ИНСУЛЬТ (Әңгіме)

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Ашуланғанда не қиратпақ, телефонның арғы құлағындағы қоңыр дауыс иесінің жер-жебіріне жетіп, айғайлағаннан бір нәтижеге қол іліктірсе, кәні?! Шаршайтын өзі, боқтан өзгеге жүйке жұқартатын өзі. Оның несі кетсін. Азар болса: «мына шал жынданғаннан сау ма?» дейді де иығын бір қиқаң еткізіп, өз жөнімен кете барады.
Жоқ-ау, шәкірттеріне: «мені мезгілсіз мазаламаңдар» деп ескертпесе жөн ғой. Ескерткенде қандай, алда-жалда ондай «тәртіпке бағынбайтындардың» ертең емтихан кезінде «бағы» жана қоймайтындығын да ишарамен, немеурін-тұспалмен түсіндірген. Жетер. Ғылымға бір адамдай еңбек сіңірді: мұрын үстіне линзасы қалың көзәйнек қондырды, баяғы арасына саусақ батпайтын қалың шашты сирексітті, кеудесі еңкіш тартты, газет-журналға көбірек шұқшиса басы айналып, миы шайқалатынды шығарды. Одан әрі не істемек? Өле салайын десе, әлгі құлдыраңдап, апта сайын үйге келгенде аталап бірі мойнына, бірі арқасына жабысатын жаман немерелерін қимайды. Өмір солармен тәтті боп бара ма қалай.
Жә, Ибадулланың бұл әншейін бергі жағымен айта салған сылтауы ғой. Жасы келген, ендігі қалған ғұмырды ың-шыңсыз өткізейінші дейтін шал-шауқандарға еліктеген әуейі дағы ит жегір! Ал өзіне салса қартайғысы жоқ. Ай құрғатпай өңшең зиялылар тіркелген емханаға барып, дәрігерлік тексеруден өтеді. Қазір медициналық аппараттар жетілген заман ғой. Диагнозыңды дәл табады. Витамин қабылдайды, укол алады. Ұзын ырғасы бір аптаның о жақ-бұ жағында құр аттай қутыңдап шыға келеді. Дәрігерлер айтатын ем-домды өзі де бес саусақтай жақсы біледі. Кеселдің түп тамыры – жүйкеде. Осы күнге дейін итініп-сұғынып аман жеткен жүйкені ендігі жерде анау-мынауға рәсуа етпегені абзал. Алтындай сақтағаны олжа. Мүйіз шықса шыр-пыр боп талайлармен айтысқан, тіпті жаға жыртысып төбелесуге дейін барған. Содан қарақан басына иненің жасуындай пайда көрсе. Қоғамдық жұмыс дегенде екі көзі ақиып, аты-жөні ертең тарих бетіне алтын әріптермен жазылатындай жанын қинағанын айтам-ау; сүрініп-қабынып, үй шаруасын басы бүтін ұмытып, бала-шаға тәрбиесін әйелдің мойнына жүктеп, ал өзі тау қопарғандай кешкілік табалдырықтан әзер аттайтындығын айтам-ау. Кім үшін және не үшін?! Өткен өмірге есеп берсе, атойлап өзгелердің алдын орағаны шамалы. Қырыққа жеткенде кандидаттық, елуден асқанда докторлығын қорғады. Тосын жаңалық ашып, дүйім елді таңғалдырған болса бүгін сол атақ-абыройдың қалған-құтқан жұқанасы да, көңіл демдеуге жарар еді-ау. Түк болмағандай, бүгінде Ибадулланы біреу біледі, біреу білмейді. Әсілі білмейтіндердің қарасы қомақты. Бірді-екілі шәкірттері ғана, онда да ­орай­ын келтіріп, салалық басылымдарға жария­ланатын мақалаларының ішіне мұның есімін де сыналап кіргізіп жібереді. ­Оларына да құлдық. Беталыс бағдары әзірге түсініксіздеу мына бір аумалы-төкпелі заманда «менің қоғамдағы лайықты орнымды қайтарып беріңдер» деп кімге шағынасың. Мықтылығыңды дәлелде, кеудеңді жалаңаштап, ағаш басына шығып, айғайла; «мен, мен, мен едім…» Ауаға тараған тарғыл дауысың сап басылады содан соң. Ойпыр-ай, елеген, құлақ түрген, «елге еңбегі сіңген талантты адамды осынша сорлатқанымыз адамшылығымызға жата ма?» деп бір пенде жанашырлық танытып, жаныңызға жақындаса; қал-жағдайыңызды сұраса; өмірбаяныңызбен танысса – соның өзіне төбең көкке жеткендей қуанбассың ба?! Жоқ, бітті. Жүрегің жарылып кетсе де осы тақылеттес тіркестерді естуге мәжбүрсің. Ал естігің келмесе ерік өзіңізде. Қашанғы айғайлайсың. Сол айғайдың арқасында «есі ауысқан», «оқу көтерген» дейтін «абырой» жамап алуыңыз да түкке тұрмайды.
Жә, сабыр, сабыр, жұртқа белгілі жарапазанды жариялағаннан бір нәрсе өне ме. Осымен тоқтайық. Алдағы күндердің қызығы түгесілмесін. Іргелі оқу ордасының шетелден білім алған «жаңа қазақ» басшылары Ибадулланың ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибесіне қызыға ма, әлде әлі де ауылдан келген көгенкөздерді алдарқататындай қауқары бар ғой деп, сонысына үміт арта ма, әзірге «пенсия жасынан асып барасыз, артыңыздан бір шоғыр шәкірттеріңіз еріп келеді» дегенді айта қойған жоқ. Ертең бе, одан арғы күні ме, оның да құлақ түбінен зың ете қалатындығы белгілі.
Алдымен ақыл-есінің бүтіндігіне тәу етеді. Бәлкім, мұны Ибадулланың тірі жанға тіс жармаған өзіндік философиясы десеңіз жарасар. Мұның да анау айтқандай құпиясы жоқ. Тіршіліктің ащы-тұщысын молырақ тартқаннан соңғы пайым-түсінігі… Енді, енді ме, қолдан келсе тірі жанға ашуланбайды, біреудің бетіне қатты келмейді, мейлі, шектен шығып төбесінде ойнақтаса да шыдайды, шыдап бағады. Қысқасы – жүйке талшықтарын көздің қарашығындай сақтайды. Жүйкенің тозуы – кесел атаулының көкесі. Мұны баяғыдан неге білмегенбіз деп сан соғып, запыран жұтудың қажеті шамалы. Өтті-кетті. Ибадулла кез келген адаммен күліп амандасады. Күлкі – баға жетпес байлық. Күледі, күлмейтін нәрсеге күле салады. Күн сайын күлкінің көлемін ұлғайта береді. Баяғы… баяғы жүйкенің кетік-құтығын өстіп жамамақшы, кеткен есені өстіп қайтармақшы.
Әнекей, әлгі беймезгіл соғылған қоңырауға да бәлендей ашуланған жоқ, «ертеңгі асымызды дұрыс ішкізсеңдерші түгелер!» деп бергі жағымен күңк етті де қойды.
– Үйдесіз бе?
– Үйде болмағанда.
– Уақытыңызды алмай, екі-үш минутке кіріп шықсам.
– Бұл кім?
– Құлмұратпын ғой, Ибадулла аға, мен сізді дауыстан танып тұрған шығар десем.
– Айналайын, Құлмұратжан-ау, сендерге не болған, а? Қанша бір қалалық боп кетсеңдер де, «ағаның үйі – ақ жайлау» деп салып ұрып келе салмайсың ба?!
– Қазір барамын.
Оқыс ас үй жақта күйбеңдеп жүрген әйеліне бұрылды. Ұстамды, сыпайы, салмақты. Ілгерідегі ұрда-жық мінездің жұқанасы қалмаған. Ой, шіркін-ай, ол дәуреннің де өз қызығы жетерлік екен-ау! Қайдағы жоқ былапыт сөздерді төпелеп, Патшагүлдің де зәре-құтын алып, екі аяғын бір етікке тығатындығын ойласа, жон арқасы шым ете түседі бүгінде. Біреуден сүйінші сұрамаса да қандай ақымақ болғанбыз деп, өз-өзін кінәлаудан да тайынбайды. Содан арадағы көзге көрінбейтін «үнсіз соғыс» артық-кемі жоқ аптаға созылады. «Менің не жазығым бар, айыбым болса мойныма қиып салмай ма» деп бұртиып Патшагүл жүреді. «Әйелді өстіп тәубесіне түсіріп қойған жөн» деп бір нәрсені қиратып тастағандай шіреніп Ибадулла жүреді. Бала-шағадан ұят болар, итше ырылдаспайық дейтін уәжге тоқтайды ақыр соңында. Қазір үйде екеуі. Балалар жеке-жеке отау құрып, өз тірліктерін күйттеген. Олар да риза, бұлар да риза.
– Айттым-айтым…– деді Ибадулла әлдебір өкінішті сыртқа шығармауға тырысып, телефон тұтқасын орнына қойды.
– Оу, не айттың, сенің қай тап­сыр­маң аяқсыз қалып еді. – Патшагүлдің дауыс ырғағынан да әлдебір жеңіл әзілдің ұшқыны аңғарылады.
– А…а, әлде ескертпедім бе? – Ибадулла жиегіне болар-болмас алтын жалатқан кеседегі ыстық шайды ұрттап жіберіп, тілін күйдіріп алды.– Мына дастарқанды қайта жаса, жылы-жұмсағыңды шығар. Қандай шаруасы барын қайдам, Арыстанбектің ұлы Құлмұрат шырағым…
– Сәлем берейін дегені-дағы.
– Сәлем берсе жөн ғой. «Оның сәлемінен бұрын… өзіміздің қимыл­дағанымыз орынды еді» дегенді ішінен күбірлеп, орнынан тұрып кетті. Тұрып кеткені бар болсын, әнекей ылғи күліп жүруге уәде берсе де жан-жақтан анталаған қасқыр ойлар пенде байғұстың ілгері басқан адымын аштырмай, өстіп сорлататындығын білсеші. Былай қарасаңыз, түкке тұрмайтын-ақ дүние. Қателеспесе, таныс-білістер, жақын-жуық ағайындар, ішек қырындысындай күн сайын араласып жатпаса да ­Ибадулланы ақ-қараны ажырата білетін көреген, оқыған-тоқығаны мол атпал азаматтардың қатарына қосады. Ибадулланың қатарлары да сирексіген. Ендеше, мұндай кісілерді көр-жерге араластырмай, аса бір маңызды мәселелер шешілетін тұста ғана ақылын тыңдап, онда да ұзақ сергелдеңге салмай, «арқа тірейтін ағалар, сіздер аман болыңыздар» дегенді шын ниетпен айтып, сырттай тілеулес болып жүргенге не жетсін. Десе де, осы жолғы жоралғы Ибадуллаларға тиесілі-тін. Мұның аржағынан қаймағы бұзылмаған қазақылықтың құлағы қылтияды. Құлмұраттың әкесі ­Арыстанбек о дүниеге қиятындай адам ба еді! Ибадуллалар сол жаманатты хабарды естігенде жамбас сүйегі қақырап сынғандай, жуық арада өз-өздеріне келе алмай, есеңкіреді де қалды. Артынан барып тәубелеріне келді. Арыстанбектің ғылым жолындағы ерлікпен пара-пар жанқиярлық еңбектерін еске түсіріп, өлшеулі ғұмырды бекер өткізбегендігін, артына өлместей мұра қалдырғандығын сана сүзгісінен өткізіп барып, «шүкір ғой» дегенге мықтап табан тіреді. Өлген адамның барар жері белгілі. Сән салтанатымен марқұммен қоштасуды да кәделі шаңырақта өткізіп, артынан асын беретін мемлекеттік комиссияның құрамында Ибадулла жүрген-ді шапқылап. Жүретін реті. Замандас, құрдас-сырлас. Ғылымға бір мезгілде келген. Одан беріде жерлес. Екеуі бір топырақта өмірге келген. Қай жағынан болмасын, Ибадулланың бел шешіп, азаматтық танытатын тұсы осы. Бәрі рет-ретімен ойдағыдай атқарылған, оу, өлетін адам өлді, алдынан жарылқасын деп бет сипап үнсіз қала беру – Ибадуллаларға жарасатын қылық па еді?! Жараспайды. Жерлестігін былай қойғанда, Арыстанбектің аруағына құран бағыштатып, артында қалған ұлын бала-шағасымен үйіне шақырып, көңіл шайын берсе, Ибадулланың жүзі жарқын болмас па осындайда.
Қап! Құлмұраттың алдында бүгін қалай ақталар екен.
***
Шайдан соң терін басып, диванға қисайып, он-он бес минут көз шырымын алатын. Жүйкені жөндеудің бір амалы осы, сосын одан арғы тіршілігіне құмбыл кіріседі. Газет-журналдардың жан жадыратар жақсы жаңалықтарын ғана теріп оқиды. Өсек-аяң, биліктегі ауыс-түйістерге пәлендей мән бермейді. Мән бермейтіні – солардың арасынан таныс-білістерді кездестіріп қалмайын деп содан қауіптенеді. Ибадулланың қолынан анау айтқандай жәрдем келе қоймаса да, бәрібір ол туралы ойға берілуі мүмкін ғой. Ал мазасыз ой жүйкеге жабыла кететін құрт-құмырсқадан бетер. Сондай кеселдің туындайтындығын сезе тұра, біле тұра «жау шаптылаған» дүниелерді оқып не жыны бар. Одан гөрі алтыншы қабаттағы пәтерінен төмен қарағаны әсерлі. Әсерлі деп оның да гүмпілдететін түгі жоқ. Ежелден көз үйренген көріністер: көрші үйден ұйқысын қимаған баласын желкелеп, бақшаға қарай ентіге жүгірген келіншек; аулаға қойған машинасының айнасын ұрлатып, айналаны топан-су қаптағандай, әлдекімдердің әке-шешелерін сыпыртып боқтаған бейтаныс жігіт ағасы; көше беттегі айғай-сүрең.
Міне, Ибадулланың жұлын-жүйкесінің бір жүйеге түскендігін осыдан-ақ біле беріңіз. Яғни Ибадулла күллі тұлға бітімін ылғи өз пайдасына бағындыра білетін кісі. Баланың жылағанын емес, алыстағы ауылда, көк шалғын үстінде асыр салып ойнаған сәбилердің шат-шадыман күлкілерін естіп тұрмын деп елестетеді; үйден жұлқына шыққан әлгі келіншек лезде ертеңгілік сиырын ­сауып, басына тартқан ақ орамалының бір ұшымен тершіген маңдайын сүртіп, сүт толы шелегін көтеріп, қора жақтан байпаңдап келе жататын ауыл әйеліне айналып жүре береді; көшедегі айғай-сүреңді жылғамен жұлқынып аққан тұма бұлақтың сылдырына айырбастайды. Таңғы шыққа шомылған гүл қауызын көз алдына келтіріп, бозторғай шырылын естіп тұрғандай сезімге бөленеді… Осының бәрін жүрек сүзгісінен өткізе білген Ибадулланы қайтіп қарттардың қатарына қосасыз. Жан әлемі ақ мақтадай үлбіреп тұр. Дарқан даланың саф самалына кеудесін тосып, желпініп қыр басында тұрған таныс бейнені – Ибадулланың өзі деп қабылдасаңыз қателеспейсіз.
–Отағасы мынаны оқыдыңыз ба? – дейді Патшагүл жерден жеті қоян тапқандай сарғыш газеттердің бірін қолына ұстаған күйі.
–Тоқта, тоқтаңыз! – Ибадулла өңінен не реніштің, не қуаныштың белгісін білдірместен әйелін орта жолдан тоқтатады. – Мені мұнан былай мұндай кір-қоқысқа араластырма. Өзің оқы, өзің оқы да бар білгеніңді сыртқа шығарма. Сен білесің ғой мені… – Арғы жағын айтқысы келмейді. «Арғы жағын өзің түсін, өзің пайымда. Баяғы Ибадулланы түсіңде көрерсің ендігі жерде».
Компьютер алдына жайғаса берген сол еді, есік қоңырауы қаттырақ қағылды. Құлмұрат!
– Сендерге… сендерге не болған, а?! – Ибадулла манағы телефондағы «өкпесін» сәл жасандылау күлкісімен жуып-шайды. – Ағаның үйі – ақ жайлау деп немене, қазекем еріккеннен айтты ғой деймісіңдер. Оу, бір қалада тұрамыз, кішкентайларды ертіп, келін екеуің салып ұрып жетіп келсеңдер ғой, арқа-жарқа боп бір жасап қалмаймыз ба. Сөйтіп, бір оқпен екі қоян атып алатындарыңды сезбейтіндерің-ай! Біріншіден, біздің көңілімізді табасыңдар, екіншіден, үлкендерге сәлем беріп бір міндеттен тағы құтыласыңдар. Ал шешін, шай дайын. Патша, қайдасың?!.. Асықпа, сыбағалы асыңды ішесің. Сабақты ине сәтімен, бәлкім тамақ піскенше келінді де осында алдырармыз.
– Жо-жоқ, асқа әуре болмаңыздар, бір-екі кесе шай ішейін. Соның арасында шаруамды да айтып үлгірермін. Уақыт, уақыттың қадірін басқа білмесе де, сіз жақсы білесіз ғой, Ибадулла аға. Қал-ахуалыңыз қалай?
– Шүкір, шүкір барлығына.
– Осы шүкірліктен айнымаңыз. – Құлмұрат қолын жуып, дастарқан басына жайғасқанша Ибадулланың жүзіне қарады да отырды. –Жаман көрінбейсіз. Тіфә-тіфә, тіліміз тасқа!
– Патшагүлдің арқасы ғой,– дей салды Ибадулла,– бізді қойшы, ал өздерің қалайсыңдар? Келімді-кетімді көңіл айтушылардың аяғы сирексіген болар.
– Естігендер…
– Әрине, Құлмұратжан-ау иманды болғыр Арекең, Арыстанбек Жолайович өзіміз түгілі шетелге де мәлім болған атақты ғалым еді ғой. Ғарыш саласын Арекеңнен артық зерттеген біреуді тауып берші, кәне?! Физика мен математика ғылымын қатар меңгерді. Докторлығын Мәскеуде қорғады. Жерді ғарыштан зондтау жаңалығын әлемдік орбитаға шығарған атақты оқымысты сол – сенің әкең Арыстанбек болатын. Байқоңырды Ресейдің ғана меншігіне бермей, дүниежүзілік ғарыш айлағына айналдырамын, содан ел қазынасына түсетін қаражат мөлшері мынадай болады деп жүргенде… көрмейсің бе! Бірақ Алланың ісіне не істей аларсың, біздің қолдан келетіні – Арекең бастаған істі ары қарай жалғастыру үшін шәкірттерінің құлағына үнемі қоңырау соғып отыру.
–Сіз жерлеу рәсімінде керемет сөйледіңіз. Көзіне жас алмаған бір пенде табылсайшы. Жұртты тебіреніске түсірдіңіз.
–Борыш, міндет қой, айналайын. – Ибадулла жүрекке жүк түсірмеу жағын біле тұра, ауырлау күрсінді. –Шешендік танытайын деген ниет жоқ-ты. Шын қи­налсаң соқыр көзден жас шығады деген. Тілге оралғанды айта беріппіз ірікпей.
Құлмұрат екінші кесеге қол жүгіртті. – Әкеміз барда қамсыз-мұңсыз жүре беріппіз.
– Солай, солай болуға тиісті, әрине. Әкенің қадірін ерте жетім қалған мына біздерден сұраңдар. Арыстанбек екеумізден…
– Әкемнің сіз секілді жоқтаушысы болғаны қандай жақсы, Ибадулла аға! Сол сөздеріңіз еске түскенде әлі күнге дейін жылап жіберуге шақ қаламын. Құйылып тұр ғой, әншейін!
– Рас-өтірігін кім білген. Сол сәтте жан тәннен бөлініп кетеді-міс. Ал Арекеңнің жаны ғарыш әлемімен байланысты болатын. Бәлкім, менікі қожанасырлық кейіп болар, десе де Арекең аспан әлемінен өз орнын тауып алып, біз пақырларды көктен желеп-жебеп жүрген аруаққа ұқсайды да тұрады. Не айтатыны бар, әлі де бес-алты жыл арамызда жүре тұрғанда…
– Аға, жылы қабылдауыңызға рақмет! Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін деген. Сіздер аман болыңыздар!
– Отыра тұрғаның жөн еді.
– Жұмыс…
– Тірі адамның жұмысы түгесіле ме.
– Келген шаруам, алдымен сізбен дидарласу, сосын әкемнің артында қалған ғылыми еңбектерін, шет елдік басылымдарда жарияланған мақалаларын, замандастарымен жа­зысқан хаттарын, орталық мұ­рағатқа тапсырған құжаттарын сұра­тып алып, солардың негізінде жеке жинақ құрастырмақ ойым бар, Ибадулла аға. Біразы үйден табылды. Табылмағандарын іздестіріп жатырмыз. Мұным қалай?
– Дұрыс-ақ. Игілікті шаруа. Арекеңнің ғылыми тұжырымдары ғарыш саласының мамандарына таптырмайтын материал. Қазір бәріміз шетелшіл болып алдық. Қит етсе америкалық пәленше былай деген еді деп өліп-тіріліп соған жүгінеміз. Жә, басқасы-басқа, жерді ғарыштан зондтаудың теоремасын айналысқа түсірген де Арекең болатын.
– Докторлық еңбегінің де түпнұсқасы табылды.
– Арекеңнің артынан жыл сайын кітап шығармайтындарың белгілі ғой. Сондықтан кітап шығарғыларың келген екен, күн айналмай шаң қауып қалатындардың қатарынан табылмасын. Мұқият зерттеңдер. Институтта бірге істеген әріптестерін тартыңдар. Солар тындырсын біраз шаруаны. Арекеңді ұстазымыз еді деп құрғақ ұрандағанша, соларын іспен дәлелдесін. Кейін ана құжат тасада қалып қойыпты деп, бармақ тістеп жүрмеңдер. Менің айтарым осы. Ал көмек қажет болса, әркез сендер жағындамын.
– Осы лебіз еді ғой бізге де керегі. Біраз кісілермен ақылдаса келгенде кітаптың беташар сөзін жазу үшін сізге тоқтадық.
– Алғы сөз ғой.
– Дәл солай.
– Айналайын, Құлмұратжан-ау, оған тіпті бас қатырудың қажеті шамалы.
– Қаралы митингідегі сөзді сәл байыта түссеңіз.
– О жағын біздің еншімізге қалдыр, қалқам.
Құлмұрат Ибадулланың қолын қаттырақ қысып, үйден көтеріңкі көңіл­мен шығып кетті.
***
…Ғылыми институттың кезекті жиналысынан соң Ибадулланың екі-үш танысы үйіне машина жіберіп, кері шақыртып алған. Оу, аяқ астынан не бүлініп қалды, жаңа ғана бірге болған жоқ па еді? Күнұзақты отырыс шаршатты ғой, кішкене әл шақырайық деп қымбат коньяктен де үш-төрт рөмке ұрттаған. Әзіл-қалжың айтылды. Әлдекімнің ұрланып, осы академияда істейтін бір келіншекке баратыны, ол әйелдің келіскен күйеуі бола тұра сол түбің түскірге өліп тұратыны, ретін тауып таудағы демалыс үйіне бірге баратыны, айлап жататыны талай әңгіменің өзегіне айналған. Ішкендіктің әсерімен үйге қарай жаяу аяңдаған Ибадулланың басына да талай-талай «арам ойлар» кіріп-шықты-ай! Түн жамылып келе жатыр ғой, осынша жасқа келгелі беті жылтыраған бір сұлудың жүзіне қарамапты. Қараған шығар, бірақ пенделікке салынып, ары қарай тереңдеген емес; ары қарай жеңіл жүріске өзін күштеп итермелеген емес. Қашан көрсең де Ибадулла бабында. Сымдай тартылып, шалбарының қыры сынбай түп-түзу жүргені. Шашын арнайы шаштаразға қиғызады, костюмді қымбат шеберханаға тіктіреді. Оу, келіншек демекші, Ибадулланың соңынан да үздіге қарап, кездескен жерде көзінен от ұшқындап, жылы жымиып, тілдесуге зар болып жүрген әйел затының болмауы мүмкін бе?! О-хо-оу, сұрақ болғаныңа, сұрақ болғанда қандай! Әлемді ұстап тұрған – сұлулық. Жүректі жұлып алардай бұл жарықтық айтылғаны қай заман. Әдемі келіншек – көздің құрты. Жә, өз басы мұны табылған теңеуге жатқыза алмайды. Шолтаң ете қалатын жеңіл-желпі олақ сөйлем. Әдемі келіншектің ыстық демі мен аржағынан қопарыла ақтарылып, ындыны кепкен ынтызар сөзін бұл жалғанда неге теңерсің, немен салыстырарсың?! Тұла бойың еріп, буын-буының босап, мына бес күндік өлшеулі ғұмырда көрген азабың мен тозағыңды заматында ұмытып, жайнаңдап шыға келмессің бе?! Рақат. Рақаттың төресі – әйел затының ыстық құшағы. Екі дене бір денеге айналып, бірінің тілінен бірі бал сорып, талықсыған үн барған сайын күш алып, сол талықсыған үннің тууына «бас кейіпкер» өзіңнің болғандығыңды сезініп жату және еркектігіңді әйелдің алдында айна-қатесіз дәлелдеу – жұмыр басты пенденің қолына түсе бермейтін аса сирек бақытыңнан бір мысқал кем болса?!.. Бұл дәурен өткінші, ертең өзек өртейтін өкініш – бармақ тістемес үшін бүгін не істеу керек? Шалықта, бауырым, шалықта! Ал Ибадулла әскери міндетін мінсіз орындап жүрген бозбала секілді шеп-шекарадан қия аттамайды. Басын бұзбастан айлығын санап, әйелінің қолына табыстайды. Түзу жолмен барып, түзу жолмен қайтады. Демалыс күндерінде үйде. Сыра ішетіндер мен карта ойнайтындардан аулақ. Қолы қалт еткенде қағазға шұқшияды. Патшагүлді аяғансып, ара-тұра дүкенге жүгіреді. Мұндай еркекті қайдан табасың?! Осы күнгінің идеалды еркегі. Мін жоқ, қоладан құйылған мүсін.
Сірә, ішкендіктің әсері болар, құлағына сұлу бикештердің әзәзіл күлкілері жаңғырықтай ап-анық естіледі; «Ибадулла, бұл жүрісіңмен ұшпаққа шыға алмайсың бәрібір. Оу, еркектің үстінен қолаңса иіс шығып тұрмаса, ай аралатып шараптың буымен мына дүниенің кір-қоқысынан уақытша болса да арылғандай күй кешіп, түннің бір уағында үйдің есігін тәлтіректеп қағып тұрмаса, әйелі ұзақты күн сарыла күткендігін ұмытып, қарсы алдынан жайраңдап шыға келмесе… ондай еркекті еркек емес, телпек деген дұрыс. Телпек еркектер көп біздің арамызда. Олардың көздері байлаулы, сезім-түйсіктен мақұрым. Сондықтан сұлулықты сезбейді, жан-жағында сол қолаңса иістен ләззат алатын сылқымдардың барын байқамайды».
Не, не дейді-ей! Бір пәлеге ұрынайын деп жүргеннен сау ма?! Бүгін… ­Ибадул­ланың тәртіп бұзып, үш-төрт рөмкі коньяк ұрттағандығын аңдып жүргендей, тұс-тұстан ұлардай шулағаны несі бұлардың?! Есінің сауында мұндай дыбыстардың бірін құлағына ілсеші! Бәлкім, бір мезет бұларға да көңіл аударып, назар жығуы керек шығар. Қашанғы періште қалпын сақтап жүреді. Мүмкін тұла бойы тың күштермен толығар. Ерекше қуат көздерін ашар. Аңыз-әпсаналарда айтылып келе жатқан әйел құшағының құдіретіне Ибадулланың да көз жеткізіп, қолмен ұстап, тұшынуы керек-ау! Ғажайып әлем сол маңда тұншығып жатқан көрінеді ғой.
Үйге бас сұқты ма, сұқпады ма, артынан таныс жүргізуші жетіп келді. Киім ауыстыруына да мұршасын келтірмеді. «Бол, болыңыз!» Патшагүл аң-таң; «бір кесе ыстық шай ішсеңші ең болмаса». Қамқорсыған жалынышты дауыс. Әлгі әзәзіл бикештердің күлдібадам күңкілдеріне мүлдем ұқсамайды. Әтібірлі жайсаңдар мен жақсылар шақырса және әдейілеп машина жіберсе неге бармасқа. Яғни шұғыл шаруа. Әйтпесе ол кісілер Ибадулла секілділерді көзге іле ме? Баяғы дастарқан әлі жиналмапты. Бір-екі кісі тағы қосылған. Қыз-келіншектердің де қарасы көбейген. Кірген бойда бірі Ибадулланың сырт киімін алып, бірі қолтығынан демеп, құрметті қонаққа ізет көрсеткендей, апың-гүпің қалбалақтады да қалды. Оу, бұл не жиын, ненің құрметі? Оған дес беруге шама келтірді ме, жүзіктің көзінен өтетін сұлу бикештер қолқалаған соң қайтып тартынсын. Екі-үш рөмкіні тағы жөнелтті әліне қарамай. Аш қарынға түскен у артынша бас айналдырды. Көзінің алды тұманданды. Бір жақсысы, төрде отырған мырзалар Ибадулланың ежелден білетін көз таныстары еді. Біреуі кандидаттық еңбегінің жетекшісі, біреуі ұстазы, біреуі институт директоры. Өңшең ығай мен сығай.
Отырыс түннің бір жарымына дейін созылған. Ішімдік те аз болмады. Бірде әдемілеп тасқа басылған бір бет қағаз жетті Ибадулланың алдына дөңгеленіп. «Бұл не?». «Оқы, асықпай оқы!» Оқыды. Жүрегі тас төбесіне шықты. Тұла бойы қалшылдап, мастықтың әсерінен тез айықты. «Мен… менің не істеуім керек?» «Түк те істеме, анау фамилияңның тұсына қол қойсаң болғаны. Ертең анау-мынау сөз бола қалған жағдайда «мен қол қойған жоқпын» деп айнып кетпесең жарады». Көзі кіртиіп, ақыл-есін түзеп, бір бет қағазға қайта үңілді. Құдай-ау, бұл не масқара?! Арыстанбек Жолаевтың үстінен жоғары жаққа жолданатын арыз-шағымның ұзын-ырғасы. Ұзын-ырғасын айтуға Ибадулланың тілі күрмеліп, үні шықпай қалды. Тілін жұтып қойғандай, жан-жағына алақ-жұлақ қарай береді. Кеше, күні кеше ғана мына жайсаңдар жиналыстың хаттамасын толтырып, ғарышты зерттеулер институтының директоры Арыстанбек Жолаевтың жерді ғарыштан зондтау еңбегін әлемде теңдесі жоқ жаңалық деп бағалап, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған. Бүгін ол жаңалық емес еді, оны мұнан бұрын француз ғалымдары ашқан еді, сондықтан Жолаевқа сыйлық беру әділеттікке жатпайды, республика ғылымы әлем жұртшылығы алдында ұятқа қалмасын деп арыз жазады. Және ол хатқа қол қоясың деп Ибадулланы мәжбүрлейді. Оу, көкешім-ау, жерлестігін былай қойғанда, ғылым жолына бірге келген әріптес ретінде де Ибадулланың қол қойғаны – өліммен тең. «Қол қоймаймын, ол менің азаматтық арыма жатпайды!» деп бірден бас тартты. Отырғандар қоғадай жапырылып, бір-бірлерінің құлағына әлденелерді сыбырлап жатты.
– Докторлық диссертацияны қалай қорғамақсың? – деді арт жақтан қолын шошайтқан бір жалтыр бас.
– Қорғамасам қорғамай-ақ кетейін!
– Ойлан! Біздің арамызда осы талқылауға қатысқаныңның өзі қол қойған болып есептеледі.
– Қалай, қалайша?
– Солай, әңгіме осымен тәмам. Шешім көпшілік дауыспен қабыл­данды.
Сол күні түн ортасында сүйретіліп үйіне әзер жеткені есінде. Бәрі есінде. Нар тұлғалы азамат Арыстанбек Жолаев одан кейін талай кездесіп, сырласып жүрсе де, әлгі арыз туралы ләм-мим жақ ашса не дейсіз! Арына жүктегені болар. Ертең мұрағаттағы құжаттарды мұқият зерттеген Құлмұрат сол арыз хатты қолға түсірсе…
***
Ибадулла екі апта бойы ұйқысыз, мазасыз түндерді көзімен атқарды. Жағдайы қиындаған соң Патшагүл алдымен балаларына хабар берді. Артынша «жедел жәрдем» шақыртты.
–Инсульт! – деді іле-шала келіп жеткен дәрігер жігіт.
–Инсульт! –Патшагүл аң-таң. – Ибадулланың жүрегі ауырмаушы еді ғой. Жүрегі ауырмайтын…
Одан әрі не айтарын білмеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.