Оңтүстік қазақстан облысы

СОЗАҚ АУДАНЫ

Қызылкөл елді мекені. Қызыл­көл – Қаратаудың терістігіндегі аумақ­ты қазан- шұңқырда сақталып қалған су қоры. Оған Таутары, Бабата, Жартытөбе өзендері қалың қар еріп немесе күшті жаңбырдан тасыған кезде келіп кұйып, суын жаңартып отырады. Осы көлдің атымен елді мекен аталған. Ал Қызылкөл көліне келер болсақ, көлдің кемері – жары қызыл топырақ, жосалы болып келеді. Қазақтар үйлерінін сырттарын қызыл топырақпен сырлаған. Оны ніл бояуы дейді. Көл аты қызыл топырақпен аталған.
Қызылқанат елді мекені. Қызыл­қанат – Шымкенттің батысында ­1­ ша­қырым жерде орналасқан. 1928 жылға дейін Сансызбай тақыры деп аталған. Одан кейін екі төбенің ортасында орналасқандықтан, Кеңес уақыты кезінде Қызылқанат болып өзгертілген. Бұл мәлімет сол елді мекенде тұратын қарт тұрғындардың айтуы бойынша жазып алынды.
Таукент ауылдық округі. Тау­кент – Жыныс ата әулиенің күнбатыс жағындағы жазыққа жетпісінші жылдардың басында салынған өндірісті қала болғандықтан, Таукент атанған.
Жыныс елді мекені. Жыныс – Мыңжылқы биігінің теріс­тік бау­райындағы елді мекен. Ол жерде Жыныс әулиенің сағанасы бар. Сондықтан әулие атымен аталған. Ілгері заманда қалың тоғайлы (жынысты) ағаш өскен, аз сулы бұлақтары бар. Жыныс әулие-ата есімі Қаратаудың етегінде ну-орман, иттің мұрны өтпейтін жынысқа байланысты койылған.
Қозмолдақ елді мекені. Қоз­молдақ – елді мекен атауы, ше­жіреші атаның айтуы бойынша киіз үйге керекті кереге, уықтар, маңдайшалар ағаштан жасалған. Ерте кезде Қарақуыс өзенінің бойында сембі талдар қалың өскен. Сол үй ағаштарын істейтін ұсталар қисық ағаштарын қозға салып балқытатын болған. Қоз дегеніміз – үйілген топырақтың өртелуі. Топырақты қалың егіп, жаймалай үйіп, үстіне отынды көп етіп салып, оны өртейді. Қозға көмілген ағаштар балқиды, жұмсарады. Қозмолдақ сөзі ағаш балқытатын қоздары мол деген сөзден шыққан болуы мүмкін.
Басбұлақ елді мекені. Басбұлақ – сол маңдағы бұлақтардың бас­тау жерінде орналасқандықтан, елді мекенге Басбұлақ атауы берілген. Бұл мәлімет сол елді мекенде тұратын қарт тұрғындардың айтуы бойынша жазып алынды.
Созақ ауылдық округі – Қара­тау­дың терістігіндегі ірі қыстақ. Айтушылар Созақ қыстағы тұрған жердегі бұлақ басына адамдар VI ғасырдан бастап қоныстанған дейді. Созақтағы Тарса төбесін қазып зерттеушілер де соны растайды. Алғашқы тұрған адамның аузынан «сенің сөзің сөз-ақ» деген сөз түспеуші еді, оның өз атын ешкім анықтамай «әлгі сөз-ақ ше» дейді екен. Содан бірте-бірте сол мекен «сөз-ақ», одан Созақ атанған дейді. Тағы бір дереккөздерде Қаратаудың күнгей беті оң жақ, Теріс­кей бетін сол жақ деуші еді, бірте-бірте сол жақ со…жақ, одан Созаққа ауысқан екен деп болжам айтылады.
Көктөбе ауылы. Көктөбе –Созақ қыстағының батыс жағын­дағы үлкен төбе, алыстан көзге көгеріп көрін­гендіктен, Көктөбе аталған. Осы жерде мекендеген ауыл төбе атымен аталған.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.