«Игілік» – игі істерге ұйытқы

Жуырда Атырау облысында «Теңізшевройл» ЖШС Теңіз мұнай және газ кешеніне республикалық және облыстық БАҚ өкіл­дерінің қатысуымен Теңіз кен алаңында іссапарда болдық. Сапар барысында бір топ журналистер қауымы «Теңізшевройл» ЖШС-ның қазіргі кездегі өндірістік тынысымен танысып қайтқан болатынбыз. 

Іссапар аясында әлемдегі ең терең және еліміздегі қолданыстағы ең ірі мұнай кенішінің бірі болып табылатын Теңіз кен орнын, оның ішінде бүгінде әлемдік энергетика саласындағы ең ірі күрделі жобалардың бірі Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының құрылыстарын, зауыттарды, Жүк тасымалдау бағдары құрылыс алаңдарын және т.б нысандарды араладық. Сонымен қатар «Теңізшевройл» ЖШС-нің тарапынан экологиялық, әлеуметтік салаларға қатысты атқарылып жатқан істерді көзбен көріп, облыс және республикамыздың әлеу­меттік-экономикалық дамуына қосып келе жатқан үлесі туралы мәліметтерге қанық бол­дық. Осы орайда «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің Бас менеджері Рзабек Артығалиев журналистердің мейлінше нақты әрі ауқымды мәліметтер алуына мүмкіндік жасап, өндірістік және әлеуметтік нысандармен таныстырылымды ұйымдастырды.
Ең алдымен, Теңіз кен алаңында журналистерге қауіпсіздік ережелері таныстырылды. Нұсқаулықты ала отырып, бұл жерде жұмыс істеудің қаншалықты жауапты екенін аңғардық. Мұнда Теңіздегі өндірілетін мұнай құрамында күкірт бар болғандықтан қауіпсіздік шараларына қатаң назар аударылып, қажетті сақтандыру құрал-жабдықтары жарақтандырылған екен. ТШО-ның корпоративтік әлеуметтік жауап­керші­лікке өте үлкен мән беретіні осыдан-ақ көрініп тұр.
ТШО – Қазақстан Республикасының аума­ғында модульдерді дайындау мүмкіндікте­рін одан әрі арттыру және тұрақты дамыту мақ­сатында елдің өнеркәсіп саласындағы әлеуеті мен техникалық мүмкіндіктерінің дамуына үлес қосқан ірі мұнай компанияларының бірі. Мұнда жаңадан салынатын құрылыстардың, жүзеге асырылатын жобалардың саны көп. Бұл жердегі әлемдік стандарттарға сай салынған зауыттар мен сан түрлі қондырғылар қарқынды жұмыс жасауда. Алдымыздан шыққан мамандардың көбі дерлік жергілікті кадрлар. Біз оған өз саласы бойынша келген қонақтарға өндірісті жан-жақты таныстырған басшылар, мамандар арқылы көз жеткіздік.
ТШО-ның қызмет жолындағы жетістігі – барлық мүдделі тараптармен, іскерлік топтар мен мемлекеттік органдар, жергілікті жұртшы­лық, мемлекеттік емес ұйымдар және басқа да та­раптармен сындарлы серіктестік орнатудың нәтижесі.
Қазыналы жеріміздің қойнауынан қара алтынды миллиондап өндіріп жатқан ТШО- ның жергілікті жұртшылық үшін жүзеге асырып жатқан игілікті ісінің бірі – «Игілік» бағдарламасы. Аталған жобаның бюджеті 25 млн АҚШ долларын құрайды. Жыл өткен сайын бұл бағдарлама Атырау облысының әлеуметтік өзгеруінің маңызды факторына айналып келеді. Әсіресе өңірдегі емхана, мектеп, тұрғын үй, газ және су құбырлары және басқа да әлеуметтік нысандар осы бағдарламаның жобасы бойынша іске асырылады.
Біз өндіріс орындарын аралау кезінде ҰЕҚБ жобасын жүзеге асырудың жұмыс орындарын құруға, аталған компанияның жергілікті тауарлар мен қызметтердің қолданысы туралы көп нәрсеге қанық болдық. ТШО-ның бас кеңсесімен танысу кезінде мұражай мен визуалдау бөлмелерінде болдық. «Теңізшевройл» компаниясының қаржысымен «Игілік» бағдарламасының аясында салынған «Жилгородок» ықшам ауданындағы Ретро саябағының жобасымен таныстық. «Привокзальный» ықшам ауданындағы 280 орындық жаңа балабақшаны, «Алмагүл» ықшам ауданындағы 320 орындық ұлттық гимназияны аралау кезінде заманауи талаптарға сай барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылғанына көз жеткіздік.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.