Ұстаз ұлағаты

Серікқали Шарабасов сирек кездесетін қызық жігіт еді. Қалай болса солай жүретін, бетіңе бақырайып қарап тұрып тіктеу сөйлейтін. Тыңдаушыға қалай әсер етеді деп ойлап жатқан ол жоқ. Алайда, оның осы тосындау қылығы мен салмақты сөздерінде адалдық, тазалық бар еді…
Бүгінде бізге, марқұм Сәкеңнің осы қасиеттері жетпейді. Орны көрініп, абыройы жадымызда айдынданып барады. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі әріптестері –үлкен ағаларынан бастап кейінгі кішілеріне дейін, үйреншікті қалыпқа сыйыңқырамайтын замандастарын құрметтейтін шығар дегім келеді…
Серікқали балаларды, шәкірттерін ерекше жақсы көретін. Және онысы сезіліп тұратын. Балалар да оған үйірсектеу еді. Менің ұлым Кенесары кішкене кезінде келген сайын қасына жатып, жалықпай әңгіме соғатын.

Серікқалидың екі ұлы бар. Олардың үлкенінің атын Жайық, екіншісін Еділ деп қойыпты. Тегіннен бұлай аталмаған болар. Әкенің қандай мұрат, арманымен жалғасып жатыр екен деп үнемі ойлаймын. Құдайдан тілеп алған ұлдарының атын осылай қойғанда үлкен мақсат пен армандарды көздеген болар. Бәлкім, кейінгі ұрпақтарына ескерткіш болсын деп, осылай қазақшалаған шығар. Қазағымның ата тарихының алтын бесігі болған алып шалқарларым-ай.
Серікқали Шарабасов Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті табалдырығын 1964 жылы алғаш аттады. Тарих-филология факультетін 1968 жылы үздік бітіргенге дейін ойы озық, әрекеті белсенді, озат студент атанды. Білімі молайды, білігі кемелденді, арманы биіктеді, күш-қуаты да таси бастады. Бірақ, алтын ұямен қоштасатын күн де жеткен еді.
Қимай қиналса да ұлан-ғайыр, шеті шексіз кеңістікке, жаңа орта мен өмірге бет алды. Облыстық «Орал өңірі» газетіндегі қызметі өткір мақалаларымен оқығандар есінде қалды. Бірер жылда елге танылды. Мұғалімдер білімін жетілдіру институтына бастық болды. Осы шамалы уақыттарды қоспағанда 1975 жылдан бергі бар ғұмыры осы білім ордасында, университетте өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы болып бастады. Ешқандай жұмыстан бас тартқан жоқ, шақырса – барды, қайда жұмсаса да көнді – сондай бір әдет тапты. Алда өзі аңсаған білім асқарлары бар еді.
1979 жылы әл-Фараби ­­атындағы ­­­­­Қаз­ ҰУ­ (бұрынғы С.М. Киров атындағы), ­­қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасына, Зейнолла Қабдоловқа шәкірт болып келді.
Бізді, университет аспиранттарын, Серікқали Шарабасовпен Зейнағаң таныстырды. Бәрімізге қарап сәл жымиып тұрды да, «бұлар біздің кафедраның аспиранттары, үміттеріміз, мықтылар» деді ағамыз әзілдегендей, сосын бізге сынай қарап тұрған Серікқалиға бұрылып «өзің сияқты» дегенді қосып қойды. – Мына жігіт Оралдың мықтысы, Шарабасов Серікқали деген қаламгер, журналист – басын көрдіңіздер ғой, нағыз Шарабасов деген осындай болуы керек. Көп біледі, көп жазады, «шатақтау» мақалалары да аз емес көрінеді. Сендерге де айтары, қо­са­ры болуға тиіс. Таныс болыңдар, бірге жүріңдер.
Бұл жігіттің кісіге қарағаны қызық екен, алғаш көргендіктен бе, бізге біртүрлі кө­рінді. Көзі аларып, тесіле қарайды. Өзі күліп тұрғандай болса да, көзі күлмейді. Беті жүзіңді бағып тұрғандай. Бажайлай, бар­лай қарайды. Сенің бойыңнан, сөзіңнен әлдене іздейтіндей. Бәлкім бізді баласынды ма, кім білсін. Сөйлеу мәнері де өзге. Кө­­біне «ғафу етіңізді» жиі қосып тұрса да сөз­дері мәдениетті адам сыпайылығынан гөрі тіктеу, біртүрлі жасандылау, қатқылдау естіледі.
Бұл жолғы әңгіме осымен тынды. Көп ұзаған жоқ. Мәжілістен кейін үйді-үйімізге тарадық. Ол да әлдеқайда асығып тұрғандай тез қоштасты да кете барды.
Серікқалидің айрықша қасиет тұтқан адамы – ұлы ұстаз Зейнолла Қабдолов. Зейнағаң дегенде ішкен асын жерге қоятын. Студенттеріне лекция оқыту үшін Оралға жиі шақырды. Күтіп алып университеттің үлкенді-кішілі ғалымдары, жастарымен кездесулер ұйымдастырады. Шығарып салғанша үнемі қасында жүрді.
Бірде кітапханада талантты жазушы О.Бөкеймен кездесу болды. Адам лық толы. Көбі үнемі кітапханада отыратын бел­­гілі қаламгерлер мен ғалымдар, біз тә­різ­ді аспирант, ізденуші, студенттер де аз емес.
О.Бөкей тақырыпқа сай әңгіме жанры­ның қазіргі қазақ әдебиет үшін маңы­зын, талантты қаламгерлердің жақсы шы­ғармаларын, орыс және шетел әдебие­тіндегі ізденістер, қол жеткен табыстар туралы маңызды әңгімелер айтып, әдеби өмірден қызықты деректер келтірді. Өз шығармашылығы, ойлары туралы да қосуды ұмытпады. Өте әсерлі, пайдалы, қызық кездесу болды. Аяқталар соңында «Менде сұрақ бар» деген батыл үн елді елең еткізді. Абыр-сабыр, кетуге тұра бастаған жұрт қайта отырды. Дауыс иесін тани кеттім – Серікқали. Қызықты кездесу үшін Орал­ханға қол соғып, құрмет көрсетіп, қайтуға асыққан оқырманды тоқтатып, сұрақ қою біршама жүректілікті көрсетеді-ау деймін.
Ойланып, таңданып қалдым.
– Сіздің көп әңгімелеріңіз көркем очерктен өрбитін тәрізді, бәлкім сондық­тан болар, эсселік сипаты молдау көрінеді маған. Эссе және көркем әңгіме айырма­сы ту­ралы ойыңызды білгім келеді. Сосын, орыс және әлем әдебиетінде осы жанр тура­лы не айтады, эссенің болашағы қандай және осыған жуықтау тағы бірер сұрақ қойды. Зал қозғалыңқырап барып, мына тосындау сұраққа жауап күтті. Көбі көзі ежірейіп, жарқыраған төбесін жауып тұрған самай шаштарын қолымен түзеп, тарамақ болып тұрған қызыл шырайлы сары жігітке қарап қалыпты.
Оралхан сәл ойланып барып, орағы­тың­қырап жауап берді ғой деймін.
Жауапқа сұраушы онша разы болмаған сияқты көрінді. Сәл іркіліп барып, рақметін айтты.
Көшеге шыққан бойда қасына барып:
– Қалай, Орағаңа разы болдыңыз ба? – деп сұрадым.
– Оралхан мықты жазушы ғой, бірақ асығып тұрған болу керек жауапты қысқа қайырды.
Осы сен Ізбасарды, философ ­Ерғалиев­ті білесің бе? Мұқадесті де оқыған шығар­сың?… Стилі ғажап, маған ұнайды.
– Үйге жүріңіз, қарындасыңызға барайық, әңгімені сонда жалғасты­ра­рмыз, – дедім жауаптан жалта­рыңқырап.
Екеуміздің шындап танысуымыз осыдан басталды.
Серікқалидің Алматыда өзіне өте жақын санайтын, аса қымбатты үш досы бар екен. Бірі – сол жылдарда ғылыми еңбек қорғамаса да (кандидаттық дәрежені кейін қорғады) әріптестері мықты философ ретінде мойындаған, ҰҒА философия институтында істейтін Ізбасар Ерғалиев, екіншісі – атақты сыншы, ғалым ­Зейнолла Серікқалиев, ал үшіншісі – талантты қаламгер Мұқадес Есламғалиев. Олардың үйіне еркін барып, әңгімелесіп жүреді. Әсіресе, Ізбасармен достығы айрықша, көбіне оның жатақханадағы бір бөлмесіне тоқтайтын. Оның өте көп оқығанын, көп білетінін, ұқыптылығын, мәдениетін айтып тауыса алмайды.
Кезінде Оралханмен болған теле­фон­дағы әңгімені естігенде ішек-сілесі қатқанша күліпті. Орекеңнің ондайы бар. Қолайсыз бір уақытта хабарласқансың ғой. Әйтпесе, шығармашылық туралы сөйлесем дегенге қашпайды ол. Қазір, үйге шақырайын, сөй­лесесің бе? – деп, Зекең телефонға жар­масқанда ондайды күтпеген Сәкең шошып кетіпті, қоя тұрыңыз, әзір дайын есепін, – деп тоқтатыпты. «Өкінемін, сонда сөйлесуім керек еді» дейтін Сәкеңнің өзі.
Серікқали Шарабасовтың кан­дидаттық қорғауына келгендер саны біраз болды. Жұмысты қорғауы оңай бола қойған жоқ. Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық инсти­туттың диссертациялық кеңесінде қор­ғады. Шағын бөлмеге (қазақ әде­биеті кабинетіне) адам сыймай кетті. Екі диссертация бір күні қорғалды. Тақырыптары қызықты болса, қорғаушылары да мықты жігіттер еді. Бірі семейлік, Абайдың рес­пуб­ликалық әдеби-мемориалдық музейінің директоры Төкен Ибрагимов, екіншісі оралдық Серікқали Шарабасов.
Әсіресе, Сәкең зерттеуіне сұрақтар қар­­­ша жауды, сөйлеушілер де аз болған жоқ. Зей­­нағаңның өзі, ұмытпасам, үш рет сөйледі.
С.Шарабасов шағын зерттеуінде-ақ болашақ ізденістер мен еңбектерге негіз болуға әбден жарайтын бағыттарды көрсете алды. «Қазақ әңгімелеріндегі характер проблемалары» атты жұмыс қазақ әдебиеттануына қосылған үлкен үлес ретінде атап өтілді.
Сәкең диссертация қорғаған бойда Оралға қайтты да, ұстаздық қызметке алаңсыз араласып кетті.
Сәкең алтын ұя – университетінің абыройы үшін аянбай еңбектенді. Оны Оралдан алыста жатқан біз де білеміз. Күні-түні еңбектенді десе де болады-ау деймін, бұл қыздырма сөз үшін емес.
– Алматыда қалсаңшы. Саған жұмыс табылады, баспананың да бір реті болар, – дегенді достары ғана емес, ұстаздары да айтты. Бірақ көнбеді, ойланбаған шығар дей алмаймын. «Оралым, менің, Оралым» дегендей алып-ұшып туған жеріне, алтын ұясына қайтты.
«Оқу ғимаратына елден бұрын келіп дәрісханаларды қарайды, жарық керек болса жағады, босқа жанып тұрса өшіреді» дейді шәкірттері. Мұны сабағы болғандықтан немесе үйі жақындықтан емес шығар деп ойлаймын. Әбден дағдыға айналған әдеті болса керек. Дәрісханалар мен дәліздерде қалған, аяқталмаған ойларын іздейтін шығар, бәлкім.
Дүниеден өтерінен бұрынырақ ­Махамбет Өтемісов атындағы университетке іссапармен бардым. Қасында бір топ жолдастары, профессорларымен Сәкең күтіп алды. Машина ішіндегі әңгімелерде айтқан мына бір сөзі есімде қалды: «Еділдің баласы болғанша тұра тұрсам жарар еді». Көлік ішінде Ғабит Хасанов, Мұрат Сабыр, халықаралық қатынастар мен ғылым істері жөніндегі проректоры Ғизатолла ­Имашевтар бар еді.
– Сәке, тым аз сұрап отырған жоқ­пысың, немерелерім үйленгенше демедің бе, – деп күлгем.
Үйіне асығатын жас ұстаздар Сәкеңнің үнемі жұмыста жүретін әрекетіне таңдана қарайтын болар. Ересектерінде Сәкеңнің ғылыми жұмыстары, басқа шаруалары жоқ па, лекцияларға дайындалмай ма деген ойлар болатын шығар. Ал ағалары мен қатар өскен құрбы-құрдастары болса, оны ерекше құрметтейді деп ойлаймын.
Сәкең мұнда жастығын іздеп жүр десе – көнуге болады, өйткені бар жастығы осын­да өтті, болашақты көргісі келеді десе – сенуге болады, адам арманы – мәңгі жас­тық мекені де осы – университет, мұнда бо­­ла­­шақтың бастаулары қайнап жатады – се­зесің, ал Сәкең оны көре білді-ау деп ойлаймын.
Қазір сол дәліздер мен дәрісханалар тым-тырыс. Ала таңмен таласа тұрып кең дәліздер ман дәрісханаларды қарап жүретін Сәкең жоқ, бірақ ізі бар, ізбасарлары қалған шығар.
Мүмкін бір кездерде ұмытылар. Бірақ, мұндай ұстазды ұмытпау үшін ойлы есте­ліктер жазып, ескерткіш қалдыру керек шығар. Солай боларына сенгім келеді.

…Облыстық «Орал өңірі» газетіндегі қызметі өткір мақалаларымен оқығандар есінде қалды. Бірер жылда елге танылды. Мұғалімдер білімін жетілдіру институтына бастық болды. Осы шамалы уақыттарды қоспағанда 1975 жылдан бергі бар ғұмыры осы білім ордасында, университетте өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы болып бастады. Ешқандай жұмыстан бас тартқан жоқ, шақырса – барды, қайда жұмсаса да көнді – сондай бір әдет тапты. Алда өзі аңсаған білім асқарлары бар еді.

Зинол-Ғабден Бисенғали,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.