Тарихымызды тайсалмай зерттеген ғалым

Жақында «Ғылым ордасында» Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен көрнекті тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың 85 жасқа толуына орай «Академик М.Қозыбаев және Отан тарихын зерттеудің инновациялық тұжырымдары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Айтулы шараны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов жүргізді. Жиында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер бас қосып, ғалымның ғылыми мұрасын зерделеу аясында ой-пікірлерімен бөлісті. Манаш Қабашұлының өмірлік серігі Сара Пішенбайқызы конференцияның қадірлі қонағы болды.

Кеш шымылдығын ашқан белгілі академик Мұрат Жұрынов ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын оқыды. М.Жұрынов өз сөзінде тұғырлы тұлғаның қазақ­тың жоқтаушысы екенін, бүкіл саналы ғұмырын қазақ ғылымын өркендетуге арнағанын атап өтті.
«Кең жүректі, дарқан көңілді ағамызды еске алып, осындай конференция өткізіп отырған министрлік ұжымына, отбасына рақметімді айтқым келеді. Бұл конференцияның жөні бөлек. Қоғам қайраткерінің есімін еске түсіру мақсатында осындай игі шаралардың өткізіліп тұрғаны орынды» деді академик.
Манаш Қозыбаевтың үзеңгілес серігі, кезінде Ұлттық Ғылым академиясын басқарған белгілі ғалым, академик Кенжеғали Сағадиев тарих ғылымына елеулі үлес қосқан замандасы, көрнекті мемлекет қайраткері жайында: «Манаш маған жақын кісі еді. Алдымызда ақылын айтып, үлгі-өнеге көрсетіп жүрген қадірлі тұлға болатын. Қазақ ғылымының, оның ішінде қазақ тарихына үлес қосып, зерттеп-зерделеп, одан қорытынды шығара білген ерекше ғалым еді. Заманында тарих ғылымында есімі бөлек дарабоз атанды. Мәкең керемет ұлтжанды кісі болды. Қостанайда қызмет етіп келгеннен кейін айтқан сөзі бар еді. «Қостанайда жүрген кезімде ерекше ұлтжанды болып кеттім. Жергілікті жұрт мені керісінше ұлтшыл деп атады» дейтін. Халқына жаны ашыған, ұлтын сүйген, қазағын қадірлеген жан еді. Турасын айта білді. Халқының көңілінен шыға білген тұлға болды» деп әсерлі естелігімен бөлісті. Ал ұзақ жылдар бойы Манаш Қозыбаевпен қатар қызмет атқарған, белгілі ғалым, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Қайдар Алдажұманов академиктің соғыс тарихын қалай зерттегені туралы әңгімелеп берді.
Манаш Қозыбаевтың есімі тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерімен тығыз байланысты. Оның өмірінің біраз кезеңі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті. Осы орайда, Қазақ ұлттық университеті ғалым өмірінен сыр шертетін естеліктер жинағын шығарды. Конференция барысында «Өнегелі өмір» сериясынан шыққан Манаш Қозыбаев туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Манаш Қозыбаев туралы академик Серік Қирабаев «Қозыбаев та Бекмаханов секілді есімі алтын әріптермен жазылатын тұлғалардың бірі» деп жазған екен. Расында да, Манаш аға Бекмахановтан кейінгі тарих саласына ерекше үлес қосқан тұлғаларымыздың бірі. Егер әрбір азамат өзінің өмір жолын қазақтың дамуына, ұлттың қалыптасуына сарп ететін болса, онда ол қайраткерлік еңбегінің шыңына жеткендігі. Манаш Қозыбаев еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары отандық тарихтың дамуына еңбек сіңіре білген азамат. Қазақ ғылымында ағартушылық қызмет атқарған тұлға. Ұлттың руханияты қандай болу керектігін, ұлттың мәдениеті мен тарихы қандай болуы керектігін зерттеп-зерделеп берген қайраткер десек, артық айтқандық болмас» деді.
Академик Серік Қирабаев өз естелігінде: «Менің өмірімде екі адамның бейнесі ерекше есте қалып қойды. Оның бірі – Ермұхан ­Бекмаханов болса, екіншісі – Манаш Қозыбаев. Екеуінің заманы екі бөлек болса да, тағдыры бір, таңдауы бір. Екеуі де ұлттың тарихын зерттеді. Ұлттың тарихының қалыптасуына үлес қосты. Осы жолда қиындықты да бастан өткерді. Бірақ өз таңдауынан бас тартқан жоқ» деген ойын айтты.
Жиын соңында Манаш Қабашұлының өмірлік серігі Сара Пішенбайқызы өткен күндерді тебірене еске алып: «Манаш Қабашұлымен студент кезімде таныстым. Бір өңірде өсіп-өндік. Ол менен үш жыл бұрын университетті бітірді. Содан соң ­Қостанайдағы мемлекеттік институтқа мұғалім болып қызметке тұрды. Мен де университеттің физика-математика факультетін тәмамдап, арнайы жолдамамен Қостанайға келдім. Студент кездің өзінде-ақ түрлі ғылыми жиындарға қатар баратын едік. Қостанайда жүргенімізде бас қосып, отбасын құрдық. 1958 жылы Манашты Алматыдағы тарих институты қызметке шақырды. Партия тарих институтына ғылыми қызметкер болып, жұмысқа орналасты. Осы институтта тапжылмай 17 жыл еңбек етті. Талай қиыншылықтарға да тап болды. Кейбір зерттеу еңбектері цензурадан өтпей, қиылып қалған кездері де болды. Докторлық диссертациясын қорғады. Әріптесі Зоя Коликова екеуінің бірлесіп шығарған кітабы көп талқылауға түсті. Кітапта қателіктер өте көп деп, шыққан кітапты дүкендердің сөрелерінен жинап алып, өртеп жіберген кездер де болды. Бұл 1973 жылы болатын. Коммунист болған соң партиядан сөгіс алды. Сол жылы институттан да, қызметтен кетті. Сөйтіп, бастан талай-талай қиын күндер өтті ғой» деді.
Конференция барысында көрнекті ғалымның отандық тарих ғылымын дамытудағы рөлі мен орны, ғылыми және қоғамдық қызметінің кезеңдері, тарихи зерттеулерді ұйымдастыру­дағы елеулі еңбегі және т.б өзекті мәселелер талқыланды.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жанар

    Манаш Қозыбаев еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары отандық тарихтың дамуына еңбек сіңіре білген азамат.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.