармасы емхана басшысына сөгіс жариялаған. Бұл бір ғана оқиға емес, эксперимент талай дүниеге жасалуда. Олардың арасында психикалық саулығыңды дәлелдейтін анықтаманың қалай берілетіндігі, қайыршылардың артында кімдердің тұрғандығы, мерзімі өткен тауар, кешкі тоғыздан соң алкогольді ішімдіктер сату сынды өзекті мәселелер де бар.
Екінші айдар «Халықтық репортаж» –бұл көрермен тарапынан келетін ­материал. Тұрғындар өздері көрген оқиғаларды, заңсыз әрекеттерді гаджеттеріне түсіріп, біздің байланыс нөмірге жолдайды. Халықтың басына қиындық туса, жедел барып, көмектесуге тырысамыз. Оқиға аймақта болса, аймақтағы тілшілеріміз, Астана немесе Алматы қалаларында болса өзіміздің тілшілер барып, мән жайды анықтап, зерттеу жасайды. Іске қатысы бар құзырлы органдар, мамандарға хабарласа отырып, әкімшілік ресурстарды қосамыз, соның негізінде сюжет әзірленеді. Сөйтіп, азаматтармен тікелей, тығыз кері байланыс орнатудамыз» дейді Ысқақ Дүйсембайұлы. Айта кетейік, қазірдің өзінде әр бағдарламаға кем дегенде 20-30 қоңырау түседі екен. Соның негізінде сюжет, репортаж тақырыптары белгілі болып отырады дейді шығармашылық ұжым.
Көзі қарақты көрермен байқаған болар хабар тілшілері материалды қысқа да нұсқа, астарлап, өткір жет­кізуге тырысады. Жүргізушінің мінезі, түр-тұрпаты, болмысы, сөйлеген сөзі жобаның мақсатын айқындай түс­кендей. «Біз жаз бойы іріктеу өткізіп, нәти­жесінде лайықты жүргізуші ­Жансая Қожахметованы таңдап алдық. Бағдар­ламаның тізгіні жүргізушіге тікелей байланысты, көрермен жүргізуші арқылы қабылдайды» дейді продюсер.
Ескерте кетейік, азаматтардың қордаланған проблемасын шешуге арналған «Біздің назарда» бағдар­ла­масы дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 18.00-де «Хабар» арнасынан көрсетіледі.

Гүлнұр Өтжанқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.